Жаңалықтар

БIЛIМДI БАЛА СYЙКIМДI...

ашық дереккөзі

БIЛIМДI БАЛА СYЙКIМДI...

Бiр өзгерiстiң лебi сезiледi. Жанталас бар. Әсiресе, жастардың бойында. Бiлiм алуға деген ұмтылыс.

Шынымен де, ХХI ғасыр – бiлiмдi мен бiлiктiнiң заманы болатын шығар. Лайым солай болғай. Әр заманның адамдарының болмысына салатын өз бедерi болады. “Заманына қарай — адамы”, пенде болмысы заман талабына орай өзгерiп, құбылып тұрмақ.

Бiлiм iздеп, жастар Қытай тұрмақ, Америка асып жатыр. Әсiресе, тәуелсiздiк алғалы бергi он сегiз жылда Отанынан шетелге бiлiм алуға аттанатындар саны жыл сайын артып келедi. Бұл өзгерiске онша жүрегi жылымайтын ағаларымыз да бар. Дегенмен, бұл үрдiстiң қайырлы не қайырсыз екенi жастарымыз шетелдiк бiлiмiн өзiмiзде кәдеге жарата бастағанда ғана анық болады.

Ал, әзiрше, жастар жағы “Мұнымыз қалай?” деп жатқан жоқ, кейбiрi әке-шешенiң ақшасына, кейбiрi мемлекеттiң ақшасына, кейбiрi жекелеген компаниялардың демеушiлiгiмен шетелде оқып жүр… “Шеврон” компаниясы да жергiлiктi кадр дайындау iсiне өз үлесiн қосып келедi. Оның айқын мысалы, биыл тұңғыш рет АҚШ Колорадо тау-кен мектебi мен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетi студенттерiнiң бiрлескен геологиялық тәжiрибесiн ұйымдастырды.

Қазақстан тарапынан өндiрiстiк тәжiжибеге он үш студент қатысқан. Олармен бiрге “Теңiзшевройл” компаниясының мамандары, ҚазҰТУ-дың бес оқытушысы да болыпты. Колорадо тау-кен мектебiнiң атынан он студент пен магистрант, екi профессор қатысқан көрiнедi, олардың iшiнде “Болашақ” стипендиясы арқылы Америкада бiлiм алып жатқан екi қазақстандық студент те бар.

Екi оқу орнының студенттерi табиғи жағдайы Теңiз кен орнының геологиялық құрамына өте ұқсас Кiшi Қаратауда болып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, сондай-ақ Үлкен Алматы өзенi мен Шарын шатқалын зерттеу жұмыстарына да атсалысқан.

Мұнай-газ саласына мамандар дайындау iсiнде “Шеврон” компаниясы ҚазҰТУ-мен әрiптестiк келiсiм жасаған. Бұл бағдарлама дүние жүзiндегi дарынды, талантты жастарды екшеп алуды да көздейдi. “Шеврон” осы мақсатта әлемнiң он сегiз техникалық оқу орнымен келiсiм жасапты. Егер болашақта үлкен компаниялар осы бағытта жұмыс iстейтiн болса, талантты жастардың мамандықты игерулерiне көмектесуде iрi компаниялар мемлекеттiң көмегiне жүгiнбейтiн де шығар. Бұл да заманның жаңа лебi.

Шұғыл сұхбат

“ОҚЫТУШЫЛАРДЫ ДА ШЕТЕЛДЕ ОҚЫТУ КЕРЕК БОЛАР…”

Колорадо тау-кен мектебiнде “Болашақ” стипендиясымен жиырмадан астам қазақстандық студент бiлiм алып жүр. Осы оқу орнының мұнай инженериясы мамандығы бойынша биыл бiтiрiп жатқан Малика Сейтiм мен Бауыржан Есетов та — “Болашақтың” түлектерi. Шетелдiк белдi оқу орнында бiлiм алған жастардың ой-өрiсiн байқау мақсатымен бiрнеше сұрақ қойдық.

Малика:

— Мен үшiншi курсқа дейiн Қазақ Британ университетiнде оқыдым, сосын “Болашақ” стипендиясын жеңiп алып, оқуымды АҚШ-тың Колорадо тау-кен мектебiнде жалғастырдым. Бакалаврды бiтiрген соң, осы мектептiң магистратурасына түстiм, оқу ақысын “Шеврон” компаниясы төледi. Биыл оқуды тәмамдап, жұмысқа кiрiскелi отырмын.

— Екi елдiң бiлiм беру жүйесiн салыстырып көршi?

— Америкалық оқу жүйесi негiзiнен мамандықты игеруде практикалық сағаттарға көбiрек көңiл бөледi. Басты ерекшелiгi — үш пәннiң арасында интеграция бар: мұнай инженериясы, геология және геофизика. Қазақстанда бұл қалыптаспаған: бiзде геологтар бөлек, техниктер бөлек, ал мұнайшылар өздерiмен өздерi бөлек жұмыс iстейдi. Ал оқу бiтiрiп, жұмыс iстеуге келгенде, олардың бiр-бiрiн түсiнiп, тiзе қосып бiрге жұмыс iстеуi, бiр-бiрiмен тiл табысуы қиындау болады. Ал Америкада топпен жұмыс iстеуге баулиды, геологтар, геофизиктер, мұнайшылар бiр жобаның аясында қоян-қолтық жұмыс iстейдi. Әрқайсысы өз саласы бойынша жұмыс атқарады. Оқып жүрiп-ақ сiз геологтардың, геофизиктердiң қалай жұмыс iстейтiнiн бiлесiз. Пәнаралық байланыс дегенiмiз осы.

Бауыржан:

— Басқаша айтқанда, төртiншi курстың өн бойында бiз оқыған пәндердiң бәрi бойынша бiр жоба ұсынып, пәндердi өзара байланыстыруға тапсырма бередi. Геологтар, мұнайшылар, физиктер бас қосып, топ болып, жұмыс iстеймiз.

Малика:

— Мысалы, бiзбен бiрге далалық тәжiрибеде болған қазақстандық студенттер геологияны мүлде оқымаған екен. Ал бiзде геология бойынша бiрнеше пән оқыдық, оған қоса жылына екi аптадай далалық тәжiрибеден өтемiз.

Бауыржан:

— Геологияны оқытқанда да, оны, әрине, тек бiздiң мамандықпен байланыстырып, яғни мұнай саласымен байланысын ғана оқытады. Басы артық мәлiмет бермейдi. Бәрi бiздiң болашақ мамандығымызға байланысты. Америкалық оқу жүйесiнiң тағы бiр ерекшелiгi — өндiрiсте қолданылатын компьютерлiк бағдарламалармен кеңiнен танысуға мүмкiндiк бар. Оқу бiтiрiп, жұмысқа барғанда, қазақстандық түлектер көбiне өндiрiстегi әртүрлi жағдайларға дайын болмай шығады. Теориялық бiлiмi өте жақсы, ал өмiрде нақты компьютерлiк бағдарламалармен жұмыс iстей алмайды. Ал америкалық оқу жүйесi өндiрiске бел шешiп кiрiсiп кететiн маманды дайындауға көбiрек көңiл бөледi. Сондықтан болса керек, Колорадо тау-кен мектебiн бiтiрген мамандар жүз пайыз жұмысқа орналасады. Түгел.

— Ал өз жоспарларың қандай?

Малика:

— Менi “Шеврон” жұмысқа шақырып отыр. Бұл компания менiң магистратурада бiлiм алуымды қаржыландырды ғой.

Бауыржан:

— Мен де “Шевронда” жұмыс iстейтiн ойым бар. Өйткенi, болашақ мамандардың оқу тәжiрибесiне осышама көңiл бөлетiн компанияның стратегиясы ұнайды.

— Жалпы, осы тәжiрибеде қалай өттi? Америкалық оқу орны ұйымдастырған өндiрiстiк тәжiрибемен салыстыра аласыңдар ма?

Малика:

— Тәжiрибе Қаратауда өттi. Кейбiр ұйымдастырушылық мәселелер ақсап жатты. Бiрақ бұл бiрiншi рет ұйымдастырылып отыр ғой. Сондықтан алғашқы талпыныс сәттi болды деуге де болады. Ал қазақстандық студенттер көп нәрсе үйренiп қайтты деп ойлаймын.

Бауыржан:

— Басында iштей бiраз абыржыдым. “Шетелдiк тәжiрибемен салыстырғанда деңгейi төмен болмас па?” деп. Дегенмен, бәрi жақсы өттi.

— Америкада оқып жүрген студенттер Қазақстанға қайтқысы келе ме?

Бауыржан:

— Әрине. Олардың бәрi де бiр сөзбен айтқанда — патриоттар ғой.

Малика:

— Мысалы, Колорадо тау-кен мектебiн былтыр үш студент бiтiрдi, үшеуi де қазiр Қазақстанда жұмыс iстеп жатыр. Биыл тағы үш түлек бiтiрдiк. Мен, мiне, қайтып келдiм, ал қалған екi түлегiмiз магистратураға түсiп, бiлiм толықтыруды жоспарлап жүр.

— Жастарды шетелде оқыту Қазақстанға не бередi деп ойлайсыңдар?

Малика:

— Жастарды өмiрге жаңаша көзқараспен қарауды үйретедi. Өндiрiстiк тәжiрибеде жүргенде көзiмiз жеттi: бiз шиказаттық қорға өте баймыз, ал шыны құтыларды Украинадан тасимыз, құрылыс материалдарын Ресейден жеткiземiз. Шикiзатымыз бар, ал оларды өңдейтiн мамандар жетiспейдi. Менiңше, жаңаша бiлiм алған жастар өндiрiске келген кезде, осы жағдай өзгеретiн шығар.

— Ал сол мамандарды өзiмiзде-ақ дайындауға болмас па едi? Мысалы, бiлiктi профессорларды келiсiм-шартпен өзiмiзге шақырып дегендей…

Малика:

— Шетелге барып, оқып келудiң жөнi бөлек. Бiзде оқытушылардың менталитетi басқаша. Ойлау жүйесi өзгешелеу… Шетелдiк әрiптестерiне қарағанда, студенттерге басқаша қарайды, кейде тiптi сұрақ қоюға рұқсат бермейдi. Ал америкалықтар елгезек, студенттер пiкiрiне үлкен құрметпен қарайды.

Бауыржан:

— Дегенмен, ҚазҰТУ студенттерi осы тәжiрибе барысында өздерiн жақсы жағынан көрсеттi. Үйренетiн тұстары да көп болды. Ал бiздегi бiлiм беру жүйесiн жақсарту үшiн менiңше, ең әуелi материалдық базаны жаңарту керек. Бiздегi құбырлардың өзi советтiк кезеңнен қалған… Оқулықтарды жаңартып, компьютерлiк сыныптар ашып, оларға жаңа бағдарламаларды орнатса және оларды студенттердiң пайдалануына мүмкiндiк беру керек.

Малика:

— Бәлкiм, бiздiң оқытушыларды шетелде оқыту керек шығар. Ол жақтағы оқу жүйесiнiң қалай құрылғанын көрiп келсiн…

Гүлбиғаш Омарова