Жаңалықтар

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ: ҚҰРЫЛЫСТЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ ЖАСАУ КЕРЕК

ашық дереккөзі

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ: ҚҰРЫЛЫСТЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ ЖАСАУ КЕРЕК

Елдiң қарқынды дамуының бiр белгiсi жер-жердегi түрлi деңгейдегi құрылыстардың бой көтерумен де байқалады. Соңғы он жылдықта бүкiл республикамыз бойынша тұрғын үйлер, офис кеңселерi мен сауда орталықтары, спорт кешендерi, аруханалар мен мектептер жаңадан салынып ел игiлiгiне қызмет етуде. Әсiресе, Президент бағдарламасына сәйкес қалалар мен облыстарда бой көтерген құрылыс нысандары осы саланың екпiндi дамуына үлкен жол ашты. Мемлекет бюджетiнен қыруар қаржы бөлiнiп, жергiлiктi тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесi де өзiнiң оңды шешiмiн тапты. Ал, ендi алдағы негiзгi мақсат – сол салынып жатқан нысандардың сапасына, әлемдiк заманауи деңгейге жете бiлуiне үлкен көңiл бөлу ғана. Осы орайда бiз құрылыс саласы қарқынды дамуға бет бұрған облыстардың бiрi – Жамбыл облысында болып, сала басшылығымен сұхбаттасып, бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiмен танысқан едiк. Жамбыл облысы әкiмдiгiнiң Құрылыс басқармасының басшылығына, бiлiктi маман Бақытжан Орынбековтың тағайындалғанына жарты жылдың көлемi болыпты. 2008 жылдың бастапқы кезеңдерiнде бiршама сынға кезiккен бұл саланың бүгiнгi бет алысы жаман емес сияқты

– Құрылыс саласы ең күрделi саланың бiрi болып есептеледi, – деп бастады өз сөзiн бiзбен болған сұхбатында Бақытжан Орынбеков. Бұл салада да сын-ескертпелер жиi айтылып жүрдi. Сын айту үшiн де – шын айту керек. Сынның да объективтi және субъективтi жақтары болады емес пе?! Ең негiзгi мәселе салынып жатқан немесе салынып бiткен ғимараттардың дер кезiнде пайдалануға берiлмегендiгiнде, уақытты өткiзiп, кешегi жұмысты аяқтауынан үлкен сынға ұшырап жатады. Өз басым бұл салаға келгенiме 6 айдай уақыт болды. Келгелi көп сын айтылған сұрақтарды көз алдыма тартып, соларға орынды жауап iздеп, жұмысымның уақытын тиiмдi пайдаланудан бастадым. Сол сұрақтарға жауап таба отырып-ақ, мен бұл саланың өркендеп дамуына жол аша алатыныма көз жеткiздiм. Кез келген бiр нәрсеге бiр себеп болады. 2008 жылғы басқарманың жұмыстарына, жасаған бағдарламасына талдау жасап шықтым. Ең әуелi жұмыс жасап жатқан кадрлардың қаншалықты бiлiктi, өз iсiнiң маманы ма, тәжiрибесi жеткiлiктi ме, жоқ па, әлде, мұнда адасып жүр ме? Осы мақсатпен 3 айдай басқармадағы мамандарды сараптаудан өткiздiк. Құрылыс бөлiмiндегi 5 қызметкердiң бәрi де сынақтан өте алмады, бiлiмi төмен (инститтуты бiтiрiп келсе де). Оларға ескерту жасап, 6 айдан кейiн тағы осындай тексеру өтетiнiн жеткiздiм. Тағы құласа олармен қош айтысуға тура келедi. Өйткенi бiз сапаға жауап беруге мiндеттiмiз. Қазiр жастарымыз көптеп жоғары оқу орнын бiтiрiп келiп жатыр, бәрi Астана мен Алматыға шаба бермей, облысқа да келсе деймiн, өз туған жерiне еңбек етсе екен деймiн. Iстiң көзiн тауып жатса,шет елдерде “Болашақ” бағдарламасымен оқып келiп жатқан жас маманға өз орнымды босатып беруге дайынмын. Өйткенi, олар әлемдiк оқу стандартын меңгерiп келедi ғой. Болашағымыз солардың еншiсiнде. Сонымен осының нәтижесiнде бiрiншiден, жұмыстың ақсағанына не себеп, яғни қай тұстан қателiк кеттi, екiншiден, қаржы неге игерiлмедi? Осы мәселелердi анықтауға кiрiстiк. Жылдың басында қаржыны игеретiн кесте дұрыс жасалмаған. Оны жасаған кезде 1 ай уақыт мемлекеттiк сатып алуға конкурс жариялап, ол 45 күн уақытты алады. Кейде қайтадан өткiзiп жатады. Бұған кететiн уақытты есепке алмаған, жылдық жоспарға нысандар құжаттары өз деңгейiнде дайын болмаған. Бұл жерде ауа райын да есепке алып отыру қажет деп бiлемiн. Мысалға, ақпан айында басталған жұмыстың кешiгiуiне жауын-шашын, суық, тағы сондай факторларды мiндеттi түрде есепке алып отыру керек. Қаржылық жоспар, тендердi өз уақытысында өткiзу, қалған уақытты тек қана құрылысқа жұмсау тиiмдi. 80-ге жуық конкурстың 1-шi жарты жылдықта екеуi ғана өтедi. Сол себептi бiз дайын объектiнi iске асырғанды қалаймыз. Депуттатардың қайсысының дауысы қатты шығады екен демей, жоспары дайын объектiлермен жұмыс атқарсақ, әрi ол нысанды дер кезiнде бiтiруге де мүмкiндiк көп болады.

– Бүгiнгi осы саладағы елдiң тұрмысына байланысты келелi мәселелердiң шешiмi қандай?

– Келелi мәселелердiң бiрегейi – ауыз су мәселесi. Көп ауылдар суды әлi де тасып iшедi, сондықтан бiз мұны дереу шешуiмiз керек. Осыған сәйкес бағдарламаға талдау жасап отырғанымда байқағаным, Мойынқұм ауданындағы 10-нан астам елдiмекен тұрғындары ауыз суды тасып iшедi екен. Бұдан үш жыл бұрын мәселенi қолға алған болатын, жыл сайын миллиондаған ақша игерiлген, бiрақ, ауыл күйлерi сол қалпында қалып қойған. Қазiргi мынадай экономикалық-қаржылық дағдарысқа қарамастан 40-қа жуық елдiмекендi ауыз сумен қамтамасыз етуге қол жеткiздiк. Сонымен, кiмде су жоқ соны бiрiншi орында, екiншi, суы бар бiрақ сапасы нашарлар, ал, үшiншi кезекте, құдығы бар су iшiп отырғандарға таза ауыз су жеткiзу басты мақсатымызға айналды. Яғни, барлығын рет-ретiмен, кiмге аса қажет содан бастаймыз.

– Жұмыс жүргiзу жүйеңiздiң оң нәтижелерi бар деп айта аласыз ба?

– Кез келген жұмыста жүйе болу керек. Жүйелi жұмыс жасау – нәтижеге ие болу. Жоспарымызда алдағы 3 жылда не iстейтiнiмiздi анық көз жеткiзiп, бiлу қажет. Осы жоспарды толық жасағаннан соң ғана, мен жүйелi түрде алға ұмтылам. Өткен сессияда жыл бойы конкурс өткiзесiңдер, сонда құрылыс қай уақытта жүредi деген сындар айтылды. Дұрыс айтады. Конкурсты жыл бойы жүргiзу қажет емес. Бiз бұл жерде қаңтар, ақпан, наурыз айларында конкурсты жариялап, өткiзудi бастадық. Сонда 12 айдың 3-айы конкурс, қалған 9-айы құрылыс процесi жүредi. Қаржыны солай бөлдiк. Қыс мезгiлiнде құрылыс жақсы жүрмейдi, ол тек шығынға ұшыратады. Сондықтан да сапалы құрылысты жүзеге асыруымыз үшiн жаз-күз мезгiлдерiн өте тиiмдi пайдаланудамыз. Жобалаушы мекемелерiнiң iшiнен ең iрiлерiн таңдап алдық. Оларды тексергенiмiзде 50-ге жуық сын-ескертулер айтылды. Құрылыс негiзi – жобадан басталады, яғни жоба жақсы жасалса онда құрылыс та сапалы шығады. Кейде депутаттарымыздан сұрақ туып жатады. Жамбыл облысындағы құрылысты Астана, Алматы, Шымкенттiң құрылыс компаниялары жүргiзiп жатыр, жергiлiктi компаниялар неге қатыспасқа?! Бұл орайда бiз қыруар миллиардтаған қаржыны жұмсайтын құрылыс объектiлерiн алуымыз үшiн 1% қаржы құюымыз қажет болады. Ал ондай қаржыны бiздегi кейбiр құрылыс мекемелерi бере алмайды. Ақшаны тендер арқылы жеңгеннен кейiн 3%-ын депозитке салу керек. Егер де құрылыс мекемелерi мұндай қаржы пайыздарын салмаса, кiм болса сол қатыса бередi емес пе?! Сол себептi бiз осы тәртiп ереже арқылы құрылыс компанияларын саралап отырамыз. Бiз де өз жергiлiктi құрылыс компанияларымызды алға тартқымыз келедi. Мұны пiкiрталасқа қатысып та айттым, заңды өткендерiне мен өз басым еш қарсы емеспiн.

Құрылыста техникалық қадағалау деген болады. Тек ақша алып, үлгiлерiн тексередi. Ендi бiз мұны да жөнге қойдық, техникалық қадағалаушы да конкурс арқылы қабылданатын болады. Қазiр бiр объектiнi қадағалауға бiр техникалық қадағалаушыны қоямыз. Ол ай сайын күнiне не iстедi, соған есеп берiп отырады. Қандай қауiпсiздiк шаралары жаратылды, кiм қауiпсiздiктi сақтамады, қауiпсiздiк киiмдерi (униформа, каска, т.с.с.) заттар берiлдi ме, бәрiн қадағалап отырады. Сосын бiзде құрылысшылардың жағдайы жайлы көп мәселелер кездесiп жатады. Олар да адам ғой, 8 сағат iстесiн одан артық iстесе қосымша үстеме ақы төлесiн. Ал қазiр кей жерлерде құрылысшылардың ақысын кейде бермей де қоятын жағдайлар бар. Келiсiм-шартсыз жұмысшылар да iстей бередi. Ертең ақысын төлемей қойса, шағымданып маған келедi, сотқа барады, ал ол кезде құрылысшы ештеңе де iстей алмайды. Сондықтан бiздегi құрылыс компанияларындағы жұмысшылардың бәрiн келiсiм-шарт арқылы жұмысқа алдырып жатырмыз.

Қазiргi кезде бiздiң сала бойынша өтпей қалған тендер жоқ, бәрiн өткiздiк. Басқармадағы бөлiм басшылары да тыным таппай жұмыс жасап жатыр. Кейде түнгi 12.00-ге дейiн жұмыс iстеймiз. Нәтижесiз емес.

– Президент бағдарламасына сәйкес “100 мектеп, 100 ауруханаға” байланысты үкiмет тарапынан бiрнеше облыстардағы әкiм орынбасарлары мен құрылыс басқармасы басшылары облыстағы құрылыстың кешiгуiне байланысты қатаң ескертулер алған болатын. Осы бағдарламаның облыстағы бүгiнгi жай-жапсары қандай?

– Құрылыстың кешiгуiне жасыратын несi бар, бiрқатар ведомстволық министрлiктердiң қолбайлауы болды. Екiншiден жобалау жұмысы ұзақ уақытты алды, үлкен құрылысты салып бiтiру мерзiмiн бiр жыл деп белгiлеп қояды. Бұл дұрыс емес. Жоба жасау дегенiмiз үлкен тiрлiк өзiне 8-9 айды алатын маңызды шаруа саналады. Кейде жоба жасалып жатқанда қаржы игерiлiп кетедi, сондықтан екi үлкен мәселенi 1-ақ жылда бiтiру деген сөз құлаққа кiрмейтiн нәрсе деп бiлемiн. Ал ендi, қазiргi таңда бұл бағдарламаның бiздiң облысымызда орындалуы қарқынды болып жатыр. 100 мектеп бағдарламасына сәйкес облыста 5 мектептi салып бiтiрдiк. 100 ауруханаға бағдарламасына сәйкес облыста жетеуi салынуы керек болатын. Қазiр солардың 4-i салынып бiтуге таяп қалды. Бөлiнген қаржы өз орынмен игерiлiп жатыр. Құрылыс сапасын бақылайтын мекеме ГАСК-iмен қоян-қолтық бiр ғимартта бiрге жұмыс iстеп келемiз. Нысандарды бiрге барып тексеремiз.

– Осы орайда Мемлекеттiк сатып алу конкурсы сыбайластықпен өтедi дейдi. Бұған не дейсiз?

– Ол нәрсе заң жүзiнде өтуi керек. Өз басым бұл салада тамыр-таныстыққа жол берiлмейдi деп бiлемiн. Тендердiң айналасында көп әңгiме болып жатады. Конкурсты ашық түрде өткiзу керек. Қазiргi кезде жол картасы бойынша, ағымдағы және күрделi жөндеудi жүргiзу бойынша барлық құрылыс жұмыстарын Құрылыс басқармасының жауапкершiлiгiне артып отыр. Бұл дұрыс шешiм, өйткенi әр саламен өз маманы айналысуы керек. Мысалға, мен барып дәрi-дәрмек немесе кiтап сатуға араласа алмаймын ғой, өйткенi ол салалар мен үшiн түсiнiксiз. Бұл да сол сияқты мәселе. Құрылысты құрылысшы жасау керек. Таяуда жол картасын жасауда да бiраз әңгiмелер болды. Мұғалiм ағымдағы жөндеумен күрделi жөндеудiң айырмашылығын бiле бермейдi. Яғни, құрылыс саласында әр жөндеудiң өз нормативтерi бар. Мұны да жетiк бiлуi керек.

– Алдағы мақсатыңыз жайлы айтсаңыз…

– Облыс әкiмi маған үлкен сенiм бiлдiрiп, кеткен кемшiлiктердi түзейдi, облыстағы құрылыс саласын ретке келтiредi деп үлкен сенiм артып, осы жерге жiберiп отыр, бұл сала күрделi салалардың бiрiне жататындықтан, бұған аса үлкен жауапкершiлiкпен, абыроймен атқаруға бар күш-жiгерiмiздi салып, Алла қаласа, елдiң сенiмiнен де шығамыз деп ойлаймын. Ендеше жұмыс жасау бiздiң мiндетiмiз болса, бағасын беретiн әдiл халық. Мақсатым бiреу-ақ, артымда сапалы құрылыс пен жақсы сөз қалдыру.

Сұхбаттасқан Қуанышбек БОТАБЕКОВ

Жамбыл облысы