BRITISH PETROLEUM КЕТЕТIН БОЛДЫ
BRITISH PETROLEUM КЕТЕТIН БОЛДЫ
Әлемдегi ең iрi кәсiпорындардың бiрi – ағылшындық British Petroleum концернi қазақ нарығынан бас тартып, негiзгi күшiн әзiрбайжан мен ресейлiк нарыққа шоғырландырмақ.
Еуропалық нарыққа мұнай тасымалдайтын ең iрi тасымалдаушы концерн – British Petroleum (ВР) концернi Қазақстандағы өзiне тиесiлi мұнай активтерiн сатпақ. Қаржылық және техникалық күшiн Ресей мен Әзiрбайжанға шоғырландыруға тырысқан ВР Қазақстандағы қызметiн сонымен тәмамдамақ. Концерннiң бiздiң елiмiздегi өкiлi Дэвид Питти қазақстандық активтерден түсетiн қаражаттың 2 млрд. доллар көлемiнде болатынын айтады. Ағылшын кәсiпорны орыстар жерiне бекерге ұмтылып отырған жоқ. Өйткенi, ВР жарты акциясын иемденетiн ТНК-ВР кәсiпорны құрылған сәтте-ақ 25 млрд. доллар пайда түсiрiп, акционерлерiне 20 млрд. долларға жуық кiрiс кiргiзген. Сонымен қатар серiктестерiмен бiрiге отырып, Каспий теңiзiндегi мұнай кен орындарын зерттеуге 20 млрд. доллардан астам инвестиция құйған ағылшындық кәсiпорын әзiрбайжандар жерiнен халықаралық нарыққа тасымалданатын “қара алтынның” бiр күндiк экспортын 1 млн. беррельге дейiн жеткiзудi көздейдi. ВР Қазақстанға қатысты ешқандай жоспар немесе жобаның әзiрге жоқтығын мәлiмдегенмен, сарапшылар қауымы жуырда “Жайықмұнай” компаниясын сатып алуға бейiл танытқанын көлденең тартады. Мамандар болса, мақсаты мен жоспарын нарықтағы ахуалға орай жиi өзгертетiн ағылшын кәсiпорны қаржылық тұрғыда әлдеқайда тиiмдi жобаларға ұмтылатынын айтады. Оның үстiне, елiмiздегi мұнаймен байланысты “сүбелi” жобалардан үлес ала алмаған ВР-дiң өзге елдер нарығына ұмтылуы заңды да.
ВР концернiнiң қазақстандық активтерi – КТК-да “Лукойлмен” (Lukargo) бiрге 6,6 пайыздық үлеске және ең iрi мұнай тобы – “ТеңiзШевройлда” 5 пайыздық үлеске ие. Бұған дейiн ВР КТК-дағы өзiне тиесiлi тағы бiр үлестi “ҚазМұнайГазға” 250 млн. долларға сатқан болатын.
Сарапшылар қауымы әлемдiк нарықта қалталы инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы артқан тұста ағылшын компаниясының қазақ нарығынан бас тартуын инвестициялық тұрғыда аса тиiмдi болмағанымен түсiндiредi. Бүгiнгi таңда мұнайдың әлемдiк қорының 3,2 пайызы сақталған қазақ экономикасына қаржы құюға беленгендердiң алғашқы легiнде америкалық Chevron Corp., итальяндық Eni SpA, BG Group Plc. т.б. компаниялар бар.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ