Жаңалықтар

“100 МЕКТЕП, 100 АУРУХАНА” ЖЕМҚОРҒА ЖЕМ БОЛУДА

ашық дереккөзі

“100 МЕКТЕП, 100 АУРУХАНА” ЖЕМҚОРҒА ЖЕМ БОЛУДА

Бiлiм саласы мен денсаулық сақтау қызметкерлерi сыбайлас жемқорлықтан арыла алмай келедi. Жыл басынан берi осы салада қызмет атқаратындардың үстiнен 300-ге тарта әкiмшiлiк және қылмыстық iс қозғалған. Естерiңiзде болса, “Нұр Отан” партиясы жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы кейбiр жоғары оқу орындарының ректорлары бiлiм ордаларын кепiлдiкке қойып, несие алғанын және емханаларда адамның денсаулығына қатысты анықтама қағазы ақшаға сатылатынын су бетiне шығарған едi.

Ар-ұяттан гөрi мәнсапқұмарлыққа бой алдырған жекеменшiк жоғарғы оқу орындарының басшылары “қызметкерлердiң жалақысын банктерден ақша алып төледiк” деп алдап, олардан пайыздық үстеме үшiн ақша жинап отырған. Осылайша заңды бұзған 30 бiлiм шаңырағының лицензиясы қайтарылып, кейбiрiнiң басшылары қызметтерiнен алынды. Ол аздай, Шығыс Қазақстан облысының шенеунiктерi шағын ғана “Бөген” ауылына мектеп салу үшiн бақандай 500 млн. теңге жұмсапты. Тiптi, бұл қомақты қаржының өзi мектептiң айналасын қоршауға, қазандық пен спорт алаңын салуға, сыныптарға қажеттi құрал-жабдықтар салуға да жетпеген. Масқарасы сол, арнайы тексеру жүргiзген мамандар жаңа мектептiң ескi-құсқы материалдармен салынғандығын ашып салды. Яғни, 11 миллион теңгенiң қайда сiңiп кеткендiгi ұшты-күйлi белгiсiз. Қаржы полициясы мектептi құрылыс компаниясынан қабылдап алатын комиссия төрағасы етiп тағайындалған әкiмдiк қызметкерiне қатысты қылмыстық iс қозғады.

Қаржы полициясы соңғы кезде араны ашылған жемқорларды шетiнен ұстап-ақ жатыр. Бiр қызығы, ордалы жылан сияқты ақшаға құныққандардың да қатары көбеймесе, азаятын түрi жоқ. Бұл мемлекеттiк “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына да тiкелей қатысты. Кешегi аптада өз iсiне белсене кiрiсiп жүрген Қаржы полициясы мамандары аталмыш бағдарламаның жүзеге асуы барысында заң бұзушылық фактiлердiң шамадан тыс орын алғандығын әшкерелеп, мәлiмдеме жасады. Мәселен, ағымдағы жылдың соңғы бес айында болған тексеру нәтижелерi бойынша 19 қылмыстық iс қозғалған. Оның 16-сы мектеп, 3-еуi ауруханаға қатысты. Әдеттегiдей қара тiзiмнiң қатарына Батыс, Шығыс және Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен Астана қаласы iлiккен. Олардың бiрқатарына тоқталсақ, Орал қаласында құрылыс бөлiмiнiң бастығы 1200 орындық мектептiң 19 млн. теңгесiн атқарылмаған жұмысқа төлеп жiберген. Дәл осындай қылмыспен ақтөбелiк құрылыс бөлiмiнiң басшылары да қолын былғап, Ойыл ауылындағы емханаға бөлiнген ақшаның 17 млн. теңгесiн жалған актiге қол қою арқылы ұрлаған. Тiптi, Астана қаласында “Дронго-А” деген компания қаланың әкiмшiлiк орталығында салынып жатқан мектептiң 501 млн. теңгесiн ұрлағаны жемқорлықтың шарықтау шегiне жеткендiгiн дәлелдесе керек.

Бүгiнде сот осы қылмыстық iстiң 7-еуiн жiтi тексерiп, қарау үстiнде. Бiр өкiнiштiсi, осы фактiлер негiзiнде мемлекет бюджетiнiң 782 миллиондай қаржысы құрылысқа емес, бәзбiреулердiң қалтасына кеткенi анықталды. ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбайдың айтуынша, мемлекеттiк бағдарлама бойынша, мектептер мен ауруханалардың құрылысы кезiнде орын алған құқық бұзушылық фактiлерiнiң басым бөлiгi аталмыш бағдарламаның жергiлiктi жерде iске асуына жауапты тұлғалар тарапынан болған лауазымдық уәкiлеттерiн терiс пайдаланумен байланысты болып отыр. Қаржы полициясының жедел тергеу тәжiрибесi көрсеткендей, бюджет қаражатын ұрлаумен лауазымды тұлғалармен қатар, мердiгерлiк ұйымдардың басшылары да айналысатындығын жеткiздi.

Әрине, жемқорлыққа белшесiнен батып жатқан “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасына бөлiнген қаржы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кете берсе, құрылыс жұмыстары әлi кешеуiлдей беретiнi айтпаса да түсiнiктi. Неге десеңiз, бағдарлама қабылданып, “бiсмiллә” деп iске кiрiскелi берi жағдай осы. Әсiресе, былтырғы жылы Оңтүстiк Қазақстан облысына ат басын бұрған Премьер-министрдiң орынбасары Ербол Орынбаев бағдарламаны өз қолына алған мердiгерлiк компаниялардың жаңа мектеп құрылысына арзанқол, сапасыз материалдарды жұмсағанын өз көзiмен көрiп-бiлген едi. Одан берi Үкiмет тарапынан әжепәуiр бақылау жасалып, жiтi тексерулер жүргiзiлсе де, “баяғы жартас, сол жартас” күйiнде қалып отырған сыңайлы. Ал, “Жас қазақ” газетiне сұхбат берген Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев: “Алдағы екi-үш жылдың iшiнде Қазақстанда 242 жаңа мектеп салынады. Былтыр 76 мектеп бой көтерсе, биыл 88 мектеп оқушыларға есiгiн айқара ашады. … Осының негiзiнде бiз аз уақыттың iшiнде үш ауысыммен оқу мәселесiн толық шешемiз. Яғни, алдағы екi-үш жылдың iшiнде бұл мәселе түгелдей шешiледi. Былтырдың өзiнде республикамыздағы екi ауысыммен бiлiм беретiн мектептердiң саны 77-ге қысқарды. Бұл да үлкен жетiстiк. Елбасының тiкелей қадағалауының нәтижесiнде, ел мектептерiнiң 95 пайызын компьютермен, телефонмен қамтамасыз еттiк” деп ағынан жарылғанда, аталмыш бағдарламаның толыққанды орындалып жатқандығына шүбә келтiрмеп едiк. Бiрақ, дерек көздерi мүлдем басқаша сайрап отырған жоқ па?!

Айтпақшы, жемқорлардың қаперiне сала кететiн бiр жайт бар. Бұдан былай сыбайлас жемқорлығы үшiн түрмеге отырып шыққан азамат ендi мүлдем мемлекеттiк қызметке орналаса алмауы мүмкiн. Мәжiлiс депутаттары бастамашы болған заң жобысында осындай бап қаралған-тұғын. Ал, Үкiмет жемқордың мүлкiн түгел тәркiлеудi көздеп отыр. Қатаң жаза ғана жемқорлықты жоюға мүмкiндiк бередi. Осындай ұстанымды басшылыққа алған мәжiлiс депутаттары заң жобасын әзiрлеп, ұсынды. Олар жемқорлығы үшiн тәртiптiк жазаға тартылған азаматты мемлекеттiк жұмысқа екi емес, үш жыл бойы қабылдамау тетiгiн енгiзiп отыр. Ал, Қылмыстық кодекстi белiнен басып, сыбайлас жемқорлыққа барған адамдар өмiрбақиға мемлекеттiк қызметпен қатар ұлттық компанияларға жұмысқа орналаса алмайтын түрi бар. Депутаттар жемқорлық жасалған қол астындағы қызметкерiне шара қолданбаған не сыбайлас жемқорлыққа барған адамды қызметке алған мемлекеттiк органдардың басшыларына 500 айлық есептiк көрсеткiш шамасында айыппұл салу тетiгiн заң жобасына енгiздi. Сондай-ақ, Үкiмет ұсынған құжатта жемқорлықпен бiрге көлеңкелi экономикаға қарсы күрестi күшейту жолдары қаралған. Демек, 5 мың теңге алғанның да 5 миллион алғанның да мүлкi тәркiленедi. Заң жобасы қабылданып, бекiтiлсе, бiлдей 20 заңға бiз тiлге тиек еткен жемқорлықтың жолын кесуге байланысты тың әрi қатаң талаптар қосылады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ