ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНА 20 ҚАЗАҚ МЕКТЕБI ҚАЖЕТ
ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНА 20 ҚАЗАҚ МЕКТЕБI ҚАЖЕТ
Жақында Шығыс Қазақстан облыстық “Дидар” газетiнде Әлiбек Қаңтарбаевтың “Қаладағы қазақ балалары дәретханада оқып жатыр” (№82-83, 3-маусым, 2009 жыл) атты мақаласы жарық көрдi. Автордың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында 300 мыңнан астам тұрғын бар екен. Соңғы санақ нәтижелерi мұндағы тұрғынның 40%-ы қазақ екендiгiн көрсетiп отыр. Бiрақ, соған қарамастан қазақ тiлiнде дәрiс беретiн мектеп пен бала бақшалар саны қарын аштыратын көрiнедi.
ХАЛЫҚ СҰРАНЫСЫНА ОРАЙ НЕГЕ ҰСЫНЫС ЖОҚ?
Қалада қазақтiлдi балабақшалар саны 3-еу ғана болса, 45 мектептiң 6-ауы ғана қазақ тiлiнде дәрiс бередi. Сондай-ақ, 14 мектепте аралас тiлде бiлiм берiледi екен. Байырғы ұлт қазақтың санының еселеп өсуiне орай қазақ мектебiнде бiлiм алғысы келетiн балалар мен балаларын қазақ балабақшаға беруге ниеттi ата-аналардың саны да күн сайын артып отырғанға ұқсайды.
Бiрақ соған қарамастан Өскеменде жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептерi тағы жоқ. Мақала авторы жаңадан ашылған қазақ мектептерi орыс мектептерiнен қалған ескi ғимараттарды қанағат тұтатындығын жазады. Сондай-ақ, әлгi мектептерге 1961 жылдан берi ешқандай жөндеу жұмыстары жүргiзiлмеген екен. Сорақысы – қазақ мектебiнде орынның тарлығынан жертөленi және дәретхананы жөндеп кабинетке айналдыруға мәжбүр болған. Тағы бiр айта кетерлiгi Өскемендегi орыс мектептерi кең әрi жаңа ғимараттарды иеленiп алған. Мақала авторының айтқанын сөзбе-сөз жеткiзсек: “Орыстiлдi мектептердiң жағдайы бiздерден әлдеқайда жақсы. Мәселен, №31 мектеп 1500 оқушыға лайықталған болса, онда 630 оқушы ғана, №17 мектеп 2100 оқушыға арналса, тиiсiнше 780 оқушы, №39 мектеп 1800 балалық, онда бар-жоғы 860 оқушы ғана емiн-еркiн бiлiм алып жатыр. Мемлекеттiк тiлдiң мәселесi көтерiлгенде қалалық бiлiм беру бөлiмi тығырықтан шығу үшiн аралас мектептер ашқан, олардың саны – 14. Ал, аралас мектептердегi қазақ балалары дұрыс бiлiм ала алмайды, тiлдерi дүбәра болып қалады. Аралас мектеп — қасiрет, — дегендi айтты №44 Оралхан Бөкей атындағы 1176 оқушыға дәрiс берiп жатқан лицейдiң директоры Таңатқан Түменбаев” делiнген онда. Мақала авторының түйiндеуiнше, Өскемендегi қазақ балаларының бүгiнгi сұранысын қанағаттандыру үшiн кемiнде 20 мектеп қажет екен.
Дәл осындай қайшылықтар жайында бiз бұған дейiн Алматыдағы жағдайға байланысты бiрнеше дүркiн мәселе көтерген едiк. Сол кездерi Алматыда жаңадан 22 мектеп салынып, 22-сi де қазақ мектебiне айналады делiнген болатын. Өкiнiшке қарай, әдемi ертегiнiң ақырын әлем тапырыққа айналдыратын мыстан кемпiр сияқты, көптеген қиялдарымызды дағдарыс желге ұшырып жiбердi. Алматыны әп-сәтте қазақ мектептерiмен толтыру жайлы армандарымыз жүзеге аспай қалды. Жалпы, Алматы мен Астана және басқа да iрi қалалардағы қазақ мектебiнiң саны және оны көбейту туралы әңгiмелер айтылғалы қай заман. Бiрақ, бұл iсте iлгерiлеушiлiк байқалмайды.
Көптеген ұлт зиялылары мемлекеттiк тiлдi тұғырына қондыру үшiн төменнен қозғалыс қажеттiгiн жиi көлденең тартады. Бiрақ, төмендегiлердiң сұранысын елең етiп жатқан билiк жоқ. Егер, елдегi байырғы ұлттың үлес салмағы 67%-ға жеткен болса, ұлттық құндылықтарға деген сұраныстар да жыл өткен сайын арта түсетiнi даусыз. Алайда, билiк түбегейлi реформаны неден бастау керектiгiн әлi түйсiнбеген секiлдi. Әуелi бiлiм саласын ұлттық тұрғыдан реформалау керек. Реформа былай тұрсын мемлекеттiк тiлде бiлiм алғысы келетiн ұрпақтың сұранысын қанағаттандыруды басты меже тұтқан жөн. Қазiр ЖОО-ларда да дәл осындай жағдай орын алған. Егер, қазақ мектебiнiң түлегi жоғары оқу орнына 80-90 ұпаймен қол жеткiзе алмай жатса, орыс мектебiнiң түлегi бұл асуды 50-60 ұпаймен-ақ бағындыра алады. Бiрақ, Бiлiм және ғылым министрлiгi бұл мәселелерге көз жұмып қана қарап отыр. Бүгiнде бiлiм саласына бөлiнетiн грантты пайыздық межемен емес, бiлiм сапасына орай, яғни ҰБТ-да жинаған ұпайының санына орай бөлетiн кез жеттi.
“ЛАД”-ТЫҢ БАЙБАЛАМЫН ҚАЛАЙ ТҮСIНЕМIЗ?
Қызығы, аталған мақала өзгелерден гөрi орыс-славян ұйымдарының қытығына тиген екен. Дәл осы мақалаға орай Шығыс Қазақстан облыстық “Лад” орыс-славян ұйымы мәлiмдеме жасап, “мақаланың өзегiнде ұлтаралық араздықты қоздырғыш идея жатыр” деп байбалам салады. Олардың айтуынша, аталған мақала мемлекеттiң жүргiзiп отырған ұлтаралық келiсiм жайлы саясатына қайшы келетiн көрiнедi.
Бiрiншiден ладтықтар мақала қаладағы нақты жағдайға сай емес екендiгiн айтады. Екiншiден, бұл мақала мемлекеттiң саясатын жүзеге асырушы газетте жарық көргендiктен, жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң де ой-пiкiрiмен сәйкес келетiндiгiн айтады. Сөйтiп, Шығыс Қазақстан облысы әкiмiне хат жазып, “бұл мақаланың жарық көруiне жол берген адамдарға шара қолдануын сұрауды және қаладағы бiлiм саласы туралы шынайы ақпаратты жариялап, мақалада айтылған деректердi жоққа шығаруын талап етемiз. Егер, бұлай болмаған жағдайда аталған мәселе бойынша Ресей Федерациясының “Соотечественник” кеңесiне әрi Қазақстан Республикасының Президентiне үндеу жариялайтын боламыз” делiнген. Демек, қоқан-лоққы көрсетiп, Ресей Федерациясы арқылы қорқытып-үркiтуге көшiптi ладтықтар.
Бiрiншiден, мақала авторы нақты деректер мен дәйектердi келтiре отырып, қаладағы нақты жағдайды алақандағыдай жайып салған. Бұл жерде артық-ауыс ештеңе жоқ. Тек байырғы ұлт өкiлдерiнiң заңды талабы ғана айтылған.
Екiншiден, Ресей Федерациясындағы “Соотечественник” кеңесi бiр елдiң iшкi iсiне араласа алмайды. Ладтықтардың ұлты орыс болғанымен, азаматтығы – қазақтыкi. Сондықтан да, олар өзге елден араша сұрап, олардың ақылына жүгiне алмайды. Әрi ешқандай саяси қысымға ұшырап отырған жоқ.
Үшiншiден, қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл. Мемлекеттiк тiлдiң күнiн жоқтау — ұлтаралық араздықты қоздыру емес. Демек, Ладтың байбаламы да орынсыз.
Есенгүл Кәпқызы