Жаңалықтар

БАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ — АТА-АНА

ашық дереккөзі

БАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ — АТА-АНА

Тiршiлiктiң қайнар көзi, махаббаттың шуақ күнi, мейiрiмнiң қәусар бұлағы — ата-анаға қатыссыз дүниеде қасиеттi ештеңе жоқ шығар. Кезiнде Ғ.Мұстафин: “Ата-ананың қадiрiн бiлмеген — халық қадiрiн бiлмес” — деп айтып өткендей, ата-ананы ардақтамайтын халық жоқ десек артық айтпаған болар едiк.

Әркiмнiң туған анасы, туған әкесi бар. Ендеше, ата-анасыз өмiр жоқ, яғни, адам жоқ. “Баламның табанына кiрген шөңге менiң маңдайыма кiрсiн”, — деп, баласын әлпештеп өсiрген, “Өзiмдi алып, баламды аман қалдыр”, — деп Құдайға жалбарынып, “өздерiн балалары үшiн” құрбан еткен, “Бала — ата-ананың бауыр етi”, “Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар” деген мақалдарда ата-ананың перзентiне деген ұлы сүйiспеншiлiгi жатқан жоқ па?! Ата-анаға көз қуаныш — Алдына алған еркесi, Көңiлiне көп жұбаныш, Гүлденiп ой өлкесi — деп ұлы Абай бала ата-ананың қуанышы, гүлденген үмiт-арманы екенiн тебiрене жырлап кеткенi бәрiмiзге мәлiм. Шынында да, баласын алдына алып отырған атаның “ой өлкесiнiң гүлденуi” қандай тамаша десеңiзшi! Ата-анамыз бiз үшiн құлшына еңбек етедi. Терiн төгiп, бейнет шегедi. Ал өз ата-анасын құрметтемейтiн, олардың алдындағы перзенттiк парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептiлiк, кiшiпейiлдiлiк, сергек сезiмталдық көрсетпейтiн, iзгi қасиеттер қанына сiңiп, жүрегiне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?! Баласы үшiн түн ұйқысын төрт бөлген, жарық дүниенi сыйлаған ата-анамызға, қолғабысымызды тигiзiп, көңiлдерiне кiрбiң түсiрмеу бiздiң перзенттiк парымыз. Әлемге әйгiлi ғұламалар мен ақындардың ата-ана махаббаты, перзент парызы жайында тебiрене айтпағаны, жазбағаны кемде-кем. Олардан қалған асыл сөздер қаншама! “Баланың бас ұстазы — ата-анасы”, деп қазақ бекер айтпаған. Әркiмнiң ата-анасы баласын адамдарды ардақтауға, құрметтеуге, инабат тағылымын үлкендерден үйрене отырып, олармен қарым-қатынастары салтанат құруына жағдай жасайды. Ата-ананың өз балаларын сүюi қандай шексiз болса, балалардың ата-анасы алдындағы борышын да ешнәрсемен өлшей алмайсың. Үйрету — үлкеннен Үйрену — кiшiден — дегендей, үлкендердiң өмiрден көргенi мен түйгенi көп, тәжiрибесi мол. Ендеше олардың жастарға, балаларына үйретерi де мол, айтар ақыл-кеңесi де жетерлiк. Ата-ананы сыйлау, сәби шағымызда өзiмiздi қалай бағып-қақса, қартайғанда ата-анамызды солай алақанға салып, аялап күту — қандай ғанибет! Олай болса, ата-анамыздың алғысын, ақ батасын алуға, үлкендердiң мерейiн көтеруге жастар да әрқашан асығуы керек.   Мөлдiр Жақыпбек, ҚазҰПУ-дiң студентi