“NABUCCO” КIМГЕ ТИIМДI?
“NABUCCO” КIМГЕ ТИIМДI?
Орыстың газы мен мұнайына тәуелдiлiктен құтылуға жанталасқан кәрi құрлық ирактық күрдтерге 8 млрд. доллар берiп, олармен келiсiмге отырды. Бұған бұлқан-талқан ашуланған Анкара мен Бағдад Еуроодаққа шүйлiктi. Батыс басты мақсат еткен “Nabucco” жобасына қатысуға қазақ, өзбек пен түркiмен әзiр тым құлшынып отырған жоқ. Есесiне, әлемдiк саяси сахнаның астаң-кестеңiн шығарған энергетикалық күрес күн сайын ушығып келедi.
Жуырда Австрия, Венгрия, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң газ компанияларынан құрылған концорциумның ирактық күрдтермен серiктестiк қатынас орнатуы әлемдiк саяси сахнадағы жанжалға түрткi болды. Өйткенi, ирактық күрдтермен 8 млрд. долларлық келiсiмге отырған концорциум мүшелерi Иракта өндiрiлетiн та-биғи газды Түркия жерi арқылы өз елдерiне жеткiзудi қалайды. Аталған келiсiмдi энергетикалық тәуелдiлiктен құтылудың бiр жолы ретiнде қарастырған олар “Nabucco” алдында тұрған кедергiлердi осылай жоюға тырысқан. Әрине, 20 жылдан астам уақыттан берi Ирактың оңтүстiгiне бекiнген күрдтермен, анығында, Күрд жұмысшылар партиясының мүшелерiмен қырқысып келе жатқан Анкараға бұл қадамның әсте ұнамағаны белгiлi. Түрiктердiң Еуроодаққа шүйлiгiп, келiсiмнен бас тартуды талап етуi сондықтан. Анкара “Nabucco” құбырына қажеттi энергоқорды Иракқа иек артпай-ақ, әзiрбайжандар жерiнен алуға кеңес беруде. Күрдтердiң Еуропалық Одақпен ынтымақтастық орнатуға деген белсендiлiгi Бағдадты да алаңдатпай қоймады. Өйткенi, ирактықтар Күрдiстанның тәуелсiздiгi үшiн күресiп жүрген КЖП өкiлдерi көмiрсутегiлерден түскен пайданы саяси мақсатын жүзеге асыруға жұмсайды, қаржылық тұрғыда күш жинап алған күрдтер Бағдатқа да бағынбай кетедi деп қорқады. Маусым айының басында күрдтердiң аймақтық билiгiне энергетикалық келiсiм-шарттарды дербес қабылдауға құқық берiлмегенiн, мұндай қадамның Ирак Конституциясына қайшы келетiнiн ескертiп, концорциуммен арада жасалған құжатты жоққа шығарған Бағдад Батысқа бағытталатын “көгiлдiр отынды” 2014 жылға қарай күрдтер шоғырланған жерден аулақта орналасқан кен орнынан тасымалдауға ұсыныс жасады.
Үстiмiздегi жылдың 24-25 сәуiрiнде Софияда өткен Еуропалық Одақтың “Еуропаға арналған табиғи газ: қауiпсiздiк пен серiктестiк” тақырыбындағы саммитiнде ЕО-ның стратегиялық жобасы – “Nabucco” газ құбырының құрылысын тез арада жүзеге асыру туралы мәселе жан-жақты талқыға салынған едi. Ал 8 мамыр күнгi ЕО-ның прагалық саммитiнде (“Оңтүстiк жол – жаңа Жiбек жолы”) құбыр құрылысына қатысты мәселелердi қаузай келе, ортақ мәмiлеге келген Әзiрбайжан, Грузия, Түркия мен Египет арнайы меморандумға қол қойды. Ал Қазақстан, Өзбекстан мен Түркiменстан (Иранды қоспағанда) аталған құжатты қабылдаудан бас тартты.
Кейiнгi кездерi энергоқорының бағасы мен қадiрiн арттыруға күш салып жүрген түркiмендердiң өзi жылы қабақ танытқан “Nabucco” орыстар тарапынан үзiлдi-кесiлдi қарсылыққа тап болды. Өйткенi, Орталық Азиядан жыл сайын кәрi құрлыққа 80 млрд. текше метр “көгiлдiр отын” тасымалдауға қауқарлы “Nabucco” Ресейдi айналып өтуi тиiс. Қазақ, әзiрбайжан, өзбек пен түркiменнiң газы халықаралық нарыққа Ресей жерi арқылы жеткiзiледi. Анығында, Орталық Азиядан энергетикалық қорларды арзан бағаға сатып алатын Ресей көршiлес елдерi мен Еуроодаққа бiрнеше есе қымбатқа қайта сатады. Орыстардың iшкi тұтынушылық сұранысты төмен бағамен қанағаттандырып отыруы да құны арзанға түсетiн орталықазиялық мұнай мен газдың арқасында. Кезiнде кәрi құрлықтың Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы Ресейдi айналып өтуi Кремльдiң көңiлiне жақпағаны анық. Еуроодаққа есе жiберiп алғандарына ашуланған орыс саясаткерлерi Кремльден көмiрсутегiлердi Батысқа тасымалдауды тек орыс жерi арқылы өткiзудi талап етуде. Әлемдiк саясатқа энергоқорлар арқылы ықпал ету тиiмдi екенiн бiлетiн Ресейдiң Еуроодақтың мұнай мен газға қатысты кез келген жобасын жоққа шығаруға жанталасуы сондықтан. Мәскеу мен Тбилисидiң текетiресi, орыстардың БТЖ мен Оңтүстiк Кавказ газ құбырына тiсiн қайрауы, Оңтүстiк Осетиядағы қарулы қақтығыс, тәуелсiздiгiн әлем мойындамаған Абхазия мен Оңтүстiк Осетияны Кремльдiң егемен ел ретiнде тануы сияқты басқа да әрекеттердiң астарында саяси сарын жатыр. 2011 жылға қарай “Газпром” ағылшындардың газ нарығынан 10 пайыздық үлестi иемденудi жоспарлап отыр. Үгiт-насихат шараларын қолдана отырып, жүзеге асырамыз деп құлшынған компания басшысы Миллердiң бастамасына күмән келтiретiндер көп. Өйткенi, энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн күн тәртiбiне шығарған кәрi құрлық орыс газына деген тәуелдiлiктен құтылудың жолдарын қарастыруда. Мысалы, осыдан 20 жыл уақыт бұрын Еуропаға сырттан тасымалданатын “көгiлдiр отынның” 33 пайызы ресейлiктердiң еншiсiнде болатын. Тұтынушылық сұраныс деңгейi бүгiнде 25 пайызға дейiн төмендеген. Бiрақ Еуропалық Одақ жүзеге асыруды көздеп отырған “Nabucco” газ құбырының құрылысы әлi басталған жоқ. Оған жобаға қатысушы тараптардың келiссөздерде пiкiр қайшылығына ұрынуы кедергi. Жыл сайын 63 млрд. текше метр газ өндiруге қауқарлы “Солтүстiк ағын” мен “Оңтүстiк ағын” құбырларын iске қосуға құлшынған “Газпром” кейбiр сарапшылардың сынына ұшырады. Өйткенi, жылдан жылға өндiру қарқынын күшейте түскенмен, тұтынушылық сұраныстың деңгейi сәйкес келмеуi мүмкiн. Түркияға қарай тағы бiр тармақ – “Көгiлдiр ағын” құбырын тарту туралы бастамасын да құптаушылардан гөрi сынаушылар басым.
“Nabucco” газ құбырына кедергi келтiрудiң сан айласын қарастырудан бiр жалықпайтын кремльдiк монополист компания – “Газпром” ТМД аумағына, әсiресе, табиғи ресурстарға бай орталықазиялық аймаққа ықпалын күшейтуге мүдделi. 2008 жылы “Газпром” Әзiрбайжанның қорындағы барлық табиғи газын көтерме сауда бойынша сатып алуға ұсыныс жасаған. Баку бас тартты, әрине, бұл ұсыныстан. Iшкi нарықты қамтамасыз ете отырып, халықаралық нарыққа тасымалдайтын энергоқор көлемi тым аздық еткендiктен, әзiрбайжандар күнi кешеге дейiн “көгiлдiр отынды” орыстардан сатып алатын. Бiрақ Шах-Дениз кен орны iске қосылысымен, Баку “Газпромның” басты бәсекелестерiнiң бiрiне айналды. Дүйсенбi күнi ӘР президентi Илхам Әлиевпен кездескен РФ басшысы Дмитрий Медведев әзiрбайжан газының көлемiн ұлғайтуға мүмкiндiк алды. Ресми деректер әлi жарияланбаса да, баспасөз мәслихатын өткiзген Медведев келiссөзге көңiлi толатындығын жеткiздi.
Сарапшылар пiкiрiнше, Иранның “Nabucco” жобасына қатысуы құбырдың тезарада iске қосылуына ықпал етедi. Бiрақ ядролық бағдарламасының кесiрiнен Тегеранның халықаралық қауымдастықтың қырына iлiгуi, АҚШ пен Иран арасындағы даудың ушығуы, күнi кешегi ирандық президенттiк сайлауға қатысты наразылықтардың күшеюi ирандықтарды “Nabucco” жобасына қатысу құқығынан айырды. Бастапқыда кәрi құрлық iштартқан Ирак та көп ұзамай, яғни, 2005 жылғы елдегi азаматтық көтерiлiстен кейiн тiзiмнен сызылып тасталған. Алайда, билiк басынан Буштың кетуi, президенттiкке демократ Обаманың сайлануы газ құрылысына қатысуға рұхсат етiлуiне мұрындық болды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ