Жаңалықтар

ИНТЕРНЕТТЕ “ТҮРКIСТАННЫҢ” 1,5 МЫҢ ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАНЫ БАР

ашық дереккөзі

ИНТЕРНЕТТЕ “ТҮРКIСТАННЫҢ” 1,5 МЫҢ ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАНЫ БАР

Иә, қазақтiлдi интернеттiң тынысы кеңейе түстi. Осыдан бес-алты жыл бұрын қазақтiлдi сайттардың саны саусақпен санарлықтай ғана едi. Ал мемлекеттiк тiлде хабар алмасу, форумда пiкiр алысу қиындық туғызатын. Ендi мемлекеттiк тiлдегi ресми, бейресми сайттар мен порталдар көбейiп, күн сайын жаңа блогтар ашылып жатыр. Қазақ тiлiнде ақпарат iздеудiң жолы да оңайланды. Қазақтiлдi интернеттiң жолын ашуға “Түркiстан” газетiнiң де қосқан аз-маз үлесi бар.

Осыдан аттай бес жыл бұрын, 2004 жылдың жазында қазақтiлдi кеңiстiкке “Түркiстан” газетiнiң сайты да ендi. Кейбiр газеттердiң электронды нұсқасындай емес, ол Iздеу, Мұрағат, Пiкiр жазу сияқты функциялары бар өз алдына жеке сайт болып жұмыс iстей бастады. Бес жылдан берi газет бетiнде жарық көрген мақалалардың бәрi мұрағатта жинақталып, сақтаулы тұр. “Түркiстан” газетiнiң тiлшiлерiнiң ғана емес, әрбiр тұрақты авторының мақаласын әлемнiң кез келген жерiнен интернет арқылы тауып аласыз.

Сайт бетiнде бүгiнгi күннiң өзектi мәселесiне орай оқырман арасында сауалнама жүргiзiледi. Соңғы апталарда қойылған сұрақ: “Дағдарыс сiзге қаншалықты әсер етуде?” болатын. Оған оқырмандардың 77 пайызы: “Иә, әсер етуде” деп, ал 26 пайызы “Жоқ, әсер етпейдi” деп жауап берген.

Сайтта “Қалағаңның қалжыңдары” деген айдар бар. Газетiмiздiң тұңғыш бас редакторы, Қазақстанның Халық жазушысы, аты аңызға бергiсiз Қалтай Мұхамеджановтың ел айта жүретiн өткiр қалжыңдарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрiп едiк. Осы айдарды келешекте жаңа қалжыңдармен толықтыру ойымызда бар.

Сайтта күнiне қанша оқырманның газетiмiздi ашып оқығанын көрсететiн арнайы санақ жүргiзiледi. Бұл санақ оқырмандардың жалпы санын да көрсетедi. Жалпы санақ бүгiнгi таңда 100000-ға жуықтады. Бұл дегенiңiз, “Түркiстан” ғаламторда 100 000 рет оқылды деген сөз.

Ең бастысы, газетiмiздiң интернет-оқырмандарының денi — алыс-жақын шетелдегi қандастарымыз екенi қуантады. Интернеттегi сайтымыз әлдебiр техникалық себептермен уақытында жаңартылмай қалған күндерi редакциямызға қоңырау шалып, “Жаңа нөмiрдiң мақалалары қайда?” деп сұрап жататын сергек ойлы оқырмандарымызға айтар алғысымыз көп. Қандастарды алдағы уақытта жиi хат-хабар алысып, редакция ұжымымен қоян-қолтық араласуға шақырамыз.

Газет — өз оқырманымен ғана газет. Қолыңыздағы “Түркiстан” да, интернеттегi “Түркiстан” да Сiздiң талғамыңызға сай болу үшiн барын салатынын ұмытпағайсыз, ардақты Оқырман!

Мөлдiр БИЖАН