Жаңалықтар

ГЕНЕРАЛ ЕВКУРОВҚА КIМ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАДЫ?

ашық дереккөзі

ГЕНЕРАЛ ЕВКУРОВҚА КIМ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАДЫ?

Бұл сұраққа әлi жауап жоқ

Ресей Федерациясы Солтүстiк Кавказ бағытында өзiнiң мүдделерiн жан сала қорғауды үдете түскен сайын, мұндағы жағдай таяу жылдарда бейбiтшiлiк ырғағына түсе қоймайтын сияқты. Әсiресе, Ингушетиядағы жағдай жыл өткен сайын шиеленiсiп бара жатыр. Оның себебiн әлеуметтiк, саяси, экономикалық жағдайдан iздеушiлердiң пiкiрi орынды. Ресей өзiнiң экономикалық, әлеуметтiк жетiстiктерiн жарияға жар салғанымен, әлi күнге дейiн мұнда жағдай оңалар емес.

Жаппай қайыршылық өмiр, шектен шыққан сыбайлас жемқорлық, белгiсiз қарулы адамдардың жоғары шендi милиционерлердi, шенеунiктер мен дiни қызметкерлердi қастандықпен өлтiруi жалғасуда. Осы күнге дейiн республика басшылығы елдi өз резиденциясының биiк дуалының ар жағынан басқарып келдi. Елде дiни ағымдардың беделi күн өткен сайын күшеюде. Кремльдiң қалыптасқан жағдайға төзiмсiздiк танытуы да түсiнiктi. Солтүстiк Кавказдағы ахуал, әсiресе, iргелес жатқан Чешенстандағы жағдай тұрақтанды, мұнда Ресейдiң билiгi мықтап орнады деп әлем жұртшылығын сендiруге тырысқанымен, аймақтағы шиеленiс уақыт санап күрделенiп барады. Осының бәрiн мұқият салмақтаған Мәскеу 2008 жылдың қазан айында Ингушетия Республикасының бұрынғы президентi М.Зязиков мырзаны мерзiмiнен бұрын қызметтен босатып, биiк орынтаққа осыған дейiн Приволжск-Орал әскери окургы штаб бастығының орынбасары, қызметiн атқарған генерал Юнусбек Евкуровты отырғызғаны белгiлi. Әсiлi, Кремль осы өңiрдегi бүлiкшiл аймақтар мен республикалардың, әсiресе, Оңтүстiк Осетияның бар билiгiн бұрынғы жоғары шендi әскери қызметкерлердiң уысына берудi қазiр қалыптасқан дәстүрге айналдыруда. Сiрә, Ресей басшылығы басқалардан гөрi әскери қызметкерлер, генералдарға көбiрек үмiт артатын сияқты және әскери адамдар бұл аймақтарда қатал шараларды жүзеге асырып, темiрдей қатаң тәртiптi жолға қоярына еш күмәнданбайтын секiлдi.

22 маусым күнi Ингушетия Республикасыың президентi Юнусбек Евкуров қастандықтың құрбанына айналды. Ол мiнген броньды машина өтiп бара жатқан жол бойындағы көлiк жарылып, генералдың оққағары оқиға болған жерде қаза тапты және генералдың өзi, сонымен қатар кортеждегi төрт көлiктегi адамдар ауыр жараланған. Президент машинасындағы Евкуровтың бауыры да өлiмшi халде. Мамандардың айтуынша, 70 келi тротил күшiне сай жарылыстың құрбандары әлдеқайда көп болуға тиiс болатын. Дегенмен, жарылыстың күшiн Ингушетия президентi мiнген сауытты машина әлсiреткенге ұқсайды. Осы қастандықтан соң аймақтағы жағдай Кремльдiң қатаң қадағалауына алынды. Террорлық оқиға орын алғаннан кейiн Ресейдiң Iшкi iстер министрi Р.Нургалиев пен СКП-ның басшысы А.Бастрыкин бастаған құзырлы комиссия осында келiп, генералдың отбасы — әйелi мен кiшкене баласын қатаң күзетуге тапсырма бергенi белгiлi.

Юнусбек Евкуровқа қастандық жасағандар кiмдер? Сарапшылар әртүрлi болжам, жорамал жасауда. Оған қастандық жасалуы бiр бұл емес. Ақпан айында ұйымдастырмақ болған қастандық алдын-ала әшкереленген болатын. Сыбайлас жемқорлықпен күрестi ең бiрiншi мiндетi деп санаған генерал талайлардың жем жеген биiк астауына түсер қаржы ағынын қатаң бақылауға алып, талайларды арам несiбесiнен айырған. Ресей Федерациясы Думасының Есеп палатасының деректерiне қарағанда, 2008 жылы Ингушетияда 2 млрд. рубльден астам ақша сыбайлас жемқорлардың қалтасына құйылған көрiнедi.

Федерация Кеңесiнiң мүшесi, генерал Асламбек Аслахановтың: “Солтүстiк Кавказда — Ингушетия, Дағыстанда және басқа да республикаларда мемлекеттiк шенеунiктердiң боевиктердi қаржымен қамтамасыз ететiнi бұрыннан белгiлi. Бұл — қауiпсiздiк үшiн адамдар төлейтiн алым-салық секiлдi. Өйткенi, мұндағылар мемлекет өздерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiндiгiне еш сенбейдi”, — дегенi ақиқаттан ауытқу.

Көптеген сарапшылар мен бiлiктi мамандар бұл аймақта тыныштық, бейбiт өмiр таяу жылдарда орнай қоятынына күмән келтiруде. Кезектi құрбандық кiм болмақшы?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ