Жаңалықтар

“ҰЛЫТАУ” ЕУРОПАҒА АТТАНАДЫ

ашық дереккөзі

“ҰЛЫТАУ” ЕУРОПАҒА АТТАНАДЫ

Елiмiздегi шоу-бизнес әлемi тағы бiр бейнеклиппен толықты. Өткен жұмада қазақ музыкасын бүкiл әлемге танытқан “Ұлытау” тобы өзiнiң жаңа бейнебаянын қалың жұртшылыққа таныстырды.

Қазақтың төл аспабы домбыра мен қазiргi заманғы музыканы байланыстыру — Болмановтың сонау “Азия даусы” байқауынан бергi арманы екен. Сол арманның жетегiмен Қыдырәлi Болманов елiмiздегi бұрын-соңды болмаған этникалық аспаптар домбыра мен скрипканы және рок гитараны байланыстыратын “Ұлытау” тобын құрады. 2001 жылы аталмыш топ Голливудтағы бүкiләлемдiк музыкалық байқауға қатысып жеңiмпаз атанады. Дәл осы мезеттен бастап қазақ музыкасы бүкiл әлемде асқақтайды. “Ұлытау” әлемнiң Ұлыбритания, Польша, Қытай, Ресей, Жапония, Франция, Германия сияқты iрi мемлекеттерiнде жеке концерттер бердi. Бiр айта кетерлiгi, алыс-жақын шетелдерде қазақтың қара домбырасы мен қазiргi заманғы асапаптарды бiрiктiретiн топ ерекше құрметке ие. Ал топ орындауындағы Құрманғазының “Адайы” әр елдiң этникалық және рок-музыкалық әуендерiнiң топтамалық компакт-дискiсiне енiп, бүкiл әлемге таратылды.

Топтың “Жұмыр қылыш”, “Күрiшшiлер биi” атты бейнебаяндары төрткүл дүниенiң алдыңғы қатарлы телеарналарында көрсетiледi. Ал журналистер мен шоу-бизнес өкiлдерiнiң алдында тұсауы кесiлген “Ақ желен” туындысының бейнебаяны “Ұлытаудың” жаңа iзденiстерiнiң нәтижесi. Аталмыш туынды Қазақстан мен Ресей киногерлерi бiрiгiп түсiрген “Прыжок Аффолины” атты кинолентаның саунд-трегi болып табылады. Бiр айта кетерлiгi, “i Musik” батыстық-еуропалық лейбл “Ұлытау” альбомының жартымиллиондық тиражын шығарып, “Ақ желен” бейнебаянын әлемдiк ротацияға шығаруға ниет танытыпты. “Ұлытау” жобасының авторы, продюсер Қыдырәлi Болманов батыстық продюсерлермен келiссөздер жүргiзiп жатыр екен. Топ құрамы жақын арада Германия, Румыния, Испания, Франция елдерiнде үлкен концерттер берiп, түрлi музыкалық байқауларға қатысуды жоспарлап отыр.

Әйгерiм Досым