Жаңалықтар

АТОМ ҚАРУЫНАН БАС ТАРТҚАН КҮН ЕРЕКШЕ АТАП ӨТУГЕ ЛАЙЫҚТЫ

ашық дереккөзі

АТОМ ҚАРУЫНАН БАС ТАРТҚАН КҮН ЕРЕКШЕ АТАП ӨТУГЕ ЛАЙЫҚТЫ

Халықтың мың батпан мұңы мен зарына малынған, мәнi мен маңызы әлемдiк ауқымды қамтитын, зардабы бiрнеше ұрпаққа ұласқан Семей ядролық полигонында сынақтар тоқтатылуына 20 жыл толуына орай өткiзiлген салтанатты шара еңсесi түскенннiң кеудесiн көтердi, ұйықтағанды оятты, мүлгiгендi серпiлттi.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзiнде тарихи деректердi келтiре отырып мынадай жайттарды еске түсiрдi. Қазақтың байтақ даласында барлығы 456 ядролық сынақ өткiзiлiптi. Соншама рет өткiзiлген сынақтың жиынтық қуаты Хиросимаға бiр-ақ рет тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 есе артық екен. Демек, Семей аумағына бiр емес, екi жарым мәрте атом бомбасы тасталды деген сөз! Ал оның зардабы ше! “Радиациялық сәуле зардабына түскен бiздiң отандастарымыздың жалпы саны миллион адамнан асып түседi”. Бұл Елбасы келтiрген сан. Жинақтап айтсақ, Қазақстанда Алматы секiлдi бiр қаланың халқы түгелiмен дiмкәс, науқас, жарымжан, ауру, сырқау! Оларды емдеу, сауықтыру, аурудан ада-күде арылту бiр емес, бiрнеше ғасырға созылатыны адамның жанын ауыртады. Болашаққа деген сенiмiн сейiлтедi. Ол — ол ма! Семей полигонының төңiрегiндегi экологиялық апатқа ұшыраған аймақтың аумағы 300 мыңнан астам шаршы шақырым екен. Бұл жер қыртысымен есептелгендегi ауқым. Бұл ауқым бiр Германияның территориясына тең екен. Ал сол жерден бөлiнген су, бу, ауа желмен тараса, қаншама шақырымды алатынын әлi ешкiм дәл есептеп бере алған жоқ. Құла дүзге айналған жер тыныш жатқан жоқ. Жаһандық табиғи процестер нәтижесiнде одан да белгiлi бiр дәрежеде радиация бөлiнiп жатыр. Осындай зардаптардың салмағын сезiнген мемлекетiмiз сынақтардың салдарын жою мақсатында бұған дейiн 34 миллиард теңге жұмасылыпты. Халық келешекте полигон проблемаларын кешендi шешу жөнiндегi Мемлекеттiк бағдарламаның одан әрi жалғасқанын, бiр сәтке де тоқтатылмауын қалайды. Ал Елбасы Семейде радиологиялық медицина кластерi қалыптастырылғаны қажет деп санайды. Бұл көп болып қолға алатын қаракет.

Иә, Семей зардабын жою бiр адамның бiр жылдық iсi емес, миллиондардың ондаған жылдар бойы үздiксiз атқаратын азаматтық борышы болмақ керек. Бұл тұрғыдан әлемдiк қауымдастықтың ең бiрiншi қолға алатын iсi — ендiгi уақытта жұмыр Жердiң ешбiр нүктесiнде ешқашан бiрде бiр ядролық сынақты болдырмау. Ол үшiн ядролық қаруды жасауға және таратуға тосқауыл қою керек.

Осыны ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың 29 тамызды яғни осыдан 18 жыл бұрын ядролық полигон жабылған күндi “Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкiләлемдiк күнi” деп жариялау жөнiндегi ұсынысы халық болып қолдауға тұрарлық.

Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi

Журналистика факультетiнiң кафедра меңгерушiсi