Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТЫ, АЙШЫҚТЫ АСТАНА

ашық дереккөзі

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТЫ, АЙШЫҚТЫ АСТАНА

11-ГЕ АЯҚ БАСҚАН АСТАНА

Астана қаласына — 11 жыл. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Былтыр ғана өзiнiң он жылдығын тойлаған Астана тағы бiр жылды артқа қалдырды. Бiр жыл iшiнде қазақтың Елордасы тағы да әсем ғимараттарымен көркейiп, кеңейе түстi.

Елiмiздiң жалпыұлттық маңызды оқиғасына айналып, мемлекеттiк мәртебеге ие болған Астана өзiнiң 11 жылдық мерекесiн үш күн қатарынан тойламақ. Бұл айшықты мерекеге орай, әртүрлi шаралар ұйымдастырылатын болады. Әр шараның айтары, өзiндiк ерекшелiгi де болмақ. Айтпақшы, мереке қарсаңында Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов журналистермен жүздестi. Жүздесу барысында үш күндiк мереке жайына тоқталды әкiм. “Астана күнiне арналған шаралардың өн бойында қазақ мемлекетiнiң тарихи тағдыры, рухани тамыры, мәдени болмысы көрiнiс табуына барынша зейiн қойдық”, — дейдi Иманғали Нұрғалиұлы.

Үш күн бойы астаналықтар әртүрлi ұлттық нақыштағы мерекелiк шараларды тамашалайтын болады. Оның бiрi — “Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана” көшпендiлер өркениетi фестивалi. Бұл фестиваль Астананың он жылдығы кезiнде де өткiзiлген болатын.

— Қазақ елi, қазақ мемлекеттiлiгi туралы сөз қозғалғанда номадизм мәселесiн айналып өту мүмкiн емес. Бiз өзiмiздiң көшпендiлер өркениетiнiң мұрагерi екендiгiмiздi мақтаныш үшiн емес, тарихи фактор ретiнде айтуға тиiспiз. Осы ретте өткенiмiзге көз жүгiртiп, тарихымызды таныту мақсатында былтырдан берi көшпендiлер өркениетi фестивалiн өткiзудi қолға алдық. Бұған дейiн әлемнiң бiрде-бiр елiнде өтiп көрмеген шара — бұл, — дейдi әкiм. Расында да қазақтың жан-дүниесiн танытатын дүниелер бар бұл фестивальдiң өн бойында. Бұл фестивальдiң тағы бiр ерекшелiгi, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген жыршы-термешiлер әйгiлi “Қыз Жiбектi” жырлайтын болады.

Үш күнге созылатын мерекенi 250 мыңға жуық адам тамашалайды деген болжам да бар. Мерекеге алыс-жақын шетелдерден арнайы эстрада жұлдыздары да келедi деп күтiлуде. Олардың арасында әлемге әйгiлi тенор Пласидо Доминго да бар.

Айтпақшы, мемлекеттiк мерекеде қала тұрғындары қатарынан үш күн, яғни 4,5,6-шiлде күндерi демалатын болады.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

* Тәуелсiздiктiң негiзгi мәнi — тарихтың жаңа бетiн өз еркiңмен, өз шешiмiңмен бастауда болса керек. Тәуелсiздiк бiзге жаңа жолымызды, өзiмiздiң соны соқпағымызды табуға зор мүмкiндiк ұсынды. Сол жаңа жолымызды бiз Астана арқылы таптық.

* Қазiргi кезде Астана бiздiң келешегiмiзге қатысты маңызды шешiмдер қабылдайтын мемлекетiмiздiң саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр.

* Ғасырлар бойғы тұсау мен тоталитаризм бұғауларын серпiп тастаған, соның алдында ғана дағдарыс пен күйзелiстi бастан өткерген елде жаңа, жақсы заман туып келе жатқаны сезiлдi. Қазақстандықтардың бәрi жас державаның жас Елордасы — Астананың жан-жағына үмiт пен батылдықтың жан сергiтер шапағы шашырап жатқанын көрдi.

* Астана бiздiң ұлттық санамызды нағыз егемендiк деңгейiне жеткiзiп, қазақ этносын ұйыстырған идеялық символға айналды. Оның бiздiң азаматтарымыздың отаншылдық рухын асқақтатудағы маңызына баға жетпейдi.

* Астананың халықаралық маңызы әлдеқайда өстi. Астана — бұл осы заманғы аса iрi геосаяси жоба, ол Қазақстан туралы түсiнiктi өзгертедi.

Астана қаласының әкiмi Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ:

Қалада жаңа мектептер мен емханалар бой көтердi, ондаған шақырым жолдар салынып, көлiк инфрақұрылымы, объектiлерi қайта жаңғыртылды. Энергетика секторы мен коммуналдық шаруашылық жаңғыртылып, жаңа саябақтар мен гүлзарлар салынды, аула аумақтары жөнге келтiрiлдi. Осылайша, қала қайталанбас стильге ие болып, өз бейнесiн қалыптастырды.

Гүлзина Бектасова