Жаңалықтар

ОҚЫСАҢ, “НҰР-МҮБАРАКТА” ОҚЫ...

ашық дереккөзі

ОҚЫСАҢ, “НҰР-МҮБАРАКТА” ОҚЫ...

Нұр-Мүбарак Египет ислам университетi — Египет және Қазақстан Республикалары арасындағы халықаралық келiсiмшарт негiзiнде құрылған.

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң АА №0000189 лицензиясы берiлiп, мемлекеттiк аттестациядан өткен.

Университетте араб тiлiн, қасиеттi Құран Кәрiмдi оқып — үйренуге, дiни бiлiммен сусындауға мүмкiндiк зор.

Қазiр оқуға қабылдау маусымы басталды.

Осы орайда университеттiң оқу бөлiмi меңгерушiсi, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Әлмұхаметов Әли Рауфұлына жолығып, жедел сұхбат алған едiк.

— Бiз биылғы оқу жылына исламтану, шет тiлi: екi шет тiлi (араб, ағылшын тiлдерi), дiнтану мамандықтары бойынша талапкерлердi қабылдап жатырмыз.

Жуырда Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениетi университетi мемлекеттiк аттестациядан өтiп, жақсы нәтиже көрсеттi. Шәкiрттерiмiз де мемлекеттiк емтихандарды табысты тәмамдады. Бес пән бойынша мемлекеттiк емтихан жүргiзiлгенiн атап өткен жөн. Оның iшiнде Құран сабағы, ислам фәлсафасынан студенттер 80 және 100 балл жинады. Университеттегi шет тiлi: екi шет тiлi (араб, ағылшын тiлдерi) мамандығы бүгiнгi таңда өте қажеттi деп ойлаймын.

— Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениетi университетi елiмiздегi жоғары бiлiмдi имамдар даярлайтын жалғыз оқу орны екенi баршаға мәлiм. Исламтану факультетiне қабылданушыларға қандай талаптар қойылады?

— “Исламтану” мамандығына — мұсылмандық парызын өтеудi, дiн қызметкерi болуды мақсат еткен бiлiмдi, иманды талапкерлер қабылданады. Сондықтан олар емтихандардан бөлек сұхбаттасудан өтедi.

Исламтанушыларға сұраныс та жоғары болып отыр. Жыл сайын исламтану факультетiн 30-ға жуық студент бiтiрiп, олар елiмiздiң түпкiр-түпкiрiне имамдық қызметтерге жiберiледi. Түлектерiмiз жер-жерде жемiстi еңбек етуде.

Сондай-ақ, жыл сайын бiздегi дiнтану мамандығына мемлекет тарапынан 10 грант бөлiнедi.

— Университеттiң материалдық базасы жөнiнде не айтасыз?

— Оқу орнымыздың материалдық базасы жоғары. Жаңа оқу корпустары, 500 орындық жатақхана салыну үстiнде. Университетте Египеттiң әл-Әзһар, Каир айн-Шамс, Александрия, Әлмения университетiнiң бiлiктi доктор-профессорлары сабақ бередi. Студенттерге Египетте курстардан машықтанудан өтуге, магистратура мен докторантурада бiлiмiн тереңдетуге мүмкiндiк жасалады. Екiншi курстан кейiн үздiк оқитын студенттер Египеттегi әл-Әзһар, Александрия, Әлмения университеттерiне тәжiрибеге жiберiледi.

— Нұр-Мүбаракты бiтiрушiлердiң диплом үлгiсi, бiлiктiлiк дәрежесiне тоқталсаңыз.

— Бiздiң түлектерге мемлекеттiк үлгiдегi диплом берiледi. Исламтану мамандығын бiтiрушi ер балаларға — “Исламтану бакалавры”, қыздарға — “Исламтану оқытушысы және тәрбиешiсi” академиялық дәрежесi берiледi.

Дiнтану мамандығын тәмамдаушылар “Исламтану” және “Араб тiлiнiң мұғалiмi” деген академиялық бiлiктiлiк алумен қатар, мектеп, гимназия, колледждерде “Араб тiлi” және “Ислам пәндерiнiң оқытушысы” бола алады.

— Жоғары оқу орнын бiтiрген талапкерлерге сiздерде жеңiлдiктер бар ма?

— Жоғары оқу орнын бiтiрушiлер “050206 — дiнтану”, “Исламтану”мамандықтарына, араб колледжiн бiтiргендер “050119 — шет тiлi” мамандығына қысқартылған бағдарламамен сұхбаттасу арқылы түсе алады.

Сұхбаттасқан Күлпара ЖҰМАҒАЛИ