Жаңалықтар

ЖУРНАЛИСТ АТЫНДАҒЫ БАЙҚАУ МӘРЕГЕ ЖЕТТI

ашық дереккөзі

ЖУРНАЛИСТ АТЫНДАҒЫ БАЙҚАУ МӘРЕГЕ ЖЕТТI

Қазақ телевизиясына өзiндiк үлесiн қосқан талантты журналист, Президент сыйлығының және Қазақстан Журналистер академиясының “Алтын жұлдыз” сыйлығының иегерi, марқұм Бейбiт Құсанбек атындағы республикалық жас тележурналистер арасындағы байқау өткен сенбiде мәреге жеттi.

Өткен жылдан бастау алған аталмыш байқау, биыл екiншi рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға 12 үмiткер талап бiлдiрiп, 17 бағдарлама өзара бақ сынасты. Бейбiт Құсанбектiң курстастарының атынан сөз сөйлеген Сағатбек Медеубек:”Байқаудың негiзгi мақсаты–қазақ журналистикасының Бейбiт секiлдi адал, таза жүректi бiлiктi мамандарын өсiрiп шығару,”– дедi. Биылғы байқауға Бейбiт Құсанбектiң Сейiт Омаров, Еркiн Қыдыр, Шамшидин Паттеев, Бейбiт Сапарәлi, Қайнар Олжай сынды бiр топ курстастары мен достары қолдау көрсетiп, демеушiлiк танытқан. Байқауды марапаттау рәсiмiнде жұртшылыққа ақындық, сазгерлiгiмен де танылған марқұмның өлеңдерi оқылып, Бағдат Сәмединова мен Алма Аманжолдың орындауында елге танымал әндерi шырқалды. Сондай-ақ, марқұмға құран бағышталып, Бейбiт Құсанбектiң көзiн көрген бiр топ достары мен әрiптестерi өмiрден ерте озған журналист жайында естелiктерiн ортаға салды.

Сонымен байқаудың нәтижесiнде жас тележурналистер үш ынталандыру сыйлығы мен екi жүлделi орынды өзара бөлiстi. Бiр айта кетерлiгi, биылғы байқаудың ұйымдастыру алқасының шешiмiмен бас жүлде ешкiмге бұйырмады. Ал үш ынталандыру сыйлығы Қарағанды телеарнасының “Асыл мұра” бағдарламасының жүргiзушiсi Ернұр Наурызбайұлына, “Жетiсу” телеарнасының қыз-келiншектерге арналған “Әйелдер әлемi” бағдарламасының жүргiзушiсi Гүлiм Қошқарбаеваға және “КТК” телеарнасының “Репортер” бағдарламасының жүргiзушiсi Гүлмира Әбiқайға бұйырды. Жүлделi үшiншi орынды “Қазақстан” ұлттық телеарнасының журналисi Дәурен Дариябек иелендi. Ал екiншi жүлденi “Хабар” телеарнасының “Арнайы репортаж” және “Таразы” бағдарламаларының талапты журналисi Самат Сүлей еншiледi.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ