Жаңалықтар

БҰЛ — БӘРIМIЗГЕ ҚАЖЕТТI СӨЗДIК

ашық дереккөзі

БҰЛ — БӘРIМIЗГЕ ҚАЖЕТТI СӨЗДIК

Тiлiмiз де, тiл туралы түсiнiгiмiз де өзiмiздiң өмiрiмiз секiлдi өте тез өзгерiп бара жатыр, өзгерiп жатыр, тоқтамайды… Дүние, қоғам, түсiнiк өзгеруде. Ал қолымызға тиген жаңа сөздiк — сол өзгерiстердiң нақты бейнесi, тiлдiң жанды жерi — әлеуметтiк сипатына арналған.

Әр ұлттың өз тағдыры болатыны сияқты әр тiлдiң де өз тағдыры бар. Дүниедегi тiлдердiң бiрiнiң коммуникативтiк рөлi жоғары, ендi бiрiнiкi төмен, әлеуметтiк, құқықтық рангiлерi де әрқилы, қызметтерi де бiр-бiрiне ұқсамайды. Осындай әр түрлi деңгейлi тiлдер арқылы адамзат тiлдiк ғұмыры тоқтаусыз алға жылжиды, “тiлдiк” тiршiлiгiн өткiзедi. Әлеуметтiк тұрғыдан әр түрлi болуына қарай тiлдердiң әлеуметтiк сипаты қалыптасады. Әлеуметтiлiктi ұғынып алмай адам туралы, қоғам туралы, қоғамға қызмет ететiн тiл мен тiлдiң әлеуметтiк параметрлерi туралы түсiнiктiң қалыптасуы кiм-кiмде де екiталай.

Тiлдердiң де, этностың да, дiни нанымдардың да әлеуметтiк параметрлерi арасында тепе-теңдiк жоқ, керiсiнше, сәйкессiздiк (дисбаланс) бар. Осы саланың белгiлi маманы Н.Б.Мечковскаяның келтiрген дәйектерiне қарағанда, Жер бетiнде 5-6 мыңнан астам тiл өмiр сүрiп жатыр, ал этностың саны шамамен 1300-ге жетiп жығылады, ал мемлекеттердiң саны 220-ға жуық болса, конфессиялардың саны шамалауға, жуық есебiн шығаруға да көнбейтiн көрiнедi. Өйткенi iрi конфессиялардың құрамындағы түрлi культтiк топтар мен әр түрлi дiни наным-сенiмдiк топтардың есебiне жету тiптен қиын, әсiресе Үшiншi әлем аталған елдерде ондай статистикалық есеп жүргiзу мүмкiндiгi мүлде жоқ көрiнедi (“Общее языкознание. Структурная и социальная типология языков”, М.,2001).

Дүниедегi тiлдердiң коммуникативтi-функционалдығы да, құрылымы да сан қилы, себебi Жер бетiнде бiр-бiрiне айнымай ұқсайтын екi тiл де, бiрiне-бiрi ұқсас тiлдiк жағдаят та жоқ. Ғалымдардың зерттеуiне сүйенсек, жазба тарихы мыңдаған жылдардан таратылатын вед, санскрит, көне еврей (“Тора” мен Ветхий Завет жазылған) және Қытайдың иероглифтiк жазуына негiз болған көне вэньянь әдеби тiлдерiмен қатар, ХХ ғасырдың басында адамдардың қарым-қатынасы мен тiлдердiң өзара араласуынан туған пиджин, креоль тiлдерi дейтiн тiлдiң түрлерi бар. Жер бетiндегi 5-6 мың тiлдiң тек 600-iнiң ғана жазу жүйесi қалыптасқан, бiрақ тек 300-дейi ғана жазба коммуникацияда еркiн қолданылады.

Коммуникативтiк рангасына қарағанда дүниежүзiндегi тiлдер бес түрге бөлiнедi. Олар: әлем тiлдерi, халықаралық тiлдер, мемлекеттiк тiлдер, аймақтық тiлдер, жергiлiктi тiлдер. Бұл — тiлдердiң қолданыс аумағына қарай жасалған жiктелiс. Қолданысы төмен, тiл иелерiнiң санын саусақпен ғана санарлық тiлдердiң жер бетiнде қалу мүмкiндiгi ұрпақ ауысқан сайын жоққа барабар болады, бұл да әлеуметтiк себепке жатады, ондай қоғамдық-әлеуметтiк себептердiң саны мұнымен бiтпейдi, көп. Солардың салдарынан, ғалымдардың зерттеуiне қарағанда, жыл сайын 12 тiл жер бетiнен жойылып, “өлетiн” көрiнедi.

Мiне, осындай күрделi сала әлеуметтiк лингвистиканың концептуалдық ұғымдары мен теориясына, әдiстемесiне қатысты атаулардың түсiнiгi берiлiп, әлеуметтiк лингвистика терминдерiнiң қазақша баламасымен ұсынылып, жүйеленген сөздiк “Әлеуметтiк лингвистика терминдерiнiң сөздiгi” деген атпен профессорлар Э.Д.Сүлейменова, Н.Шәймерденова және жас ғалымдар Ж.Смағұлова, Д.Ақановалардың құрастыруымен жарыққа шықты. 650-дей термин-сөздi қамтитын сөздiктiң жауапты редакторлары профессор А.Алдашева мен профессор Э.Д.Сүлейменова.

Сөздiктiң алғысөзiнде “кiтаптың анықтамалық құрал iспеттi екенi, басты терминдердiң барынша маңызды мағлұматтары қамтылғаны” жөнiнде айтылған. Бұл пiкiрдi толық құптауға болады. Өйткенi әлеуметтiк лингвистиканың негiзгi бағыттарына шолу берiлiп, зерттеу жұмыстарында оңды нәтижеге қол жеткiзуге мүмкiндiк беретiн әдiс-тәсiлдерi сипатталған сөздiк қазақша-орысша екi тiлдi түсiндiрме сөздiктердiң қатарын сан және сапа жағынан толықтырған еңбек дәрежесiнде сапалы басылым болып жарыққа шыққан.

Сөздiкте, құрастырушылардың айтуынша, лингвистиканың толыққанды бiр саласы ретiндегi әлеуметтiк лингвистиканың пайда болған кезi, бастау-көзiнен бермен келе жатқан терминдердiң негiзгi жүйесi жасалған, орыс, ағылшын тiлiндегi зерттеулер мен лексикографиялық еңбектер сүйенiш, дереккөздердiң қызметiн атқарған. Шынында да, сөздiктi парақтағанда, арнайы ғылыми орта ғана түсiнетiн ажалды тiл (жоғалу жолындағы тiл), аккомадация, ақпараттық тiл, амбилингвизм, басым тiл, көптiлдi адам, креативтiлiк, ментальдылық, т.б. сияқты әрi жаңа, әрi “сәнге” айналған ұғымдармен бiрге, көпшiлiктiң аузында жүрген ресми тiл, табиғи тiл, тепе-тең қостiлдiк, трайбализм, төзiмдiлiк, аутенттiлiк, тiл дербестiгi, тiл және дiн, тiл және мәдениет, тiл мәртебесi, тiл нарығы, тiл-эталон, тiлдi қолдау, тiлдiк нигилизм, тiлдiк одақ, тiлдiк сана, тiлдiк паспорт, халықаралық тiл, этникалық қостiлдiлiк, т.б. ұғымдар бiрден көзге шалынады.

Егер тiлдiк реформа туралы бұл түсiнiкке қанағаттанбаған жағдайда, латындандыру, тiлдердi реттеу, графикалау ұғымдарына арналған түсiнiктердi қарап, мәлiметтi барынша толықтыруға мүмкiндiк бар. Тағы бiр мысал: “Трайбализм (лат. Tribe ру) ағыл. Tribalism — рушылдық; рулық-тайпалық бөлiнiстiң қалдықтарын сақтаған, қоғамдық тайпалық немесе этникалық сепаратизм; тайпалық бөлiнуге, оқшаулануға ұмтылыс; рулық құрылыстың белгiлерiн (салт, алғашқы қауымдық сенiм, тайпалық тiлдер, тайпалық өзiн-өзi басқару құрылымы және т.б.) сақтап қалуға ұмтылыс. Трайбализм тайпалардың бiр мемлекеттiк құрылым шеңберiне табысты шоғырлануына кедергi жасайды. Ол бiр рудан тараған адамдарға артықшылықтар беру арқылы көрiнiс табады (мыс., мемлекеттiк аппаратқа кадрларды iрiктеуде). Трайбализмдi ру-тайпалық отансүйгiш сезiмiнiң көрiнiсi деп есептейтiн көзқарастар да бар (қара. Тiл және қоғам, Этникалық тiл)”. Трайбализм ұғымына берiлген түсiнiк тиянақты, мейлiнше толық, қандай құбылысты сипаттайтыны, қалай пайда болғаны көрсетiлген және қолданыс аясы жақсы ашылған.

Сөздiктiң келесi құнды жағы терминдердiң қазақша баламалары берiлуiмен айқындалады. Термин және терминжүйенi қалыптастыру әр ғылым саласының өзектi мәселесi, тiл бiлiмi үшiн бiрiншi кезектегi мәселе. Жаңа бағыттардың терминдерiн былай қойғанда, қазақ тiл бiлiмiнiң фонетика, морфология, лексикология саласының терминдерi туралы ғалымдар арасында бiрауызды келiсiм, пiкiрлер жоқ. Бiрi аударуды, ал ендi бiрi санада қалыптасып кеткен терминдердi сол күйiнде қалдыруды қолдайды, кейбiрi аудармамен әуестенiп, тым асыра сiлтейдi, бiрi консервативтi қалпын сақтайды… Бiздiң ойымызша, тiл бiлiмi терминдерiнiң қазақ тiлiнде жүйеленуi жалдпы тiл бiлiмi терминдерiн жүйелеп, баламалары қажет терминдердiң баламасын тауып алудан бастау алуы керек.

Сөздiктiң ендi бiр ұтымды жерi қазiргi қазақ қоғамындағы үрдiске сай терминдердiң баламасын беруде тiлдiң iшкi мүмкiндiгiн барынша сарқа пайдалану бағытын ұстанудан байқалады. Себебi, терминдердiң қазақша баламасын беру сөздiк шығарушылар тарапынан қатты қадағаланған, басты мақсаттарының бiрi де әлеуметтiк терминдердi қазақша сөйлету болғаны жақсы сезiледi. Дегенмен, келсiн-келмесiн кез келген терминдi аудара салу байқалмайды, керiсiнше, өте оңтайлы баламалар қарастырылған, ұғымды ыңғайлы аналогиялық тәсiлмен жеткiзуге қол жеткiзген; ретiне қарай тiлдiк дағдыны бұзбай қалдыру мақсатынан да ауытқымаған, айталық, әлеуметтiк алғышарттар — социальные условия; әлеуметтiк жарыспалау — социальная вариация, т.б. болса, әлеуметтiк психолингвистика (жартылай аударма) — социопсихолингвистика болса, билингвизм, бихевиоризм, гендер, вульгаризм, гегемония сияқты көпшiлiкқолды, жиi ауызға алынатын сөздер дағдылы қолданысымен қалдырылған.

Көптеген терминдерге этимологиялық анықтама берiлген, қайнаркөздерi айқындалған, айқындалу барысында терминдер арасындағы жүйелi, логикалық байланыс тартылып, сөздiктi бiртұтас жүйелi еңбекке айналдыруға мүмкiндiк туған. Сондықтан сөздiктiң жетiстiктерiнiң бiрi жүйелiлiгiнде деп айтуға болады.

Сөздiктi түзушiлерге ескертпе ретiнде айтатын пiкiр де жоқ емес. Атап айтқанда, сөздiк әлеуметтiк философиялық мәселелермен шектесетiн ұғымдарды қамтиды, бiрақ дереккөз ретiнде қазақ тiлiнде жарыққа шыққан философиялық, әлеуметтану сөздiктерi, психолингвистика оқулықтары мен лұғаттары жеткiлiктi, бiрақ ол жөнiнде ешбiр мәлiмет берiлмеген. Егер мұндай еңбектер сөздiктi құрастыру кезiнде ескерiлiп, пайдаланылса, ондағы тiлдiк тәжiрибелер (аудармалар, баламалар) көрсетiлiп, нақты дерек-мәлiметтердiң берiлгенi жөн болар едi.

Екiншiден, көңiлде түйткiл туғызып, көзге оғаш көрiнген жайт кейбiр терминдердiң тек ағылшынша нұсқасымен берiлуiне байланысты орын алды, құрастырушылар осы жағдайды түсiндiрудi артық санаған сыңайлы.

Әрине, бұл ескертпелер көлемдi (35 б.т.), мазмұнды, әдемi безендiрiлген, қатесiз терiлген, қымбат мұқабамен шыққан сөздiктiң құнын түсiрмейтiнi белгiлi.

Қорыта айтқанда, сөздiк — тiлдi зерттеушiлерге, филолог мамандар мен студенттерге, магистранттарға арналған қажеттi құрал, оқу үрдiсiнде пайдалануға болатын сапалы еңбек. Екiншiден, тiл бiлiмiнiң жаңа бағыттары, әсiресе тiл экспансиясы барысында ғылымдардың тоғысқан тұсынан бой көрсетiп жатқан әлеуметтiк лингвистика сияқты бағыттарды оқытуда қажеттi құралдардың тапшылығын жабатындай дәрежедегi еңбек болып шыққан.

Үшiншiден, әлеуметтiк лингвистика мәселелерi қоғам мен тұтас ұлтты, ұлттың көзi қарақты зиялы қауымын үнемi қызықтырып, өзiне тартып отыратын тiл мәселелерiне арналған, осындай мәселелердi көтеретiн, көтерiп қана қоймай ғылыми дәрежеде зерттейтiн практикалық маңызы зор сала. Сондықтан кiтап материалдары қалың көпшiлiктi де қызықтыратыны сөзсiз.

Бағдан МОМЫНОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор,

әл-Фараби ат. ҚазҰУ