Жаңалықтар

САТЫП АЛҒАН БIЛIМНIҢ ҚАЙЫРЫ ЖОҚ

ашық дереккөзі

САТЫП АЛҒАН БIЛIМНIҢ ҚАЙЫРЫ ЖОҚ

Баланың былдырлаған тiлiн естiп, тәттi қылығына тәнтi болғаннан асқан бақыт жоқ шығар бұл фәниде. “Өмiрдiң бiр қызығы бала деген…” деп, Абай атамыз айтпақшы, қай жағынан алып қарасаңыз, бiз бұл жалғанда тек бала үшiн, баланың ертеңгi болашағының жарқын болуы үшiн ғана өмiр сүредi екенбiз. “Тәрбие көзi — тал бесiк” деп балаға жастан дұрыс тәрбие беруге жанталасамыз. Сол жолда аянбай тер төгемiз әрi өзiмiздi құрбан етемiз. Әрбiрден соң тiрнектеп жинаған азын-аулақ дүние-мүлiктi өзiмiз iшiп-жемесек те, баламызға шашамыз. Бұл, әрине, “бала — бауыр етiң” деген сөздiң тектен-тек айтылмағанының бұлтартпас айғағы болар.

Иә, бала жас шыбық сияқты. Баптап, күтiп қарамасаң қисық өсуi мүмкiн. Керiсiнше, күн сайын су құйып, өсiп-жетiлуiн қадағалап жүрсең, бойын әлдебiр зиянкестерден аулақ ұстайтын ағаш сияқты түзу өседi. Бұл бiздiң санамызда алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан сiңiсiп қалған мысал. “Кел балалар, оқылық” деп балғындарды әрiп тануға шақыратын әлiппенiң атасы Ыбырай Алтынсариннiң өсиетi. Бiр қарағанда, бұл таптырмас теңеуден бастау алған мiндет мұғалiмдiк жүктi арқалаған мамандық иелерiне тиесiлi. Шынында да, “баланы бастан” демекшi, әуелi ата-ана, сосын ұстаз буыны беки қоймаған әрi ойы жетiлмеген баланың дүниетанымы мен ой елегiнiң терең һәм кең болуына барын салуы тиiс. Алайда, бүгiнгi ұстаз осы борыштық мiндетiн адал атқарып жүр ме? Бала жанына рухани нәр берiп, бойындағы жақсы қасиеттерiн сiңiре бiлетiн мұғалiмдер бар ма? Кешегi оқушы, бүгiнгi жас буын келешекте сол алған азығын, нанын тауып жей алуға жаратып жүр ме?

Бiр кездерi кейбiр мектепте сауаты жоқ, оқымаған “мұғалiмдердiң” ұстаздық етiп жүргенiн естiп, жағамызды ұстағанымыз бар. Әсiресе, бұл кесел ауыл мектептерiн дендеп алған-тұғын. Ауылдың әкiмнен кейiнгi “Құдайы” саналатын мектеп директорына сұрағанын берсең, бiлдей “тарих”, “математика” пәнiнiң мұғалiмi болып шыға келесiң. Және ұстаздық еңбек жолың ары қарай уайымсыз жалғассын десең, сый-сияпат мұнымен тоқтап қалмайды, дәлiрегiнде, мектеп директоры тақтан тайғанынша әр жылы арнайы “отметка” жасап отыруың қажет. Егер алда-жалда директор жылы орнын босатса, ертесiне сен де шықтым дей бер. Себебi, жаңа директор лауазымды билiгiн ұтымды пайдаланып, “жаңа мұғалiмдер” алу арқылы жаңа сомадағы, яғни, инфляцияға шаққандағы параны жинап алады. Мiне, бұл династия осылай жалғаса бередi, жалғасып та келедi. Ал мұғалiмнiң беделдi мамандық екенiн ескерсек, оның сыйлы әрi құрметтi адам екендiгi әсiресе, ауылды жерде қатты байқалады. Неге десеңiз, ауылда жалақысын уақытылы алатын, өзгеден ерек көрiнетiн де мұғалiм. Бiрақ, әлгiндей сауатсыз мұғалiмнен бiлiм алған баланың болашағынан не күтуге болады? Бар талап баланың 42 әрiптi танып, оны қосып оқи бiлуiнде ме? Бүгiнгi ұрпақ келешегiне бармақ басты, көз қыстымен қарайтын бәзбiр қанiпезер директордың қоғамды жегi құрттай жеп, iркiттей iрiтiп жүргенi кiмге мәлiм? Қазiр қоғам болып сыбайластық жемқорлықпен күресiп жатырмыз. Оның алғашқы “қарлығаштары” билiктiң о жақ бұ жағында жүргендерден табылуда. Бiр кiшкентай ауылдың ұжымын басқарып жатса мейлi дерсiң, дәу де болса, билiк үлкен сенiм артып тапсырған кейбiр экс-министрлер мен комитет басшылары ел-жұрттың алдында бюджеттiң ақшасын қымқырып, масқара еттi. Мiне, мұндай адамның өлшемiн армен емес, ақшамен өлшейтiн буын қайдан келдi дейсiз. Әрине, жаңағы бiз айтқан сауатсыз мұғалiмдер “бiлiм” берген ортадан. Ал, Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың өзi бiлiм саласының сыбайластықтан арыла алмай отырғанын, оны құрту тек министрлiктiң қолынан келетiн iс емес, мұнымен бүкiл қоғам болып күресу керектiгiн айтқан-ды. Ендеше, бұған дауа болар емдi министрлiк те жуық арада шеше алмайтын сыңайлы.

Бiз тiлге тиек еткен мысалдың кейiпкерлерi тек ауылда ғана бар деп ойласаңыз, қателесесiз. Бiлiм мен мәдениеттiң ортасы саналатын қаланың өзiнде де таңқалдыратын жайттар жоқ емес. Бәрiмiзге белгiлi, соңғы кезде министрлiк мектеп iшiнде ақша жинауға, отырыс жасауға тыйым салды. Бұл бұйрықты қаперiне алып жатқандар да бар, алмай жатқандары да бар. Тiптi, бiтiрушi түлектердiң қоштасу салтанаты тек мектеп iшiнде ғана атап өтiледi десе де, кейбiр мектеп ұстаздары мен түлектерi бұны жөн көрмей, мейрамханада тойлануын мақұл көрдi. Ол үшiн әр түлектен 90 мың теңге ақша жинағандарын да естiдiк. Әрине, ақша жинау, мұғалiмге сый-құрмет жасау мектептiң қандай ортадан қоныс тепкендiгiнде және көбiне-көп қалталылардың баласының оқитындығына байланысты. Шын мәнiне келгенде, бiр Алматының өзiнде әр мектептiң орны әр түрлi. Егер көпсалалы немесе тереңдетiп оқытатын бiлiм ұялары болса, онда қазiргi жаргонмен айтқанда, үнемi “байдың” балалары оқиды. Тiптi, балаңды осындай мектепке бергiң келсе, алдын-ала “сауыт-сайманыңды” дайындай бер. Бұл жерде баланың қабiлетi, дарыны екiншi орында, ал ақша бiрiншi орынға шығады. Сол себептен де дәметкенiн (оның өзi аз ақша емес) бермесең, “мектепте орын жоқ” деген сылтаулар көсе-көлденеңдей бередi. Есесiне, қалтасы жұқалтаң отбасының баласы кәсiби статусы төмен, ортаңқол мектептiң бiлiмiн қанағат тұтады. Яғни, көрпесiне қарай көсiледi. Бұл ащы да болса, қоғамның бүгiнгi шындығы екенiн мойындауға тиiспiз.

Бүгiнде қоғам екiге жарылған уақыт. Бұрынғы бай, кедей деген таптық топ қазiр де бар. Байдың баласы ақшаға сенген, кедейдiң баласы бiлiмiне сенген заман. Екеуiнiң таңдаған жолы да басқа. “Бай байға құяды, сай сайға құяды”. Жалпақ тiлмен айтқанда, “Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды”. Байшыкеш баласының оқитын ордасы да, араласатын ортасы да өзгеше. Тiптi, кейбiр ата-ана баласының болашағын тұмандап жатқанын бiлмейтiн болу керек, баласының ұстазын ерекше “әспеттеудi” дәстүрге айналдырған. Әр тоқсан сайын пәленбай ақшаны лақтырып, баласына дұрыс көзқараспен қарауын қиыла сұрайтын мұндай ата-ана бұл өмiрде бәрiн ақша шешедi деп тұжырымдайды-ау, сiрә. Бүгiн бар, ертең жоқ, қолдың кiрi – ақшаның қашанға дейiн серiк болатынын кiм бiлсiн? Егер, аяқасты бұрын менсiне бермейтiн кедейдiң қатарынан бiр-ақ шықсаң, ақшаға, сосын ата-анасына жалтақтаған бала бiлiмiн қалай алып кетедi? Әу баста баланы да, мұғалiмдi де ақшамен қызықтырып жүргенде, осы жағына терең бойладық па? Әлбетте, жоқ.

Болашағымыз баламызды осындай кереғар харекетке әуес етiп, дұрыс жолдан тайдырып һәм өне бойының қисық бiтуiне басқа емес, ата-ананың өзi атсалысып жатқан кезде Абайша баласын мектепке “бiл” деп емес, керiсiнше “қызмет қылсын, шен алсын” деп бердiм” дейтiндер көбейдi. Дәлдiгiн айтқанда, “балам галстук тағып, креслода шiренiп отыратын шенеунiк болса екен” деп пендешiлдiкке салынатын ата-ананың қатары өсуде. Соны мақтан етiп, шенеунiк баласының арқасында өз абыройының асқақтайтынына көзi жететiн сияқты. Бұл нағыз “Заманына қарай адамы” немесе “Заманың түлкi болса, тазы боп шалдардың” жетесiз әрекетi. Және бұл балаң үшiн жиған дүниеңнiң желге ұшып, қайырымды қайтарымының болмауына әкелетiн бiрден-бiр кедiр-бұдыр жол. Өйткенi, қазiр шен мен шекпендiнiң үстем жүргiзген уақыты құрдымға кеткен. Елiмiз жаңа бағытқа қарай қадам басып келедi. Бейбiт елдiң ұрпағы бiлiмдi болуы шарт. Ол үшiн балаға бiлiм нәрiн беретiн ұстаз қауымы бiлiктi, өз iсiне адалдық танытса игi. Сол жолда аянбай еңбек етiп, әркез ұлағатты ұстаз атын арқалап жүрудi бақыт санаса, сонда ғана тәуелсiз елдiң ертеңiне тiрек боларлық жастар келедi өмiрге. Онсыз сiз бен бiздiң айтып отырғанымыз бос әңгiме.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ