Жаңалықтар

ТЕМЕКIГЕ ҚАРСЫ КYРЕС

ашық дереккөзі

ТЕМЕКIГЕ ҚАРСЫ КYРЕС

АҚШ темекiмен күрестi күшейттi. Осы мақсатта қабылданған арнайы заң жобасы конгресмендер тарапынан қолдауға ие болды. Ал 8 жастан бастап езуiне шылым қыстыратын Қазақстандағы темекiге қарсы күрестi көздейтiн заң жобасы былтыр Сенаттың сүзгiсiнен өтпей қалған. Есесiне, 140 мың бала темекiге тәуелдi. Өкiнiштiсi, күн өткен сайын сандық көрсеткiштер артып келедi.

АҚШ президентi Барак Обама темекiге қарсы күресетiн жаңа заңға қол қойды. Бұл шылым түтiнiнiң арқасында пайдаға шаш етектен кенелетiн темекi өндiруiшiлерге ауыр соққы боп тигенi анық. Өйткенi, Америкадағы Азық-түлiк және дәрi-дәрмек өнiмдерiн бақылау жөнiндегi федералдық басқармаға жаңа заң темекi өнiмдерiн өндiру мен оны тарату әрекетiн қатаң бақылау мiндетi жүктелдi. 2009 ж. маусым айының басында конгресмендер тарапынан қолдауға ие болған заң жобасы америкалықтардың салауатты өмiр салтын сақтауға ықпал етудi көздейдi. Ресми деректерге сүйенсек, бүгiнде Құрама Штаттардағы әрбiр бесiншi азамат саусағына темекi қыстырған. Ал шылым шегуден туындайтын дерттерден жыл сайын 440 мың адам ажал құшады екен. Ақ Үйдегi мәлiмдемесiнде Обама темекi өндiрушiлердiң сойылын соғатындардың қарсылығына қарамастан, жас ұрпақты темекi түтiнiнен сақтау үшiн жаңа заң қабылдауға мәжбүр болғанын айтты. Америкадағы ең тиiмдi әрi “сүбелi” бизнес саналатын темекi бизнесiне бұған дейiн қойылып келген талаптарға Вашингтонның ғана емес, Конгрестегi көпшiлiктiң де көңiлi толмай отыр. Өйткенi, күнi кешеге дейiн шылымның арқасында пайдаға кенелгендерге қарағанда, косметика өнiмдерi мен жануарларға арналған жемдердi өндiретiндерге қойылатын талаптар әлдеқайда жоғары болған көрiнедi. Ақ Үйдегiлердiң темекi бизнесiне қарсы әрекеттер АҚШ Жоғарғы Сотынан кедергiлерге ұшырағандықтан, шылым сату саудасына қатысты талаптар конгресмендер тарапынан бекiтiлуi тиiс болатын. Осы мақсатта конгресмендер темекi мен темекi өнiмдерiн сатуға байланысты талаптарды айқындады: темекi құрамындағы никотин деңгейiн шектеу; жастар мен жасөспiрiмдер арасында шылым тартуды азайту үшiн Азық-түлiк және дәрi-дәрмек өнiмдерiн бақылау жөнiндегi федералдық басқарма темекi өнiмдерiндегi хош иiс беретiн заттарды қолдануға, жастар арасында темекiнi жарнамалауға тыйым салу құқығын беру; қабылданған жаңа заң бойынша көшелердегi жарнамалық өнiмдердiң мектеп аумағынан 300 метр алыста орналасуын қадағалау; темекi өнiмдерiн өндiретiн компанияларды АҚШ Азық-түлiк және дәрi-дәрмек өнiмдерiн бақылау жөнiндегi федералдық басқармасынан жаңа өнiмдерiн сатуға рұхсат алуды мiндеттеу. Сонымен қатар шылым қораптарындағы шылымның адам ағзасына келтiретiн зияны мен зардабы туралы ескертпелер арнайы графика арқылы көрсетiлуi керек. Қабылданған жаңа заң кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың темекi шегуiн 11 пайызға дейiн, ал ересектер арасында 2 пайызға дейiн төмендетуге сеп болатынын айтқан АҚШ Конгресiнiң Бюджеттiк комитетi темекiге қарсы күрестi көздейтiн жаңа заңның нәтижесi он жылдан кейiн бiлiнетiнiн айтады.

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлiметтерiне сүйенсек, Жер шарындағы 2 миллиард жас темекiнiң түтiнiмен уланған. Ал Қазақстан халқының 27 пайызы (4 миллион адам) темекi тартады. 4 миллионның 600-ден астамы – қыз-келiншек болса, 140 мыңы – 8-15 жас аралығындағы кәмелеттiк жасқа толмаған жасөспiрiмдер. Жыл сайын темекiнiң кесiрiнен туындайтын дерттерден көз жұматындар саны – 25 мың, күн сайын – 70 адам. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 4 жылда темекiге әуестенгендер саны 22,6 пайыздан 30 пайызға дейiн өскен. Олардың жалпы саны – 4,2 млн. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлер жыл сайын темекi тартатындар арасында өкпенiң қатерлi iсiгiнен 3000-нан астам адамның қайтыс болатынын, ал жүрек-қан тамырлары дертiне шалдыққандар саны соңғы 5 жылда 2 есеге көбейген.

Жуырда ДДСҰ өкiлдерi жүргiзген зерттеу жұмыстары балалар темекi тартуды неғұрлым ерте бастаса, никотиннен бас тарту соғұрлым қиынға түсетiнiн дәлелдедi. Аталған ұйымның ықпалымен жүзеге асырылған бағдарламалардың бiрi – Tobacco Free Initiative жетекшiсi Дуглас Беттчер Жер шарын мекендейтiн тұрғындардың небары 5 пайызы ғана темекiнi әспеттейтiн жарнамалық дүниелерден аулақ екендiгiн айтқан. Ал қалған 95 пайызы темекiнi насихаттаған жарнамадан күнi-түнi көз ашпайды. Егер тиiстi шаралар қолға алынбаса, ғасыр соңына дейiн 1 миллиард адамның ажалы темекiден болмақ. Сондай-ақ, езуiне шылым қыстырғандардың үштен бiрi, кейде тiптi, тең жартысы ажалынан 15 жыл бұрын өледi екен. Олардың 95 пайызынан астамы өкпенiң қатерлi iсiгiне ұшырайды. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының өкiлдерi темекi өнiмдерiн жарнамалайтын насихаттық шаралар толық әрi тұтас тоқтатылса, шылым шегетiндердiң саны 16 пайызға төмендейтiнiн көлденең тартады. Сондықтан көшелерде, бұқаралық ақпарат құралдарынан (газет, журнал, теледидар, радио, интернет сайттары, плакаттар мен билбордтар, қоғамдық көлiктердiң сырты т.б.) никотиндiк өнiмдердi аластау өте маңызды. Сонымен қатар түрлi халықаралық жарыстарда, әсiресе, жастар мен жасөсiпiрiмдер қатысатын сайыстарға демеушiлiк жасап, темекi өндiрушi кәсiпорындардың брэндтерiн жарнамалауға да тосқауыл қою қажет.

ҚР “Темекi тартуды шектеу мен алдын алу туралы” Заңға сәйкес, темекi өнiмдерiн өндiрушiлер мен сырттан тасымалдаушылар жыл сайын iшкi нарыққа ұснатын өнiмдердiң құрамы туралы Үкiметке есеп беруге мiндеттi. 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап, қорап сыртындағы “Шылым шегу сiздiң денсаулығыңызға өте зиянды”, “балаларды темекi түтiнiнен қорғаңыздар”, “темекi шекпейтiндердiң өмiрi ұзақ” деген жазудағы әрiптер көлемi 30 пайызға үлкейтiлдi. Бұл – Қазақстан Халықаралық темекiге қарсы күрес жөнiндегi конвенцияға қол қойғаннан кейiнгi жаңалық. Оған дейiн адамдарға шылымның залалын ескертетiн жазу тiптi, байқалмайтын. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлер келешекте 30 пайызбен шектелiп қалмай, 50 пайызға дейiн жеткiзудi көздеп отыр. Ескертуге езуiне темекi қыстырған 4 миллион отандас селт етсе жақсы… Пайда мәселесiне келсек те, ұтқан – Қазақстан емес, шетелдiктер. Өйткенi, темекi компанияларына келетiн кiрiстiң 80-90 пайызы республикалық бюджетке түспей, шекара асады. Жуырда Мәжiлiс мақұлдаған “Денсаулық сақтау жүйесi туралы халық кодексi” Сенаттың қарауына жөнелтiлген едi. Тағдыры әзiр белгiсiз. Негiзi былтыр аталған заң жобасы Сенат сүзгiсiнен өтпей қалған. “Темекi түтiнiнен азат Қазақстан үшiн” халықтық коалициясының мүшелерi тарапынан осы құжатта темекi компанияларына кез келген қоғамдық шараларға демеушiлiк жасауға тыйым салу; шылым қораптарының сыртында темекi тартудың қандай зардаптарға әкеп соғатынын анық әрiптермен жазу; темекi өнiмдерiн сататын нысандарды барынша азайтып, оларды бiр-бiрiнен барынша алшақ орналастыру. Кейбiр дамыған елдерде қораптың жартысына орналастырылған темекiнiң зияны туралы ескерту адамдар психологиясына айтарлықтай әсер ететiнi анықталған. Заңды ресми түрде бекiтiп алғаннан кейiн Коалиция мүшелерi акциздердiң көбейтiлуi, балалардың шылымды сатып алуына тосқауыл қою т.б. өзектi мәселелер жолында күресудi мiндет етiп отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ