“ПРЕЗИДЕНТТIҢ БАЛАПАНДАРЫ” ҚАШАН ҚАНАТ ҚАТАЙТАР?
“ПРЕЗИДЕНТТIҢ БАЛАПАНДАРЫ” ҚАШАН ҚАНАТ ҚАТАЙТАР?
Бүгiнгiнiң жасы үшiн шетелде бiлiм алудың жолы көп. Бiр кезде аспандағы Айға ұмтылғандай көзсiздiкке баланатын шетелдiк оқуды аңсаған тiлек қазiр оп-оңай жүзеге асады. Мұның еш әбестiгi жоқ сияқты. Дегенмен, аға ұрпақтың жастардың шетелде бiлiм алуына деген iшкi қарсылығын да байқап жүрмiз.
Әсiресе, Президенттiң мұрындық болуымен ашылған “Болашақ” стипендиясына деген көзқарас екiұшты.
“Болашақ” стипендиясы туралы осы газеттiң бетiнде бiрталай мақалалар жарияланды. Соңғы екi-үш жылдағы зерттеу барысында журналист ретiнде көзiм жеткен кейбiр мәселелер жөнiнде ойымды ортаға салғанды жөн көрдiм.
ҚАЙДА БАРСАҢ ДА ШЕТЕЛДIК ДИПЛОМ… НЫҢ КЕРI
Көптiң көкейiнде жүрген ең өткiр сұрақ: “Болашақ” не үшiн керек?
“Болашақ” халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылы 5 қарашада қабылданды. 1994 жылдан берi жылма-жыл қазақстандық жастар шетелдiң алдыңғы қатарлы оқу орындарына жiберiлiп келедi. Президенттiң бастамасымен ашылғандықтан да, бұл бағдарлама түлектерiне қарата айтылатын “Президенттiң балапандары” деген бейресми атау қалыптасты. Ал Елбасының өзi “болашақтықтармен” былтырғы бiр кездесуiнде оларды “менiң достарым” деп атады. “Болашақ” стипендиясының мемлекеттiк маңызы осы екi жайттан-ақ байқалса керек.
Он бес жыл iшiнде қазақстандық жастар 30-дан астам мемлекеттегi 600-дей жоғарғы оқу орындарына оқуға жiберiлген.
Дегенмен, қазақстандық жастар шетелде тек “Болашақ” арқылы оқиды десек, қателескен болар едiк. Өйткенi, мемлекеттiк бағдарламадан басқа халықаралық ұйымдардың (СОРОС, Вritish Council т.б.) гранттары бар. Мемлекетаралық келiсiмдер арқылы кейбiр елдердiң оқу орындары гранттар жариялағанда да Қазақстанның Бiлiм және ғылым министрлiгi студенттерден құжат қабылдап, үздiктерiн iрiктеп алып, шетелге оқуға аттандырып жатады. Бұларға өз ақшасына баласын шетел асыруға ынталы қалталы ата-аналарды қосыңыз.
Былтыр “болашақтықтармен” кездесу үстiнде Нұрсұлтан Назарбаев “шетелде 20 000 қазақстандық жас бiлiм алып жүр” деп мәлiмдедi. Егер бұл дерек бүгiнгiнiң шындығына сәйкес келсе, онда “Болашақтың” үлесi оншалықты көп емес екенi анық қой.
Кейбiр деректерге қарағанда, Қазақстаннан жылына 150-ден 300-ге дейiн мектеп оқушылары мен студенттер шетелге бiлiм iздеп аттанады екен.
Сонымен, қалай десеңiз де, бүгiнгi күннiң талабы — шетелде бiлiм алуға деген сұраныс артып тұр. Ендiгi мәселе — бiз осыған жастарды қалай дайындаймыз дегенге ғана тiрелсе керек. “Болмайдыға” салып, шымылдықты тұмшалай бергенше, шынайы ақпаратты ұсынып, жастардың саналы азамат ретiнде таңдау жасауларына мүмкiндiк беру керек сияқты. Бiлiм алудың мәселесi — өмiрдегi ең маңызды таңдаулардың бiрi ғой. Бұл жолда керегiн адаспай тапқан адамның алдағы өмiрiнде де жолы болды деген сөз.
“БОЛАШАҚ”: ОҢ БА, ТЕРIС ПЕ?
Ә дегеннен “Болашақ” туралы қоғамдық пiкiр дұрыс қалыптаспады. Оның нақты себептерi бар.
Бiрiншiден, 2005-2006-2007 жылдарға дейiн “Болашақ” туралы ақпарат мемлекеттiк құпиядай жасырын ұсталды. Әлде белгiлi топтардың тарапынан әдейi жасалды ма, жоқ, қоғамның мүддесi соған сай болды ма — ол арасы бiзге беймәлiм. Белгiлiсi — бұл жылдары “Болашақ” арқылы мемлекет есебiнен шетелде бiлiм алғысы келген жастардың өзгеше “каста” өкiлдерi болуы мiндеттi едi. Сондай-ақ, алғашқы он жылда әлемнiң жетекшi оқу орындарына Шет тiлдер институты түлектерiнiң көптеп аттанғанын да бiлемiз. Шет тiлiн жақсы меңгерген мамандардың байқаудан өтуi де, стипендия жөнiнде ақпарат алуы да басқа ЖОО түлектерiне қарағанда оңайырақ болған сияқты.
Екiншiден, алғашқы кезде “Болашақ” бағдарламасын жергiлiктi әкiм-қаралар өз пайдасына әбден жаратты. “Әкiм-қаралар” деп ең әуелi министрдiң деңгейiндегi лауазымды шенеунiктердi меңзеп отырмыз. Батыс пен Еуропаның атағы дардай университеттерiнде баласын “тегiн” (мемлекет есебiнен, әрине) оқытудың мүмкiндiгiн құр жiберудi олар ақымақтық көргенi анық. Мемлекетшiлдiк сана-сезiмi мүлде төмен бұл шенеунiктер “Болашақты” өздерiне Көктен жiберiлген несiбе көрген сияқты. Оңай келген игiлiктiң қадiрiн кiм бiлген, олардың балалары да бұл мүмкiндiкке шетелде қыдырып қайту деп қана қараған. Сол себептi де, 1994-1997 жылдары отыз қаралы “болашақтық” бiрi тiл бiлмегендiктен, бiрi үлгерiмi төмен болғандықтан оқудан шығып қалып жатты. Бiлiм алуға құлықсыз жастардың мемлекет қаржысына қалайша шетелге оқуға аттанғаны туралы әңгiме-қауесет күшейiп, ақыры Президенттiң құлағына жеттi. Нәтижесiнде, сол кездегi мәдениет министрi, республикалық үш бiрдей ЖОО ректоры, шетелде кадр дайындайтын республикалық комиссияның хатшысы, Қазақстанның Литва Республикасындағы сол кездегi елшiсi өз қызметтерiнен айрылды. Министрдiң баласы Ұлыбританияның “Суррей” университетiнен үлгерiмi төмен болғандықтан оқудан шығарылған. Әлгi елшiнiң қызы мен күйеубаласы да оқу бағдарламасын игере алмаған көрiнедi.
Осы оқиғалардан кейiн стипендияны алу үшiн өткiзiлетiн байқау шарттары күшейтiлдi. Ал 2005 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шетелде мемлекет қаржысына оқитын студенттердiң санын 3000-ға жеткiзу туралы шешiм қабылданды. Осыдан кейiн-ақ “Болашақ” стипендиясы “сүт бетi қаймақтардың” ғана “несiбесi” болудан қалып, қарапайым бiлiмдi жастарға да берiлетiн мүмкiндiкке айналды.
Үшiншiден, алғашқы кезде “Болашақ” арқылы жастар шет елдерге арнайы жоғарғы бiлiм мен бакалавр дәрежесiн алу үшiн жiберiлетiн. Он сегiзден жаңа асқан, әлi оңы мен солын түгел танып үлгiрмеген бозбалалар мен бойжеткендердiң топтап шетел асқан кезi болатын ол. Отыздан астам жастарымыздың шетелдегi әлем-жәлем тұрмысты ұнатып, туған елге оралмай қалуының себебiн олардың тым жастығымен байланыстырамыз. 22 жас Америкада қалып қойған, олардың денi сол елдiң азаматтарына күйеуге шыққан қаракөздер.
Қазiр стипендия арқылы магистр мен докторлық дәреженi алуға көбiрек көңiл бөлiнедi. Басқаша айтқанда, қырықтан асқан ғалымдардың да “Болашақ” стипендиясы арқылы оқуға баруына мүмкiндiк мол. Атағы дардай университеттерде докторлық диссертация қорғауға талпынған iзденiмпаздарға қойылатын басты талап — олар шетелдiк университетке өз күшiмен түсуi керек. Яғни, олар бакалавр мен магистрлiкке үмiткерлерге ұйымдастырылатын жалпы байқауға қатыстырылмайды.
Соңғы жылдары шетелде бiлiм алатын жастарды оқу бiтiрген соң Отанына оралту үшiн стипендияны алудың талабы да күшейтiлдi. Ең әуелi, стипендиат оқу мерзiмi аяқталған соң бес жыл бойы Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс iстеуi тиiс, осы уақыт iшiнде ол өз атынан құны оқу ақысына пара-пар жылжымайтын мүлiктi кепiлге қоюы керек. Егер кепiлге қойылатын жылжымайтын мүлiктiң құны оқу бағасын төлеуге жеткiлiксiз болса, онда студенттiң елге оралуына ата-анасы не қамқоршысы кепiл болуға келiсiп, келiсiм-шартқа қол қояды. Алда-жалда баласы шетелде қалып қойған ата-ана оқудың барлық шығынын мемлекетке қайтаруға мәжбүр болады.
Осы шарт қабылданғаннан кейiн шетелде қалғысы келетiндер саны күрт азайды.
Төртiншiден, “Болашақ” стипендиясымен шетелге оқуға аттанғандардың денi мемлекеттiк тiлге шорқақ. Стипендия тарихындағы алғашқы онжылдықта Қазақ елiнiң атынан шетелге баратын жастардың қазақ тiлiн бiлуi мүлдем талап етiлмеген болатын. Сондықтан да өз елiнiң мемлекеттiк тiлiн бiлмейтiн жастардың бойына Отансүйгiштiк сезiмдi қалай сiңiремiз деген аға буынның алаңдаушылығы түсiнiктi.
Әйтеуiр, былтырдан бастап “Болашақ” стипендиясын алу үшiн алғаш рет мемлекеттiк тiлден емтихан алу шарты енгiзiлдi. “Казтесттi” тұңғыш тапсырған топ өкiлдерiнiң айтуынша, тест сұрақтары өте жеңiл, оңай көрiнедi. Егер шет тiл емтиханынан талапкерлердiң 70-80 пайызы “құлайтын” болса, “Казтест” тапсырғандардың 90-95 пайызы сыннан сүрiнбей өтетiн көрiнедi. Байқау талаптары бойынша шет тiлi емтиханын мемлекеттiк тiл емтиханының алдына қойғаны сондықтан ба екен?
Дегенмен, ендi “Болашақ” стипендиаттарының арасында ауыл жастарының саны көбеюi кәдiк: ауылдық мектепте, колледжде, кәсiптiк-техникалық училищеде аз дегенде тоғыз сыныптық бiлiм алған жастарға “ауылдық квота” берiлетiн болды. “Квотаның” басты мәнi — шет тiлiн бiлу деңгейiне қойылатын талап жеңiлдетiлген, оған қоса техникалық мамандық иелерiн тiл үйрену курстарына жiберу мүмкiндiгi де қарастырылған.
Мемлекеттiк қызмет орнында үзiлiссiз үш жыл қызмет еткен жастарға “квота” да бар. Былтырдан берi ғылыми және педагогикалық қызметкерлерге ғылыми тәжiрибеден өтуге мүмкiндiк берiлген. Жұмыс тәжiрибесi үш жыл болатын ғылыми қызметкерлерге де арнайы квота бөлiнедi.
Егер “Болашақтың” үнi ауыл-ауылдарға жетiп жатса, алыс ауданның баласы Астанаға келiп құжат тапсырып, мұхит асып, оқуға аттанатын күн де алыс емес…
СТАТИСТИКАДАН СЫР СУЫРТПАҚТАСАҚ…
Алғашқы жылдары шетелге жылына елу-алпыс студент жiберiлетiн. Қазiр жыл сайын орташа есеппен мыңға тарта студент шетелдiк оқу орындарының студентi атанады. 2005 жылы Президент жариялаған 3000-ның “межесiне” биылғы жылы ғана жетiппiз. “Халықаралық бағдарламалар орталығы” президентi Бектұрсын Қалдаевтың мәлiмдеуiнше, қазiргi таңда “Болашақ” арқылы шет елдерде бiлiм алып жатқан жастардың саны 3000-ға жуықтаған. Алдағы жылдары жыл сайын қанша студент оқу бiтiрсе, олардың орнына соншама студентке стипендия тағайындалмақ. Басқаша айтқанда, Президент айтқан “жылына 3000 студенттi оқуға жiберу” дегенiмiз жыл сайын 3000 стипендия тағайындау деген сөз емес…
1994-2004 аралығындағы он жылда 13 мемлекетте 785 студент бiлiм алған екен. Бұл жылдары стипендия негiзiнен экономикалық және гуманитарлық сала мамандарын дайындауға көбiрек бөлiнген.
Соңғы кезде Президент техникалық мамандықтарды көптеп дайындау керектiгiн айтып жүр. Сондықтан болар, биыл жарияланған “Басым мамандықтар” тiзiмiнiң 70 пайызын техникалық мамандықтар құрайды. Мәселен, биыл гуманитарлық мамандықтар бойынша бакалавриатта оқытуға мүлде ақша бөлiнбеген. Есесiне, мектеп бiтiрген жастарды негiзiнен “информациялық желiлер”, “ақпараттық технологиялар”, сондай-ақ тау-кен iсiндегi, мұнай мен газ саласындағы, энергетика, машина жасау iсiндегi инженерлiк ғылымдар сияқты мамандықтарға көптеп тарту көзделген.
2005 жылы “Болашақ” стипендиясын алуға 6698 үмiткер құжат тапсырған. Бiр жылдың iшiнде стипендия алуға талаптанғандардың саны 45(!) есе өскен. Бұл Президенттiң сөзiнен кейiн қоғамда әжептәуiр дүрбелең болғанын бiлдiрсе керек. Бiрақ осы бағдарлама аясында мемлекет есебiнен шетелде оқу мүмкiндiгi 2005 жылы 1796 талаптыға ғана берiлдi.
2006 жылы 2429 адам құжат тапсырған, 778 адам стипендиат атанды. Ал 2007 жылы 767 студент стипендиат атанды.
2008 жылы “Болашақ” стипендиясын алуға 4280 талапкер құжат тапсырған. 1106 үмiткер барлық байқаудан сүрiнбей өтiп, стипендияға ие болды.
Қолдағы бар деректердi сараптап, “Болашақ” стипендиясы арқылы кiм қайда оқып жүр деген сұраққа жауап iздеп көрелiк.
Құжат тапсырғандардың iшiнен 3943 талапкер байқауға қатыстырылған. Олардың 498-i, яғни 12 пайызы ауылдық жердiң түлектерi. Ал 1106 стипендиаттың 107-i немесе 9 пайызы ауыл жастары екен.
Бiр қызығы, “Болашаққа” негiзiнен қыз балалар көбiрек құжат тапсыратын көрiнедi. Әйел халқының қоғамдық белсендiлiгi артып тұрғанының тағы бiр дәлелi. Былтыр құжат тапсырғандардың 1784-i жiгiттер болса, 2159-i бойжеткендер екен. Бiрақ байқаудан өтпей қалатындардың денi қыздар сияқты. Өйткенi, стипендияға ие болған “бақыттылар” туралы статистикалық мәлiметке қарасаңыз, 1106-ның 60 пайызы, яғни 669-ы жiгiттер, қалған қырық пайызға жетер-жетпесi (437) бойжеткендер екенiн көресiз.
“Болашақ” ұлт таңдамайды. Былтыр стипендияға үмiттi болғандардың iшiнде жүз орыс, жиырма бес татар, жиырма төрт кәрiс, төрт әзiрбайжан, он жетi өзбек, он екi ұйғыр, тоғыз украиндық, бес немiс, екi шешен, сондай-ақ бiр-бiрден башқұр, бұлғар, грек, молдаван, дүнған, армян, белорус, поляк, қырғыз, тiптi бiр удмурт та жүр.
Бiр қуантарлығы, “Болашақ” бойынша құжат тапсыратындардың да, байқаудан өтiп, стипендиат атанатындардың да басым көпшiлiгi қазақтар. 3734 қазақ байқауға қатысып, оның 1059-ы стипендияға ие болған.
Белсендiлiгi жөнiнен орыстар екiншi орында. 100 орыстың 20-сы байқаудан сүрiнбей өткен. Оларға қоса алты татар, алты кәрiс, төрт өзбек, үш әзiрбайжан, үш украиндық, екi ұйғыр, бiр-бiр бұлғар, қырғыз, шешен биылдан бастап Қазақ елiнiң атынан шетелде бiлiм алатын болады.
Жастардың шетелде оқуына қарсылық бiлдiрiп жүрген аға буынның бiр уәжi “Сапалы бiлiм тек Батыста ғана ма?” дегенге саяды. Бұл уәждiң жаны бар. Шындығында да, 2008 жылғы стипендиаттардың тiзiмiн қарасақ, олардың арасынан 487 жас Ұлбыританияға, 283 жас АҚШ-қа оқуға аттанғалы тұрғанын байқаймыз. Бұл жерде ақпараттық насихаттың әсерi бары даусыз-ақ, дегенмен отандық оқу бағдарламасының ерекшелiгiн де ескерген жөн. Бiзде мектептiң бастауыш сыныптарынан бастап университетке дейiн қазақ, орыс тiлiмен қатар, шет тiлi ретiнде ағылшын тiлi оқытылып келдi, қазiр де солай. Ал “Болашақ” бойынша тапсыратын ең бiрiншi сынақ (ең қиын өткел де — сол) шет тiлi емтиханы (IELTS, TOEFL т.б.).
Көптеген мемлекеттерде бiлiм беру сол мемлекеттiң тiлiнде жүргiзiледi. Мысалы, Ресейде — орыс тiлiнде, Германияда — немiс тiлiнде. Орыс пен немiстiң тiлi бiзге таңсық емес, сондықтан да бұл елдерде бiлiм алушылар саны басқаларға қарағанда көптеу: былтырғы стипендиаттардың 53-i Ресейге, 30-ы Германияға аттанбақ. Оқу бағдарламасы ағылшын тiлiнде болғандықтан Канаданы 45, Австралияны 21, Швейцарияны 11, Нидерландыны 6, Жаңа Зеландияны 3, Ирландияны 3, Израильдi 2 адам таңдапты.
Дегенмен, Азия мемлекеттерiнде бiлiм алуға құлықтылар саны да аз емес. 2008 жылдың қорытындысы бойынша Жапонияға 29, Малайзияға 29, Қытайға 19, Cингапурға 19 жас бiлiм алуға барады. Бұл жерде Малайзия мен Сингапурда бiлiм беру ағылшын тiлiнде екенiн ескеру керек. Егер бiлiм беру малай тiлiнде (Сингапурда малай тiлi — ресми тiл) жүргiзiлсе, онда бұл елдерге баратындар саны күрт азайған болар едi.
Ал басқа тiлдерде оқытатын мемлекеттерге аттанатындар саны саусақпен санарлықтай-ақ. Мысалы, Чехияны 20, Францияны 7, Италияны 6, Түркияны 2 адам таңдаған.
Оқуға жiберiлетiн мемлекеттер тiзiмiнде болғанымен, Испанияға баруға ешкiмнiң зауқы соқпағаны — испан тiлiн бiлудiң талабынан емес пе?
Егер осы жорамалымыз шындыққа жақын болса, онда ағылшынтiлдi мемлекеттер арасынан жастардың таңдауы көбiне ақпараттық насихаты күштi АҚШ пен Ұлыбританияға түсетiнiне таң қалудың қажетi жоқ. Одан да ақпараттық саясатты жолға қоялық.
“БОЛАШАҚТЫҢ” ИГIЛIГIН ЕЛ ҚАШАН КӨРЕДI?
“Болашақ” стипендиясы Қазақстанның халықаралық имиджiн көтерудiң бiр тетiгi ме деген ой да қылтияды. Жаңадан тәуелсiздiк алған мемлекет өрiмдей жастарын Еуропаның атақты оқу орындарына өз есебiнен оқуға аттандырып отыруы — жас мемлекет амбициясының өте асқақ екенiн көрсетуi керек болған сияқты.
15 жылда қалыптасқан жағдай мынандай: 1000-ға жуық жас “Болашақ” стипендиясының арқасында әлемнiң жетекшi оқу орындарын бiтiрiп, елге оралды. 1000-ға тарта студент әлi шет елдерде бiлiм алып жүр. Аз ба, көп пе? Елiмiздегi жыл сайын оқу бiтiрiп, өмiрге жолдама алып жатқан жастардың санымен салыстырсақ, әрине, аз. Ал егер әрбiр “болашақтықты” оқытуға бөлiнген мемлекет қаржысын есептесек… өте кө-өп.
Орташа алғанда, бiр студентке жылына 40-45 мың долларға дейiн қаржы жұмсалады екен. Стипендия көлемi оқу елiндегi оқу бағасына, тұрмыс деңгейiне байланысты есептеледi. Мысалы, АҚШ-тың атағы дардай Гарвард университетi мен Ресейдiң Мәскеу мемлекеттiк университетiндегi оқу бағасының арасында шамамен он еседей айырма бар.
“Болашақ” стипендиясы әрбiр студенттiң оқу ақысын, жатын орнын, тамағын, оқу құралдарын, жол жүру шығынын түгел қамтиды. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң дерегiне жүгiнсек, 2006 жылы мемлекеттiк бюджеттен осы мақсатта 9,78 млрд. теңге, ал 2007 жылы 11 миллиард теңге бөлiнген. Осыншама қаржыны шетелдiк университеттердiң қоржынына құйғанша, өз елiмiздегi бiлiм беру жүйесiн неге жетiлдiрмеске деген сауалдың туындауы орынды. Дегенмен, тарихы жетi жүз жылдық Кембридж университетiндегi (Ұлыбритания) оқудың сапасымен бiздiң көп дегенде жетпiс жылдық оқу тәжiрибемiздi салыстырар болсақ, бiрiншiсiнiң мысы басым түсерi анық.
Сонда миллиардтаған теңгенiң ел игiлiгi үшiн қайтарымын қашан көремiз?
“Бiзге қазiргi заманға сай ойлайтын, Қазақстанды алға сүйрейтiн азаматтар керек. Олар әлемнiң озық университеттерiн бiтiрiп, олардың тiлдерiнде сөйлеуi қажет” – дедi бiр сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазiргi сәтте оқуды сәттi аяқтап, iске кiрiскен мыңға тарта “болашақтықтардың” Қазақстанның экономикасын күрт аударып-төңкерiп, экономикалық саясатты қайта жасауға күш-қуаты әзiрге жеткiлiксiз. Дегенмен, жекелеген азаматтардың шығармашылық, интеллектуалдық қуаты ел болашағына қызмет етiп жатқанына дау жоқ.
Қазiргi индустриалды-инновациялық стратегияны “болашақтықтарға” телитiндер де бар. Бұл жөнiнде Ермұхамет Ертiсбаев былай деген болатын: “… Ал әлемнiң белдi университеттерiнде озық бiлiм алған Президенттiң жаңа жастары елдi шикiзатқа тәуелсiз ететiн, индустриалды дамытатын, қосымша құны бар өнiм шығаратын жаңа индустриалды-инновациялық стратегияны жасап шығарды”.
Қазiрдiң өзiнде есiмдерi ел аузына iлiгiп жүрген бiрнеше “болашақтықты” атай аламыз. Олар: Мағжан Әуезов, Бауыржан Баубек, Қуандық Бисембаев. 26 жасында вице-министр болған Бисембаев жақында ғана Президент көмекшiсi болып тағайындалды.
Сонымен, “болашақтықтар” арасында Президент көмекшiсi, Президент протоколы бастығы, министрдiң орынбасары, агенттiктер мен комитет төрағаларының орынбасарлары, премьер-министрдiң кеңесшiсi, премьер-министрдiң орынбасары, департамент директоры мен әкiмшiлiк департамент директорлары да бар. Бiр түлегiмiз БҰҰ-да жұмыс iстеуге қалыпты.
Статистикалық деректерге жүгiнсек, 286 “болашақтық” мемлекеттiк кәсiпорындарда қызмет етiп жүр, олардың 130-ы — мемлекеттiк қызметте. 40 шақтысы халықаралық ұйымдар мен өкiлдiктерде. Банк саласында 40 шақты “болашақтық” жүр. Стипендия түлектерiнiң 25-тен астамы ұлттық компанияларда, қаржылық құрылымдарда, 60-ы бiлiм беру, ғылым және бизнес саласында еңбек етуде. Бұл — былтырғы жылдың деректерi.
Дегенмен, жамандықпен аты шыққан “болашақтықтар” да бар. Олар қоршаған ортаны қорғау министрiнiң бұрынғы орынбасары Әлжан Бiрәлиев, Статистика агенттiгi төрағасының бұрынғы орынбасары Бiрлiк Меңдiбаев…
“Кез келген мемлекеттi шыншыл, ақылды және адал он адам екi аяғынан нық тұрғыза алады” дептi Маргарэт Тэтчер.
Егер “саннан сапа шығады” десек, мың студенттiң iшiнен маңдайы жарқырап он адамның суырылып шығатын уақыты болды. Бар шығар-ау, алайда…
Алайда, жемқорлық пен сыбайластыққа белшесiнен батқан, адалдық пен әдiлеттiлiкке сенбейтiн қоғамда “алтын басты” жастарыңыздың өзi заманның ыңғайына жығылмасына кiм кепiл? Ал ағын суға қарсы жүзетiн қайсар жан жүз жылда бiр туады немесе он мыңның бiрi ғана сондай болады…
Есебiмiз дұрыс болса, 2015-2016 жылдар шамасында “болашықтықтардың” саны он мыңға жетiп жығылуы мүмкiн… Мiне, сол кезде ел өмiрiнде “құбылыс” болуы кәдiк… Басқаша айтқанда, ОЛАРҒА әлi уақыт керек. Егер осы болжамымыз дәл келмей, “Болашақтың” игiлiгiн одан ертерек көрiп жатсақ, нұр үстiне нұр…
P.S. Биыл “Болашақ” стипендиясына құжат қабылдау тамыздың орта шенiне дейiн жалғасады.
«Болашақтың» түлегi
Өз-өзiңдi сыртта сына…
Мен “Болашақ” стипендиясын алуға 1998 жылы құжат тапсырдым. Бұл жылы Францияға жүздеген үмiткердiң iшiнен үш-ақ адам сыннан сүрiнбей өтiп, оқуға жолдама алды. Бiрақ мен тұрмысқа шығып, аяғым ауыр болуына байланысты, ол жылы оқуға бара алмадым. Сол кездегi мемлекеттiк комиссияның төрағасы Әбiш Кекiлбаевқа маған бөлiнген стипендияның биыл емес келесi жылы берiлуiн сұрап өтiнiш жазып едiм, ол ұсынысым қабылданбады. Кейiннен бiлсем, менiң стипендиям балалы болуыма байланысты келесi жылға ысырылып сақталуы керек екен. Келесi жылы барлық құжаттарымды қайта жинадым. Барлық сынақты қайтадан тапсырып шықтым. Бұйыртқан оқу болар, мен келесi жылы да Францияға баратын он үш стипендианттың қатарына iлiгiп, оқуға түсiп кеттiм. Бiз сол қарапайым отбасынан шыққан санаулы адамдардың қатарында болдық. Бағымызды жандырған бiрден бiр себеп — ол негiзгi француз тiлiнен алынатын сынақты Францияның Қазақстандағы елшiлiгiнен келген француздардың өзi алғандығында жатқан болар деп ойлаймын. Олар мынау байдың баласы, мынау кедейдiң баласы деген жоқ, кiм жоғарғы балл жинады, соларды өткiздi. Менiң бiлуiмше, ол кезде көбiне ауқаттылардың жолы болатын. Себебi олар балаларына тiлдi Францияда бiр жыл, екi жыл тiлдiк курстарда оқытып, дайындап әкелетiн. Өзiм екi жыл қатар “Болашақ” стипендиясының сынағынан өткеннен кейiн бе, маған бәрi әдiл өткен сияқты.
Соңғы 3-турда мемлекеттiк комиссиямен сұхбаттасу сынағында Әбiш Кекiлбаев: “Жүз талапкердiң iшiнде мемлекеттiк тiлде құжаттарын дайындаған бiр-ақ адам бар екен. Ол — Танакөз Iлиясова. Сондықтан мен бұл қызға 3-турда бiр де бiр сұрақ қоймаймын” дедi. Ол кiсiнiң маған жасаған моральдық демеуi болар әрi басқаларға сабақ болсын деп айтты. Бiрақ әлi күнге “Болашақ” бағдарламасында орыс тiлiнiң мерейi үстем екенi өтiрiк емес. Орысша тiлi шығып, орысша ойлайтындарда мемлекеттiк сана болады, болмасы ұлтжанды болады дегенге өз басым мүлде сенбеймiн.
“Болашақ” стипендиясының өмiрлiк және кәсiби жолда бағымның ашылуына көп көмегiн тигiзгенi даусыз. Мен бұл шәкiртақыға ие болғаныма әлi күнге өз-өзiме қайран қаламын. Соңғы рет 2008 жылы Елбасы барлық “Болашақтың” түлектерiн жинап, үлкен басқосу өткiздi. Кiшiгiрiм сырласу кешi болды десек те болады. Сонда Президент: “Кiм де кiм “Болашақ” стипендиясымен оқып келiп, мемлекеттiк қызметке тұра алмай жүр, алдыға шықсын. Мен бұл мәселенi бүгiн шешемiн!” дедi. Бiрақ ешкiм алдыға шықпады. Мен Францияның Қазақстандағы елшiлiгiне байқаудан өтiп, жұмысқа тұрдым. Ол жерде алты жылдай қызмет атқардым. Карьералық өсу болмайтындықтан ол жерден кетуге мәжбүр болдым. Шынымды айтсам, мен Францияның Қазақстандағы емес, Қазақстанның Франциядағы елшiлiгiнде жұмыс iстеуiм керек едi. Әлi күнге соны армандаймын. Мен оқудан оралған жылы онда мұрныңды сұғу мүмкiн емес едi. Қазiр қалай екенiн бiлмеймiн. Мемлекеттiк қызметке өту үшiн ұйымдастырылған сынақтардың қалай өтетiнiн, ол жерден кiмдердiң өтетiнiн мен айтпасам да, халық бiледi. Мемлекеттiк қызметте 5 жыл жұмыс iстегеннен кейiн бiздiң басқа жұмыстарға ауысуға құқымыз бар. Бiрақ мен сол мемлекеттiк қызметте өмiр бойы iстеуге даярмын һәм ниеттiмiн. “Болашақ” стипендиясының негiзiгi кемшiлiгi — шетелге оқуға баратындар қазақтiлдiлер емес, орыстiлдiлер. Орыстiлдiлер кiмдер? Басқа ұлттар мен өз елiн төменгi сортты ұлт деп санайтындар. Оларда мемлекеттiк санадан жеке мүдде қашанда жоғары тұрады. Сондықтан олар елге қызмет ететiн ұлтжандылармен тiл табыса алмайды. Ойлап қарасаңыз, кейiн мемлекеттiң шешушi тетiктерiнде солар отырады, билiктi солар қолға алады, қазақтың тағдырын тағы да солар шешетiн болады. Менiң осыған iшiм удай ашиды. Бұл бiрiншi кемшiлiгi. Екiншi кемшiлiгi — олар ұлтжандыларға қамқорлық қылып, мемлекеттiк қызметке тартуды бiлмейдi. “Жұмысты өздерiң тауып алыңдар” деген немкеттiлiк басым. Әркiм өзiнiң қолы жеткен жерiне барып жұмыс iстейдi. Бұл мен көрген екi кемшiлiк. Жалпы қазақ баласына айтарым, әсiресе қазақтiлдi қаракөздер бұл бағдарламаға қатысуға белсендiлiк танытса екен. Оның сынақтары әдiлеттi өтедi. Тек кездескен қиындықтардан сынып кетпей табандылық танытуы керек. Әр қазақ шетелге барып, өзiн сырттан көргенде ғана ұлттық деңгейдiң өсуi болады.
Танакөз Толқынқызы, «Алматы» арнасынының тележүргiзушiсi
Гүлбиғаш Омарова