Жаңалықтар

ПАРТИЯ ӨЗI ҚАБЫЛДАДЫ, ӨЗI ҚАДАҒАЛАЙДЫ

ашық дереккөзі

ПАРТИЯ ӨЗI ҚАБЫЛДАДЫ, ӨЗI ҚАДАҒАЛАЙДЫ

Дүйсенбi күнi “Нұр Отан” партиясының Парламенттегi фракциясы Дағдарыс салдарларын жою бағдарламасы мен Жол картасының орындалу барысы бойынша Кәрiм Мәсiмовтiң баяндамасын тыңдады. Премьер-министр әдеттегiсiнше оптимистiк көңiл-күйден танған жоқ.

“Экономиканың жекелеген салалары бойынша алға жылжу бар. Бес айдың iшiнде ауыл шаруашылығында өндiру 3 пайыздан астам өстi, негiзгi капиталға инвестиция салу – 7,4 пайызға, ал мамыр айында – 10,8 пайызға өстi. Халықтың нақты ақшалай кiрiсi 2009 жылдың сәуiр айына дейiн 4 пайызды құрады, нақты жалақы – 9 пайызға, жалдамалы қызметкерлер саны 3,4 пайызға өстi. 100 мыңан астам жұмыс орны құрылды. Бес айдағы инфляция деңгейi 3,5 пайызды құрады. Бiз ең төменгi экономикалық құлдырауға жол бермей, дағдарыстан кейiнгi даму үшiн алғышарттар жасап алдық” – дейдi Үкiмет басшысы.

Үкiмет қазiр 2020 жылға дейiнгi даму стратегиясын дайындап жатыр. Бұған дейiн жазғанымыздай, бес жылдық индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы осы Стратегияның бiрiншi кезеңi болып есептеледi. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл стратегия ел игiлiгiне қызмет етуi керек.

Дағдарыс салдарларын жою бағдарламасына сәйкес, жалпы шамасы 400 млрд.-тан астам теңге бөлiнгенi белгiлi. Оның 142 млрд.-ы шағын жәнк орта кәсiпкерлiктiң несиелерiн қайта рәсiмдеуге, 75 млрд.-ы өндiрiстi тұрақтандыруға, 190 млрд. теңге құрылысты жандандыруға және үлескерлер мәселесiн шешуге жұмсалуы тиiс едi.

Парламентке Мәсiмовпен бiрге келген үкiмет мүшелерi “нұротандық” депутаттардың сұрақтарына жауап берiп жатқан тұста астаналық үлескерлер шағым айтып, қалалық әкiмшiлiк ғимаратының алдында жүрген. Үкiмет қаншалықты басу айтса да, сеңдей соғылысқан халықтың көңiлiн тыныштандыру оңайға соқпас түрi бар. Банктер “Самрұқ-Қазынадан” бөлiнген қаржыны толықтай игеруге асығар емес. Ақыр аяғында, осындай күйге неден, қалай түскенiн бiлмей опынған үлескерлердiң тапқан бар амалы – Үкiметке, Парламентке, Әкiмшiлiкке шағым-хат жазу.

Үкiмет пен Парламенттi құрап отырған “Нұр Отан” партиясы Дағдарысқа қарсы бағдарламаны да, Жол картасын да өзi қабылдады, ендi оларды жүзеге асыру барысын да өзi қадағаламақ.

Гүлбиғаш Омарова