Жаңалықтар

ҚАЗАҚ МУЗЫКА ӨНЕРIНДЕ – ТЫҢ СЕРПIЛIС

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ МУЗЫКА ӨНЕРIНДЕ – ТЫҢ СЕРПIЛIС

Жақында Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед “Мәңгiлiк сарын: қазақтың 1000 күйi мен 1000 әнi” атты дәстүрлi музыкалық антологиясы жобасының тұсаукесер рәсiмiне қатысты. Мұндағы мақсат — түпнұсқалық орындаудағы қазақтың дәстүрлi музыкалық шығармаларын жинақтап, дайындау. Яғни, ұлттық өнер тарихындағы қазақтың ғасырлар қойнауынан жеткен бай мұрасын түлетiп, қайта әкелу.

Жинаққа дәстүрлi саздарымыздың түпнұсқалары жазылған. Жобаға әсiресе, ұлттық өнерiмiздiң классик-орындаушыларының шығармаларын көптеп қосу көзделген. Музыка саласындағы бұл ғылыми жобаның арқасында, Ресей, Монғолия, Қытай, Түркия мен Орталық Азия елдерiнде орындалып жүрген қазақ әндерiнiң авторлық құқығы қайтарылады. Осылайша, қазақтың ұлттық музыкасының тыңдармандары, табылған саздық-мұра басылған жинаққа қол жеткiзедi. Министрлiк бастаманың тұсаукесерiнде “Қазақтың 1000 күйi мен 1000 әнi” сынды жобаны өнерсүйер қауымның қызығушылығына қарай жалғастыруды көздеп отыр. Асыл мұраның тұсаукесерiнде сөз алған Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед: “Мәңгiлiк сарын: қазақтың 1000 күйi мен 1000 әнi” атты дәстүрлi музыкалық антологиялық жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген “Мәдени мұра” бағдарламасымен сабақтас. Қазақ музыкасының мәдениетiн насихаттаудың бiрден бiр жолы – оны жинақтау, зерделеу, жүйелеу және бүгiнгi ұрпақтың назарына ұсыну” дедi.

Бүгiнде ел аумағында күй, ән жанрында тарихи-географиялық жағдайларға, мәдени дәстүр мен әр түрлi орындау мәнерiне қарай бiрнеше орындаушылық мектеп қалыптасқан. Бiр кездерi Затаевич қазақтың мол мұрасын зерттеп, зерделеп, қазақ әнi мен күйiн нотаға түсiрiп, мерейiн асқақ етсе, бүгiнде Қытай, Монғолия, Ресей, Орта Азия елдерiне шығармашылық экспедициялар ұйымдастырылып, авторы белгiсiз ән мен күйлердiң ноталары жинақталу үстiнде. Жобаның тұсаукесерiнде музыкалық портетураны жинайтын комиссия мүшелерi таныстырылды. Олардың қатарында қазақтың белгiлi өнер қайраткерлерi Ғалым Доскен, Сара Күзембаева, Айтжан Тоқтаған, Рамазан Стамғазиев, Талғат Мұқышев, Бiләл Ысқақовтар бар. Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген әртiс, белгiлi дәстүрлi ән орындаушысы Рамазан Стамғазиев: “Ертеңгi күнi мұндай ән мен күйдiң авторы белгiленiп, жүйелi түрде жазылса, оқу процестерiнде жүргiзiлсе, келер ұрпаққа ұлы мұра болып қалар едi” – деп жобаның жан-жақты насихатталуына көңiл бөлуге шақырды.

Д.Мыңжасарқызы