Жаңалықтар

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛIГI ҚОРҒАНЫССЫЗ ҚАЛДЫРҒАНЫ МА?

ашық дереккөзі

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛIГI ҚОРҒАНЫССЫЗ ҚАЛДЫРҒАНЫ МА?

“Ла-иллаһа-ил-Алла” деп — иман, “Мен — қазақпын!” деп — ұран ететiн алаш өрендерiнiң ықылым заманалардан басты мұраты — елдiң, Отан iргесiнiң берiк, бекемдiгi. “Бес қаруы сай” сарбаздың жасанған жаудың алдында айбыны асқақ болатындығы да бесенеден белгiлi.

Халқымыз ғасырлар бойы елiмiздiң қорғаныс қабiлетiне, әскерлердiң ұрысқа сақадай-сай болуына ерекше назар аударып келгендiгi бекерден-бекер емес. Тiптен, бiр замандарда еңсегей бойлы ер Есiм ханның бiр мезгiлде ұрысқа 100 мың атты әскердi аттандыра алатындығы жөнiндегi ақиқат өзiмiз түгiлi, көршi елдерiмiздiң көптеген тарихи құжаттарында тайға таңба басқандай жазылған. Қалыптасқан жаңа тарихи жағдайда тәуелсiз Қазақстан Қарулы күштерге, ең әуелi, Қорғаныс министрлiгiнiң қызметiне ерекше назар аударумен келедi. Оның объективтi себептерi жетерлiк. Көлемi жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, территориясы 2 млн. 700 мың шаршы километрге созылып жатқан ұлан-байтақ елiмiз алып екi державаның — Қытай мен Ресейдiң ортасында болуының өзi қорғаныс мәселесiн бiр сәт те назардан тыс қалдыруға болмайтынын үнемi еске салып отыратын жағдай. Мәселен, Қытай Халық Республикасы әскерлерiнiң жалпы саны 2 млн.500 мың адам және әскери бюджетi 35 млрд. доллар көлемiнде болса, Ресей әскерлерi 1 млн. адамнан астам (әскери бюджетi 25 млрд. көлемiнде). Әрине, аталмыш елдердегi әскери бюджет жылдан-жылға ұлғайтылып келе жатқандығын қаперден шығармауымыз керек. Оның үстiне бұл айтылған деректердiң де нақты шындығына сын көзiмен қарауға тиiспiз, өйткенi, бұл айтылған әскерлер сол елдердегi Қорғаныс министрiлiгiнiң тiкелей құзырындағы қарулы күштер ғана. Бұдан тысқары “мылтықты адамдардың” — Iшкi Iстер министрлiгi, төтенше жағдайлар агенттiктерi, ұлттық қауiпсiздiк саласы мен темiржол, құрылыс мақсаттарында, басқа да толып жатқан салаларда пайдаланылатын әскерилердiң саны қанша екенi өздерiне ғана мәлiм. Бiр белгiлiсi, халықаралық ресми деректер мен аталмыш елдердiң жауапты адамдарына ғана мәлiм нақты деректердiң айырмашылығы жер мен көктей. Осындай тарихи жағдайларды ескере отырып қалыптастырған әскери доктринамыздың өмiршеңдiгi туралы сөз басқа әннiң ырғағы. Қалай болғанда да кез келген мемлекет өз тәуелсiздiгiн баянды еткiсi келсе, сөз жоқ, алдымен әскерiнiң күш-қуатына ерекше көңiл бөлерi анық. Қазақстанда да солай болуға тиiс. КСРО кезiнде елiмiзде 300 мыңға жуық сарбаздары бар аса қуатты әскери күш шоғырландырылғаны, сонымен қатар Қазақстанда қуаттылығы жағынан әлемде төртiншi-бесiншi орын алатын ядролық қарулар орналасқаны мәлiм. Тiптi, қазiргi күндерде де Қарулы күштерiмiз Орталық Азиядағы жақсы жабдықталған, заман талабына сақадай сай әскерлер ретiнде бағаланады. 2007 жылы Қазақстанның әскери бюджетi тұңғыш рет миллиард долларлық межеден асып түсiп, 1 млрд.220 миллион долларды құрады. 2007 жылғы ресми деректерге қарағанда, Қазақстанның әскер саны 74 мың адам болса, халық саны бiзден екi еседей артық Өзбекстанның әскерлерi — 68 мың адам (әскери бюджетi — 302 млн.доллар). Түркiменстанда 50 мың әскер (116 млн.доллар), Тәжiкстанда 15 мың әскер (52 млн.доллар), ал Қырғызстанда 11 мың әскер (40 млн. доллар) бар.

Әйтсе де Орталық Азиядағы айтарлықтай тегеурiндi деп саналатын қазақ армиясындағы әскери қызметкерлер саны Қазақстан халқының бiр пайызын да құрамайды. Әрбiр 217 мыңға жуық тұрғындардың бiреуi ғана өз тағдырын әскери қызметке арнап отыр. Бiр таңданарлығы, Қазақстан сыртқы қауiпсiздiктен гөрi, iшкi қатерге көбiрек алаңдай ма, әйтеуiр осы аптада өздерiнiң кәсiби мерекесiн салтанатпен атап өткен полицейлер саны елiмiзде анағұрлым көп. Олардың жалпы саны 105 мың адамға жуық.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi туралы сөз қозғағанда ресми деректерге көбiрек жүгiнуге тура келетiнi айтпаса да түсiнiктi. Өзгенi былай қойғанда, мемлекеттiк маңызы бар қорғаныс саласындағы деректер неғұрлым дәл болуға тиiс.

Дегенмен, Қазақстан Қарулы күштерiне қатысты деректер мен түрлi дерек көздерiнде көрсетiлiп жүрген цифрлардың айырмашылығы қарапайым адамды ерiксiз таңдандырады әрi шошындырады.

Аса беделдi Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының 2001 жылғы бағалауы бойынша, Қазақстан армиясында 930 танк, 140 БРДМ, 506 БМП, 84 БТР, 505 сүйретпелi артиллериялық қондырғы, 163 САУ, 26 “Нона” қондырғысы, 147 реактивтi қондырғы, сондай-ақ, ТМД-ның 4 елiнде ғана бар әлемдегi теңдессiз С-300 маркалы зениттiк үш дивизия (4-мотоатқыштар, 3-механикаландырылған және 206-резервтiк дивизиялар), 5 жеке мотоатқыштар бригадасы, 2 десанттық бригадамен, реактивтi артиллериялық бригада, 3 зениттiк ракеталық бригада, артиллериялық бригада және бес авиабаза бар делiнген.

Ал 2006 жылғы кейбiр деректерге сенсек, Қазақстан армиясында — 4900 танк (оның 1550-i тiкелей әскерлерде), 5179 әскери броньдалған машина, 9282 зеңбiрек пен миномет бар делiнген.

Әрине, тәуелсiз Қазақстан өзiнiң Қарулы күштерiн соңғы заманға сай қару түрлерiмен жабдықтау үшiн қолдан келгенiн аянып қалған емес. Соңғы жылдары қорғаныс мақсатында жұмсалатын шығындарымыз елеулi түрде көбейгенi де аян. Тiптi, қазiргi әлемдiк қаржы, экономикалық дағдарыс кезiнде де Қорғаныс министрлiгiн елiмiз шөмiштен қысқан жоқ. Өткен жылдарда Қазақстан Қорғаныс министрлiгi бюджет қанша қысқарса да, ешқандай жобаның аяқсыз қалмайтынына сенiмдi болатын.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрi Даниал Ахметов мырзаның: “Кейбiр бағдарламаларымыз белгiлi бiр деңгейде азаяды. Бiрақ бұл қысқартулар дайындыққа және техникаларды қайта жаңғыртуға еш әсерiн тигiзбейдi”, — деп сенiмдiлiк танытуы да сондықтан едi. Алайда, мұның өзi 2001 жылы 930-ға жеткен танкiлерiмiз 2006 жылы 4900 болды деуге негiз бола алмаса керек. Төрт еседен артық өскен. Байқап отырғанымыздай, басқа қару түрлерi бойынша да орасан зор өсу аңғарылады.

Әрине, Қарулы күштерiмiздiң қолындағы қару-жарақтың түрлерi мен оның жалпы саны жөнiндегi деректер мемлекеттiк құпия ретiнде қатаң қорғалады және барлық мемлекеттерде де осылай. Бiрақ осыншалық қарама-қайшылық болуы санаға симайды. Сонда шешiмдi сәттерде Қорғаныс министрлiгi қай деректерге сүйенiп әрекет етедi және шешiм шығарады? Мүлдем түсiнiксiз.

Бiр бұл ғана емес, осыдан бiршама уақыт бұрын Қазақстан Қарулы күштерiнiң 7 километрге ататын “Айбат” және 13,5 километрдегi нысананы дәл көздейтiн “Семсер” минаатқыштарымен толыққанын елiмiздегi бiрсыпыра ақпарат құралдары “әскерилердiң арманы”, “Ауғанстанда болып, талай техниканы көрсе де мұндайды кездестiрмеген генералдар да таңдай қақты”, десiп ауыздарының суы құрыған едi. Тiптi, жобаның жетекшiсi, Израиль маманы Амир Нойман мырза: “Айта кетерлiгi бұл жүйенi бiз Қазақстан армиясы үшiн арнайы жабдықтадық”, — деп кеудесiн соққан болатын. Кейiнiрек 26 келi тартатын снарядтарды көз көрмеске ататын әлгi алты минаатқыштың төртеуi алғашқы сынақта-ақ iстен шыққаны, тiптен мақтаулы қондырғылардың мүлдем жарамсыздығы жөнiнде ақпарлар таратылды. 80 млн. доллар көлемiндегi мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсағаны, талан-таражға салғаны үшiн Қорғаныс министрiнiң бұрынғы орынбасары генерал Қажымұрат Маерманов тұтқындалып, үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Қазақстан Қорғаныс министрлiгiнiң бұдан басқа да бiрқатар лауазымды қызметкерлерi күдiктiлер ретiнде қамауда отырғаны белгiлi.

Расында да бiр ғана генерал осыншалық қомақты қаржыны желге шаша алмаса керек. Бiр ғажабы, Қазақстан телеарналарының бiрiнiң хабарында өткен аптада аталмыш минаатқыштар қайтадан сынақтан өткiзiлiп, оған Ресейдiң жоғары шендi офицерлерi мен әскери мамандары қатыстырылғанын хабарлады. Израиль мемлекетiнiң арнайы комиссиясы өз елдерiнде ол қарулардың электроникасы ғана жасалғанын мәлiмдеген. Ресей мамандары аты шулы қаруларға жоғары баға берiптi. Мұны да түсiну қиын-ақ.

“Айран iшкен құтылып, шелек жалаған тұтылғандығына” ызаланды ма, әйтеуiр генерал Қ.Маерманов тергеу камерасында өзiне қол жұмсап, дарға асылып өлуге әрекет жасағаны да белгiлi болып отыр. Қазақстан Қорғаныс министрлiгi жасаған қай мәлiметке сенерiн бiлмеген ел де аң-таң.

Бiр анығы, Қарулы күштерiмiздiң қатарында орны толмас адам шығындарының саны азаймай тұрғандығы, сондай-ақ қару, оқ-дәрi ұрлау мен жоғалтудың өршiп тұрғандығы. Өткен жылы шiлде айының 17-сi күнi Қорғаныс министрi Даниал Ахметов мырзаның төрағалығымен ҚР Қорғаныс министрлiгi алқасының кеңейтiлген отырысы болып өткен едi. Осы отырыста әскери бөлiмдердегi оқ-дәрiнiң сақталуын қамтамасыз ету, әсiресе 89/1427 аэромобильдi әскери жасақтағы атқыш қаруларының жоғалуына қатысты мәселелерге ерекше көңiл бөлiнген-дi. Өйтетiн жөнi де бар.

Мемлекет iшiндегi мемлекетке айналған, қоғам бақылауға дәрменсiз болып отырған Қорғаныс министрлiгiне қарасты түрлi әскери қоймалар мен оқ-дәрi қоймаларында өрт шығуы, қару-жарақтың жоғалуы (дұрысы, ұрлануы) мен түрлi тiк ұшақтардың апатқа ұшырауы тұрақты тенденцияға айналған сияқты, соңғы жылдары. Әсiресе, жоғары лауазымды мемлекеттiк қызметкерлер мiнген тiк ұшақтардың жиi апатқа ұшырауы қоғамда әлдебiр ұйымдасқан қастандықтар жөнiнде жосықсыз қауесеттердiң туындауына әкелiп соғуда. Оқ-дәрi қоймаларындағы жиiлей түскен өрттер орны толмас адам шығындарына әкелiп соғып отыр. Осындай өрттердiң шығуын тексеруге жiберiлген мемлекеттiк комиссиялар көп жағдайда апат себебiн адам факторына, апат орын алған жердегi жауапты адамдардың қауiпсiздiк шараларын сақтамауы мен бейқамдығына байланысты деген қорытынды шығаруға әбден етi үйренiп алды. Әрине, түрлi тосын апаттар мен өрт атаулы тiлсiз жау, бiрақ сол өрттiң өзi белгiсiз қылмыстарды жабуға таптырмайтын амал екенiн iштей жақсы сезетiн адамдар арасында әртүрлi қауесеттер тарайтыны да белгiлi. Оның үстiне қатаң қорғалуға, қауiпсiздiк шаралары мейлiнше жоғары деңгейде қамтамасыз етiлуге тиiстi әскери қоймаларда табан асты өрт шығуларының өзi қарапайым адамдарға мүлдем түсiнiксiз жағдай. Ал түсiнiксiздiктiң өзi түрлi жорамалдар мен жағымсыз өсек-аяң туындауына басты себепкер болатын фактор.

Қорғаныс министрлiгiнiң құзырындағы мәселелердiң баршасы дерлiк ұлттық, мемлекеттiк құпияларға жатқызылатындығына орай мұнда орын алған жағдайларды бақылау мен пiкiр бiлдiруге азаматтық қоғам көбiне қауқарсыз. Қорғаныс саласындағы жағдайлардан бейхабар әрi оған ықпал етер тиiмдi тетiктер әлi қалыптаспаған.

Сондықтан да Қорғаныс министрлiгiнiң өзi ұсынатын ақпарларға ғана иек сүйейдi. Бiр ғажабы, Қорғаныс министрлiгiне ықпал ету, оның атқарған жұмыстарын қадағалауға Қазақстан Үкiметi де қауқарсыз секiлдi. Өйткенi, Қорғаныс министрлiгi қызметiн, олар атқарған iс-шараларды соңғы жылдары Үкiметiмiз арнайы отырыста талқылаған жоқ деуге болады. Тiптi, Қорғаныс министрлiгiнiң азаматтық министрi Даниал Ахметов мырзаның өзi Үкiмет отырыстары мен аса маңызды мәжiлiстерiне онша қатыса бермейтiндiгi көбiне жиi аңғарылады. Осындай бақылаусыздық қорғаныс саласындағы құрылыстар мен әскери қызметкерлерге үй беру мәселесiнде көптеген заңсыздықтардың орын әкелiп соғуына мұрындық болған сияқты. Мәселен, Мемлекет басшысының Жолдауына орай әскери қызметкерлердi тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы 2 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалып, 95 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Осының нәтижесiнде 2 мыңнан астам әскери қызметкерлер баспанамен қамтамасыз етiлген. 2008 жылы жалпы көлемi 75 мың шаршы метр тұрғын үй берiлдi, яғни 1 мың 266 пәтерлер мен жатақханалар адамдардың игiлiгiне айналды делiнедi. Ал 2009 жылы әскери қызметкерлерге бөлiнетiн тұрғын үй ауданын 100 мың шаршы метрге жеткiзу көзделген болатын. Бұларға бұрын қараусыз қалып, қазiр күрделi жөндеулерден өткiзiлуге тиiс үйлердi қосқанда Қорғаныс министрлiгi әскери қызметкерлердi баспанамен қамтамасыз етуде ешқандай қиындық көрмеуге тиiс секiлденгенмен, әскери қызметкерлердi баспанамен қамтамасыз етуде орын алған заңсыздықтар мен қылмыстар түрлi наразылықтар туғызып, тiптен күлкiлi жағдайларға әкелiп соқтырды. Мәселен, отставкаға шыққан бұрынғы офицерлердiң бiрi Даниал Ахметов мырза өзi тiкелей уағда еткен үйге қолы жетпей үмiтi үзiлген соң Астанада электр бағанасының басына шығып, өзiн соған таңып тастады. Ендi бiр топ бұрынғы офицерлер пәтерге қол жеткiзуден үмiтi үзiлiп, өзара қаржы жинап, жиналған азын-аулақ ақшаны Қорғаныс министрлiгiнiң атына арнайы салып жiберген секiлдi. Қалай болғанда да, пәтер бөлуде Қорғаныс министрлiгiнде орын алған келеңсiздiктердiң, жүздеген пәтерлердiң заңсыз үлестiрiлуi қоғамдық алаңдаушылық тудырып отырғанын баса айтуға тиiспiз. Өйткенi, қарапайым адамдар әскери салада қашанда әдiлдiк, туралық, заң салтанат құрып келгендiгiне ешқашан күдiк келтiрген емес. Әскери адам патриоттық, шыншылдық, тiптi бекзадалықтың өкiлi секiлдi қабылданады. Ал Қорғаныс министрлiгiндегi қалыптасып отырған ауыр ахуал адамдардың үмiтi мен сенiмiне балта шабуда. Осы арқылы мемлекетiмiздiң, тәуелсiз Қазақстанның абыройына орасан зор нұқсан келтiрiлуде. Бұған бұдан былай да жол беру адамдардың әдiлетке сенiмсiздiгiн қалыптастырмақшы. Әсiлi, Қорғаныс министрлiгiнде көптеген келеңсiздiктер орын алуының сыры — Қазақстанда Қорғаныс министрлерiнiң жиi орын алмастыруынан да шығар.

Мәселен, 1992 жылы 7-мамырда елiмiзде алғаш рет Қорғаныс министрi болып “Халық қаһарманы”, генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалса, 1995 жылы 16-қазанда генерал-лейтенант А.Қасымов, 1999 жылы 13-қазанда генерал-лейтенант С.Тоқпақпаев, 2001 жылы генерал-лейтенант М.Алтынбаев, 2007 жылы 10-қаңтарда Даниал Ахметов тағайындалды. Қазiр М.Алтынбаев қайтадан Қорғаныс министрi қызметiн уақытша атқарып отыр.

Әсiлi, “Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi” деген өмiршең қағиданы ғақлия еткен кемеңгер халқымыз бақылау, тәртiп жоқ жерде түрлi қылмыстар мен заң бұзушылықтарға кеңiнен жол ашылатынын ежелден байқаған. Темiрдей тәртiптiң үлгiсiн көрсетуге тиiс қорғаныс саласында түрлi заңсыздықтардың орын алуы да министрлердiң тым жиi ауысуынан орын алып отырған сияқтанады. Оның үстiне, елiмiздiң армиясының беделiн, абыройын көтеру мақсатында соңғы жылдары Қазақстанда генерал атағын, жоғары шендердi орынсыз үлестiру де тұрақты орын алып отырғанын аңғармау мүмкiн емес. Мұның өзi қоғамда түрлi күңкiл, қауесет туындауына жол ашуда. Әсiлi, еңбексiз келген атақтың өзi де адамды аздыратын пәлекет. Бәлкiм, мұндай шендердi оңды-солды үлестiру азайтылуға тиiс шығар.

Екiншiден, елiмiздегi қорғаныс саласына қатысты түрлi орынсыз пiкiрлердiң тамырына балта шабу үшiн Қазақ армиясында қанша мылтық, қанша қару-жарақ барлығын, әскерлерiмiздiң дайындығын бiржола айқындайтын түбегейлi шаралар атқарылуы тиiс. Қоймалардағы, әскери бөлiмдердегi құрал-жабдықтарды толық инвентаризациялайтын аса құзырлы комиссия құрылуы керек сияқты. “Мемлекеттiк құпия” айдарына еш назар аудармастан аталмыш комиссияның құрамына парламент өкiлдерi, қоғам қайраткерлерi, тәуелсiз сарапшылар енгiзiлгенi жөн. Өйткенi, “Бақпасаң мал, қарамасаң қатын” кететiнi сияқты, қадағаламасақ мүлдем қорғаныссыз қалуымыз ықтимал…

Жаңабек ШАҒАТАЙ