Жаңалықтар

ҰБТ-да ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ АЗАЙҒАН

ашық дереккөзі

ҰБТ-да ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ АЗАЙҒАН

Маусымның 11-i күнi Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев осы айдың 4-10 аралығында өткен ҰБТ қорытындыларын жариялады. Министрдiң айтуынша, биыл өткен жылдармен салыстырғанда, түлектер бiршама жоғары нәтижеге қол жеткiзген. Оған дәлел, талапкерлердiң тестiлеу науқанында орташа 74,9 балл, яғни, 75 балға жуық жинағандығы.

Бұл көрсеткiш былтырғы жылмен салыстырғанда 7 балға жоғары. Биыл сынақ тапсырған түлектердiң 8-i ең жоғарғы 125 балл жинаса, “Алтын белгiге” үмiткер 2845 оқушының тек 1500-ы биiк тұғырдан көрiне бiлген. Бұл “Алтын белгiге” үмiткерлердiң тек 55 пайызы ғана. Ал мектеп бiтiрушiлердiң 10,7 пайызы 100-ден жоғары ұпай жинаса, мiндеттi 45 балды жинай алмағандар 14,5 пайызды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда, осы жылы апелляциялық комиссияға түскен арыз-шағымдардың мөлшерi де аз болған. 2008 жылы талапкерлерден барлығы 18000-дай арыз түссе, биыл түскен арыз-шағымдар саны 1500-ге де жетпеген. Алайда, тест тапсыру барысында түлектер тарапынан заң бұзушылықтар биыл да байқалған. Бұл жөнiнде министр Ж.Түймебаев былай мәлiмдедi:

“Қазақ ұлттық техникалық университетiнде бiр адамның орнына екiншiнiң кiруiне әрекет жасалынды. Сондай-ақ, 2000 мыңнан аса адам ұялы телефондарын алып кiруге әрекеттендi. Әрине, бұл әрекеттер былтырғыға қарағанда өте аз. Шпаргалка дегендерiңiз жетеу болды. Былтырғыға қарағанда бұл, тiптi, аз. Сондай-ақ, Сарыағаш қаласында, Жаркент қаласында, Қызылорда облысының кенттерiнде кабинетке жасырынып кiргiзiлген мұғалiмдер ұсталды. Бұл ешбiр заңға жатпайды. Қайшы. Бұл мәселе жергiлiктi органдарға мемлекеттiк комиссияларға алдын ала айтылған. Барлығы бiрдей жауап бередi”.

Сондай-ақ, талапкерлерге дұрыс жауаптарды сату оқиғасы осы жылы да тiркелдi. Жалған дұрыс жауап сатқысы келген Алматы қаласының төрт студентi ұсталып, олардың үстiнен қылмыстық iс қозғалды.

Майнұр Жанақова