ЕРЛIК ПЕН ЕНЖАРЛЫҚ
ЕРЛIК ПЕН ЕНЖАРЛЫҚ
Биыл — екiншi дүниежүзiлiк соғыстың басталғанына 70 жыл (1939-1945)
Жасыратыны жоқ, бiзде бүгiнде бұрынғы Кеңес Одағының дәуiрiн өлтiре жамандау дағдыға айналып кеткен. Әрине, сол дәуiрдiң солақай жақтарының болғаны да рас. Оны айтып та, жазып та жүрмiз. Бiрақ бiз ешқашанда АҚШ пен Батысты жер-көкке сыйғызбай мадақтап, солардың атышулы демократиясын биiк тұғырға қою сынды жарамсақтықпен де келiсе алмаймыз. Әрбiр құбылыстың да өз мәнi бар. Бiз төмендегi екi шағын мысал арқылы адамға адамның iзгiлiгi жөнiнде сыр шерте отырып, соңғы түйiндi құрметтi оқырманның еркiне қалдырғымыз келедi…
ЕРЛIК ПЕН IЗГIЛIК
…1945 жыл, қаңтар аяғының аяғы. Алдыңғы жылдың соңында Арденны тауларында немiстерден тұтқиыл да тегеурiндi соққы алған ағылшын-американ одақтастарының тынымсыз талап-тiлектерiнен соң, мерзiмiнен 8 күн бұрын шабуылға шыққан Кеңес әскерлерi сәл дамылдап жатқан-ды. Кенет майданның арғы шебiнен поляк партизандарынан жаушы келдi. Олар майдан шебiнен 60 километрдей жерде, Польшаның бұрынғы астанасы Краков қаласының iргесiнде орналасқан нацистердiң аса iрi өлiм лагерi — Освенцимнен жеткен боп шықты. Бұрынғы тұтқынның айтуынша, нацистер өлiм лагерiн жарып жiберiп, тiрi қалған бейбақтарды құртып жiберудi жоспарлапты. Ендi бiр-екi күн кешiксе, жау өз ниетiн жүзеге асырмақ. “Бақытсыздар сiздерден көмек күтедi!” дедi жаушы, сөзiн түйiндеп. Соны естiген сардарлар да, сарбаздар да мазасы кетiп: “Бiз оларды құтқаруымыз керек!” дестi. Бойларын iзгiлiк сезiмi керген кеңестiк жауынгерлердiң мақсатты ойын жоғары әскери басшылық та қолдады. Қақаған аяз бен бұрқыраған боранға (Польшада сол жылы қыс қатты болса керек) қарамастан, сан ұлтты Кеңес әскерi шабуылға шықты. Немiстердiң өршеленген қарсылығын, әсiресе Освенцимнiң тұсындағы қатты тосқауылды елеместен, кеңес танктерi өлiм лагерiн қоршаған тiкенек сымды бағанасымен бiрге қопара, iшке басып кiрдi. Көп ұзамай көлемi 500 га. аумақты алып жатқан азап пен ажалдың орны, жер бетiндегi тозақ азат етiлдi. Өзiнiң азат етушiлерiн орнынан тұрып қарсы алуға да дәрменi жоқ бейшараларды Кеңес жауынгерлерi балаша көтерiп алып, емханаларға жөнелттi. Әсiресе, тiрi аруаққа ұқсаған балаларды көргенде, кейбiр жауынгердiң көзiне жас үйiрiлiптi.
Сөйтiп, сол жылдың 27-қаңтарында Освенцим азат етiлiп, қатiгез дұшпан көзiн жойып үлгiрмеген ондаған мың адам тiрi қалды. Жүректерiне мейiрiм шуағы ұялаған бiздiң ата-бабаларымыз осылайша адамзаттың алдындағы рухани парызын өтеп, мәңгiлiк алғысқа ие болған-ды. Табиғаттың дүлей күшi де, жаудың жанталасқан қарсылығы да, қарулас жолдастарының қайғылы қазасы да олардың жолына бөгеу болған емес…
ЕНЖАРЛЫҚ ПЕН ӨЗIМШIЛДIК
Ендi сол 1945 жылдың сәуiр айына ойша ойысайық. Ағылшын-американ әскерi нацистiк екiншi бiр өлiм лагерi — Бухенвальдқа 25-30 шақырымдай жерге келiп тұрақтады. Майдан шебi болмады десе де артық емес. Өйткенi немiстер бар күштi орыстарға қарсы төгiп, батыс жақты жалаңаштап тастаған. Ал Бухенвальдқа таяу жерде, жаз шығып, тамылжыған күн нұры төгiлiп тұр…
Азаттық сәтiн асыға күткен бейбақтар бiреулер арқылы сәлемiн жеткiзсе де, неге екенi белгiсiз, ағылшындар мен американдықтар мiз бақпапты. Тiптi, “Көп ұзамай келемiз” деп те айтпаса керек. Күте-күте шаршаған лагерь тұтқындары немiс коммунисi В.Бартел жетекшiлiк еткен антинацистiк орталықтың басшылығымен көтерiлiске әзiрлендi. Бiр жақсысы, жас та еңгезердей күзетшi-эсэсшiлер соғыстың аяғына таман Шығыс майданға жөнелтiлген едi. Олардың орнын басқан елу-алпыс жастағы вермахттың (немiстiң құрғақтағы қарулы күштерi) мосқал сарбаздары қатаң күзеттен гөрi әскери мiндеттен босауды аңсады. Ақыры алдын ала жасырын қару қорын жинаған тұтқындар 11 сәуiр күнi көтерiлiске шықты. Кек пен ашу-ыза бойларын кернеген тұтқындардың соққысына там-тұм қалған эсэсшiлер болмаса, алдыңғылары көп тiреспестен қаруларын тастады. Итқорлығы жандарына батқан жекелеген жендеттерден өзгесiн, жеңiмпаздар жазалаған да жоқ…
Арада санаулы күндер өткен соң, ағылшындар мен американдықтар да келдi. Оларға қолға түскендердi табыс еткен бұрынғы тұтқындар елiне жетуге асықты. Рас, одақтастар да арып-ашыған жандарды көп ұстамады. Тергеп-тексергеннен кейiн қоя бердi. Сан алуан ұлт өкiлдерi нөпiр-нөпiрiмен қасiрет қақпасынан сыртқа шығып, түрлi бағытқа қарай жол тартты.
Күнi бүгiнге дейiн түсiнiксiзi сол, неге одақтастар ажал құрсауындағы жандарды азат етуге асыққан жоқ? Бұл не? Ерен енжарлық па, әлде өзiмшiлдiк пе?!…
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында нацистiк Германия мен ол басып алған мемлекеттердегi 11 iрi өлiм лагерi мен олардың сансыз көп бөлiмшелерiнде (мәселен, Бухенвальдта-Дора, Освенцимде-Биркенау, т.б.) 20 млн.-нан астам мұңлық азап шектi. Солардың 11 миллионы ажал тапты. Тек ең үлкен өлiм орны — Освенцимде толық емес деректерге қарағанда, 4 миллионнан астам адам өлтiрiлген. Қазiр сол өлiм лагерлерiнiң бәрi дерлiк сақталған, ашық аспан астындағы мұражай iспеттес. Оларға жыл сайын миллиондаған адамдар келедi, спектакльдер қойылып, фильмдер түсiрiледi.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында орыс сардары Александр Соболев Бухенвальдта болып, терең әсерге бөленiптi. Соның ықпалымен жыр шумақтарын жазса керек. Баспасөзде жарияланған оның өлеңiне көзi түскен сол кездегi танымал сазгер Вано Мурадели бiрден аталған туындыға ән шығарыпты. “Бухенвальд дабылы” атты бұл әндi күштi даусымен жалғанның жалпағына шығарған жас дарын — Муслим Магомаев едi.
Серiк Ықсанғали