Жаңалықтар

ТЕКЕЛIДЕГI ЗIЛЗАЛА

ашық дереккөзі

ТЕКЕЛIДЕГI ЗIЛЗАЛА

Алматы облысының әкiмдiгi өткен сенбi күнi Текелiде болған 6-7 балдық жер сiлкiнiсiнен құлаған үйлер мен адам шығыны болды деген ақпараттың жалған екендiгiн айтады.

Сейсмикалық ғылыми зерттеу институтының мамандарынан құралған комиссия бүгiнгi күнi қабырғалары мен төбелерi, терезелерi және шатырлары зақымданған тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды анықтап жатыр. Тұрғындар арасында құрбан болғандар мен жарақаттанғандар болған жоқ.

Қазiр жер дүмпуi зардаптарын жоюға жергiлiктi билiк барлық күштердi жұмылдыруда. Дүйсенбi күнi облыс әкiмi Серiк Үмбетов зiлзала болған аймақты аралап көрiп, тиiстi басшыларға жедел шаралар қабылдау жөнiнде тапсырмалар берген едi. Сонымен қатар, текелiлiк тұрғындарды сабырға шақырып, зардап шеккендердiң ешқайсысы да назардан тыс қалмайтынын, арнайы комиссия қорытындысынан кейiн қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлетiнiн айтқан болатын.

Облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Амандық Баталовтың төрағалығымен зiлзала зардаптарын жою бойынша штаб құрылып, қазiр он бес адамнан құрылған жұмыс тобы келтiрiлген шығынды анықтауда. Амандық Ғаббасұлының айтуынша, әзiрге болжамды есеп бойынша зақымданған ғимараттарды қалпына келтiру үшiн 250 миллион теңгеге жуық қаржы қажет деп отыр. Тиiстi қаражат облыстық бюджеттен бөлiнетiн болады.

Айтарлықтай зақымданған ғимараттардың денi өткен ғасырдың елуiншi жылдары тұрғызылған, олардың қатарында №1 орта мектеп, қарттар үйi, сегiз пәтерлiк үш үй бар. Мамандардың сараптауынан кейiн қандай нысандарға күрделi жөндеу, қайсысына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргiзiлетiнi, қайсысының жарамсыз деп танылатыны анықталмақ.

Бүгiнге дейiн штабқа зiлзала зардабына байланысты 250 адамнан өтiнiш келiп түскен. Облыс басшысының шешiмi бойынша қазiр тұруға қауiптi саналатын үйлердiң тұрғындары қаладағы коммуналдық меншiктегi үйлерге көшiрiлетiн болады. Ал әзiрше олар қонақ үйлер мен жатақханаларға орналастырылды.

Облыс әкiмдiгi аппаратының қызметкерлерi алғашқы болып текелiлiктерге көмек көрсету үшiн ашылған есеп шотқа бiр күндiк жалақыларын аударды.

Зiлзаладан зардап шеккендерге жәрдемдесуге шақырамыз.

Есеп шот № 004700801

Талдықорған қалалық филиалы Текелi бөлiмi

“БТА Банк” ААҚ

БИК 194101303

РНН 531500001296

КБЕ 18, КНП 840

ҚБ “Движение поколение”

Алматы облысы әкiмiнiң баспасөз қызметi