Жаңалықтар

РЕСЕЙДIҢ АЙМАҚТЫҚ ЛИДЕР БОЛУЫНА ҚЫТАЙ КЕДЕРГI МЕ?

ашық дереккөзі

РЕСЕЙДIҢ АЙМАҚТЫҚ ЛИДЕР БОЛУЫНА ҚЫТАЙ КЕДЕРГI МЕ?

Маусымның 16-сында Екатеринбургте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердiң саммитi аяқталды. Саммитке ұйымға мүше 6 мемлекеттiң (Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан және Өзбекстан) лидерлерiмен қоса, Ауғанстан мен Пәкiстанның президенттерi және Үндiстанның Премьер-министрi, Моңғолияның ресми өкiлi келдi.

Саммитке өзек болған мәселелер — терроризм мен экономикалық дағдарыс болды. Ресей президентi Дмиртий Медведевтiң рубльдi аймақтық резервтi валюта ретiнде енгiзу жөнiндегi ұсынысын ұйымға мүше елдердiң лидерлерi тым қолдай қойған жоқ. Ал, Қытай лидерi Ху Цзинь Тао: “Ұйымға мүше мемлекеттердiң әрқайсысына 10 миллиард доллардан қарыз беремiн” деп, ШЫҰ-ына мүше елдердiң валюталық қорын одан әрi нығайта түскендей болды.

Дмитрий Медведев саммитке қатысушыларға жаңа валюта қоры ретiнде Ресейдiң рублiн тықпалап, олардың батасын алуға бiраз тер төккенге ұқсайды. Бiрақ, ШЫҰ-ына мүше әрiптестерi оның бұл пиғылына оң қабақ таныта қоймапты. Оған алғашқылардың бiрi ретiнде Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев қарсылық бiлдiрген.

— Әлемдiк қаржы жүйесi күрделi реформаны талап етiп тұр. Бiрде-бiр мемлекет жалғыз өзi проблемасын шеше алмайды. ШЫҰ-ына мүше елдер арасында бiрыңғай есептiк көрсеткiшiн енгiзудi ұсынамын. Ал, әлемдiк валюта қоры ретiнде бiр ұлттық валютаның жұмсалуы — тиiмсiз. Бұл тек бiр мемлекетке ғана тиiмдi, қалғандары тек қана ұтылады. Сол себептi де, бiзге аймақтық валюта керек, — дедi Қазақ мемлекет басшысы.

Ал, ШЫҰ-ның қалған мүшелерi әңгiменi басқа жаққа бұрып кетуге тырысты. Мысалы, Қырғыз президентi Ауғанстан мен Пәкiстан арасындағы қақтығысқа алаңдайтынын бiлдiрсе, Тәжiк президентi мақта мен алюминий бағасының арзандап кеткенiнiң Тәжiкстан бюджетiне кәдiмгiдей зардабын тигiзiп отырғандығын айтты. Қытай басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң әрқайсысына 10 миллиард доллар қарыз беретiндiгiн мәлiмдеп, дағдарысты жеңуге қандай да бiр әрекет ету қажеттiгiн сөз еттi.

Саммиттiң қорытынды құжатында жаңа аймақтық валюта қоры жайында ештеңе айтылған жоқ. Дегенмен, қорытынды баспасөз-мәслихатында Д. Медведев доллардың өз қызметiн атқара алмай отырғандығын айтып, бұның соңы жаңа валюта қорын жасақтауға алып келетiндiгiн мәлiм еттi.

Әрине, Ресейдiң аймақтық көшбасшы болуға деген ұмтылысын осы бiр ыңғайынан-ақ байқауға болады. Дегенмен, миллиард халқы бар, азулы Қытайдың бұған дес берер түрi көрiнбейдi. ШЫҰ-ға мүше елдерге 10 миллиард доллардан ұсынуы осының айғағы.

Есенгүл Кәпқызы