Жаңалықтар

САЙЛАУДА АХМАДИНЕЖАД ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI

ашық дереккөзі

САЙЛАУДА АХМАДИНЕЖАД ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI

Иранда өткен президенттiк сайлауда елдiң орталық сайлау комиссиясы Ахмадинежадты жеңiскер ретiнде атады. Алайда, оппозиция өкiлдерi мен қарсыластар пiкiрi кереғар. Дауыс беру қорытындысына риза еместердiң 24-i билiкке өкпе айтам деп жүрiп оққа ұшты, ал жараланғандар саны одан әлдеқайда көп.

2009 жылдың 12 маусымында Иранда оныншы рет президенттiк сайлау өттi. Сарапшылар пiкiрiнше, 46 млн. 200 мың сайлаушының 85 пайызы қатысқан бұл сайлау — Иран тарихындағы ең iрi сайлау. Саяси додаға тiркелгендер арасында Мир-Хусейн Мусави, Мехди Карруби, Мухсин Резайи мен сайлауға дейiнгi президент Махмуд Ахмадинежад болған едi.

4 жылдық мерзiмге сайланатын Иран президентi елдiң атқарушы билiгiнiң басшысы болып табылады. Президенттiк мiндеттi екi мерзiмнен артық орындауға құқы жоқ. Негiзi құжат жүзiнде мемлекет жетекшiсi — Жоғары басшы. Үкiметтi басқаратын Президент үкiмет мүшелерiн бекiтпес бұрын алдын ала Парламентке ұсынуы тиiс. Сондай-ақ, президент Жоғары ұлттық қауiпсiздiк кеңесiнiң жетекшiсiн, басқа да бiрқатар органның басшыларын, провинциялардың губернаторларын және шет елдердегi төтенше және өкiлеттi елшiлердi тағайындауға құқылы. Есесiне, әскерилер мен полицияға, Конституция сақшыларының кеңесiне, Сарапшылар кеңесiне президенттiң сөзi жүрмейдi. Ал президенттiкке үмiткердiң аты-жөнi Конституция сақшыларының кеңесiнде алдын ала бекiтiлуi мiндеттi. Оны қызметтен шеттетуге Жоғары басшының ғана құқы бар, онда да сот шешiмiне сәйкес немесе парламентарийлердiң тең жартысынан көбi Жоғары басшыға президенттi отставкаға жiберу жөнiнде өтiнiш айтуы қажет. Сайлау барысында президенттiкке үмiткер айқын басымдықпен жеңiске жетсе ғана таққа отырады. Керiсiнше болған жағдайда, келесi аптаның жұмасында дауыс беру процесi қайталанады. Екiншi кезеңде алғашқы додада көп дауыс жинаған екi үмiткер сайысқа түседi. Егер олар қайта жарысудан бас тартса, олардан кейiн тұрған екi үмiткер бақ сынасуға құқылы.

Сонымен, Ирандағы 2009 жылдың 12 маусымында өткiзiлген президенттiк сайлауда 62,6 пайыз дауыс жинаған Ахмадинежад жеңiске жеттi. Алайда, ресми деректер бойынша 33,75 пайыз дауыс жинаған консерватор президент Мир-Хусейн Мусави мен дауыс беру процесiне наразы оппозициялық партиялардың өкiлдерi сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартып, заңсыз шеру өткiзгендерi үшiн абақтыға қамалды. Бейресми деректер ұсталғандар арасында экс-президент Хатамидiң ағасы да барлығын айтады. 20 күнге созылған үгiт-насихат жұмыстарынан кейiн басталған сайлауда Иранның Жоғары басшысы Аятолла Али Хаменеи Ахмадинежадты қолдайтынын бiлдiрдi. Бiрақ 16 маусым күнгi оқиғадан кейiн дауыс беру барысында кеткен заң бұзушылықтардың бар-жоғын анықтауға нұсқау бердi. Ал оппозиция өкiлдерi “насихат жүргiзу кезiнде Ахмадинежад елге 50-100 мың туманнан таратты, сайлаушылар дауысын сатып алды” деп айыптады. 50, 100 мың туман 50, 100 АҚШ долларына тең. Иран үкiметiнiң ауыл тұрғындарына 400 мың тонна картоп таратуы да халық арасында “картоп саясаты” деген сынға ұшырады. Ахмадинежадтың 24 мамыр мен 12 маусым аралығында Мир-Хусейн Мусави үгiт-насихат жұмыстарына кеңiнен қолданған әлеуметтiк интернеттiк жүйенi жауып тастауын да көпшiлiк қолдай қойған жоқ.

Бiрiншi ерекшелiк: Сайлауға үмiткерлер ел тарихында алғаш рет тiкелей эфир арқылы пiкiрсайысқа шықты. Мусави мен Ахмадинежад арасында өткен телесайыста Ахмадинежад “Мусавидiң жұбайы докторлық лауазымға ешқандай сынақ тапсырмай-ақ қол жеткiздi” десе, Мусави “iшкi саясатты көрегендiлiкпен жүргiзу қолыңнан келмей отыр, ел беделiне нұқсан келтiрiп жатырсың, диктаторлық тәсiлдi қолданасың” дедi. Телесайыстан кейiн ирандық заңгер Немат Ахмади Ахмадинежадты Конституцияға қайшы әрекеттерге барды деп айыптап, оны үмiткер ретiнде тiркеуден шығаруды талап еттi. Пiкiрсайыста Ахмадинежад өзiне дейiнгi президенттер — Хашеми мен Хатами жүргiзген саясатты сынға алған. Осыдан кейiн Иранның Мақсат кеңесiн басқарып отырған Хашеми мемлекеттiк телеарнаның тiкелей эфирiнен өзiнеуақыт бөлуге өтiнiш бiлдiрiп, Ахмадинежадты телесайысқа шақырды. Ал арада екi күн өткенде Ахмадинежадтың үстiнен сотқа шағымданды. Ал сайлаудан кейiн наразылығын бiлдiру мақсатында өз еркiмен отставкаға кеттi. Қарсылыстарының сынына шыдамаған Махмуд Ахмадинежад та телеарнадан қосымша уақыт бөлудi сұрап, оның өтiнiшi қанағаттандырылды.

Екiншi ерекшелiк: үмiткерлер ел тарихында алғаш рет өздерiне ұнайтын түстi таңдады. Мысалы, Мусави — жасыл түстi, Карруби — ақ түстi. Әсiресе, консерваторлар тарапынан қатты қарсылыққа ұшыраған түс таңдауды ирандық бұқаралық ақпарат құралдарының кейбiрi посткеңестiк елдердiң кейбiрiнде болған “түрлi-түстi төңкерiстермен” салыстырған мақалалар кездестi. Сарапшылар қауымы қарсылықтың ықпалынан Ахмадинежад бастапқыда насихат жұмыстарына пайдаланған қызыл түстен кейiн айнып қалғанын айтады.

5 маусымдағы теледебаттан кейiн Мусавидiң жақтастары Каррубидiң үйiнiң алдына келiп, оны үмiткерлiктен бас тартуға, Мусавиге қолдау көрсетуге шақырды. Консерваторлар мен реформистер қауымы мусавишiлердi дауыс беру кезiнде Украина мен Грузиядағы сияқты төңкерiс ұйымдастыруға дайындалып жатыр деп кiнәлады. Ал 7 маусым күнi Карруби мен Ахмадинежад жақтастарының арасында қақтығыстар болды. Мұндай тәртiп бұзушылықтар сайлау қорытындысынан кейiн елдiң барлық аймағында бiрнеше күнге жалғасқан едi.

Үшiншi ерекшелiк: сайлаудан кейiн бiрнеше рет қайталанған наразылық шаралары 1979 жылғы Төңкерiстен кейiнгi ең iрi шара ретiнде аталды. Орталық сайлау комиссиясы Ахмадинежадты жеңiскер деп жарияласымен-ақ, Мусавидiң жақтастары “Диктаторлық жойылсын!”, “Диктаторға — өлiм!” деген ұрандармен көшелерге ағылған. Полиция соңы жаппай тәртiпсiздiкке ұласып кетiп жатқан бейбiт шерулердi таяқпен, көзден жас шығаратын газбен аяусыз таратып отырды. Мусавидiң 15 маусымда Тегеранда сайлау қорытындысына наразылық бiлдiру шарасын өткiзуге қатысты айтқан өтiнiшi қанағаттандырылған жоқ. Бiрақ соған қарамастан, мыңдаған адам сол күнi Тегеран мен елдiң басқа да iрi қалаларында жасыл жалауларын желбiретiп, наразылықтарын бiлдiрдi. Елдегi саяси белсендiлiктiң шарықтау шегi кешке бiлiндi: Тегерандағы шерушiлер саны 100 мыңға жеттi. Полиция жиналғандарды күштеп тарату мақсатында таяқпен бiрге қару қолданды. Сол күнi бiр адам мерт болса, келесi күндерi тағы да 23 адам полиция қолынан қаза тапты. Ашынған шерушiлер наразылықтарын ел сыртында бiлдiруге көшiп, Париж, Амстердам, Лондон, Берлин, Римдегi Иран елшiлiктерiнiң алдында наразылық шерулерiн өткiздi. Ирандағы бiрқатар интернет сайттары билiктiң пәрменiмен қайта жабылды.

Иранның халықаралық саясаттағы басты қарсыласы — АҚШ сайлау қорытындысына күмән келтiрiп отыр. Ал Еуропалық Одақ ирандық оппозициялық күштердiң дауыс беру барысында жол берiлген заң бұзушылықтар мен полиция тарапынан қару қолданғанына алаңдаулы. Ресей “Ахмадинежад президенттiктiң екiншi кезеңiнде халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастықта түсiнiстiк пен кемеңгерлiкке арқа сүйейдi деп сенгiмiз келедi” дедi. БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнде ядролық бағдарламасы әлем қарсылығына ұшыраған Иранды Қытаймен бiрге жиi қорғаштайтын Кремль мәлiмдемесiнiң астарында саяси сарын бары анық: “сен — маған, мен — саған”. Ирандық сайлаудан кейiн сөз алған Израиль халықаралық қауымдастықты ядролық қуатын арттыруға күш салған Иранға қарсы тұруға және әлемдегi лаңкестiк әрекеттердiң түбiрiне балта шабуға шақырды. Ахмадинежадты жеңiсiмен құттықтаған Сирия екi ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға сенiмдiлiгiн бiлдiрдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ