Жаңалықтар

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

ашық дереккөзі

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

25. Жаңаөзен көтерiлiсi. 16-19 июнь, 1989 жыл

24 июньде Жаңаөзен қалалық партия комитетiнiң кезектен тыс пленумы болды. Пленумда ұйымдастыру мәселесiн қарады. Өз өтiнiшi бойынша Е.Күмiсқалиевтi қызметiнен босатып, қалалық партия комитетiнiң бiрiншi секретары етiп бұрын “Тенгизнефтегаз” өндiрiстiк бiрлестiгi бас инженерiнiң орынбасары Р.Т.Шырдабаевты сайлады. Сайлау жабық әрi жасырын дауыс беру жағдайында өттi. Сол аптаның сенбi күнi Жаңаөзен қалалық Советiнiң кезектен тыс ХI сессиясы болып, ұйымдастыру мәселесi қаралды. Сессия өз өтiнiшi бойынша А.В.Куричевтi қызметiнен босатып, ашық дауысқа салу барысында қалалық сүт зауытының директоры Д.Жұмашевтi қалалық Советi Атқару комитетiнiң председателi етiп сайлады.

“Қазақстан Компартиясы Жаңаөзен қалалық комитетi мен халық депутаттары қалалық Советi Атқару комитетiнiң Информациялық бетшiсi. 1989 жыл, июнь. №18

Қымбатты жастар!

Жаңаөзен қаласындағы оқиғалар көп ұлтты республика жұртшылығының жанына батады. Бұған қандай жағдайлар әсер еттi? 16 июнь күнi басталған қоғамға жат көрiнiстер бiрте-бiрте етек алып, көпшiлiк қатысқан тәртiпсiздiктерге ұласты. Таспен, темiр сынықтарымен, таяқпен қаруланған қазақ жастары көше бойын қаптап кеттi. Олар партия, совет және право қорғау органдары өкiлдерiнiң сөздерiне құлақ аспады. Бұл тәртiпсiздiк iс-әрекеттер 18 июнь күнi кешке қарай асқына түстi. Тәртiпсiздер тобы жолында кездескендердi қирата бастады. Тұрмыс қажетiн өтейтiн 9 орын, 18 дүкен, 3 кафе, 18 ларек зиянға ұшырады. 6 автомобиль өртелдi. Қақтығыс кезiнде 40 адам жараланды. 3 қазақ, 2 лезгин қаза болды.

Қауiпсiздiк күштерi бөлiмдерiнiң қызметi нәтижесiнде өрт қою тыйылды. Кей жерлерде жанармай құйған шөлмектер, қолдан iстелген жарылғыш заттар ұсталды. Тәртiп бұзушылардың ең белсендiлерi қолға түстi. Өкiнiшке орай, бұл жағдай басқа елдi-пунктерде де байқалды. Милиция бөлiмшелерi Ералиев, Құлсары, Маңғышлақ темiржол станциясындағы кеңсе үйлерiн қиратқан жүгенсiздiктердi тоқтатты. Қазiр осындай келеңсiздiктердi туғызған себептердi зерттейтiн Үкiмет комиссиясы жұмыс iстеп жатыр… “

Бұл қала тұрғындарына таратылған ресми хабар. Айы бар да, нақты күнi көрсетiлмеген. Сонда мұны қай кезде дайындаған? Бұрынғы басшылардың тұсында ма, жоқ әлде кейiнгiлердiң бе? Белгiсiз.

Информациялық бетшеде “көтерiлiс” деген сөз атымен жоқ. “Қоғамға жат көрiнiстер” деп бағаланған. Бұл орын алған жайдың саяси мәнiн төмендету. Қақтығыста көрсетiлген жараланғандар саны да бергi есеп. Көз көргендердiң айтуына қарағанда, милиция қамауына алынып, тiзiмiне iлiнгендер мен ауруханаларға түскендер ғана. Ал үйлерiнде жатып, жарақаттарын жасырын емдеткендер қаншама. Көтерiлiстен кейiн бас, бүйрек, өкпе, бауырлары ауруларынан жылдар бойы азап шеккендер аз болған жоқ.

Билiк бетшеде шындықты бұрмалап қана қоймай, қала халқын жаза қолданумен қорқытып, үркiтуге тырысқан. Бiрақ күнi өткен ескi тәсiлдiң керiсiнше отқа май құйғаннан басқа пайдасы болған жоқ. Қоян-қолтық шайқаста, қан көрген адамдардың ақыл, сабырдан гөрi ашу-ызаға, қайнаған кекке бой алдырып, делебелерi қозып кететiнi бесенеден белгiлi жай. Бетшедегi “тәртiпсiздер, жүгенсiздер” сөздерi, аузы ашылған жараға тұз сепкендей жастарды бұрынғыдан да бетер ашындыра түспесе, сабырға шақырмағаны анық.

Иә, қай кезде де қоғамдық тәртiп, тыныштық керек-ақ. Бiрақ кiмдердiң мүддесi үшiн? Қала тұрғындарының тұрмыс-тiршiлiгiне басын ауыртпайтын басшылардың ба, жоқ әлде солармен ауыз жаласып, жаһанды жалпағынан басып, бiлгенiн iстеп жүрген келiмсектердiң бе? Өз ұлтына жандары ашымайтын басшылардан, дандайсыған келiмсектерден не қайыр, не үмiт? Жұмыссыздықтан күн көрiстерi әбден тұралаған тұрғындардың көздерiне күйiк болып көрiнген келiмсектердiң қымбат тауарларымен көз жауынын алған дүкендерi, ларектерi, кәуеп иiстерi мұрынды жарған кафелерi неге қажет? Басшылар үшiн жергiлiктi тұрғындардың бәрiне бас иiп, көнiп, ауыздарын жауып отыра бергендерi қоғамдық тәртiптiң сақталғаны екен де, ең соңғы үмiтпен көшеге шығып, талаптарын ерiксiз ашу-ызамен бiлдiргендерi жүгенсiздiк болады екен ғой. Жоқ. Түптеп келгенде жаңаөзендiктер, СССР Мұнай өнеркәсiбi министрлiгiнiң және солардың алдында жергiлiктi халықтың мүддесiн айтып, қорғай алмаған қала басшыларының қателiктерiн осылай ең соңғы шешiм көтерiлiспен түзетуге мәжбүр болды.

Қаладағы политехникалық техникумның оқытушысы, ұлты лезгин А.Ахметов: “Он жылдан берi осы қалада жұмыс жасаудамын. Бұрын мұндай жағдай болады екен деп үш ұйықтасам да түсiме кiрмейтiн. Қаладағы жүгенсiздiк жекелеген бұзақы топтардың әрекетi. Мына екi қазақ жолдасым жұмыстан кейiн үйге жеткiзiп тастау үшiн ерiп келедi. Соққыға жығар деген қорқыныш сезiмi жергiлiктi тұрғындарды да, кавказ ұлт өкiлерiн де жаулап алған. Ал Дағыстанға қайтқанымда жұмыс пен пәтердi маған кiм бере қояды?”, – дейдi.

Он, он бес жылдан берi, өз жерiнде пәтер ала алмай, табанынан тозып, жүрген қазақтардың қырық жаны бар дей ме екен. Ахметов шын жанашыр болса, көтерiлiсшi жастарды “бұзақы” деп бұра тартпай, құдайшылығын неге айтпаған? Өйткенi келе салып баспаналы болған жан қазақтың үйсiз, күйсiз жүрген жан азабын, тұрмыс тауқыметiн түсiндi дейсiз бе? Әй, қайдам! Қалай айтқанда да оның сөзi шынайы достықтың сөзi емес.

Маңғышлақ монтаждау-үйлестiру басқармасының учаске бастығы А.Чуев: “Проблемалар жеткiлiктi. Оның түп төркiнi адамдарға тұрмыстық жағдайдың жасалмауында, әлеуметтiк әдiлетсiздiктiң сақталмауында. Бiздiң адамдардың наразылығын туғызуға себепшi болып отырған жай – ешбiр өнiм өндiрмей-ақ базарлар мен дүкендердегi заттарды алып-сатарлық бағамен өткiзетiн кооперативтер болып отыр. Соңғы кезде қаламызда олардың саны көбейiп кеттi.

Бiзде қазiрдiң өзiнде 500 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге болады. Ол үшiн жерiмiзде бос жатқан ұлутастарды өндiретiн кооперативтердi құру керек. Адамдар кезiнде осы мәселенi көтерiп, ұсыныс жасады, талап та бiлдiрдi. Алайда қала басшылары олардың бұл инициативасына қолдау көрсеткен жоқ. Ал құрылыс үшiн мұндай материалға деген зәрулiк өте күштi”.

Чуев ұлты орыс болса да, наразылықтың өзi бiлетiн себебiн ашып айтқан. Ал қаладағы бар шикiзат көзiн жұмыс орнына айналдыра алмаған басшыларға не дерсiң. Жоғарыдағы екi мысал тiлшi К.Мырзағұловтың “Коммунистiк еңбек” газетiнiң 23 июнь күнi жариялаған ақпаратынан алынды.

1989 жылы Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi секретары Г.В.Колбин Гурьев облысынан СССР Жоғарғы Советiне депутаттыққа кандидат етiп ұсынылған. Март айының басында облыста болып, сайлаушылармен кездеседi. Олар республиканың бiрiншi басшыларына өздерiнiң проблемаларын толық жеткiзiп, оң шешiмiн күткен. Ал оның облысқа келiп төбе көрсетiп, жұртты құрғақ уәдеге тойдырғаны болмаса, қол ұшын берген түгi жоқ.

Одақтық ақпарат құралдары арасынан Жаңаөзендегi ащы шындықтың бетiн ашқан “Литературная газета” болды. Кезiнде Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсiн “нашақорлардың”, “бұзақылардың”, “маскүнемдердiң”, “ұлтшылдардың” лаңы деп басқа басылымдармен жарыса жазған газет, ендi нелiктен Жаңаөзеннiң шындығын жаза қалды. Өйткенi, әлем жұртшылығы түгiлi Одақтас республикалардың халықтары жалған ақпараттарымен сендiре алмады. Тағдырлас ұлт республикалары тоталитарлық жүйенiң орыстандыру, аға ұлттың айтқанына көнiп, айдағанымен жүру, өзiндегiнi қаптап берiп, одан үлесiн дорбалап қана алатын қысымына әзер шыдап отырған. Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн Мызғымас Одақтың iшiндегi ұлтаралық ахуал шиеленiсiп кеттi. Әсiресе, Бүкiлодақтық ХIХ партконференциясынан соң жазушылардың аталмыш органы жалған ақпараттармен жауырды жаба тоқудың абырой әпермесiн бiлдi. Газеттiң меншiктi тiлшiсi А.Самойленко 1989 жылы 28 июньде “И опять комендантский час” атты мақаласын жариялады.

“… Что касается “национализма” казахов Нового Узеня, утверждаю с полной ответственностью: этого детонатора в городе не было. Местные жители не менее интернационалисты, чем весь казахский народ. Перед войной и в военные годы он спокойно и доброжелательно принял не своей земле сотни тысяч немцев, корейцев, выходцев с Кавказа, представителей других наций, ставших жертвой репрессивной сталинской нацполитики. Весь мир знает, что в годы освоения целины, природных богатств республики сюда эшелонами прибывали русские, украинцы, белорусы… Позволительно ли сейчас столь легко бросаться “национальными” оценками случившегося?! Тем более что такой подход к событиям в Новом Узене ничего не объясняет. В самом деле, какой здравомыслящий человек поверит в то, что казахи ни с того ни с сего в одночасье вдруг невзлюбили “лиц кавказской национальности” – такая формулировка получила хождение в республике в первые дни конфликта.

Но, как сообщили газеты, митингующие в ультимативной форме требуют убрать из города выходцев с Кавказа. Новоузеньский аэропорт забит женщинами, детьми. По данным на 21 июня, на Кавказ выехало более 600 человек. С каждым днем это цифра растет. Что же это, если не “межнациональный конфликт”?

… Чтобы понять, надо знать, что такое Новый Узень. Он достаточно типичен для поселений, созданных добывающими ведомствами при месторождениях. Городу всего двадцать лет. В нем проживает 56 тысяч человек. Стоит этот город на перекрестье всех ветров в самом центре пустынного полуострова Мангышлак. Из валютной реки нефтедолларов казахам Мангышлака не досталось ни капли, ни цента. Все во благо народа вообще, государства в целом.

… А Миннефтепром наладил в район Нового Узеня десанты вахтовиков из Баку, Грозного, Махачкалы, россиских городов – не надо строить ни роддомов, ни кладбищ. Прилетят спецы на крыльях длинного рубля на пару недель, перебьются в вагончиках – и домой. На подобных принципах рождался город. Квартиры доставались приезжим. Должности – им. Продукты, вещи, мебель, медицинское обслуживание – все им. А местным – крохи от щедрот Миннефтепрома.

Нашим министрам и в голову не приходило, что добывать нефть, уголь, рубить леса – это значит заниматься политикой, идеологией, межнациональными отношениями. “Мы – добытчики, хозяева и скважин, и города, кого нам надо – привезем, кого хотим – поселим, кого желаем – того примем на работу”.

… Крайняя социальная ожесточенность – вот причина волнений в Новом Узене. Естественно, что мишенью кризиса оказалось социальное сословие, нажившееся на бедах простых людей – торгаши, кооператоры, распорядители дефицита. А среди них оказалось немало выходцев с Кавказа… Теперь, в крайнем возбуждении, столкнувшись “стенка на стенку”, одни кричат: мы этот город построили! Другие отвечают: это наша земля!

“Хулиганствующая молодежь”, “бесчинствующие элементы”, “экстремисты”… А над митингующими кричат транспаранты: дайте жилье, работу, питание, справедливость… В коротком телеинтервью старый казах говорит о том, что между городами Шевченко и Новый Узень нет нормальной транспортной связи. Молодая женщина рассказывает, как невыносимо трудно найти работу. Мужчина лет сорока сообщает, что его семья ютится в каком-то углу, а в это же время другие люди роскошествуют в четырехкомнатных квартирах…

… А нам, журналистам, говорят: проанализировать, выявить, изучить… И у меня против воли мелькает мысль: сколько же еще городов и весей должно пройти через кровь, погромы, комендантский час, чтобы наши руководители на местах начали наконец “думать”, “анализировать”? Тяжелая мысль. Опасная. Мне, наверное, скажут: что же вы такое пишете? На что вы провоцируете людей?! Отвечу: провоцирую не я. Провоцируют недальновидные руководители, те, что годами безмятежно сидят в своих кабинетах, а потом, когда отчаяние, обида, гнев людей вспыхивают массовыми волнениями, они бросают туда мясо, консервы, сахар, а также – обратите внимание – минеральную воду!..”

А.Самойленко елдiң көкейiнде жүрген жайды қозғаған. Тек бiр-ақ сөздi iшiне бүгiп қалған секiлдi. “Жаңаөзен көтерiлiсi” деуге аузы бармапты. Көтерiлiске тән көрiнiстердi, қанды қақатығыстарды көре тұра “оқиға” деумен шектелген. Бәлкiм, түйедейдi түймедей етiп көрсететiн советтiк саясаттың ықпалынан шыға алмаған шығар. Дегенмен бiраз көкейкестi жайлардың бетiн ашқаны анық. Әсiресе, СССР Мұнай өнеркәсiбi министрлiгiнiң бюрократтық, шовинистiк әрекеттерiне батыл сын айтқаны көңiлге қонады.

Өткен ғасырдың сексенiншi жылдарының басындағы СССР Мұнай және газ өнеркәсiбiнiң министрi Владимир Григорьевич Чирсков пен соңындағы министр Леонид Иванович Филимоновқа, Жаңаөзен қаласы мен төңiрегiндегi елдiмекендерде бұрыннан тұрып жатқан жергiлiктi халық емес, мұнайы керек болды. Сол мұнайға өзiнiң жетi атасынан қалған дәулеттей иелiк еттi. Оның үстiне қазақтарға деген сенiмсiздiгi тағы бар. “Мал бағудан басқа қолдарынан ештеңе келмейдi”. Жер астындағы байлығын алып, өздерiне итке тастаған сүйектей болмашы қаржы бөлiп, тағдырдың талайына итере салды. Көнбiс халық бас көтередi деп әсте ойламаса керек.

Ең бастысы, Самойленко Жаңаөзендегi бұл қақтығыс қазақтардың ұлтшылдығынан емес, өз жерiнде адам секiлдi өмiр сүру үшiн және жер иесi ретiнде мұнайдан түсетiн иен байлықтан алатын сыбағасы үшiн туындап отырғанын ашып айтқан. Өйткенi Жаңаөзен бүкiл Маңғыстау түбегiнен өндiрiлген мұнайдың жартысын бередi. Оған дәлел де бар. Сол кездегi “Лениншiл жас” газетiнiң тiлшiсi Самат Ибраимов пен Қазақстан ЛКСМ ОК қызметкерi Мақсат Тәжiмұратовтың аталмыш басылымға жариялаған “Ашу және ақиқат” атты мақаласында нақты мысалдар келтiрген.

“… Маңғыстау түбегiнде жыл сайын 17 миллион тонна “қара алтын” өндiрiледi. Мемлекетке әр тоннасы отыз сом бағамен сатылады. Түбекте мұнайдың бiрде-бiр тоннасы өңделмейтiнi кiм-кiмге де белгiлi. Арзан бәсiмен сатқанның өзiнде былтыр “Мангышлакнефть” өндiрiстiк бiрлестiгi екi жүз миллион сом пайда келтiрдi. Оның бiрлестiкке отыз екi миллион сомы бөлiнген. Түбектегi iрi “Узеньнефть” мұнай-газ өндiру басқармасы былтыр 8,8 миллион тонна мұнай мен газ конденцатын, 2,2 миллион текшеметр газ өндiрген. Түскен табыс 110 миллион сом. Бұдан Жаңаөзен қаласының әлеуметтiк дамуына небәрi 3,5 миллион сом бөлiнген”. (14 июль, 1989 ж.)

Осы бөлiнген ақшамен қаланың қай жыртығын жамауға болады? Басқаны былай қойғанда, қаладағы су жүретiн жерасты құбырлары басқа қалалардағыдай он жылда емес, әр үш жыл сайын ауыстыруға тура келедi. Құбыр қанша сапалы болса да, одан арыға шыдас берген емес.

Республика жұртшылығы Жаңаөзен көтерiлiсiнiң толық шындығын 1989 жылы 30 июньде “Қазақ әдебиетi” газетiне жариялаған “Жаңаөзенде не болды?” атты мақаладан оқып бiлдi. Газет тiлшiсi Коммунар Табеевке Жаңаөзеннен жуырда ғана оралған жазушылар Әбiш Кекiлбаев пен Әнуар Әлiмжанов сұхбат берген.

“… Ә.Кекiлбаев: Ондағы айтылған әңгiмелер тақырыбы әралуан, әрқалай болғанымен мазмұны бiреу-ақ: қаладағы және оған жақын поселкелердегi әлеуметтiк-экономикалық жағдайлардың құлдырауы мен жекелеген адамдар тұрмысындағы қайшылықтардың өсуi. Мәселен, жасырып керегi не, қаладағы сауда нүктелерiнде, қоғамдық қызмет көрсету саласында, кооперативтер расында да көршi Кавказ қалаларынан келгендердiң ықпалы басқалардан гөрi ерекшелеу болған. Толық емес мәлiмет бойынша, қаланың барлық магазинiндегi 346 сатушының 102-сi, яғни әрбiр үшiншiсi – лезгин. Ал керiсiнше, мұнай кәсiпшiлерi, құрылыс объектiлерi, газ өңдеу орындары, ыстық күннiң астында, аптапта еңбек етiп жүрген жұмысшылардың арасындағы жағдай атымен мұндай емес. Еңбек бөлiнiстерiндегi мұндай теңсiздiк шағын қалада көзге бiрден көрiнбей ме? Экономикадағы, тұрмыстағы, саудадағы белең алған қиыншылықтардың кейбiр себептерiн жергiлiктi халықтың таулықтардан көруiнiң бiр ұшығы осында жатыр. Маңайындағы Теңге, Ескiөзен секiлдi елдiмекендердi қоса есептегенде Жаңаөзенде 55 мыңнан аса халық тұрады. Соның 25 мыңы қазақ, 9 мыңы орыс, 6 мыңнан астамы лезгин, 1700-i шешен, қалғандары әзiрбайжан, ингуш, украин, осетин, басқа ұлттың өкiлдерi. Ал, осылардың арасынан қазақ ағайындардың тiршiлiк тұрмысына назар аударып, зер сала зерттесеңiз, жүрегiңiз ауырады. “Осыларды осындай мүсәпiр күйге түсiрiп, бiрнеше ұрпақ алдында айыпкер болып отырған кiм?” деп ерiксiз ойлайсыз. Кiнәлiнi алыстан iздеп керегi де жоқ. Олар дәл iргеде самаладай жарқыраған кең де жарық жанға жайлы биiк үйлерде тұрып жатқан, тiкелей СССР Мұнай өнеркәсiбi министрлiгi мен ведомстволарына қарайтын өнеркәсiптердiң, мекемелердiң мүйiзi қарағайдай басшылары.

… Көшелерде топталып шыққан жастардың аузынан әншейiн былапыт дөрекiлiктердi емес, осындай ащы шындықтарды естiдiк. Әлдебiреулер айтқандай бұлар – маскүнемдер мен нашақорлар тобына ұқсамайды. Шарасыздықтан не iстерiн бiлмей, мұң-мұқтаждарын кiмге, қалай жеткiзудiң жолын таба алмай аласұрған қызуқанды жастар болатын.

Ә.Әлiмжанов: Ескiөзен поселкесiндегi бiр кездесуде 78 жастағы қария Ақдәулет Әбдiрахманов: “Соңғы жылдары бiздiң ауылға ат iзiн салып тұрған өкiл атаулының аузынан жылы сөз естiгенiмiз осы, шырағым” деп ағынан жарылғанда, қасымыздағы жергiлiктi партия, совет басшылары жерге қарады.

… Жүгенсiз кеткен алыпсатарлар мен кооперативтердегi алаяқтардың жергiлiктi халықты кенедей сорып келгенiн тiптi бүгiн естiген сыңайлы. “Олардың басқасын былай қойғанда, гүлдей үлбiреп, алақанымызға салып, мәпелеп отырған қыздарымыздың намысын қорлап, абыройын аяққа тастауға әрекет жасағанына күйiнемiз ғой”, – деп Ақдәулет ақсақалдың қаһарлана сөйлеуi бiле бiлген кiсiге көп жәйттiң сырын аңғартады. Жаңаөзен қаласындағы “Степные зори” кафесiнiң қожайындары кешкiлiк мезгiлде қазақ жiгiттерi қалыңдықтарымен сейiлдеп келе қалса: “Бикешiңдi қалдыр да, өзiң қайта бер”, – деп келемеждеуге дейiн барған. Мұндай өрескел қылық көрсету, айтыңыздаршы кiмнiң намысына тимейдi.

… Мәселен, 1987 жылы қаладағы елдiң жан басына шаққанда 51,4 кило ет өндiрiлген екен. Қайда сол ет? Әрине, сөре астымен кооперативтердiң қазанына барып түседi. Осыдан барып, тапшылық (дефицит) туындайды.

Ә.Кекiлбаев: Айқай-шусыз да принциптiлiк, салмақтылық таныту арқылы әдiлет талап етуге болады. Бiрақ көздерiн ашқалы адамгершiлiктiң асыл принциптерi бұрмаланғанын, ардың аяққа тапталғанын көрiп, парақорлық пен жұмыссыздықтың үстемдiгiн сезiнiп өскен жастардан саяси жоғары мәдениеттiлiк талап ету қалай болар екен? Ең әуелi жұмыссыз жүрген 586 ВЛКСМ мүшесi мен комсомол емес жүздеген жас жiгiттер мен қыздарды “борт сыртына лақтырып тастау” арқылы осы аймақтың ұзақ жылдық экономикасын жоспарлаған әкiмдерден саяси мәдениеттiлiк талап еткенiмiз дұрыс шығар. Иә, қылаяғы iшетiн суына дейiн Әмудариядан құбыр арқылы әкелетiн Жаңаөзеннiң кәсiпқой кадрлары да, кадр еместерi де, түгелге жуық басқа жақтан шұбырады. Мұның сырын кiм түсiндiредi? Қала салынған 25 жыл iшiнде жергiлiктi мұнайшы кадрларын осы жұмыссыз жасөспiрiмдерден даярлау мен оқыту iсi неге қолға алынбаған? Тiптi, жаңаөзендiк әйел-аналардың да қолынан келетiн тұрмыстық қызмет өтеу, жабдықтау, техникалық (еден жуу, түнгi күзет) сияқты жеңiл жұмыстардың иелерi де сырттан әкелiнетiнi қалай? Соқырға таяқ ұстатқандай айқын көрiнiп тұрған осы келеңсiздiктер үшiн жергiлiктi тұрғындар зардап шегуге тиiс пе? Осы кемшiлiктердi айтқандары үшiн, талап, тiлек бiлдiргендерi үшiн, көшеге шыққан жастарды “ұлтшылсыңдар” деп айыптау әдiлдiк пе? Жоқ! Ел iшiнде бiрер тентек кездескен шығар. Бiрақ жалпы халыққа ат қойып, ұлтшылдық айдарын тағу – асығыстық, әрi тым қауiптi қадам. Жергiлiктi жерлердiң экономикалық ресурстарын игеруде материалдық потенциалды ғана ескерiп, моральдық потенциалды ескермеу – әрқашан әлеуметтiк дағадарыстарға әкелiп тiрейтiнi заңды да.

Ә.Әлiмжанов: Бiр жылда жаңаөзендiктер мемлекетке тапсырмадан тыс 83 мың тонна мұнай және газ қоспаларын, 269 миллион текшеметр газ, тағы басқа шикiзат, құрылыс материалдарын бергенiн көпшiлiгiмiз бiле бермеспiз. Мiне, тапсырмадан тыс өндiрiлген осы өнiмдердiң өзiнен ғана мемлекет пайдасына 16,2 миллион сом ақша түсiптi! Ал жұтаған аймақ, шаңы бұрқыраған мұнайлы өлке, сол өлкенi мекендеген халыққа не қалды? Мәлiмет! Қағаздағы рапорт!”

Кекiлбаев пен Әлiмжановтың сол сұхбатынан асып не айтуға болады? Жаңаөзендегi өздерi көздерiмен көрiп, жүректерiмен сезiнген, қаны сорғалаған ащы шындықтың жалпы көрiнiстерi осы. Сол сұхбаттан кейiн басқа басылымдарға қойылған тосқауылдар мен сүзгiлер алынып, ақ пен қараны түстеп жазуға ерiк берiлдi. Ендi халықтан жасыратын ештеңе де қалмаған едi. Алайда, Әбiш Кекiлбаев бұл маңызды мәселеге араға аз ғана уақыт салып, қайта оралды. “Қазақ әдебиетi” газетiнiң сол жылғы 11 августтегi 32 санына “Әдiлет бар жерде, ынтымақ бар” атты айқара беттiк сараптамасы жариялады. Арыдан тартып, берiден қайырған қарымды қаламгер сол сараптамасында Жаңаөзендегi, тiптен бүкiл Маңғыстау түбегiндегi орын алған келеңсiздiктердi, солардың шығу себептерiн жiпке тiзгендей етiп тереңнен толғаған.

“… Қойған талабын орындауға жергiлiктi өкiметтiң дәрменi жетпейдi. Дәрмен жоқ өкiмет орнына ашуланса, право тәртiбiн бұзған боп шығады. Ал ол басқа жерлерде “әлеуметтiк шиеленiс” боп саналғанмен, ұлт аймақтарында әп дегеннен “ұлтшылдық көрiнiс” боп бағаланады”. Кекiлбаев анықтаманы дәл берген.

“… Жарайды, сирек мамандарға бөлекше жағдай жасалсын делiк. Ал сондай “ведомстволық элитаға” тiптi машинисткалардың, буфетшiлердiң, қоймашылардың iлiгетiнiн немен түсiндiруге болады? Бұл – алалаушылық. Әлгiндей құдiреттi министрлiктердiң жан-жақтан өзi жиып әкелетiн адамдарына бiр бөлек жағдай орнатса, ол iргесiнен табылып жатқан жаңа кен орындарына “өз аяғынан” iздеп келгендерге ондай жағдай жасалмайды. Олар бiр кезде мұндағы бастықтардың шарапатынан торығып, тапқан-таянғандарына өз күштерiмен салып алған тәпене лашықтарына әлi күнге дейiн жексенбiлiк жасап, күн кешiп жатыр. Ал көз алдарында осы заманғы жобамен салынған зәулiм қалалар бой көтеруде. Онда барып қызметке орналасу – қиынның қиыны. Бiрiншiден, әлгiндей жерқазбаларыңды “өз баспанаң бар” деп бетiне салық қылады. Ондайың болмаса, “пропискаға” тұрғызбайды. “Пропискасыз” ешкiм де қызметке алынбайды. Өлiп-өшiп жұмысқа тұрып алған соң да бес жылға дейiн үй алушылардың тiзiмiне кiргiзбейдi. Ал егер осы екi ортада әскерге кетсең, өз әкеңнiң әлгiндей жермешел баспанасына тiркемейдi. Өйткенi, ертең үйленiп, өз алдына тұрмыс құрып, үй сұрайды деп қорқады. Мұндай “ойдан шығарылған заңдардан” тұрғындардың тек бiр бөлiгi ғана, атап айтқанда тек жергiлiктi тұрғындар ғана зардап шегедi. Министрлiктер сырттан шақырып әкелгендерге үй де, күй де, жағдай да жасайды. Оны дәлелдейтiн заң да тауып алады”.

Неткен қорлық десеңiзшi.

“… Жатқа тiзгiн бермеңiз,

Жаламенен бас кетер”.

Қайран Бұқар жырау. Қазақтың күндердiң күнiнде осындай күй кешерiн қайдан бiлген. Патша бодан еттi. Сталин жалтақ еттi. Кемелденген социализмде де орекең өзiмен теңестiргiсi келмедi. Өз жерiмiзде өзiмiз өгейдiң күйiн кештiк. Келiмсектер жер сенiкi, ел сенiкi демедi. Заңмен де, заңсыз да билiктерiн жүргiздi. Әдiлдiктi талап етiп едiк, жала жауып жазалап, түрмеге тықты.

“… Ал бос тұрған орынды кез келген бастықтың бос жүрген кiсiге қия салуы қиын. Өйткенi, мұнда жалақысы аз қызмет жоқ. Сондықтан, “кетсе жақын адамға кетсiн” дейтiн психология содан өрбiген. Жер түбiнен адам тасу да содан шығады. Демек, мұндағы әрбiр жұмыс орны – шын мәнiндегi әлеуметтiк мүдделер тайталасының нысаны. Содан келедi де, әлеуметтiк әдiлеттiктiң бұзылуы шығады. Ол кейде право тәртiбiн бұзушылыққа ұрындырады. Жаңаөзендегi оқиға да дәл осындайдан өрбiген”.

Кекiлбаевтiкi шын жанашырлықтан шыққан әдiл сөз. Осы Жаңаөзен тақырыбына бiрқатар тарихшылар, философтар да жарыса мақала жазды. Солардың бiразы елге танымал ғалымдар. Көтерiлiсшiлердi қаралап, билiктiң қолшоқпары болды. Жәй бiреулер солай десе, өресi жетпеген ғой деймiз. Ал әлгiндей жандайшап, жалған ғалымсымақтардың фәлсапасына не айтуға болады? Солардың ар-ұяттары қазiр қалай мазаламай жүр? Әй, бiрақ, жалған ғалымсымақтарда ондай адамдық қасиеттер қайдан болсын.

Соқтасы солқылдатқан сыздауық жарылмай қоя ма. Жаңаөзен көтерiлiсi де солай болды. Күтпеген жерден басталып кеттi.

1989 жылдың 16 июнi. Кешкi сағат сегiз шамасында қала жастары әдеттегiдей бақтағы би алаңына жиналған. Көкiрегiн көтерiп жүретiн бiр кавказдық жiгiт алаң шетiнде тұрған талдырмаш бойлы қазақ қызын биге шақырады. Қыз билеуден бас тартқан. Анау өз жолдастарының алдында мерейiн үстем еткiсi келiп, қызды шапалақпен тартып жiбередi. Қыздың қасында тұрған қазақ жiгiтi намысқа шауып, таулыққа тап берiп, соққының астына алған сәтте, алаңдағы өзге кавказдықтар анаған болыспақшы болып тұра-тұра ұмтылады. Қазақ жiгiттерi де қарап қалсын ба, оларға қарсы шығады. Би алаңы қып-қызыл төбелеске айналып, айқай-шу көтерiледi. Қаланың милиция жасақтары да жетедi. Бiрақ төбелестi баса алмаған. Ашу-ыза кернеген қазақ жiгiттерi таулықтарды көше-көшемен қуалай сабап, дүкендерiн, дүңгiршектерiн талқандап, жеңiл көлiктерiн өртейдi. Төбелес түннiң бiр уағында зорға басылған.

Ертеңiне жастар қалалық Атқару комитетi үйiнiң алдына жиналып, рұхсат етiлмеген митингi жасайды. Хадиша деген әйел дауыс күшейткiш құралмен: “Қазақ жастарына жұмыс керек! Кавказдықтар Жаңаөзеннен тайып тұрсын! Қала басшылары бiздiң бұл талаптарымызды орындай алмаса, түгелiмен қызметтен кетсiн!” деген жастардың талаптарын жеткiзедi. Жастар осы талаптарын қала басшыларына бұдан бұрын жазбаша түрiнде табыс етiп, бiр айдың iшiнде орындалмаған жағдайда наразылық митингiге шығатындарын ескерткен.

Күн сәскеге таянғанда орталық көшенiң бiр жақ бетiне қазақтар, қарсы жақ бетiне кавказдықтар жиналып, тағы да төбелес басталады. Қоян-қолтық шайқаста екi таулық қаза болып, басқалары қашып жан сауғалайды. Ал кешке жақын қалаға жан-жақтан мұздай қаруланған әскерлер қаптап кеткен. Аспанда әскери тiкұшақтар пайда болып, қала тұрғындары сол түндi қорқыныш үрейден ұйқысыз өткiзедi.

18 июнь күнi жағдай бұрынғыдан да ушыға түскен. Қаланың Қаныш Сәтбаев атындағы көшесiнде, араларында ересектер бар қазақ жастары және қарулы солдаттар мен милиция құрамалары текетiресiп тұрады. Жастардың қолдарында таяқтар мен тастар.

Байбазар Ербақы: “Бiздiң жастар ендi солдаттармен текетiреседi. Олар қорқытпақшы болып аспанға оқ атады. Мұндай кезде олардың тәжiрибесi бойынша көтерiлiсшiлер жер жастануға тиiс. Бiрақ жаңаөзендiктер тiзе бүкпек түгiлi қасқайып солдаттардың өздерiне айбар көрсетедi. Ызаланған солдаттар тiке оқ атуға мәжбүр болады. Жараланғандар, тiптен өлгендер болғанымен, көтерiлiсшiлер қайтпайды. Жүздеген жаралылардың көбiсiн үйлерiне, ауырларын ауруханаға жiбередi. Түнде таулықтарды түгелдей жасырын түрде көшiредi”.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн,

Сағағы болат қылыштың,

Балдағынан сынған күн.

Махамбеттiң осы бiр толғауы тiл ұшына неге оралды? “Батырлық бiлекте емес – жүректе”. Арда ақынның осындай жырлары жүректерiне рух, күш-жiгер бермесе, өрiмдей жастар қарулы солдаттарға қарсы жүрiп, мерт болар ма едi.

“… Түске таман мектебiмiзде милиция қаптап кеттi. Әлдекiм листовка iлiптi. “Қазақтар азат болыңдар!” деген бұл листовка бүкiл қаланы дүрлiктiрдi. Листовканы жазған баланы да тапты. Iзбасаров деген оныншы сыныптың оқушысы екен. Апарып қалмады. Кейiн босатты да “оныншы сыныпты бiтiргiзбесiн” деген шешiм шығарды. Бiз Ш.Төлендиев екеумiз бұған қарсы болдық. “Егер нашар оқыса шығарайық” деп шешiмдi өзгерттiк”. (“Ана тiлiм – киелiм”. Алматы 2004ж. 214-215 бб.)

Үш күнге созылған қантөгiс көтерiлiсте қазақ жастары жан берiп, жан алды. Қоян-қолтық шайқаста таулықтардың екеуi қайтыс болды. Солдаттар мен милициялардың атқан оғынан үш қазақ жiгiтi мәңгiлiкrе көз жұмды.

Жаңаөзендегi көтерiлiстiң үш жылдығы қарсаңында журналист Ағиба Қатешованың “Жаңаөзен” газетiнiң 1992 жылғы 16 мен 23 маусымдағы сандарына “Адам тағдыры – ойыншық емес” атты көлемдi мақаласы жарық көрдi.

Жаңаөзен қалалық соты бес жiгiтке “көтерiлiстi ұйымдастырдың” деген айып тағып, Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң (ҚIК) 65 бабы бойынша әрқалай жылдарға бас бостандықтарынан айырған. Ағиба Қатешова облыстық халық сотының төрағасы Қ.Шауқаровтың көмегiмен сол сотталған жiгiттердiң қылмыстық iстерiмен танысыпты.

Айта кететiн тағы бiр жәй, жаңаөзендiктер қамаудағы көтерiлiсшiлердi босаттыруды талап етiп, күн сайын ереуiлдеп, митингiлер өткiзе берген соң, iстерiн қалалық соттың қарауынан тайсақтап, оларды бiр түнде облыс орталығы Гурьевке ауыстырған. Көтерiлiсшiлердiң iстерiн облыстық соттың қарағаны сондықтан.

Қойшығұл Бисеновке көтерiлiс кезiнде қаланың учаске милиционерi Б.И.Бугалдиновтi темiрмен ұрмақшы болды деген айып тағылған. Сол үшiн сот оны үш жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға үкiм шығарады. Ол сот үкiмiне риза еместiгiн бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы Сотына талап-арыз жазған соң, облыстық сот iстi қайта қарап, ҚIК-нiң 65 бабындағы көрсетiлген қылмыс құрамы жоқ деп тауып, оны 107 баптың 3 тармағымен ауыстырып, 2 жыл мерзiмге еңбекпен түзету колониясына жiберген.

Қ.Бисеновтiң тергеушiге берген түсiнiктемесiнен:

“… Белгiлi бiр топ емес, барлық халық көтерiлдi. Көпшiлiк Кеңес үйiнiң алдына Н.Назарбаев келедi екен деп жиналып жатты. Мен де сол жерге бардым. Солдаттар халыққа қарсы оқ жаудырып тұр. Кейбiреулерi құлап жатты. Б.Бугалдиновтi ұрайын деген ой басымда да болған жоқ. Милициялардан қашып құтылам дегенге, сүрiнiп құладым да менi сол жерде ұстап әкеттi. Қолымда темiр болды деп олардың айтқанын қуаттауға мәжбүр болдым”.

Бисенов кесiмдi мерзiмiн өтеп шыққан соң №2 Өзен технологиялық-транспорт басқармасында машинистiк жұмысқа тұрған. Отбасында екi баласы бар. Қатешованың қойған сұрағына ол:

“Шынымды айтсам, мен не үшiн сотталып келгенiмдi әлi күнге дейiн түсiнбеймiн. Бiреудi ұрып, соққыға жығып, жазалансаң не арманың бар. Қолдарына қапелiмде iлiгiп қалдым. Алды да кеттi. Соттады. Куә болып түсiнiктеме бергендердiң бәрi дерлiк милиция қызметкерлерi, тағы басқалары. Бiр түйгенiм, “Қарғаның көзiн қарға шұқымайды” деген рас екен. Бiрақ бұл өмiр бойы жүрекке түскен бiр таңба болып кетедi ғой. Бiз әдiл заң деп арқа сүйеймiз. Бiрақ кейде заңның бұрмаланып кететiнi өкiнiштi. Мысалы, менiң қорғаушым Б.Көшкiнов деген ақтаушы болды. Сенесiз бе, сол қорғаушым сотқа да келмедi. Тiптi әйелiме сот болатыны жөнiнде хабарламаған да. Ал қорғаушы үстiндегi ақшасын алуды ұмытпаған. Кейiн ақшамызды қайтып алдық. Егер заң қызметкерлерi осындай берекетсiздiк көрсеткенде қалай болатынын қайдан бiлейiк”, — деп жауап берген. Оның “Еңбек кiтапшасындағы” бұрынғы жұмыс стаждарын жоққа шығарған. Бисеновтiң тағы бiр өкiнiшi сол.

Елубай Мамықовқа тағылған айып мынау. “Жаппай тәртiпсiздiк кезiнде ерекше көзге түскен. Дүкен, киоскiлердi қиратуға қатысқан, топ бастаған”. ҚIК-нiң 65 бабында көрсетiлген жаза бойынша қалалық сот төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкiм шығарып, күшейтiлген режимдегi еңбекпен түзету колониясына жiберiлдi. Сондай-ақ, 4310 сом айыппұл салынған. Мамықов та Жоғарғы Сотқа шағымданған соң облыстық сот жазасын екi жылға қысқартады. Ол үлгiлi тәртiбiнiң арқасында кесiлген мерзiмiнен бiрнеше ай бұрын босатылыпты. Түрмеден шыққан соң өзiнiң бұрынғы №1 Өзен технологиялық-транспорт басқармасындағы жұмысын жалғастырады.

“Аласа бойлы, жүзiнде жасқаншақтық белгiсi бар осы бiр балаң жiгiттi бұзақылық жасауға басшы болды деуге аузың бармайды. Қазақ бiреулерге баға бергенде “Бас қондырысынан белгiлi, осыдан бiр пәле шығады-ау” — дейдi екен. Ал бұл баланың бет әлпетiнен өз басым ешқандай пәлекеттi көре алмадым. Ол сөйлеген сайын көңiлiм астаң-кестең болып, алқымға тығылған кермек жасты күшпен iркуге тура келдi”. – Бұл Қатешованың iшкi ойы. Суыртпақтап сөзге тартқанда, Мамықовтың берген жауабы:

“Не айтайын, жұмысымды iстеп жатырмын. Еңбек стажымды түзеп бердi. Бiрақ үйдегi кезегiмдi алып тастады. Әлi кезекке тұра алмай жүрмiн. Болған iс болды. Бiрақ адамдардың қатiгездiгi, мейiрiмсiздiгi менi қатты шошытты. Маған бiрiншi қылмыстық iс қозғағанда “топ бастаушы” дедi де соңында қатысушы деп соттады. Жергiлiктi милициялар түнгi 12-де үйден алып кеттi де: “Сендерге тас лақтырған осы”, – деп солдаттардың қолына бере салды. Бiр офицер: “Қолымдағы сағатты сындырған сен”, – деп жала жаба бастады. Одан арғысын айтып не керек. Iстi жүргiзген Ю.Мұханбетқалиев деген тергеушi тексерiп жүрдi-жүрдi де, сот басталатын кезде басқа жаққа көшiп кеттi. Сот процесi жүргенде “Қасында болып едiк” деп басқа тергеушiлер қатысты. Бiлмеймiн өзi кететiн болғасын ба, Ю.Мұханбетқалиев менiмен қалай болса солай жұмыс жасады. Босап келгеннен кейiн бiр күнi Б.Дәукенов пен аты-жөнiн ұмытыппын тағы бiр милицияны көшеден кездестiрдiм. “Сен бостан-босқа сотталып кеттiң ғой, көмек керек болса бiзге айт”, – дедi жанашырлы