Жаңалықтар

РЕДАКЦИЯҒА ХАТ

ашық дереккөзі

РЕДАКЦИЯҒА ХАТ

Қариясын сыйламаған жұрттың қайығы суға батады 

Құрметтi редакция!

Ұлттық идеология жоқ жерде тәртiп пен тәрбие ұмытылады. Осы идеологияның жоқтығынан кейбiр ақпарат құралдарының өкiлдерi адами әдiл жолдан ауытқуға айналды. Бұған нақты дәлел, Алматы облыстық “Жетiсу” газетiнде қазақтың ақсақалдарын жаппай ғайбаттайтын “Дария кеуде қария қайда?” атты бiр беттiк мақаланың жариялануы. Әсiресе, менi шошындырғаны, Құран Кәрiмдегi “Мүнафик” сүресiндегi “екi жүздiлер” деген Пайғамбардың пұтқа табынушыларға айтқан қарғысын ұялмай бұрмалап әкелiп, қазiргi қарттарға таңуы болды. Мен қарт журналист ретiнде “Сақалға жармаспаңдар!” деп тоқтау айтып едiм, олар құлағына да iлмедi. Мақалаңыз жарамайды деп те айта алмады. Сондықтан мақаламды елге сыйлы, салиқалы “Түркiстан” газетiне жолдап отырмын. Өзiмiз iлтипатпен қарайтын облыстық “Жетiсу” газетiнiң 21-наурыз күнгi санындағы “Дария кеуде қария қайда?” атты бiр беттiк мақаланы оқып, өкiнiш қыжылы кеудемдi мазалап, қолыма қалам алдым. Бiрiншiден, Қасиеттi Жаңа жыл – Наурыз күнi қарияларды қолдау, қуанту орнына, оларды аш бөрiдей талағандағы авторлардың көздеген мүдделерi не? Баспасөз халықтың үнiн, халықтың ойы, қоғамдық мақсатты, қоғамдық тәрбиенi қозғайды деймiз. Ол қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты серпiлтедi. “Бұл өмiрдiң алды — күлкi, арты – мұң” деген бұрынғылар. Күлкiңдi iшiңе сақтап, саусағыңды бүгiп отырып, “Қара аспанды суға алдырып”, тиянақсыз сөздермен көпке күл шашу ұят. Жел жоқ жерде дауыл соғып кетуi ғажап емес. Бүгiнгi қоғамда халықтық идеологияның жоқтығы, оның арманға айналып кеткенi жайында айтылып та, жазылып та жүр. Мұның зардабын күн өткен сайын көзбен көрудемiз. Жалпы, ұлттық сананың кенжелеуiнен қаңқу сөз қылаң бередi. Өркөкiректiк өрекпидi. Қолына шыр бiтсе көкiрегiмен көк тiрейтiндер көбейедi. Пәлеқор от көсесе, жалақор май тамызады. Сын мен өзара сын осындайларды тезге салатын. “Қоғамның қозғаушы күшi” деп аталған бұл үрдiс ұмытылғалы берi әдептiлiк, иба, ұят пен ардың ноқтасын сiлкiп, тiзгiнiн үзгендер белең алуда. Әңгiме ұйытқысы – iшкi рухани байлықта. Емеурiндi ұғатын тегеурiндi тектiлiкте. Ақылды амал иектеп, арды ақша билеген мына заманда желбуаз пиғылдар бұған пысқырмайды да. Адамды адам дәрежесiнде сақтайтын – ұят. Сол себептi шариғатта “ұяты жоқтың – иманы жоқ” деген. Яғни, ол нағыз адам санатына қосылмайды. Салиқалы, парасатты журналисте екi қасиет болуы шарт. Оның бiрi – ұят, екiншiсi – дәлел. Адам көңiлдiң перзентi. Адамды өсiретiн де, өшiретiн де – көңiл. Сол себептi Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мерекесi күнi қарттарымызды сан-салаға сүйрелеп, оларды ғайбаттауға адамның ары қалай барады!? Ойланған адамға бұл қадiрлi қарттардың бастан кешкендерi, олар көтерген замана зауалы бiр батпан. Олардың көкiрегiндегi шер, қайғы мен азапты сезiнуге жазғыштардың өресi жетпеген. “Артымызда аталарымыз қарап тұр-ау”, деп ақыл тоқтатпай, жымысқы ойларын тықпыштай берген. Ұят – ел байлығы. Әр iстi бастарда оны ұят таразысына салған мақұл. Журналистке тән екiншi қасиет – дәлел дедiк. Бұл жазғыштардың тас-түйiн дәлелсiз “теңiз өртенiп жатыр!” деп жар салуы күнә. Өздерiне абырой әпермейтiн әрекет. Төрт адамның басқосуында тiзгiндi ұстаған Жұматай Әмiреев: “Қариямыз азайып, қазынамыз сарқылып, дариямыз тартылып барады” деп дауыс салады да, артынша: “Шал бiткеннiң шапанынан тартып, сақалына жармасқан бұл неқылған көргенсiз дерсiз?” деп оқырманның берер бағасын алдын ала мойындап: “Көргенсiздiгiмiздi танытып емес, көргенiмдi айтып отырмын”, – деп өзiнiң күңгiрт ойын жуып-шаяды. Көргеннiң бәрiн жiпке тiзе берсе, шынымен-ақ “теңiз өртенiп” кетедi. Бұл бiз сыйлайтын Жұматайдың қозды көсегенi ғана, қалғандары осыған май тамызады. Бұлардың пиғылынша қоғамдағы күллi тауқыметке, жастардың бетiмен кетуiне кiнәлi – тек ақсақалдар. Ерлан Стамғазиев: “Әй дер әжесi, қой дер қожасы” болмағаннан шығар, бүгiнгi жастарымыздың ессiз еркiн жүргенi”, десе, Қайрат Қажыкенұлы: “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi”, “Балық басынан шiридi”, “Ақылды аузында аталы сөзi бар қарттар айтады”. Мұндай қариялар бiздiң заманда жоқтың қасы… Тәрбие мен тәртiптiң ұйытқысы болған шалдарымыздың жоқтығынан шығар, қалалы жердi қойып, қаймағы бұзылмаған ауылдың өзiнде небiр қылмыстың шығып жатқандығы”, деп күңiренедi. Ал Кенжебай Елеубайұлы қарияларды үш топқа бөледi де: “Ендiгi бiр топ желпiлдеп жүрейiк десе жасы келмейдi, ақсақалдармен сөз таластырайын десе өресi жетпейдi. Не онда, не мында жоқ, кәдiмгi қылжақбас шал!”, “Не бата бере алмай, не ата бола алмай жүрген шалдар жетерлiк”, “Аузымызда Алла, жүрегiмiзде иман болмағанын кешегi қоғамнан көре берудiң керегi жоқ”, “Бiз сондай кезеңде өмiр сүрдiк, уақыт солай болды деп бар кiнәнi қоғамға жаба салудың қажетi шамалы” деп ақыл айтады. Аузынан анасының сүтi кеппеген бұл азамат, егер азамат дәрежесiне жеткен болса, мұндай бейуәжге барар ма едi? “Алла” сөзi аузынан шыққаны үшiн мыңдаған аталарының абақтыға қойдай тоғытылғанын ол қайдан бiлсiн?! Тек жасырын намаз оқығаны үшiн менiң әкемдi сегiз жылға соттағанын, ал мұндай азап торына түскендерге сан жетпейтiнiн бұл сарыауыз, жас үрпек қайдан бiлсiн! Қариялардың көңiлiндегi қайғы-қасiреттен бейхабар бейбақтар оларға кiнә тағып, күйе жағуға дәттерiң қалай барған? Ұят қайда?! “Жетiсу” телеарнасы және Қазақ радиосының редакторы Жұмахмет Жанахметұлы ақсақалдарды сыпыра сақпанмен атады. “Бетiң бар, жүзiң бар” демейдi. Бiрден: “Түрмедегi жастардың қатары күн санап өсiп жатыр. Мұның бәрi алдыңғы арбаның доңғалағы қалай болса, солай бұрылып, адасып жүргендiгiнен”, – деп түйедi. Жалпы, радио журналистерi мен газет журналистерiнiң сөз саптаудағы айырмашылығы бағзыдан белгiлi. Радио журналистерi ауызша сөздi көп қолданғандықтан тiлдiк қоры жұтаң, сөз мағынасын сұйық күйде эфирге шығара салады. Ал баспасөз журналистерi әрбiр сөздi салмақтайды, саралайды, пайымына барады. Әдеби тiл оралымдарын молынан пайдаланады. Өйткенi, басылған сөз “балта шапса бұзылмайды”. Оқырман көп үңiледi. Әр сөйлемiн таразылайды. Ой түйедi. Ағат кетсе, айыптайды. Сондықтан газет журналистерi “…алдыңғы арбаның доңғалағы қалай болса, солай бұрылып, адасып жүргендiгiнен” деп құдық басындағы әйелдер сөзiне елiктемей, “Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүредi” деп сауатты жазады. Ж.Жанахметұлына сенсек, жастарды абақтыға тоғытып жатқан тек ақсақалдар болып шығады, тiптi, ол аз болғандай ендi олардың рухани әлемiне ызғарын төгедi. “Кейбiр қарияларымыз, – дейдi ол. – Құдай туралы, Құран туралы, дiн жайында данышпандық танытып, телеарнада сөйлеп, газетке жазып тұрады. Бiрақ оның бiреуiн де iске асырмайды. Мұны исламда “Мүнафик” – “екi жүздiлiк”дейдi” – деп көңiрсiткен. Бұл естiден есiтер сөз емес, әрине. Сөйтiп ол ақсақалдардың бәрiн “екi жүздiлер” санатына қоса салады. Бұл не сұмдық, ұят қайда? Егер ол саналы журналист ретiнде сәл ойланса, мұндай шайпау сөзден ойын аулақ ұстар едi. Егер бұл ұғымның (дұрысы, қарғыстың) қандай ахуалда, қай дәуiрде туғанына ой жүгiртсек, ол былай: Пайғамбардың уағызын мойындамаған пұтқа табынушыларды, Құдай жолына көлденең тұрғандарды, Аллаға ауызша сенiп, iштерiнен оған (дiнге) қарсы болғандарды пайғамбар “екi жүздiлер” деп қарғады. Алла тағала мұнан соң “Мүнафикүн сүресiн” түсiрiп, дiннен безгендердi “Екi жүздi сұрқиялар”, “Екi жүздi алаяқтар”, “Пасықтар”, “Кәпiрлер” деп лағнет жаудырды. (Қараңыз: Құран, “Мүнафикүн Сүресi”, 505-бет. Алматы, “Жазушы” баспасы, 1991 жыл). Мұхаммедке шын берiлгендер мен “Екi жүздiлер” арасында талай рет кiшiгiрiм қақтығыстар болғаны мәлiм. Кейiн “Екi жүздiлер” партиясы құрылды. Исламды қабылдаушылар арасындағы кикiлжiңге қазақ ақсақалдарының жүз қайнаса сорпасы қосылар ма? Өсер елдiң ұлы өзiнен бұрын өзгенi өрге сүйрейдi. Өспес елдiң өркеуделерi өзiм ғана болсам, өзiм ғана толсам, өзiм ғана бiлсем деуге құмар. Ондайлар уақытша өрге шыққанымен төрге шыға алмас. Журналист Ж.Жанахметұлының көлгiрсуi сонша, Құран аятының күрделi, ауыр қарғысын ақсақалдарға қара күйедей жағып, оларды жасытып, жастарға жексұрын, мазақ етiп көрсету үшiн аятты қасақана бұрмалаған. Сөйтiп ұяты ұйқыға кеткен пенденiң пәлеқорлығымен қайран қазақ ақсақалдары “Екi жүздi сұрқиялар”, “Екi жүздi алаяқтар”, “пасықтар”, “кәпiрлер” болып шыққан. Көптi сөккен көгермес. Құлан адасар құла түзде жүрiп те ата жолын кеспейтiн, атадан асып баспайтын салтымызға жасалған қиянат қой бұл. Ислам дiнi – жүрегi таза, ақ пейiлдi, бар махаббат-сүйiспеншiлiгiн бiр Жаратушыға бағыштаған пендесiн ұлықтайды. Хадистерде ескертiлгендей: “Егер молда бiр үйде Құран оқып отырып, “осы үй маған не берер екен” деп бiрдеңе дәметсе, оқыған Құраны қабыл болмайды. Сол секiлдi көп алдында уағыз айта тұрып, қара ниеттiлiкпен ойы бөлiнсе, уағызының зая кеткенi”. Ендi мұндай күнәға батқан адам қазақ телеарнасындағы “Иманшарт” деп аталатын бағдарламаны жүргiзе алар ма екен? Жалпы, қазақтың бағынан соры қалың. Айдалаға арындағанша,ұрпақ қамын ойласақ неттi? Мүбәда, ақсақалдар жастарға ақыл айтуға ниеттенгенде, олар: “Бiз сендердi бiлемiз, екi жүздiлер!” деп беттен алса, не амал. Не қайыр! Менiңше, тана сүтiмен емес, ана сүтiмен ақыл қонғандар кейiнгi жас ұрпаққа: “Ақсақалдар – халқымыздың Ары мен Намысы. Атаның намысы, Отанымыздың намысы. Аталар досқа – құт, дұшпанға – жұт уәли сөз иелерi. Туысы бөлек тұлғасы. Елiмiздiң данасы, халқымыздың дарасы. Ақсақалдар — қазақтың көсегесiн көгертiп, адымын ұзартып, айбынын асыратын аға ұрпақ. Кемеңгер ойдың иелерi, жат жұрт тоздырған елiмiздi, ақсақалдар ақылымен оздырайық!” – десе, айбалтамыз кетiле ме? Мағжан Жұмабаев: “Қарлығаштың қымбаттылығы, тасыған суының молдығында емес, жүрегiнiң адалдығында” деген-дi. Саналылыққа ұмтылған, ары мен абыройын рухани байлықпен теңдестiрген әз халқымыздың алдында әмәнда жүрегiмiз адал болсын. Бiздiң пайымдауымызша, бұл бiр беттiк материал ерекше жат пиғылмен ұйымдастырылған, жас өркендердi аталарынан алшақтатып, терiс тәрбиеге бағытталған, болмаса да болдық деп, толмаса да толдық деп өрекпiген жастардың бейәдеп тыраштануы болып шыққан. Облыстық “Жетiсу” газетi мақаланың соңында: “Ата тұрып бiз сөйлесек, ержеткенiмiз болар” дептi. Есi кiрiп ержету мен есiрiп ержету екi дара ұғым.   Ғайыс ЕГЕМБЕРДИЕВ, Соғыс және еңбек ардагерi, “Қазақстанның Құрметтi журналисi”