Жаңалықтар

“БIР ӘҢГIМЕМ – БIР ДIЛЛА...”

ашық дереккөзі

“БIР ӘҢГIМЕМ – БIР ДIЛЛА...”

Ертеде бiр байдың ауылы малдың күзем жүнiн алғаннан кейiн әбден қоңданған қора-қора қойларын, жылқы мен сиырын базарға сатпақ болып керуен ұйымдастырыпты. Керуен басы етiп көптi көрген қария кiсiнi тағайындап, алыс шаһарға аттандырады.

Ауылдағы бiр қария кiсi де жалғыз баласын керуенмен бiрге аттандырады. Қоштасарда баласына:

— Айналайын, мiне сен де азамат болдың, отау құрдың. Үйдегi барымыз мына екi дiлла, осыған ендi шай-қант аларсың — деп, торы тайына мiнгiзiп, керуенге қосып жiбередi.

Ол кезде керуендегiлер малдың жағдайына қарап, жолшыбай әр жерде қона жатып, дiттеген жерге айлап жүрiп жетедi екен. Жол ұзақ. Әлгi қария баласын 13-15 жаста үйлендiрген болса керек. Бала емес пе, бiр-екi күн жүргеннен кейiн-ақ iшi пыса бастайды.

Керуен басының мазасын қашырып торы тайымен олай шауып, бұлай шауып тыным таппайды. Күздiң сарғайған шөбi, даланың анда-санда көрiнiп қалатын аң-құсы, сылдыр қағып жатқан бұлақтарды қызықтап тыным таппайды. Осылайша бiр аптадай уақыт өтедi. Күндердiң күнiнде бала керуен басы қарияға келiп:

— Ата, әңгiме айтыңызшы, жол қысқарсын , әбден iшiм пысты, — дейдi.

Керуен басы қария балаға: “Әңгiмемнiң құны – бiр дiлла” дейдi. Бала: “Екi дiллам бар ғой, бiреуiн берейiн де әңгiме тыңдайын, не айтар екен”, — деп бiр дiлласын қарияға бередi.

Қария бiр дiлланы алады да: “Балам есiңде болсын, адамнан адамның артықшылығы жоқ, адамдардың барлығын бiрдей көр”, — дейдi де жүрiп кете бередi. Ештеңе ұқпаған бала аң-таң болып қала бередi.

Керуен жолай далада түнеп, құдық басында малдарын суарып, бұрынғыдан жай жүрiп бара жатады. Баланың одан әрi iшi пысады, әрi шапқылайды торы тайымен, берi шапқылайды. Ақырында керуен басына қайта келiп:

— Ата, әңгiме айтыңызшы, жол қысқарсын, — дейдi. Қарияның жауабы баяғыша, “әңгiмемнiң құны бiр дiлла” дейдi. Балаға тағы да ой түседi. “Не iстесем екен. Жалғыз дiллаға базардан не аламын, одан да қарияға берiп, қызықты әңгiме тыңдайын”, — деген шешiмге келедi. Осылайша қалған ақшасын да қарияға бередi. Қария:

— Балам, Ашу дұшпан ақыл дос, ақылыңа ақыл қос, бүгiнгi ашуыңды ертеңге қалдыр, — дейдi де қысқа әңгiмесiн тез бiтiредi. Ұзақ жолды қысқартатын әңгiме күткен бала аң-таң боп қалады.

Сонымен айлап жүрiп керуен үлкен шаһарға да жетедi. Елден әкелiнген май мен құрт, жүн-жұрқа, семiз қойлар, арғымақ аттар, желiнi жер сызған сауын сиырлар деймiсiң, не керек осының барлығы делдалдар арқылы базарға шығарылып сатыла бастайды. Қызу сауданың өзi апта мен айға созылады. Қалаға келген керуеншiлер де қант-шай, жемiс-жидек, киiм-кешек, қытай шәйiсi, түркмен кiлемi, күмiспен безендiрiлген ер-тұрман, ыдыстар, жанға керектi заттарын алып, ендi елге қайтуға жиналады.

Ал бала түк сатып алмаған. “Мен ауылға барғанда не бiтiрдiм деп барамын. Одан да осы қалада қалып еңбек етiп, табыс табайын, бiрер жылдан кейiн қайтармын”, — деп керуендегi кiсiлерден ата-анасына, келiншегiне сәлем айтып қалып қояды.

Жылжып жылдар өтедi. Баланың әркiмнiң есiгiнде жүрiп тапқан табысы күн көруден артылмайды. Әр жылы керуендер алыстан келiп, қайта кетiп жатады. Күндердiң күнiнде әлгi бала ел жаққа жол жүрiп бара жатқан бiр керуенге iлесiп елiне жол тартады.

Жиырма-отыз түйеге асыл затттар, жемiс-жидек, киiм-кешек, кiлем артқан керуен жолға шығып, көп ұзамай адасады. Күн ыстық. Көлiктер де, адамдар да әбден шаршайды. Шөлге шыдай алмай қиналып келе жатып айдалада құмның арасында бiр құдыққа тап болады. “Құдай өлтiрсiн бе, осы жерде екi-үш күн демалып, әл жинап, жолымызды жалғастырамыз”, — деп керуен басы жарлық бередi.

Сонымен түйелердiң үстiндегi теңдердi шешiп, белiн босатып, күрке тiгiп аялдамақшы болады барлығы. Шелек байлап, құдыққа қырық құлаш арқан салынады. Тартқан кезде шолтаң етiп арқан шығады да, шелек құдықтың түбiнде қалып қояды. Бұл жағдай бiрнеше рет қайталанады. Халық шөлден қырылуға айналады. Сонда керуен басы: “Кiмде-кiм белiне арқан байлап, құдықтан су алып берсе, сол адамға мына түйелердiң бiреуiн үстiндегi түгел жүгiмен, астына ат, өзiнiң үстiне сауыт-сайман киiмiн беремiн”, — дейдi. Бiрақ адамдар қорқып, “бұл құдықтың iшiнде бiр пәле бар шығар, неге арқан қырқылып, шелек суда қалып жатыр”, — деп ешқайсысы келiсiм бермейдi.

Сонда баяғы керуенге iлесiп келе жатқан бала жiгiт мен түсемiн деп алға шығады. “Алып келе жатқан ешнәрсем жоқ, мен несiне қорқақтаймын, бiр Алланың көрсеткенiн көрермiн”, — деп ойлайды бала жiгiт.

Сонымен белiне арқан байлап, қырық құлаш құдыққа тәуекел деп түседi.

Құдықтың түбiне жете бергенде тырнақтары сала құлаш, екi көзi оттай жарқыраған, түсi қап-қара, шаштары дудыраған бiр дәу әйел баланы екi қолымен қармап ұстап алады. Баланың зәре-құты қалмайды. Құдықтың түбi кең екен. Бiр бұрышта адамның бас сүйектерi мен қаңқасы үйiлiп жатыр, бiр бұрышта үрiп ауызға салғандай, көрсең көзiң тоятындай бiр жiгiт бүрiсiп отырады. Бұларды көрiп баланың онан сайын зәресi қалмайды. Сонда жаңағы баланы қармаған дию: “ — Ей, адамзат, айтшы, мына отырған жiгiт маған тең бе?” дейдi. Бала қараса мынау бiр қап-қара дию, ана жiгiттiң жүзiнен нұр тамған өте сұлу. Не айту керек, не iстеу керек? Осы кезде баяғы керуен басына бiр дiлла берiп айтқызған әңгiме есiне түседi. “Адамнан адамның артықшылығы жоқ, адамдардың бәрiн бiрдей көр” деген ақыл едi онысы.

Сонда бала жiгiт: “Екеуiң бiр-бiрiне сайсыңдар, екеуiң де өте әдемiсiңдер”, — дейдi. Сол кезде жаңағы диюдың үстiндегi терiсi сыпырылып түсiп, iшiнен ай десе аузы, күн десе көзi бар сұлу үрдiң қызы шыға келедi. Сөйтiп әлгi отырған әдемi жiгiтпен құшақтасып, қуаныштары қойнына сыймай қауышады.

Бұл балаға дейiн де құдыққа түскен адамдар болған. Олар қара дию мен құдық түбiнде отырған жiгiттi бiр-бiрiне тең көрмей ажал құшқан сияқты.

Бұдан соң шелекпен жоғары қарай су берiле бастайды. Шөлдеген халық, жан-жануарлар мәре-сәре болып, шөлдерi қанып, құдық басында бiр апта дем алады.

Керуен басы уәдесiнде тұрып, жiгiтке астына күмiстелген ер-тоқымымен тұлпар мiнгiзiп, өзiне сауыт-сайман берiп, жетегiне бiр түйенi түгел жабдығымен бередi.

Сонымен керуен қайта жолға шығады. Елiнiң тұсына келдi-ау дегенде жiгiт керуен басынан рұқсат алып, ауылына жол тартады.

Түнделетiп ауылға жетедi. Өзi елден кеткелi бiрнеше жыл өткен. Жобалап үйiн табады. Баяғыда өзi асыраған күшiгi жасамыс ит болыпты, неше жыл өтсе де егесiн танып, құйрығын бұлаңдатып, алдынан шығып еркелейдi.

Түйенi шөгерiп, атын байлап үйге кiрсе пiлте шам сықсиып, өшуге жақын қалыпты.

Төсекте келiншегiмен бiрге бiр жiгiттiң жатқанын көредi. Мұны көрiп жiгiт ашуға мiнедi. “Бiрнеше жыл жат жерде жүрiп, жанымды шүберекке түйiп, үйге құр қол келмеудiң жөнiн тауып, құдыққа түсiп жүргендегi көрейiн дегенiм осы ма?” деп қылышын қынабынан суырып алып, әлгiлердiң басын шаппақ болғанда баяғы керуен басы қарияға соңғы дiлланы берiп естiген әңгiме есiне түседi “Балам, ашу дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос, бүгiнгi ашуыңды ертеңге қалдыр”, деген ақыл едi онысы.

Қылышын қынабына қайта салып, тәубасына келедi. Таң да бозарып ата бастаған кез, төсектегi екеудi оятады. Сөйтсе, келiншегiмен бiрге жатқан өзiнiң баласы болып шығады. Бұл кеткенде келiншегi жүктi болып қалған екен. Содан бiрнеше жыл өткенде, тебiндеп мұрт шыққанша анасының қасында жатады екен. Осылайша баласымен, әйелiмен қайта табысып, өмiрден өткен ата-анасына ас берiп, бақытты өмiр сүрiптi дейдi. Аңыз болса да тәрбиелiк маңызын бүгiнгi күнде де жоғалтпаған деп бiлемiз.

Өскенбай Құлатайұлы