Жаңалықтар

Баянғали ӘЛIМЖАНОВ: ТАМЫРЫНА БАЛТА ШАБЫЛҒАН ҰЛТ ӨМIР СҮРУIН ТОҚТАТАДЫ

ашық дереккөзі

Баянғали ӘЛIМЖАНОВ: ТАМЫРЫНА БАЛТА ШАБЫЛҒАН ҰЛТ ӨМIР СҮРУIН ТОҚТАТАДЫ

Жыраулық өнердiң көрiгiн қыздырып жүрген Баянғали Әлiмжановтың көмейiнен төгiлген жауһар жырлар елдi елең еткiзбей қоймайды. Ақан серi, Бiржан салдардың сарқытындай аңқылдаған ақжүрек ақынның бойына сан түрлi өнердiң басы тоғысқан. Манасшы, айтыскер ақын, драматург Баянғали Әлiмжановпен аз-кем әңгiме-дүкен құрған едiк.

— Сiздi мемлекеттiк тiл мәселесi қаншалықты толғандырады?

— “Қазақ тiлiнiң болашағы бар ма, жоқ па?” дейтiндер бар. Ондайда “мен тұрғанда саспаңдар! Мен барда қазақ тiлi де жасайды” деп жауап беремiн. Бәрiмiз қазақтың баласымыз. Бiз жүрген жерде ұлтымыздың да мәдениетi жасай бермек. Құдайға шүкiр, қазақша сөйлейтiн жастар жеткiлiктi. Олар ана тiлiнiң ғұмырын кем дегенде 50-60 жылға ұзартады. Әрбiр қазақ мүмкiндiгi жеткен жерге дейiн туған тiлiн тарату керек. Бiз Кеңес үкiметiнiң кезiнде оқыдық. Менiң елiм — Көкшетау облысына қарасты Степняк қаласы. Әйгiлi Бiржан салдың туған жерi. Мен 1954 жылы тың игеру тұсында дүниеге келгенмiн.

Тың төсiн тiлген кезде түренiмен,

Қазақтың қан саулаған жүрегiнен.

Рас қой? Түп тамырымызды қиратып, қопарып кеттi. Ескi ата-бабамыздың зиратын асты-үстiне аударып тастады емес пе? Сонда ана тiлiнiң мәселесi алғаш рет алдымыздан шықты. 60-шы жылдары домбыра “ескiлiктiң сарқыты” деп қараланып, ұлттық аспабымыздың даусын естуге зар болып қалдық. Соған қарамастан, оқушы кезiмiзде “оллаһи-биллаһи” деп ант су iшетiнбiз. Ата-ананың тәрбиесi солай едi. Мұсылман дiнi үйде отырып-ақ партияның ұрандаған саясатын жеңiп шықты. Бiр күнi қаладан ауылға қыдырып маңдайы торсықтай бозбала келдi. Бәрiмiз қонақты айналсоқтап жүрмiз. Ол айтқан сөзiмiздi түсiнбейдi. Бала көңiл қазақтың “қазақша бiлмеймiн” дегенiне нанғысы келмедi. Бойымызды ыза буып, оны соққыға жыққымыз келдi. Табиғи заңдылықтың бұзылғанын iшкi түйсiгiммен сезiнгендей болдым. Өйткенi, жылқы кiсiнейдi, ит үредi, мысық мияулайды. Сол сияқты қазақтың да қазақша сөйлеуi заңды деп есептейтiнмiн. Адам дүниеге келгенде ана тiлiмен бiрге туады деп ойлайтынмын. Мектептердiң өзiнде қазақ балаларын әртүрлi ұлттармен бiрге орысша оқыта бастады. Қазақ мектептерi бiрiнен соң бiрi жабылды. Степняктағы алты қазақ мектебiнен ең ақыры бiр-ақ мектеп қалды ма, қалмады ма, оның өзi белгiсiз. Кейiнгi жылдары мен мекен еткен Кеңащы деген таза қазақы ауылдың балалары орыс мектебiнде оқытылды. Сондай-ақ, “қазақ мектебiнде оқитын оқушылардың деңгейi төмен” деген түсiнiк болды. Қолымнан келгенше жақсы оқыдым. Осылайша, миығынан күлiп қарайтын орыс ағайындардың пиғылына тойтарыс бердiк. Ол заманмен салыстырғанда қазiр тәуелсiз елмiз. Қазақ халқының тарихи тағдыры ерекше. Қос қапталымызда азуын айға бiлеген екi империя (Қытай, Ресей) тұр. Әйтеуiр, Алла қолдап аман-есен осы күнге де жеттiк.

Үйде “Қазақ эпосы” деген кiтап жатты. Оның iшiне жетi батырлар жыры кiредi. Қыстың ұзақ кешiнде әкем Тақан әлгi кiтапты оқиды. Алпамыс батырды зынданнан қашан шығарасың деп жылайтынмын. Балалармен төбелесiп, таяқ жеп қалсам, батырлар жырын оқып-оқып алып, қайтадан сонда барып қарымта қайтаратынмын.

— Елiмiздегi әскери оқу-орындарға батырлар жырын жаттатса, нұр үстiне нұр болар едi. Сонымен қатар, патриоттыққа үндейтiн мақал-мәтелдердi оқытып, қыл аяғы байырғы қару-жарақты бөлшектеп тұрып жас жауынгерлердiң көкейiне сiңiру қажеттiгi сөзсiз…

— Бұл күнде жастар кiтап оқудан қалды ғой. Сондықтан, жырларды дискiмен тыңдатып, артистерге ойнатқан әлдеқайда ұтымды шығатын секiлдi. Оның рухани құны өлшеусiз. Нағыз ерлiктiң, батырлықтың көкесi сонда жатыр. Бұрын телеарнадан ұлттық рухты оятатын “Бес ғасыр жырлайды”, “Халық қазынасынан…” деген секiлдi хабарлар жүргiздiк. Ал ендi тәуелсiздiк алған уақытымызда жастарды дала дәстүрiне тәрбиелейтiн телехабарлардың болмауы ұлттығымызға сын ғой. Бұл мәселемен талай жерге хат жаздым, талай жерге табан тоздырып бардым да. Жоғары жақтағылардың бiреуi селт етсешi… Телеарналардың басында қазақ балалары төл ертегiмiздi, төл аңыздарымызды көрмей, бiлмей өсуiне мүдделi топтар отыр ма деп те қорқамын.

— Соңғы кезде әркiм орайы келген салада жұмыс iстеуге бейiм. Армандап түскен оқуы жолда қалып, қаражаты дұрыстау әртүрлi қызметке ауысып кететiндер көп. Өзiңiз таңдап алған мамандық бойынша жұмыс iстеп келесiз бе?

— Менiң екi арманым бар едi. Бiрi — жазушы болу, бiрi — футболист болу. Мектептi тамамдаған соң, қазақ тiлi мен әдебиетi бойынша оқуға түспек ниетiм көп кедергiге ұшырады. Үйдегiлер “Қазақ тiлiнiң болашағы жоқ” деп керi тартты. Мен де оңайлықпен райымнан қайтпадым. Шешем мiнездi кiсi едi, “көңiлi қалаған оқуына барсын”, деп ақ батасын бердi. Мен оқуға түскен 70-шi жыдары ҚазМУ-дың журналистика мен филология факультеттерi қазақ руханиятының ордасы болатын. Сол кезде Алматыда қазақша жалғыз мектеп қана болды-ау деймiн. Жастар ұлтымыздың өткенi мен болашағы жайында сөз қылып егiлетiн, өз-өздерiн қамшылап ширығатын. Сол азаматтар егемендiкке қол жеткен жылдары белгiлi бiр дәрежеде әдебиетiмiз бен мәденитiмiзге елеулi үлес қосты да.

М.Әуезов атындағы драма театрында Кенен Әзiрбаевтың жүзжылдығына байланысты айтыс өттi. Бұл тұңғыш рет домбыра ұстап, айтысқа шығуым болатын. Сонда ана тiлi туралы былай жырладым:

Елiңе қылған енбегiң,

Мақтаусыз кетер деймiсiң?

Жақсылық қылсаң халқыңа,

Ақтаусыз кетер деймiсiң?

Төгiлiп тұрған тектi тiл,

Жоқтаусыз кетер деймiсiң?!

— Парсы елiнде ардақты ақындарының ескерткiшiнiң түбiнде сол ақынның өлеңдерi оқылып тұрады екен. Жырауларға қойылған ескерткiш қасына арнайы техникалық құрылғы қойып, неге жұртты жырмен сусындатпасқа деген ой келедi кейде…

— Оны қойшы. Бiз тiрiлердi жырлап алсақ та жаман емес. Ата мұрамызды насихаттайтын арнайы мемлекеттiк бағыт-бағдарлама жоқ. Әлемде жыраулық өнердi зерделеуге деген құлшыныс байқалады. Француздардың ең соңғы жыршысы осыдан 150 жылдай бұрын көз жұмған. Қандай озық ел болса да, ұлттық мұрасынан айрылып қалып отыр. Қазiр Еуропа елдерiнде жыраулық дәстүр мүлде жоқ. Шығыстың өзiнде санаулы елдер ғана ұлы өнерiн сары майдай сақтап қалған жайы бар. Менiң Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасын жырлауым өте қызық болды. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиевтың айтуымен Ұлттық кiтапхананың сирек кiтаптар бөлiмiнен “Батыр Баянды” алғаш оқығандағы әсерiмдi сөзбен айтып жеткiзу қиын. Ол кез Мағжанның әлi ақтала қоймаған тұсы едi. Содан поэманы жаттап алып, домбыраға қосып айтып жүрдiм. Мағжан Жұмабаевтың 150 жылдығына сол поэманы пьесаға айналдырып, сахнаға қойдым. “Батыр Баян” — ұлт-азаттық жырлардың шоқтығы биiгi.

— “Зиялы бар ма, әлде жоқ па?” деген сыңайдағы әңгiме жиi айтылады. Ал сiз не дейсiз?

— Уақытында бiзге “бай-болыстардың бәрi жаман” деп үйреттi. Саясаттың сандырағына сендiк те. Осы күнi зиялы қауымды қаралап, олардың арасына от тастап қоюға құмарлар табылып қалып жүр. Мұның да артында сұрқия саясат жатқандай көрiнедi. Тамырына балта шабылған ұлт өмiр сүруiн тоқтатады. “Сендерде қайраткер де, зиялы да жоқ” деген ұғымды сыналап санаға сiңiру түптiң түбiнде өзiмiзге қауiптi екенiн түйсiнетiн кез әлдеқашан жеттi. Әрине, орыстiлдiлердiң ел тiзгiнiн ұстап отырғаны жаныма батады. Ел ортасына шыққан айтыста шенеунiктердi жақсылап тұрып сынап та аламыз.

— Ақынның негiзгi миссиясы да сол емес пе? Сыпыра жырау, Асанқайғыдан бастап, Бұқарға дейiнгi, одан бергi зар заман ақындары ел үшiн еңiреп, егiлiп өткен. Бетiң бар, жүзiң бар демей ханның жүзiне тiке қарап тұрып айтқан толғауларын қалай ғана ұмытармыз…

— Ой, айналайын-ау, бұлардың құлағына түк кiрмейдi ғой. Әйтпесе, сен жазған мақалаңнан бiр шешiм шығады деп күтiп жүрсiң бе? “Сөз сүйектен өтедi” деген қазақ баласы едiк. Қазiр “айттым”, “баяғыда айтып тастағам”, “айтып жүрмiн” дегеннен асқан кiмiң бар? Бүгiнге дейiн “айтып жатырмыз”, “айтып жатырмыз”, ал шын мәнiнде iстеп жатқан түгiмiз жоқ. Өтiрiк дешi?

— Жырау мен жыршы сөздерiн бiрiнiң орнына бiрiн қолдану үрдiске енген секiлдi. Жыршы дегенiмiз жырды орындаушы, ал жырау жыр тудырушы адам емес пе?

— Негiзi солай. Бiрақ, бiршама аймақта көне жырды орындаушының өзiн “жырау” деп атайды. Жыр орындаушыларының көбi өз жандарынан өлең шығарады. “Жырау” деген әдемi сөздi олардан несiне қызғанамыз? Қазiр “жыршы-жыраулар” деген сөздi қолданып жүрмiз.

— Айтыс өнерiнен неге кеттiңiз?

— Жас балалармен жүлдеге таласқандай болмайын деп ойладым. Сосын жастармен сөзiмiз жараса қоюы да қиын. Мен сахнаға шыққанда қарсыласымды жеңудi көздеп, әдiс-тәсiл ойластырып жатпайтынмын. Әйтеуiр, көкейiмде жүрген аталы сөздi айтып қалуды мақсат тұтатын едiм. Ең нашар деген айтысымда халықтың бiр ауыз сөзiн сөйлеп қалуға тырыстым. Менiң айтысқа шығуыма себепшi болған кiсi — Шәрiбек Алдашев. Ол Базар жырауды зерттеген адам.

— Алдын ала өлең жаттап алып айтысқа шығатын кездерiңiз болды ма?

— Бiр ауыз өлең бiлмей шығатын кезiмiз аз емес едi. Әйткенмен, алдын ала ойды жұптап та алған жөн. Құр жаттап алған айтыстан да мән қашады. Бiздiң алдымыздағы ағалардың дәптерiн партия тексерiп, цензурадан өтсе ғана шығаратын болыпты. Ол заман өттi. Суырып салатын өнерiң болмаса, айтыста шаршы алаңға шығудың да қажетi шамалы. Бiр айтқан өлең жолдарын барған жерiнде қайталап жүре беретiндер де жеткiлiктi. Кейде өзiмiз айтқан сөздердi басқаның аузынан естiп жатамыз. Оған не дейсiң, ендi?

— Осы күндерi халықтың айтысқа деген көңiлi суыған сыңайлы…

— Мен өзiм айтыс ақындарын сынауға қарсымын. Екеумiздiң осы әңгiмемiздi өзгерiссiз қағазға түсiрсең, көптеген сөйлемдердiң дұрыс құрылмағанына көз жеткiзер едiң. Сенiң қаламмен түзеп-күзеп жiберуге мүмкiндiгiң бар. Айтыскер сөз сайысына түсiп жатқанда түрлi қиындықтарға тап болуы мүмкiн. Оның бәрiн жеңiп шығу ет пен терiден жаралған адамға оңай емес қой. Шәрiбек ағам: “Жеке басыңның өкпесiн емес, халықтың өкпесiн айт” деп отырушы едi. Айтыста сол ұстанымнан айныған емеспiн. Қарсылас ақынның жанына жара салып, абыройын түсiргеннен не пайда? Менiңше, сөз жекпе-жегiне шыққанда ойланбай айтып қалған сөздерiне өкiнетiн ақындар көп шығар деп ойлаймын. Кейiнгi кезде “айтысқа тыйым салынғалы жатыр” деген әңгiме шықты. Сонда қалай болғаны?

— Қырғызстанда өткен манасшылардың халықаралық конкурсына қатысып, жүлделi оралғаныңыздан хабардармыз. Ағайын ел қазақтың манасшысын қалай қарсы алды?

— 1993 жылы айыр қалпақты ағайындардың елiнде қазақ-қырғыз ақындарының айтысы өттi. Мен тұңғыш рет қырғыз жерiнде “Манас” жырын жырлаған едiм. Осы жолы Манас батырдың мың жылдығына шақырту алып қайттым. Ондағы жұрттың Манас десе, көңiлi алабөтен. Манастың бiзге жаттығы жоқ. Түбiмiз бiр көк түрiк емес пе? Қала бердi “Манас” жырын Шоқан Уалиханов ең алғаш ел аузынан хатқа түсiрген, Мұхтар Әуезов оны Кеңес үкiметi кезiнде қорғап қалған, Әлкей Марғұлан зерттеген ғой. Қырғыздың мәденитттанушы ғалымдары маған “Манастың” ең бiр нәрлi жерлерiн дәл тауып айтады екенсiз” деп баға бердi. 90-шы жылдары ел қиын кезеңдi бастан кешiрдi. Сол тұста мен елдiмекендердi ақы-пұлсыз аралап концерт қойдым. Онда да ел сұранысы бойынша “Манасты” жиi жырладым. Қазiр немерелерiмдi осы жырмен тербетiп жүрмiн.

— Драматургиялық шығармаларыңыздан сатираның сарыны аңғарылады. Күлкiнiң өзiнiң алуан түрi бар. Сiз елдi қалай күлдiргендi ұнатасыз?

— Шығармаларымдағы әзiлдер өмiрдiң өзiнен алынған, ешқандай мысқылы, iшкi қыжылы жоқ. Сондықтан, қазақы қалжыңдар көңiлге тек шуақ сыйлайды.

— Әнге сөз жазады екенсiз…

— Ермұрат Үсенов деген компазитор Көкшетауға келiп қалды. Сонда ол: “Композитор мен ақын жолыққан жерде бiр ән тууы керек емес пе?” дедi. Не керек, сол жолы “Сырлы Көкше” атты ән дүниеге келдi. Одан кейiн балам Нұрлан “Ай Көкше” деген өлеңiме ән жазды. Әкелi-балалы бiрiгiп шығармашылық жұмыс iстей бастадық. Мен өлең жазамын. Нұрлан ән шығарады. Бiр күнi балам: “Айым атты қызға ғашық болып қалдым. Маған “Айым” деген өлең жазып берiңiзшi?!” дейдi…

— “Ғажайып күй” атты әндерiңiздiң үшiншi шумағы көңiлге қонымсыз екенiн айта кеткен абзал болар…

— Республика деңгейiнде жақсы тараған “Азия” тобының орындауындағы “Ғажайып күй” деген әнiмiз бар. Бiрде Нұрлан хабарласып айтады: “Топ құрамында үш жiгiт болғандықтан, өлеңге үшiншi шумақ керек болып тұр” деп. Мен бiр шумақ өлеңдi оларға жолдағанымша, “Азия” тобының жiгiттерi үшiншi шумақты өздерi жазып жiберiп, содан ол сахнаға шығып кеттi.

— “Ән мен анаша” деген музыкалық комедия түсiрiпсiз. Кино өнерi үлкен күш-қуат, қаржы-қаражатты талап етерi өз-өзiнен түсiнiктi. Осы мәселенi қалай шештiңiз?

— Бiр кездерi “Қазақфильмде” жұмыс iстегенмiн. Онда ұлттық тақырыптағы бiрнеше деректi фильмнiң сценарийiн жазғанмын. Марат Нәбиев деген кәсiпкер азаматпен таныстығым бар едi. Сол кiсiге хабарласып, ойымды жеткiздiм. Қарсы болмады. Киностудияға әйгiлi Балуан Шолаққа бата берген Паң Нұрмағанбеттiң атын қойып, айдар тақтық. Марат камерасын, қажеттi құрал-жабдықарды алып бердi. Киностудияның кеңсесi өз үйiмнiң iшiнде. Шопыры да, сценарисi де, режиссерi де, бәрi — өзiм. Бұған негiзi Ақмола облысы театрының әртiстерi түстi. Басты рөлде Нұрлан ойнады. Ол өзi бiлiм алып жүрген Өнер академиясының бiрiншi курсында оқитын Жансая Байдарбекова деген қызды кинодағы басты рөлге дайындап жатырмын дедi. Басты кейiпкердi көрмей таңдау деген режиссура тарихында болмаған шығар. Не де болса, балама сендiм. Бiр күнi Нұрлан “Кино түсiрiлiмi аяқталған соң Жансаяға үйленсем қайтедi?” деп қарап тұр. Мен қалай қарсы болайын. “Онда кино түсiлiлiмi басталмай тұрып қосылып алындар” деп екi жастың некесiн қидық. Қысқасы, бiр мезгiлде киноны да түсiрдiк, келiндi де түсiрдiк. Одан кейiн “Жер шоқтығы — Көкшетау” деген деректi фильм “Паң Нұрмағанбет” киностудиясы арқылы көрермендерге жол тартты. 1932 жылғы қазақ халқының тарихи трагедиясы — ашаршылық туралы “Ашаршылық жылғы махаббат” көркем фильмiнiң сценарийiн жазып бiтiргенiме де бiрнеше жыл болды. Қазақтың кереметтiгiн паш ететiн “Ұлы даланың аңыздары” деген киноның сценрийi жазылып бiтiп қалды. Ал сценарийге “жан бiтiру” — болашақтың үлесi. Тiптi қазақ ертегiлерiнен көркемфильмдер түсурудi де көптен армандап жүрмiн.

Әңгiмелескен Арман ӘУБӘКIР