Жаңалықтар

ҒАРИФОЛЛА ЕСIМНIҢ “ЖАР ЖАҒАСЫ” КIТАБЫ ЕГИПЕТТЕ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

ашық дереккөзі

ҒАРИФОЛЛА ЕСIМНIҢ “ЖАР ЖАҒАСЫ” КIТАБЫ ЕГИПЕТТЕ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Елiмiзге белгiлi жазушы, философ, академик Ғарифолла Есiм 500-ден аса шығармалар мен ғылыми еңбектердiң авторы. Олардың iшiнде Америка Құрама Штаттарында “Хакiм Абай” кiтабы ағылшын тiлiне аударылып, елiмiзде орыс тiлiнде жарыққа шыққан едi. Сондай-ақ, жекелеген шығармалары түрiк, парсы тiлдерiне тәржiмаланғаны оқырмандарға белгiлi.

“Жар жағасы” философиялық новеллалардан тұратын кiтап. Ол орыс тiлiнде “Прошлое в настоящем” (опыт философской прозы) деген атпен Алматыда 2003 жылы басылып шықты. Осы философиялық новеллалар жинағы араб тiлiне аударылып Каирдың “Ұлттық аударма орталығында” 2009 жылы 50 мың таралыммен жарық көрдi. Кiтапқа “Нұр-Мүбәрак” Египет ислам университетiнiң ректоры, сол елдiң белгiлi ғалымы Махмұд Фаһми Хижази алғы сөз жазды. Арабша формаға келтiрген Махмұд Фуад.

“Жар жағасына” арқау болған адам болмысы, оның тағдыры туралы ғалымның ой-пiкiрлерi. Автор “жар жағалап ғұмыр кешкен адам” деген философиялық метафораға айналған ұғым арқылы адам болмысының құпиясына терең үңiле отырып үлкен философиялық мәселелердi қозғайды.

“Адамдар қай заманда, қай елде болмасын Тағдырларын арқалап, бұл жарық дүниенiң Үмiт Базарында, жар жағалап күндерiн кешуде” деген автор сөзiнен басталатын кiтап терең ойға жетелейдi. Себеп, бүгiнгi заман толқыны тек жеке адам ғана емес бүкiл қоғамдық жүйенiң жар жағасында тұрғанын көрсеттi. Сөйтiп, кiтап көпшiлiктiң ықыласына бөлендi.

Осындай философиялық мазмұндағы шығармаларды араб тiлiне, ағылшын тiлiне аудару елiмiздiң ғалымдарының еңбектерiне жаңаша серпiн берерi сөзсiз.

Академик Ғарифолла Есiмнiң “Жар жағасы” кiтабының араб тiлiне аударылуының өзiндiк жетiстiктерi жеткiлiктi. Себебi, араб тiлiн алсақ, ол өзiнiң таралуы мен қолданылу аясы жағынан бiраз аймақты алып жатыр. Американдық мамандардың деректерiне қарағанда ағылшын тiлiнiң артынан испан тiлi мен бiрге араб тiлiнiң қолданыс аясы кеңейiп келедi. Араб тiлiнде сөйлейтiн халықтардың жалпы саны алдағы уақытта 482 млн. жуық адамға жететiндiгiн алға тартады. Сондықтан шығарманың араб тiлiне аударылуы жаңалық. Әрине араб тiлiн пайдаланатын миллиондаған халық үшiн 50 мың таралым аз болып көрiнуi мүмкiн, дегенмен қазақ тiлiндегi шығарманың әлем халықтарының айтарлықтай бөлiгi сөйлейтiн тiлге аударылуын қуанарлық жаңалық деп қабылдау өте орынды.

Өркен Балажанов