ТУРИЗМ НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?
ТУРИЗМ НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?
Отандық туризм – елiмiздегi кенжелеп қалған салалардың бiрi. Халық қазынасына қыруар қаржы құюға қабiлеттi туризмдi дамытуға мемлекет тарапынан дұрыс көңiл бөлiнбеуiнiң кесiрiнен Қазақстан көл-көсiр пайдадан қағылуда.
ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтiң туризм iсiн дамыту жөнiндегi кеңесшiлiгiне бекiген БҰҰ Бүкiләлемдiк туристiк ұйымының (ДТҰ) бас хатшысы Франческо Франдиаллиге үстiмiздегi жылдың 2-9 қазаны аралығында Астанада өткiзiлетiн Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Бас ассамблеясының 18-сессиясына дайындық жұмыстарын жүргiзу және қазақстандық туризм мен туристiк кластердi дамыту iсi мiндеттелдi. Аталған сессияда ДТҰ-ға жаңа басшыны сайлау жоспарланып отыр. ДТҰ – Бiрiккен Ұлттар Ұйымы жанынан құрылған туризм мен саяхат саласын дамытуға бағытталған халықаралық ұйым. Бас ғимараты Мадридте орналасқан ДТҰ туризм мен саяхат саласын әлемдiк деңгейде дамыта отырып, азаматтар құқығының сақталуына, мемлекеттердiң экономикалық тұрғыда өсiп-өркендеуiне, әлеуметтiк ахуалдың жақсаруына ықпал етедi. Сондықтан ДТҰ-ға жетекшiлiк ететiн бас тұлғаны таңдау мәселесi Астанада бас қосатын 159 елдiң мыңдаған өкiлi мен Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен ағылатын жекеменшiк кәсiпорындар, оқу орындары, туристiк ассоциациялар мен туристiк салаға қатысы бар барлық мекеме қызметкерлерiне үлкен жауапкершiлiктi жүктерi анық. Ал қазақ шенеунiгiне кеңесшiлiк ететiн Франджиалли сессия барысында аталған ұйымда 19 жыл бойы үздiксiз тер төккенi үшiн марапатталатын көрiнедi. Франческо мырза туризм саласы кенжелеп қалған Қазақстанды халықаралық деңгейге көтерем деп құлшынып отыр.
Дүниежүзiлiк сауда ұйымы мен Бүкiләлемдiк туризм мен саяхат кеңесiнiң мәлiмдеуiнше, туризм саласында құрылатын әр жұмыс орны 5-9 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге қауқарлы. Сондай-ақ, туризмнiң экономикаға тиесiлi 32 салаға тiкелей немесе жанама әсерi бар. Яғни, елдiң қарыштап дамуына ықпал етедi. Дамушы елдер ғана емес, дамыған елдердiң өзi туризмнен түсетiн кiрiстi барынша көбейтуге күш салатыны сондықтан. Мысалы, былтыр туризмнен көп пайда тапқан елдердiң алдыңғы қатарында Испания ($41,3 млрд.), Италия ($35,5 млрд.), АҚШ ($ 31,8 млрд.), Франция ($30,7 млрд.) бар. Ал әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен кiрiсi төмендегендер – Германия ($30,7 млрд.), Жапония ($31,7 млрд.), Ұлыбритания ($3,57 млрд.) және Нидерландтар ($2,49 млрд.). Қысы-жазы бәсекелестiк көрiгi қызатын туристiк нарық – жүздеген миллиард пайда табуға мүмкiндiк беретiн ең табысты сала.
ҚР Туризм және спорт агенттiгi тарапынан берiлген ресми деректердi сөйлетсек, 2008 жылы елiмiздегi туристiк қызмет көрсетуден түскен кiрiс 73 млрд. теңгеден асып жығылған (2007 жылғы көсерткiш – 63 млрд. теңге). Қызық iздеп шекара асқандар саны 11 пайызға (4,7 млн. адам) азайып, iшкi туризмге иек артқандар саны керiсiнше, 15 пайызға (5.2 млн. адам) көбейген. Мамандар пiкiрiнше, әлемдiк қаржылық дағдарыс отандық туризм саласының дамуына оң ықпал етпек. Өйткенi, тұтынушылық сұраныстың төмендеуi, бәсекелестiктiң күшеюi, қаржылық қиындықтың ушыға түсуi адамдарды “көрпелерiне қарай көсiлуге” мәжбүрлейдi. Осының арқасында былтыр туристерге қызмет көрсетуден түскен кiрiс жылдық орташа көрсеткiшпен, 28 пайызға тең болған. Әрине, туризмнiң көлеңкесiмен бiрге күнгейi қатар жүредi. Мәселен, соңғы кездерi демалушылардың Қазақстандағы қорықтарға қызығушылық таныта бастауы отандық туристiк саланың аяғынан тiк тұруына оң ықпал етiп отыр. Сонымен қатар туризмнiң велосипед, ат, су спортына баса назар аударатын салалық түрлерi өркен жайып келедi. “Байқоңыр” ғарыш айлағын көруге құмартқан шетелдiктер көп. Бiрақ инфрақұрылымның халықаралық стандарттарға сай келмеуi тағы да кедергi.
Туризм саласының “күлшелi бала” екендiгiн жақсы бiлетiндер бүгiнде осы бағытта нан табуға көшкен. Мысалы, қазiр елiмiзде Жер шарының 80 мемлекетiмен серiктестiк қатынас орнатқан 1000-нан астам турситiк агенттiктер жұмыс iстеуде. Өкiнiшке қарай, сол 1000-ның тек жиырма пайызы ғана шет елдерден Қазақстанға қонақтар тартумен айналысады. Ал қалған 80 пайызы өзге елдердiң бюджеттерiн “қампайтуда”. Ал республика аймағында сапарлайтын отандастардың көпшiлiгi демалу мақсатында емес, тек iссапармен болатындар. Әрине, араларында туған-туысты түгендейтiндер де кездеседi. Ал демалу, тынығуға келгенде, шекара асқанды жөн көредi. Отандық инфрақұрылымның қалыптаспауы және дамытылмауынан және жарнаманың аздығынан отандастарымыз Қазақстанның қай түкпiрiнде ыңғайлы әрi арзан бағаға демалуға болатынын бiлмейдi. Есесiне, бұқаралық ақпарат құралдарынан көздiң жауын алатын түрлi жарнамалар шет елдердiң туристiк салаларын жарнамалауға жанталасуда.
Былтыр елiмiзге шекара сыртынан келгендердiң басым бөлiгi немiстер екен. КСРО құрамында болған мемлекеттер арасында Қазақстанға өзгелерге қарағанда орыстар көбiрек ат басын бұрыпты – 67,5 %. Әрине, тұрмысы жоғары шетелдiктердiң инфрақұрылымы жөндi дамымаған қазақстандық туристiк қызмет көрсету түрiн оңайлықпен таңдамасы анық. Талабы жоғарылар арасында қалталы қазақтар да жетерлiк. Ал тұрмысы орташа ағайын демалатын жер таппай қиналады. Сарапшылар пiкiрiнше, бұл мәселеде әсiресе, орта топ өкiлдерiне қиын. Өйткенi, қызмет көрсету деңгейi төмендiгiне қарамастан, отандық туристiк нысандар бағасы удай қымбат. Бүгiнде ала-құла бағаны реттеу де оңайға соқпай отыр. Мамандар қауымы көшпендiлердiң ата-бабасы iзiн қалдырып кеткен Қазақ елiн көруге құмартатын шет ел азаматтары үшiн жағдай жасау керек дейдi. Кейiнгi кездерi iскерлiк ортаның белсендiлiгi артуының арқасында Қазақстанға келiп, кететiндер көп. Алайда, оларға жасалатын жағдай өте төмен. Тiптi, қонақ үйлердiң өзi қонған бiр түн үшiн әкесiнiң құнын сұрайды. Таиланд, Шри-Ланкадағы саяси тұрақсыздық, “шошқа тұмауы” деген атпен әлемдi аяғынан тiк қойған дерт, күннен күнге ушығып бара жатқан экономикалық дағдарыс туристер санының күрт азаюына әкеп соқты. Қазiр саяхат пен демалысты қалағандар үшiн ең тиiмдi әрi қауiпсiзi – Түркия мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi. Ал iшкi туризмде – Ыстықкөл, Бурабай, Алакөл. Жан басына шаққанда, сыртқы туризм – 1000-1500 АҚШ доллар, ал iшкi туризм 1600-2200 теңгенi талап етедi.
Үкiмет 2007-2011 жылдар аралығында отандық туризм саласын дамыту мақсатында 60 млрд. теңге көлемiнде қаржы бөлуге шешiм шығарған. Жоба бойынша, аталған 5 жыл iшiнде мемлекеттiк бюджетке 600 млрд. теңгеге жуық кiрiс кiруi тиiс. Сондай-ақ, Шортанды мен Қапшағайды арнайы ойын бизнесi дамыған туристiк аймаққа айналдыру да алдын ала жоспарланған болатын. Осының нәтижесiнде 550 мыңға жуық отандас жұмыспен қамтамасыз етiлiп, елдегi жұмыссыздық деңгейi төмендетiлуi керек едi. Өкiнiшке қарай, Үкiметтiң бұл жоспары ойдағыдай iске аспай отыр. Казинолардың көпшiлiгi жабылып қалды, ал кейбiр “пысықай” Алматы мен Астана, басқа да облыстарға жақын орталықтарда заңсыз әрекет етуге көшкен. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi олармен күресiп әлек.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ