Жаңалықтар

Күн тәртiбiнде: ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС

ашық дереккөзі

Күн тәртiбiнде: ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС

Экономикалық дағдарыс ушыға түскен кезде елдегi жұмыссыздық проблемасы белең алатыны белгiлi. Бiздiң билiк азаматтардың екi қолына бiр жұмыс тауып берудiң түрлi тәсiлдерi мен жолдарын табуға мүдделi. Оған дағдарысқа қарсы күрестi қамтамасыз ету мақсатында арнайы түзiлген “Жол картасы” сеп болмақ.

Әлемдiк экономикалық дағдарыс ушыға бастаған кезде ҚР Президентi Министрлер кабинетiне жұмыссыздықпен күрес мәселесiне баса назар аударуға нұсқау бердi. Оның себебi айтпаса да түсiнiктi: қаражат тапшылығына ұрынған жекеменшiк кәсiпорындар мен мекемелер қарамағындағы қызметкерлерiн жаппай жұмыстан шығара бастағанда елде жұмыссыздықтың белең алатыны белгiлi. Ал екi қолға бiр жұмыс таппай қиналатын ағайынға нәпақа табу қиынға түспек. Сондай-ақ, қолына дипломын ендi алған жас мамандардың жұмыс таба алмай қиналатын сәттерi жиi кездеседi. Өйткенi, мамандығың бойынша жұмысқа тұру үшiн “жоғарыда” көкең отыруы керек немесе қызметке орналастыруға ықпалдылардың тамағын майлауға “қалтаң” қалың болуы тиiс. Бұған қазақ қоғамын iштен iрiткен коррупция кiнәлi. Өкiнiшке қарай, орталық және жергiлiктi атқару органдарында жемқорлық пен бюрократизм “дертiне” шалдыққан шенеунiк көп. Жас мамандардың жолын кесетiн де – солар. Бұл әрине, кез келген салаға тән кесiрлiк. Осындай келеңсiздiктердiң алдын алуды көздеген Үкiмет “Жол картасын” Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша түздi. Аталған құжатта әлеуметтiк жұмыс орындарын кеңейту және жастар тәжiрибесi бағыты бойынша атқарылатын шаралар тәжiрибесiн жүзеге асыруға ден қойды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Халықты жұмыспен қамту және көшi-қон департаментiнiң сарапшысы Ерасыл Жұманбаевтың мәлiмдеуiнше, осы мақсатта үстiмiздегi жылы республикалық бюджеттен 8,6 млрд. теңге бөлiнiп, аталған қаражатқа 69 мыңға жуық отандасты жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Жол картасын қаржыландыруға арналған 8,6 млрд. теңгенiң 3,1 млрд. теңгесi жастар тәжiрибесiнiң еншiсiнде. Бұл сома жоғары және орта оқу орындарын бiтiрген 34 452 түлектi уақытша (6 ай бойы) жұмысқа орналастыруға мүмкiндiк бермек. Тиiмдiлiгi сол, жарты жыл бойы тәжiрибе жинақтап, жұмыс берушiнiң сынынан сүрiнбей өткен жас түлек сол мекемеде тұрақты түрде жұмысқа орналасуға мүмкiндiгi бар. Ал арнайы құрылатын әлеуметтiк жұмыс орындарына бөлiнген қаражат – 5,5 млрд. Бұл елiмiздегi мақсатты топ тiзiмiнде тұрған 61 248 адамды уақытша, яғни, 2009 жылдың соңына дейiн жұмыспен қамтамсыз етуге сеп. Халық қазынасынан бөлiнген қыруар қаржы “ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында” кетпеуi үшiн ҚР Үкiметi жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия жүйелi түрде қатаң бақылау жүргiзiп отыруға мiндеттi.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiндегiлердiң айтуынша, азаматтар арасында кәсiби дайындық, қайта мамандандыру және кәсiби бiлiктiлiктi арттыру шараларын жүзеге асыру мәселесi бүгiнде мақсатты әрi жүйелi түрде қарастырылып жатқан көрiнедi. Е.Жұманбаев мырза: “Бұл жетiстiкке жұмыс берушiнiң талап-тiлегiн ескере отырып, маман дайындауға негiзделген оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының бiртұтастығының арқасында қол жеткiзiлдi” дейдi. Мемлекеттiк бюджеттен маман дайындау мен қайта мамандандыру iсiне бұған дейiн бөлiнген қаражатқа қосымша жергiлiктi бюджеттерден 14,4 млрд. теңге көлемiнде қаржы бөлiнген. 146,5 мың адамды қамтитын бұл жоба Жол картасының инвестициялық бағыттары шеңберiнде жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар жұмыстан шығып қалған қызметкерлер, жоғары оқу орындарының түлектерi мен оралмандар секiлдi жалпы саны 100 мыңға жуық отандасты қайта оқыту жоспарда бар. Ал макроаймақтарды экспорттық мамандандыру бағыты бойынша – 20 мың, түскен ұсыныстар бойынша – 3,5 адам, шет мемлекеттерден тартылған жұмыс күшiнiң орнын толтыру үшiн 23 мың адам жұмыспен қаматамасыз етiледi.

Еңбек министрлiгi бiлек сыбана кiрiскен бұл шарадан жергiлiктi атқарушы органдар да шет қалған жоқ. Бүгiнде әрбiр облыс әкiмшiлiгi халықтың әлеуметтiк ахуалын жақсартуға сеп болатын сала – жұмыспен қамтамасыз ету шарасын iске асыруға белсене кiрiскен. Мысалы, бiз хабарласқан Қызылорда облысындағы ахуал көңiл көншiтерлiк. Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары Сәбит Қожаметов мырзаның айтуынша, облыс шеңберiнде iске асырылатын “Жол картасына” республикалық және жергiлiктi бюджеттерден 8281,1 млн. теңге қаржы бөлiнген. Оның 7 461,4 млн. теңгесi – инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға; 491,0 млн. теңгесi – маман дайындауға; 328,7 млн. теңгесi әлеуметтiк жұмыс орындарын кеңейтуге және жастар тәжiрибесiне тиесiлi. Сәбит Нұрмаханұлы Қызылорда облысы бойынша жұмыссыздықпен күрес мақсатында маман даярлау және қайта мамандандыру бағытында қарастырылған 491,0 млн. теңге 3636 адамды жұмысқа орналастыруға арналғанын көлденең тартады. Ал әлеуметтiк жұмыс орындарын құру және жастар тәжiрибесiн қолданысқа енгiзу бағдарламасына сәйкес, 3657 адамға 328,7 млн. теңге қарастырылған. Оның iшiнде, жастар тәжiрибесi бойынша 1404 адамға – 126,3 млн. теңге; әлеуметтiк жұмыс орындарын құру бойынша 2253 адамға – 202,4 млн. теңге. Күнi бүгiнге дейiн 833 отандас жастар тәжiрибесiне тартылып, облыс аймағындағы 311 мекеме мен кәсiпорынмен келiсiм-шарт жасалған. Сондай-ақ, 1039 әлеуметтiк жұмыс орны құрылып, 121 мекеме және кәсiпорынмен келiсiмге отырылған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ