Жаңалықтар

ТОМПАНДАFАН ЖЕТIМЕК МУЛЬТФИЛЬМ КӨРIП ҚАЙТТЫ

ашық дереккөзі

ТОМПАНДАFАН ЖЕТIМЕК МУЛЬТФИЛЬМ КӨРIП ҚАЙТТЫ

1-маусым күнi балалардың мерекесi тойланады. Дәл сол күнi Алматыдағы ұлттық саябақтарда ине-шаншар орын болмайды. Аяқтарын тапыл-тапыл басқан кiшкентай бүлдiршiндердiң күмiс күлкiсiне бөленген саябақ алаңдары да сол күнi өзгеше нұрға бөленiп сала бередi.

Жылына бiр рет келетiн бұл мерекенi балалар да асыға күтедi. Ерекше мерекенi балалардың асыға күтетiн де жөнi бар. Өйткенi, бұл күнi балаларға да атракциондардың көбi жеңiлдiкпен қызмет көрсетедi. Тiптi, кейбiр алаңдарда балалар үшiн тегiн қызмет түрлерi де бар. Құмарлары қанғанынша қалаған атракциондарын тебетiн балалардың сондағы шат-шадыман жүзiн көрудiң өзi бiр ғанибет.

Ал, ата-ананың жылуынсыз өсiп жатқан балалар үйiндегi сәбилер ше? Бұл күндi олар да асыға күте ме? Осы ой менiң көкiрегiмде тұмшалағаны қашан? Әуелi сол балалар үйiнiң табалдырығын аттап, немен айналысып жатыр екен, көрсем бе екен деп те ойладым. “Iздегенге сұраған” демей ме, осы ойлардың қоршауында жүргенiмде шет елдiк компаниялардың бiрiнен маған телефон шалды. Телефон қоңырауын соққан бойжеткен өзiн HP компаниясының өкiлiмiн деп таныстырды. Ол өз компаниясының балалар мерекесiне орай, Алматыдағы “Арман” кинотеатрында балаларға арнап, мультфильм көрсеткелi жатқандығын айтты. Балалар үшiн жасалып жатқан игiлiктi шара болғандықтан, қалай бас тартарсың?! Бiрден келiсе кеттiм. Бiрақ әуелде ол балалардың “Балалар үйiнiң” жетiмектерi екенiн сезгенiм жоқ.

Таңертеңгiлiк сағат 10.00-шамасында “Арман” кинотеатрына келдiм. Айнала шүпiрлеген балаға толы. Жас шамалары әркелкi, қара, сары шашты балалар кинотеатрдың маңында шу-шу етiп, iшке кiруге әзiрленiп жатыр екен. Түрлерiне қарап, бiр сыныптың балалары дейiн десем, оған ұқсамайды. Әрқайсының жасы да, бойы да әртүрлi. Тiптi, кiшкене бүлдiршiндер де кездеседi арасында.

Балалардың сүйкiмдi қылықтарына қызыға қарап, кезек соңынан мен де iшке беттедiм. Iшке кiрген әр балаға бiр-бiр сусын мен жүгерi түйiршiгiн ұстатып жатыр. “Бала тiлi бал” демей ме, алдымдағы құлдыраңдап бара жатқан кiшкентай сәбидiң қылығына қызығып, артынан iлестiм.

– Сүйкiмдi балақан, сенiң атың кiм?

– Архат,– дедi аузын толтырып.

– Жасың нешеде?

– Төртте.

– Мультфильм көруге келдiң бе?

– Иә,– деген бойда тәрбиешi апайдың соңынан қайтадан құлдыраңдап жүгiре жөнелдi. Томпаң-томпаң басқан қадамына сүйсiне қарап, соңынан мен де iлестiм. Кинотеатрдың екi залына тең бөлiнген балалар өз орындарына жайғасып та үлгерiптi. Шеткi орындықтың бiрiне келiп отырған соң, айналамдағы балаларға жiтi назар аудара бастадым. Сонда ғана бұл балалардың мектептердiң бiрiнен келмегендiгiн ұқтым.

Үлкенi кiшiсiн жетелеп жүр. Үлкенi кiшiсiне қамқорлық танытып жүр. Сол қамқорлықпен бiрiн– бiрi жетелеген бойы орындықтарға жайғасып жатты.

Қасыма келiп отырған жетi-сегiздердегi екi баланың бет-пiшiнi бiр-бiрiнен аумайды екен. Қасыма таяу отырғанынан:

-Атың кiм?– деп сұрап едiм.

– Руслан,– дедi бала күлiмсiреп. – Бiз үшембiз. Үшiншiмiз анда отыр, – дедi қолымен алдыңғы жақты нұсқап.

– А-а,– дегеннен басқа ешнәрсе айта алмадым. Iлкi сәтте аузыма сөз түссешi.

– Екеуiнiң аты Максим, Даниэл, – дедi Руслан тақылдап.

– Қай класта оқисыңдар? – Ойыма келгенi осы болды.

– Үшiншi сыныпта оқимыз.

– Жақсы екен. Сабақтарың қалай?

– Жақсы.

Үшемдердiң тiлi орысша шығыпты. Қазақша қойған сауалымды түсiне қоймады. Бiр тәуiрi Руслан бауырмал екен. Iшi-бауырыңа кiрiп барады. Қояр сауалы да көп. Осылайша сөйлесiп отырғанымызда, көптен күткен мультфильмде басталып кеттi. Мультфильмнiң аты “Монстры против пришельцев” деп аталады. Бұл мультфильмнiң түсiрiлiмiне аталмыш компанияның, яғни HP-дiң де қатысы бар екен. Қырық миллионнан астам сағат жұмсалған бұл туындыға “Шрек” мультфильмiнен сегiз есе, “Кунг фу Панда” мультфильмiнен екi есе көп уақыт кетiптi.

3-D форматтағы мультфильмдi балалар көзiлдiрiк арқылы тамашалады. Алдыңғы қатарға төрт жастағы Архат да жайғасқан екен. Көзiлдiрiгi өзiнен дәу. Қасындағы тәрбиешi апайына көзiлдiрiктi бiресе берiп, бiресе қайта алып, өз-өзiмен әуре болып отырды. Төрт жастағы бала мультфильмдi қайдан түсiнсiн? Бiр кезде шыдамы таусылған болуы керек, апайына қыңқылдап сыртқа шыққысы келетiнiн айтты. Қасында дәл өзiндей бiр қыз бар. Шаштары сап-сары бүлдiршiннiң ұлтының орыс екендiгi бiрден байқалады. Бiрақ, тiлi қазақша шыққан. “Апай, менiң атым Люда” деп қояды тықылдап. Оның да жасы төртте екен. Екi бiрдей бүлдiршiндi жетелеп, апайлары сыртқа алып кеттi. Екеуiнiң де қайта кiрiп, мультфильм көруге аса зауқы соға қоймаған болуы керек, орындарына келе қойған жоқ.

Қасымдағы Русланды да мультфильм жалықтырды ма, құлағыма сыбырлап, әрнәрсенi бiр сұрап қояды.

– Апай, апай, сiз қайда тұрасыз? – дедi бiр сәтте.

– Осында, қаланың сыртында. Менде сыбырлап сөйлеуге көштiм.

– Ол алыс па?

– Бұл жерден алыстау.

– Сiз кiммен тұрасыз?

– Апаларыммен.

– Iммм. Үнсiз қалды. Бiр кезде қайта сыбырлай жөнелдi.

– Сiздiң сөмкеңiзде не бар?

– Сөмкемде қағаз, қалам, телефон, – дедiм сыбырлап.

– А-а…

Не сұрағысы келдi екен? Мультфильмнiң дауысы жаңғырып тұрған соң, әрi зал iшiндегi қара көлеңке баланың сол сәттегi бет-пiшiнiн көрсете алған жоқ. Мүмкiн, iштей бiр нәрсенi қалады ма екен. Бiрақ, сөмкемде шынында да өңкей қағаз-қаламнан басқа ешнәрсе жоқ едi .

– Сiз қайда жұмыс iстейсiз? – Тағы да Руслан.

– Газетте тiлшiмiн…

Тағы да үнсiздiк…

Бiраз үнсiздiктен кейiн, “Ал, сiздiң үйiңiзге баруға бола ма?” дедi сыбырлап… Қапелiмде тағы ешнәрсе айта алмадым. Үйге алып кетейiн десем, алып кете алмайтыным тағы белгiлi. Әрi баланы құры алдағаннан не ұтамын. Бұл жолы мен үнсiз қалдым. Шынымды айтсам, баланы жұбатып айтатын сөз таба алғам жоқ. Әрi үйге алып кетемiн деп алдай да алмадым.

Мультфильм де аяқталды. Кинотеатрдың алдында жүрген мультфильмнiң персонаждары да балалардың көңiлiнен шығуға тырысып жатты. Елiмiздегi HP компаниясының директоры Мұрат Нұрғали:

“Бұл күн балалардың есiнде мәңгiлiк қалады деп сенемiн. Ата-аналарының жылы құшағын сағынып жүрген жас жеткiншектерге осындай мүмкiндiк бергенiмiзге аса қуаныштымыз” деп ой бөлiстi. Компания сыйлаған бiр-бiр шарды құшағына қысқан балалардың бiр сәттiк қуанышын көру де бақыт екенiн бiлем. Бiрақ, олардың әрқайсысының көкiректерiнде өз үйiм болса, анамды көрсем ғой шiркiн деген iштей арман жүредi-ау. Әлгiнде Архат пен Люданы сыртқа жетелеп алып кеткен тәрбиешi апайы: “Бұлар ешқашан “мама” деп жыламайды. Қуанса да, ренжiсе де, әуелi апайын iздейдi” деген едi. Томпаң-томпаң етiп кетiп бара жатқан Архатқа, бауырыма кiрiп, сыбырлай сөйлеген кiшкентай Русланға, оның қос бауыры Максим мен Даниэлге аз күндiк болса да, қуаныш сыйлауға тырысқан HP компаниясының бұл қайырымдылық әрекетi бiзге де ұнады. Дәл сол күнi Алматыдағы №1 балалар үйiнiң екi жүзге жуық жас жеткiншегi мультфильмдi тамашалап қайтты.

Балаларды көзбен шығарып салып тұрып, сондағы өкiнгенiм-ай. Бiр бала емес, үш бiрдей асықтай ұлын жетiм еткен қандай ана? Тоғыз ай, тоғыз күн iшке сыйған үшем сыртына да сиятын едi ғой. Қалай ғана көзi қиып тастады екен,ә!

Әсiлi, баланың күлкiсiнен тәттi нәрсе жоқ. Бiрақ, тағдырлары әу бастан қиын басталған бұл жеткiншектердiң күлкiсiн көру соншама қиын болады екен. Әлгiнде тәрбиешi апай жұмысқа алғаш тұрған күнi жұмысын iстей алмай, жүрегi ауырып үйге қашып кеткенiн айтып едi. Ал, мен сол күнгi көз алдымнан өткен осынау көрiнiстi жадымнан қалай шығарам?!

Гүлзина Бектасова