ОЙДЫМ-ОЙДЫМ ЖОЛДАРДАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
ОЙДЫМ-ОЙДЫМ ЖОЛДАРДАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
Өткен аптада, Парламенттегi Үкiмет сағатында депутаттар елiмiздегi жол мәселесiмен таныс болған едi. Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсаинов мырза 2015 жылға дейiнгi жол стратегиясын тәптiштеп баяндап берген болатын. Республикадағы жолдардың ой-шұқанағы көп екендiгi жайында бұған дейiн де талай рет Үкiметтiң құлақ құрышын қандыра жазған едiк. Алайда, депутаттар министр мырзаның есебiне алданып, әңгiмесiне көңiл-қошын бiлдiрiп қала бердi. Ал, шын мәнiсiнде елдiң экономикалық даму көрсеткiшi болатын жолдардың халықаралық стандартқа қашан сай бола алатындығы белгiсiз.
Дегенмен, жыртыққа жамау мақсатында биылғы жылғы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге бюджеттен 101 млрд. теңге бөлiнiп отыр екен. Демек, шамасы 2 мың шақырым автокөлiк жолдарын жөндеу көзделген.
ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫСТЫҢ ШЫРҚЫН КЕТIРЕТIН ЖОЛ
Жақында, жолым түсiп Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына барып қайттым. Бұл екi ортаны Алматы-Өскемен күре жолы жалғайды. Аягөзге 90 шақырым қалғанда оңға бұрылып, 80 шақырым жол жүресiң. Яғни, аталған күре жолдан 80 шақырым ғана бұрылыс.
Алматы-Өскемен күре жолы елiмiздегi оңтүстiк пен шығысты жалғап жатқан, стратегиялық маңызы зор – объект. Алайда, осы жолмен жүрген жолаушының Өскеменге жеткенше ит әуреге түсетiнi бар. Осы жолмен былтыр да жүрген едiк. Оралған соң көрген-бiлгенiмiздi қағазға түсiрiп, газетке жазғанбыз. Алайда, одан шыққан нәтиже көрiнбейдi. Биыл да күре жолдың тоз-тозы шығып жатқанына куә болдық. Аталған күре жол екi iрi облыстың территориясында жатыр. Бiрi – Алматы, екiншiсi – Шығыс Қазақстан облысы. Ең бастысы, Алматы облысы аумағына қарасты жол өте жақсы. Биыл Сарқанд ауданынан ары қарай тағы да жөндеу жұмыстары басталып кетiптi. Ал, Шығыс Қазақстан облысына қарасты жағында әзiрге қызу жұмыс қарқыны байқалмайды. Бәлкiм Өскемен қаласынан берi қарай жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп келе жатқан да шығар. (Алайда, облыстың құзырлы органдарынан алған мәлiметiмiз бiздiң бұл үмiтiмiздi де жоққа шығарып отыр). Үржар ауданының территориясы осы жолды жағалап 200 шақырымға дейiн жалғасып жатыр.
ҚР Көлiк және коммуникациялар министрлiгi Автомобиль жолдары комитетiнiң Шығыс Қазақстан облыстық департаментiнiң бiзге берген ресми жауабында “Республикалық маңыздағы “Алматы – Өскемен” жолының Шығыс Қазақстан облысына қарасты аумағында 2009 жылы 804-812, 836-843, 855-857, 873-899 шақырымында, барлығы 43 шақырым жол орта жөндеуден өтедi. Бұл мақсатқа 369,8 миллион теңге қаражат бөлiнiп отыр” делiнген. Яғни, Өскемен – Үшаралға дейiнгi 600 шақырым жолдың небәрi 43 шақырымын жамап-жасқау (орташа жөндеу дегендi осылай түсiндiк) көзделiп отыр екен. Маңызы республикалық, қала бердi халықаралық дәрежеге дейiн жететiн бұл жолдың қалған бөлiгi биыл да назардан тыс қалмақ.
КӨКӨЗЕК АУЫЛЫНА ЖОЛ БАҚЫТЫ БҰЙЫРМАЙТЫН ШЫҒАР
Ал, Таскескен мен Үржар арасын жалғайтын 80 шақырым жол халықаралық маңызы бар — Бақты-Мақаншы автомагистралiне апаратын жол. Үржар ауданына енгеннен кейiнгi жолдың да машақаты көп. Әсiресе, Үржар мен Көкөзек ауылына баратын жолдың Науалы ауылынан шығып, Көкөзекке бет алатын 18 шақырымы және Көкөзек ауылының iшкi жолы барынан жоғы артық деген күйде. Бұл жолдың осылай шаңы аспанға шығып жатқанына тура 15 жыл. Ауылды қолдаудың 3 жылында да бұл жолдар көзден таса қалды. Науқаншылдықпен алаөкпе болған ауыл жылдары көзге еленбеген бұл жолдарға жергiлiктi әкiмшiлiктiң де, жол жөндеу мекемелерiнiң де мейiрi түсе қойған жоқ. Бүгiнде бұл жолдар сiздi тура 70-80 жылға керi шегерiп тастағандай әсер қалдырады.
19-ақпандағы Елбасының халыққа дәстүрлi Жолдауынан кейiн 10-наурызда Үкiметтiң селекторлық жиналысында “Жол картасы” атты жобаның дүниеге келгенi белгiлi. Оның негiзгi көздегенi – жұмыссыздықты азайту. “Жол картасы” – аясында 260 мың жұмыс орны ашылып, құны 163 миллиард теңге тұратын 4734 жобаны iске асырылу жоспарланған. Соның 989-i жол-жөндеу жұмыстарына арналған болатын. Бұл мақсатта 45,6 миллиард теңге бөлiнiп, 47,1 мың жұмыс орны ашылу қажет-тұғын. Облыс және ауданаралық жолдарды жөндеу iсi осы – Жол картасы бойынша жүзеге асуы тиiс.
Бiздiң қолымыздағы ресми деректерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысына “Жол картасын” жүзеге асыру мақсатында 13 миллиард теңге бөлiнген екен. Ол мұндағы 800 объектiнi жасауға арналған. Сондай-ақ, жергiлiктi қазынадан тағы 3 миллиард теңге “Жол картасы” үшiн бөлiнiп отыр. Бұл туралы Өскеменде ресми сапармен болған вице-премьер Ербол Орынбаев мәлiмдеген болатын. Шығыс Қазақстан облыстық Жолаушы көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Байбатшинның мәлiмдемесi бойынша, облыс аумағындағы жолдардың 43%-ы орташа және ағымдағы жөндеуден өткiзiлетiн болады. Осы мақсатта 2161,9 миллион теңге бөлiнiп, 1729 жұмыс орнын ашу жоспарланыпты.
ҚЫТАЙҒА БАРАР ЖОЛ ҒАНА ТАҚТАЙДАЙ ТЕГIС БОЛМАҚ
Бiз осы мәселеге орай, Шығыс Қазақстан облыстық Жолаушы көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы мен ҚР Көлiк және коммуникациялар министрлiгi Автомобиль жолдары комитетiнiң Шығыс Қазақстан облыстық департаментiне сауалдар жiберген едiк. Аталған құзырлы органдар бiздiң сауалымызға уақытынан кешiктiрмей жауаптарын жазып та жiберiптi.
Бiрiншiден, биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша, жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдарына 8 млрд. теңге бөлiнген екен. Бұл қаражат — Риддер қаласының айналма жолын, “Өскемен — Тарғын — Самар”, “Семей — Долонь — Үлкен Владимировка”, “Шемонаиха — Секисовка”, “Семей — Курчатов”, “Семей — Қарауыл”, “Үлкен Нарым — Күршiм”, “Көкпектi — Самар” автожолдарының бөлiктерiн күрделi жөндеу, “Семей — Қарауыл” автожолының 80-102 шақырым аралығын және “Өскемен — Тарғын — Самар” автожолының 35 шақырымындағы су өткiзгiш құбырды орташа жөндеуге арналмақшы екен.
Бiз әңгiме етiп отырған “Үржар ауданы бойынша жол жөндеу жұмыстарына жергiлiктi бюджеттен 109 миллион теңге қарастырылып отыр” дейдi бiздiң ресми хатымызға жауап жазған Шығыс Қазақстан облыстық Жолаушы көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы төрағасының орынбасары Д. Көшербаев мырза. Бiрақ, 15 жыл бойы шаңы аспанға атып жатқан Көкөзек ауылының жолын жөндеу нысанаға алынбапты.
Бiздi қуантқаны — ҚР Көлiк және коммуникациялар министрлiгi Автомобиль жолдары комитетiнiң Шығыс Қазақстан облыстық департамент директоры Бармақов мырзаның жауабындағы “Таскескен — Бақты” (ҚХР шекарасы) автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстарының 2006 жылдан берi қолға алынып, 64 шақырым жолдың пайдаға берiлгендiгi” жайында ақпарат. Биыл осы жолды жөндеу мақсатында 500 миллион теңгенi игеру жоспарланған екен.
Ресейдiң REGNUM ақпараттық агенттiгiнiң мәлiмдеуiне қарағанда, жиынтығы 260 шақырымды құрайтын Күйтiң — Тачэн — Бақты автомагистралiне Қытай жағы 4,7 млрд. юань инвестиция салған көрiнедi. Аталған агенттiк бұл ақпаратты Қытайдың “Тяньшаньнет” ақпараттық агенттiгiне сiлтеме жасаған.
P.S. Жолдың өзi — саясат деп ұрандатқалы оншақты жылдың жүзi болып қалды. Бiрақ, әлемдiк 50-лiктен, азиялық 20-лықтан үмiткер, алып территориялы Қазақстанның жолдары әзiрге Азия барыстары мен әлем алыптарын былай қойып, үшiншi әлем елдерiнен саналатын Египеттiң жолдарының да маң қарасын көре алатын емес.
Есенгүл Кәпқызы