«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
25. Жаңаөзен көтерiлiсi. 16-19 июнь 1989 жыл
Ақиқаттың түп қазығы шындықта. Оны барын салып жасыратындар бар да, талмай iзденiп шырайын шығарғысы келетiндер бар. Алайда жасыратындар аз, ал бiлгiсi келетiндер көп. Бiрақ азшылық қанша жасырса да, оны көпшiлiктiң санасынан, жадынан мүлдем өшiре алмасы анық . Бәрiбiр олар түбiне жетпей қоймайды. Жылдар жылжып, ұрпақтар жаңарған сайын шындықтың көмiлген көмбесiне жақындай бередi. Бұл заңдылық.
Қалың қауым шындықты неге iздейдi? Өйткенi шындық – ащы болса да тарих үшiн аса қымбат қазына. Онсыз тарихтың шынайы жазылмасы анық. Осыдан жиырма жыл бұрын сонау Маңғыстау түбегiндегi Жаңаөзеннiң жергiлiктi халқы неге өре көтерiлдi? Оның қандай себептерi болды? Көтерiлiске қатысушылар, көз көргендер, билiк басындағылар, журналистер, жазушылар, ғалымдар айтқан ой-тұжырымдар ненi меңзейдi? Көтерiлiстiң саяси бағасы күнi бүгiнге дейiн неге берiлмей жатыр? Сұрақтар бiрiнен соң бiрi туындайды. Бiрiне жауап бар, бiрiне жауап жоқ. Қысқасы, көңiл көншiтпейдi. “Бұзақылар”, “Экстремистер”, “Ұлтшылдар”. Жаңаөзендегi көтерiлiстi ертеңiне-ақ одақтық және республикалық баспасөздердiң ресми хабарлары осылай жарияға жар салды. Оны әдеттегiдей “оқиға” деп көрсетуге тырысып бақты. Тек республика Тәуелсiздiк алған соң ғана елдегi баспасөздерден еркiн ой айтылып, “Жаңаөзен көтерiлiсi” деген қоғамдық пiкiр қалыптасты. Ендi мiне, сол Жаңаөзендегi қасiреттi күндерге тағы оралып отырмыз. Бұл жазылмайтын жан жарасы, мәңгiлiк тақырып. Қашан әдiл бағасын алып, тарих бетiне алтын әрiптермен жазылғанша айтыла бередi. Өмiрге өрiмдей жаңа ұрпақтар келуде. Бүгiнгi, ертеңгi жиырмадағы жастардың осы көтерiлiс арқылы да өз тарихын бiлiп, одан тағылым алуға хақылары бар. – Не дейсiз?! – Адайлар көтерiлiптi! “Ел құлағы елу”. 1989 жылдың 17 маусымында осындай суық хабардан жан түршiктi. Сол күнi-ақ “Азаттық” радиосы арқылы төрткүл дүние түгел құлақтанды. Республикалық, облыстық баспасөз құралдары 20 июнь күнi ҚазТАГ-тың кезектi ақпаратын жариялаған. “Бұрын хабарланғанындай Гурьев облысының Жаңаөзен қаласында июньнiң 16-сынан 17-сiне қараған түнi бұзақы жастар тобы жасаған қоғамға жат әрекеттер орын алды. Жергiлiктi партия, совет және право қорғау органдары қолданған шаралардың нәтижесiнде жанжал шектелдi. Алайда бұдан кейiн жағдай қайтадан шиеленiсiп кеттi. Жүгенсiз кеткен элементтер топтары құрылып, олар таяқтармен, темiр сымдармен, тастармен қаруланды. Олар азаматтардың үйлерiнде, магазиндерiнде, әкiмшiлiк үйлерiнде ойран салуда. Қаланың тұрғын үй аудандары мен көшелерiнде өтiп бара жатқан адамдарды ұрып-соғуда. Милицияның қалалық бөлiмшесiн, сумен жабдықтау жүйесiн, Жаңаөзеннiң өмiрлiк маңызы бар басқа да объектiлерiн басып алуға әрекет жасалды. Жолаушылар транспортының жұмысы тоқтап қалды. Кейбiр өнеркәсiп, сауда және тұрмыстық қызмет орындарының жұмысы тоқтатылды. Оқ ататын қару, жанғыш қоспалар қолдану фактiлерi байқалды. Адам өлiмi бар. Зардап шеккендерге қажеттi медициналық көмек көрсетiлуде…” 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде де осы тақiлеттес жалған хабар таратылған. Бұл хабарға да қазақтан басқа былайғы жұрт шын сендi. Өйткенi, 1987 жылы июльде КПСС ОК сол Желтоқсан көтерiлiсi туралы арнайы мәселе қарап, “қазақ ұлтшылдығы” жөнiнде қаулы қабылдаған едi. Сол қаулы екi ұлттың арасына сына болып қағылды. Есiктен кiрiп, төрiмiздi жайлаған келiмсектер сол қаулыға малданып, Жаңаөзенде орын алған жағдайдың да байыбына бармастан жергiлiктi ұлт өкiлдерiне жирене қарады. Тiптен менсiнбей астамшылық та көрсете бастаған. Алайда Желтоқсан көтерiлiсi мен Жаңаөзен көтерiлiсiнiң мүддесi бiр екенiн қазақтар жақсы сезiндi. Iштей қолдады. 17 және 18 июнь күндерi ақпарат құралдары тек ҚазТАГ-тың сыңаржақ хабарларын жариялаған. Жалған хабарлар көтерiлiске шыққан жастарды бұрынғыдан да бетер ашындырып, жағдай шиеленiсiп кетедi. Олар: “Газеттер шындықты жазсын! Қаланың сыртпен байланыс жүйесiн қайта қалыбына келтiрiлсiн!”-деген талаптар қояды. Содан соң ғана қаладағы бар жағдайды өз бақылауында ұстап тұрған, Қазақ ССР Iшкi iстер министрi генерал Г.Н.Князов басқа газеттердiң тiлшiлерiне де өз редакцияларымен байланысқа шығуына рұқсат етедi. Гурьев облыстық “Коммунистiк еңбек” газетiнiң тiлшiсi 1989 жылдың 21 июнь күнi ғана, өзiнiң “Жаңаөзендегi оқиғалар жайында” деп аталынған алғашқы ақпаратын жариялаған. “…19 июнь күнi қалалық Атқару комитетiнiң алдындағы алаңға мыңдаған адам топталды. Жиналғандардың алдында Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының председателi М.Р.Сағдиев, республиканың басқа да басшылары сөйледi. Алайда, ақылға келуге шақырған үндердi және жағдайды қалыпқа келтiру, бiрқатар әлеуметтiк проблемаларды шешу жөнiнде шаралар алынып жатқаны, алға қарай да алынатыны жөнiнде сендiрулердi жиналғандар түсiнгiсi келмедi. 150-200 адамнан топтарға бөлiнiп, олар қаланың көшелерiн бойлап жүрдi. Кездескендердi соққыға жығып, тұрғын үйлердiң терезелерiн сындырды. Бiрнеше автомашинаны өртеп жiбердi. … Қалалық базар ауданында қақтығыс болды. Нәтижесiнде 5 адам мылтық оғынан әртүрлi дәрежедегi жарақат алды. Милиция қызметкерлерiнiң және Iшкi iстер министрлiгi әскерлерiнiң күшiмен тәртiпсiздiктi тоқтату жөнiнде шаралар алынды. Алайда, жағдайды бiрден қалыпқа келтiру мүмкiн болмады. 19 адам ауруханаға орналастырылды. Берекесiздiкке қатысушы 50 адам ұсталды. Iшкi iстер министрлiгiнiң әскерлерi қаладағы өмiрлiк маңызы бар 13 объектiнi бақылауға алды. … Қалада кешкi 21 сағаттан таңғы 6-ға дейiн коменданттық сағат енгiзiлдi. Қаланың коменданты болып Қазақ ССР Iшкi iстер министрi, iшкi қызмет генерал-лейтенанты Г.Н.Князов тағайындалды. … Кеше 20 июнь күнi Мәдениет үйi жанына жалпы саны 1 мыңға дейiн адам тағы жиналды. Кешiкпей ол таратылды. … Кеше Жаңаөзен қаласында қалалық партия комитетiнiң кеңейтiлген бюро мәжiлiсi болды. Онда қалыптасып отырған жағдай және оны түзетудегi қала партия ұйымының мiндеттерi қаралды. Бюрода Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының председателi М.Р.Сағдиев, Қазақстан Компартиясы ОК-ның секретары Ө.Ж.Жәнiбеков, Республика Министрлер Советi председателiнiң орынбасары О.И.Желтиков, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетiнiң бiрiншi секретары А.А.Құлыбаев, Республика прокуроры Г.Б.Елемесов және басқалары сөз сөйледi. Бюрода анықталғанындай, жергiлiктi партия және совет органдары тәртiпсiздiктiң болуы мүмкiндiгi, әлеуметтiк саладағы жайсыздықтар туралы мәлiметтер алған. Бiрақ толқуды болдырмайтын шараларды дер кезiнде қолданбаған. … Қалада жағдай бiрте-бiрте реттелiп келедi. Бiрақ рұқсат етiлмеген демонстрациялар мен митингiлер, қақтығыстар қаланың бiрде ол, бiрде бұл ауданында жалғасуда. Жаңаөзендегi жағдайды қалпына келтiруге көп ретте экстремистiк пиғылдағы адамдар кедергi келтiруде. Олар ұлттық негiздегi жанжалдарды одан әрi қыздыруға, право қорғау органдарын халыққа қарсы қоюға тырысуларын әлi де тоқтатқан жоқ. Тәртiпсiздiк басталғаннан берi Жаңаөзен қаласында барлығы 27 адам ауруханаға түстi. 3 адам қайтыс болды. 53 кiсi әртүрлi дәрежедегi жарақат алды.” “Коммунистiк еңбектiң” 22 июнь күнгi ақпаратынан. “…Қалыптасқан тәртiпсiздiк жағдайына байланысты көптеген тұрғындар, негiзiнен әйелдер мен балалар Жаңаөзен қаласынан кетуде. Махачкалаға және Грозныйға 600-ден астам адам аттанып кеттi. … Июньнiң 20-нан 21-не қараған түнде Жетiбай поселкiсiнде жалпы саны 500-ге жуық желiгiп алған жастар тобы халық депутаттары поселкелiк Советi үйiнiң төңiрегiне жиналды. Одан кейiн поселкелiк милиция бөлiмшесiне таяу келдi. Олар кавказдық ұлт адамдарын көшiрудi және кооперативтердi жабуды талап еттi. Жергiлiктi өкiмет өкiлдерi бұзақыларды тәртiпке шақырды. Тек таңғы сағат 5-ке таман бiрсыдырғы тыныштық жағдай орнады. … Осы уақытта көршiлес Мұнайшы поселкесiнде қазақ және кавказ ұлт өкiлдерi жастарының арасында қақтығыс болды. Оған екi жақтан 400 адам қатысты. Екi адам мылтық оғынан жарақат алды. Қақтығысқа белсендi қатысқан 4 адам ұсталды. Кейiн стихиялы топтар қайта пайда болды”. 21 июньде Алматыда одақтық және республикалық ақпарат құралдары тiлшiлерiнiң қатысуымен баспасөз конференциясы өттi. Журналистердiң сұрақтарына Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының председателi М.Р.Сағдиев, Қазақстан Компартиясы ОК секретары Ө.Ж.Жәнiбеков, республика прокуроры Ғ.Б.Елемесов, Қазақ ССР Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң председателi В.М.Мирошник жауап бердi. Олар әуелi Жаңаөзендегi және оған жақын маңдағы елдi-мекендерде болған қайшылықтарды жалпылама сипаттады. Журналистердiң назарын көтерiлiсшiлердiң саудадағы, қоғамдық тамақтандырудағы, жалпы халыққа қызмет көрсету саласындағы кавказдықтардың билеп-төстеп алуы жөнiндегi шағымдарын айналып өтiп, шектен тыс асқынған жағдайдың туындауына қала басшыларының әлеуметтiк инфрақұрылымды бетiмен жiберуi себепшi болғанына және бұған СССР Мұнай өнеркәсiбi министрлiгiне, сондай-ақ кейбiр республикалық ведомстволарына кiнә артумен аударып бақты. Алайда тiлшiлердiң қайта-қайта қазбалап қойған сұрақтарынан кейiн көрпенiң шетi көтерiлгендей болды. Қалада жергiлiктi тұрғындар арасында жұмыссыздықтың мейлiнше көбейгенiн, тұрғын үйлердiң бармақ басты, көз қысты тәсiлмен бөлiнiп келгенiн, онсыз да жетiспей жатқан азық-түлiктiң негiзгi бөлiгi кооперативтердiң қолында тұрғанын және олардың зәру тауарларға бағаны барынша қымбаттатып жiбергенiн, жалпы әлеуметтiк әдiлетсiздiктiң орын алғанын жеткiздi. Конференцияның соңында олар қазiр Жаңаөзенде О.И.Желтиков басқарған үкiмет комиссиясының жұмыс iстеп жатқанынан хабардар еттi. Ал 22 июнь күнi Жаңаөзенде баспасөз-конференциясы болған. Облыстық “Прикаспийская коммуна” газетiнiң ақпаратына қарағанда оған Қазақ ССР Iшкi iстер министрi Г.Н.Князов, Гурьев облыстық Атқару комитетiнiң председателi Ф.А.Новиков, Қазақстан Компартиясы ОК мемлекеттiк-құқық бөлiмiнiң бастығы Қ.Сүлейменов және Жаңаөзен қалалық партия комитетiнiң бiрiншi секретары Е.Күмiсқалиев қатысыпты. Алғашқы сұрақ Князовқа қойылған. Ол қаладағы жағдайдың қалыпқа түсiп келе жатқанына қарамастан қоғамдық тәртiптi бұзып жатқан әрекеттердiң әлi де көрiнiс берiп жатқанын айта келiп: “22 июнь күнi түнде аңшы мылтығымен қаруланған 6 адам “Орта Азия-Орталық” газ желiсiнiң газкомпрессор станциясын басып алу үшiн “УАЗ” автомашинасымен келiп, шарбақпен қоршалған ауласына кiруге әрекеттендi. Бiрақ бiз олардың жолын кестiк. Бiздегi мәлiметтер бойынша қала тұрғындарының көпшiлiгi коменданттық сағат орнатқанымызды мақұлдап отыр. Рас, бiрқатар милиция қызметкерлерiне қойған талаптар бар. Қазiр әрбiр болған iспен қызметтiк тергеу жүргiзiлуде”, – дедi. Қабағы қату министр бұқаралық ақпарат құралдарының тiлшiлерiне бар жайды, бар шындықты ашып айтты ма? Олардан ненi жасырып қалды? “Ұрының арты қуыс”. Ол қаладан кетiсiмен телефон станциясындағы қыздар: “Князов Мәскеумен қайта-қайта байланысып, көтерiлiсшiлерге қарсы оқ атуға рұқсат сұраумен болды”, – деген. Князов күрделi мәселенi диалог-келiсiммен емес, қарулы күшпен басқанды оңай көрiптi. Ал Мәскеу оның сол ұсынысын неге қоштамады? Шынында да ең оңай тәсiл сол едi ғой. Бiрақ Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсiн әскер күшiмен басқаннан не ұтты? Жастар қаймығып, ыңғайларына көнiп, алдарында қоғадай жапырылды ма? Жоқ. Қалай айтқанда да Мәскеу ұлттың рухын жеңе алмады. Қазақ жастары әскерден қорқып, тауы шағылса, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн екi жыл жетi айдан соң, Жаңаөзен көтерiлiсiне шықпас едi ғой. Желтоқсан олардың патриоттық сезiмiн оятып кеттi. Қала бердi сол 1986 жылдың Желтоқсанынан басталған көтерiлiс Сумгаитте, Таудағы Қарабақта, Вильнюсте, Тбилисиде жалғасын тапты. Содан бiр жыл бұрын, яғни 1988 жылдың 28 июнь-1 июль аралығында Мәскеуде өткен КПСС-тiң Бүкiлодақтық ХIХ партия конференциясында делегаттар қордаланған ұлт мәселесiн қарулы күшпен шешудi жөн көрiп жүрген орталықтың шовинистiк саясатын барынша сынап, бүкiл әлем алдында Кремльдегiлердiң беттерiне шыжғыра басқанынан, Князов жарықтық қалай сабақ алмады десеңiзшi. Ендi Жаңаөзендегi баспасөз конференциясына қайта оралайық. Келесi бiр сұрақ Е.Күмiсқалиевке қойылды. Ол: “Жастарды жұмысқа орналастыру қиыншылықтары Мұнай өнеркәсiбi министрлiгiнiң тек мұнай өндiрушi салаға ғана көңiл бөлiп, әлеуметтiк инфрақұрылымға немқұрайлы қарауының салдарынан болуда. Қазiр кадрларды орналастыру мәселесi бойынша комиссия құрылды”. Сұрақ: Халықты азық-түлiкпен және өнеркәсiп тауарларымен қамтамасыз етудегi түйiндi мәселелер неден туындауда? К.Сүлейменов: Азық-түлiк пен өнеркәсiп тауарларының негiзгi бөлiгi шаруашылық салалары бойынша бөлiнедi. Сондықтан тауарлар ведомстволарда жатып қалады. Халық депутаттар Советi бұдан шеттетiлген екен. Кооперативтермен де жағдай солай болып тұр. Олар өздерi дамып, тауарларға өздерi баға қояды. Қазiр қалада тек алып-сатумен ғана айналысқан 24 кооператив анықталып отыр. Соларды жабу мәселесi шешiлуде. Алайда бiз оларға ең соңғы шара қолдануға бара алмаймыз. (Кооператорларды түгел жабуды айтып отырған болар. А.К.) Өйткенi кооператорлар басқаларға қарағанда қаланы жемiс-жидекпен тезiрек қамтамасыз етедi. Тiлшiлер қаладағы тұрғын үй мен әлеуметтiк бағыттағы нысандардың құрылыстарын да қозғады. Е.Күмiсқалиев: Қалада құрылыспен айналысатын екi мекеме бар. Тапсырыс берушi “Мангышлакнефть” бiрлестiгi де, мердiгер орындаушы “Мангышлакнефтегазстрой” тресi. Әрқайсысы iстi өз жағына қарай тартады. Қаладағы әрбiр екiншi бөбек балалар бақшасына бара алмайтынын айтсам да жетiп жатыр. Мектептер екi есе жүктемемен жұмыс iстеуде. Сұрақ: Сiз, бiрiншi секретарь ретiнде оқиғаға дайындық жасалып жатқанын бiлдiңiз бе? Е.Күмiсқалиев: Иә, қала iшiн соңғы 4-5 күннен берi алып қашпа сөз жайлап кеттi. Бiз партия, шаруашылық белсендiлерiнiң жиналысын өткiзiп, сол алып қашпа қаңқу сөздердi тоқтатуға тапсырма бердiк. Тiптен оны радиодан да хабарладық. Бiрыңғай саяси күн де өткiздiк”. Көпiрме қызыл сөз бен әбден мезi еткен құрғақ уәдеге кеңiрдектен тойған халық қашанғы құлақ асып, сабыр сақтасын. Қиналғаннан жан шығарға таянып, жағдай әбден ушыққан кезде шыдам да шыдас бермейдi екен. Тоғанды бұзған толқынды судай лақ етiп, алаңға бiр-ақ шыққан. “Сұрақ: Сiз бiрiншi секретарь ретiнде өз кiнәңiздi сезiнесiз бе? Е.Күмiсқалиев: Иә, сезiнемiн. Сұрақ: АТП – 5 – те 600 жүргiзушiнiң 460-сы тұрғын үйге мұқтаж. Сiз мұны қалай түсiндiрер едiңiз? Е.Күмiсқалиев: АТП-5 Автомобиль-транспорт министрлiгiне қарайды. “Тұрғын-үй – 91” бағдарламасы бойынша мемлекеттiк құрылысқа кiрген. Алайда соңғы жылдары ғана санаулы адамдар ғана пәтер алды. Ал министрлiк тұрғын үй салған жоқ. Сұрақ: Қазiр тәртiп орнатуда қандай тәсiл қолданып жатырсыздар? Г.Н.Князов: Қала бес бөлiкке бөлiнген. Әрқайсысының өз коменданты бар. Тәртiпсiздiк орын ала қалған жағдайда тез басу үшiн жеткiлiктi күшпен қамтамасыз етiлген. Сырттан қалаға кiретiн жолдарға 17 бақылау-тексеру пункттерi қойылды. Олар барлық кiрген-шыққан транспорттарды жiтi қадағалап тұр. Қала iшiнде жылжымалы патрульдiк топтар жүредi”. Жалпы Жаңаөзендегi жергiлiктi халықтың мүшкiл әлеуметтiк жағдайы Одақ пен республикаға бұрыннан-ақ белгiлi болатын. Көтерiлiстен бiр ай бұрын “Казахстанская правда” газетiнiң тiлшiлерi Игорь Радионов пен Р.Насыров 17 май күнi “Шағын қалалардың әлеуметтiк проблемалары” деген айдармен “Шөлдегi қала” және “Өкпек жел өтiнде” деген тақырыптармен бiр мақала және халықпен өткiзген жиын-сұхбаттың есебiн тұтас бетке жариялаған. “Н.Мельников, жұмысшы: … Мұнай мен газ бер! Ал қалай өмiр сүрiп жатырсыңдар деп сұрайтын жан жоқ. Бұл дұрыс емес. Ауыр жұмыс жағдайында еңбек етiп жүрген бiздiң адамдар Совет өкiметiнiң қамқорлығын сезiнуi керек”. Р.Насыров тiлшi: Сiздердiң әлеуеттерiңiз орасан зор. Өткен жылдың өзiнде жер қойнынан 8,8 миллион тонна мұнай мен газ конденцатын, 2,2 миллион текше метр газ шығардыңыздар. 298,8 миллион сомның тауарлы өнiмiн өндiрiп, 120,3 миллион сомның пайдасын таптыңыздар. Мұндай орасан зор табыс пен экономикалық реформа жағдайында түбектi кереметтей дамытуға болар едi. Осыдан бiраз жыл бұрын ғана жұмысшы күшi жетiспей жатқан қалада қазiр жұмыссыздық дендеп барады. Бүгiнгi Жаңаөзенде 1500-ге жуық адамның жұмысы жоқ. Бұлар негiзiнен жастар. Оның iшiнде қыздар саны басым. Дәлiрек айтсақ, қазақ қыздары. А.Рыспаев, құрылыс бойынша директордың орынбасары: Жаңаөзенде барлық кәсiпорындарға 1,6-1,7 аудандық коэффициент қойылған. Ал тiгiн фабрикасына неге екенiн кiм бiлсiн 1,3 коэффициент қойыпты. Бiз мұны әлеуметтiк әдiлетсiздiк деп бiлемiз. Тiлшiнiң түсiнiктемесi: “Мангышлакнефтегазстрой” тресiнiң СПТУ-3 оқу орны соңғы үш жылда сылақшы, электр дәнекерлеушi, жер сүргiлеушi, газбен дәнекерлеушi, сантехник-слесарьлар және автожөндеушiлер мамандықтары бойынша 595 жас жұмысшыны дайындады. Ал трест бөлiмдерi солардың 192-сiн ғана жұмысқа қабылдаған. Мұнда жыл сайын 500-ден астам бала орта мектептi бiтiредi. Солардың 100-ден көбi жұмыс таппай сенделуде. Жаңаөзен қалалық Советi жыл сайын мұнай жабдықтарын жөндеу жөнiнде арнайы зауыт салу идеясын ұсынып жүргенi қашан. Қазiр жабдықтардың ақаулы бөлшектерiн Бакуге, Волгоградқа, Гурьевке, Татарстан мен Башқұртстанға алып барып жөндетуде. Бұл шаруашылық есеп жағдайында өте тиiмсiз. Алайда СССР Мұнай өнеркәсiбi министрлiгi бұл ұсынысқа құлақ аспай отыр. Т.Андығалиев, Теңге елдi-мекенiнiң тұрғыны:Бiз мұқтажымызды кiмге айтпадық. Бәрi де сенбедi. Ауылымыз мiне, 25 жылдан берi газ шығып жатқан жердiң үстiнде тұр. Ал бiзде газ жоқ. Бiздiң газ тiптен құбыр желiсi арқылы жер түбiндегi ФРГ-ге дейiн тасымалданады. Ал бiз өз газымызға бiр шәугiм шай қайнатып iшуге зармыз. Газ құбыры бiздiң ауылдан екi жүз метрдей жерде болса да. Ауыл Жаңаөзеннен үш-ақ шақырым жерде. Бiрақ өмiр сүру, тұрмыстық жағдайларымызды салыстырса жер мен көктей. Қалаға Едiлден су келедi. Ал бiзде ауыз су тек тасымал ғана емес, оған төлеу құны да әрдайым көтерiлiп отырылады. Ауылда 4,8 мың адам тұрады. Жұмыс жоқ. А.Баймұрзаев, аудандық тубдиспансердiң аға медбикесi: Қазақстанда, оның iшiнде бiзде, түбiркүлез ауруы өте асқынып кеткен. Бұл аса маңызды мәселе. Шешiмiн кейiнге ысырып, шегере беруге болмайды. Б.Жұмалиев, қалалық санэпидстанцияның бас дәрiгерi: Бүгiнгi күнге дейiн қала бойынша түбiркүлездiң белсендi түрiне шалдыққандардың саны 269-ға жеттi. Солардың 12-сi бала. Ал 50-ден астамы ауру бактерияларын таратушы. Егер республика бойынша әрбiр 10 мың адамға орта есеппен шаққанда 32 түбiркүлезге шалдыққандар келетiн болса, ал бiздiң Жаңаөзенде 43. Ауру жылдан-жылға арту үстiнде. Қ.Жолымбетов, қалалық медицина бiрлестiгiнiң бас дәрiгерi: Биылғы жылға дейiн жаңаөзендiктер Әмудариядан тасылған су iштi. Бұл дарияның мақта мен күрiш өсiретiн аудандарды аралап өтетiнiн жақсы бiлесiздер. Сол шаруашылықтар гербицит және басқа да минералды тыңайтқыштарды кеңiнен пайдаланады. Солардың қаншасы дарияға құйылып жатыр десеңiзшi. Мөлшерiн ешкiм де бiлмейдi. Оны тек iшкi ағзалары, бүйректерi ауыратындар ғана сезiнуде. Ө.Телеқұлов, Өзен жоғары монтаждау басқармасының қызметкерi: Менiң қостiлдiлiк жөнiнде қояр сауалым бар. Бiздiң қалада Үкiмет қабылдаған қаулы қалай орындалуда? Сегiз жылдық қазақ мектебi ескi баракқа орналастырылған. Қазақ мектептерiнде бастауыш сынып оқушыларына оқулықтар жетiспейдi. Ш.Мәметова, №10 мектептiң мұғалiмi: Балаларды балалар мекемелерiне бөлуде көп қиыншылықтарға ұшырасып жүрмiз. Мұғалiмдерге жағдай жасалынбаған. Тiптi ең қажеттi затқа өте зәрумiз. Осындай мәселелермен 1988 жылдың октябрьiнде қалалық Атқару комитетiнiң председателi А.В.Кучиевтiң қабылдауында болдым. Өкiнiшке қарай одан шыққан нәтиже жоқ”. “Ескермеген ауру жаман”. Қала тұрғындары көтерiлiстен дәл бiр ай бұрын осы республикалық газет арқылы, өз мұқтаждарын елiмiздiң барлық деңгейдегi басшыларына жеткiзсе де, селт етiп назарын салған бiрi болмапты. “Жаны ашымастың қасында, басы ауырмастың” керi. Тым болмаса қолдан келетiн iске қарекеттенiп, қатып қалған сең құрсауын сындыруға болар едi ғой. Бұл жаңаөзендiктердiң соңғы үмiтi едi. Өкiнiшке қарай ақталмады. Ширатылған қыл арқан да салмақ артылып кетсе, шарт үзiледi. Темiр де тозады. Иә, шыдамның да шегi бар. Мұны хош делiк. Ендi айта кететiн тағы бiр маңызды жай, Жаңаөзендегi көтерiлiс сарыны басыла қоймаған сергелдең шақта, республика астанасы Алматыда елдiң құлағын елең еткiзген саяси жаңалықтың болуы. Рас, бұл бiр жағынан жұрттың асыға күткенi едi. 1989 жылдың 22 июньде Қазақстан Компартиясы ОК ХV пленумы өз жұмысын бастап, сол күнi аяқтады. Пленумда ұйымдастыру мәселесi қаралып, Г.В.Колбиннiң басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi секретары болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Пленумға КПСС ОК секретары В.М.Чебриков қатысып, сөз сөйледi. “… Бiрақ бүгiнгi пленумға қатысушылар Г.В.Колбиндi СССР Халықтық бақылау комитетiнiң председателi болып сайлануына байланысты Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi секретары мiндетiнен босатып отырғанда, тегiнде, Геннадий Васильевичтiң республиканы дамытуға қосқан үлесi, КПСС ОК маңызды да жауапты тапсырманы орындағаны үшiн оған алғыс айтуға, оның жаңа жұмыста табысқа жетуiне тiлектестiк бiлдiруге негiз бар болса керек”. (“Қазақстан коммунисi” №8 август 1989 жыл) Ол Колбинге не үшiн алғыс айтты? Республиканың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын көтергенi үшiн бе? Барынша құлдыратпаса, мейлiнше көтерген қай iсi бар едi. Бәлкiм Желтоқсанда қазақ жастарының қанын төгiп, қуғын-сүргiнге ұшыратып, ұлтты қорлағаны үшiн шығар. Әлде ұлттар арасында араздықты қоздырғаны үшiн бе? Қыл аяғы кетер кезiнде Жаңаөзенде, жалпы Маңғыстау түбегiндегi жастардың үшеуiн жолына құрбандыққа шалып, бастарына әңгiр таяғын ойнатқаны үшiн бе? Жоқ әлде, арағын сылқита iшiп, аумағы ат шаптырым үйiндегi бассейнiнде рахаттана шомылып, халықтың тағдырына түкiргенi үшiн бе? Не үшiн? Ал Жаңаөзенде не болып жатты? “Коммунистiк еңбектiң” 24 июньдегi ақпаратынан. “… Жетiбай поселкесiнде 1000-нан астам тұрғындар қатысқан митингi болды. Оған қатысушылар кавказдық ұлт адамдарын ауданнан көшiрудi, кооперативтердi таратуды, жергiлiктi халықты жұмыспен қамтамасыз етiп, жұмыстың вахталық жүйесiн жоюды, коменданттық сағатты тоқтатуды, Жаңаөзенмен байланыс жүйесiн қайта толық қалыбына келтiрудi, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайшы елдi-мекенiнен арнаулы әскердi алып кетудi, сондай-ақ Шевченко қаласына оның бұрынғы атын қайтаруды талап еттi. … Араларында әйелдер мен балалар бар 500-дей адам Ералиев аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң үйiн қоршады. (23 июнь) Бiрақ ұстауда отырған адамдардың жоқ екенiне көз жеткiзгеннен кейiн тарап кеттi. … Маңғышлақ станциясында, Қызылтөбе поселкесiнде шиеленiстi жағдайлар болды. 50-70 адамнан тұратын бұзақы жастар тобы таспен және таяқпен қаруланып, жолындағыларды бүлдiре отырып, негiзiнен кавказдықтар тұратын геофизиктер поселкесiне қарай жүрдi. Автомобильдер жөндеу жөнiндегi кооперативтiң вагоншасы өртелдi. Бiрнеше адам жарақат алды. Милицияның және әскердiң күшiмен бұл топтар ыдыратылып, тәртiпсiздiктi ұйымдастырушылар ұсталды. … Ембi ауданында жалпы саны 30 адамға жуық таяқпен қаруланған бұзақылар тобы “Кульсарыпромстрой” тресiнiң өндiрiстiк-техникалық комплектiлеу басқармасына қарайтын екi вагонды өртедi. … Гурьевтiң кәсiпорындарында тәртiп сақтау жөнiнде 20-дан астам жұмысшы отрядтары құрылды “. “Коммунистiк еңбектiң” 27 июнь күнгi ақпаратынан. “…Узеньнефть” мұнай-газ өндiру басқармасында 200-ге жуық адам жұмысқа шықпады. Бiрнеше мұнай скважинасы тоқтап қалды. Соңғы аптада Жаңаөзеннен Дағыстанға және Чечено-Ингушетияға 3100-ден астам адам көшiп кеттi. Олардың көпшiлiгi қарттар, әйелдер мен балалар. … 24 июнь күнi 18 сағат 30 минутта Шевченко қаласында қалалық партия комитетiнiң алдындағы алаңға 500 адамдық топ жиналды. Олар негiзiнен өзендiктердiң қойған талаптарын қайталады. … Сол күнi Шевченко қаласынан 12 шақырым жердегi Ақшұқыр поселкесiнде жастар тобы митингiге жиналды. Олар Жаңаөзен қаласы және Жетiбай поселкесi тұрғындары қойған бiрқатар талаптарды қолдады. … Қаламқас және Қаражамбас вахталық поселкелерiнде де кавказ ұлтының өкiлдерiн көшiру жөнiндегi талаптар қайталанды”. Облыстық газетте жарияланған ресми ақпараттардың қысқартылып алынған бiр легi осындай. Қара бояуы көп жағылған көңiлсiз көрiнiстер көңiлге күмән туғызып, қаяу салады. Газет тiлшiсi Әбiлқайыр Спанов: “Мақалаларым облыстық партия комитетiнiң идеология бөлiмiнде әлденеше рет күзеп-түзеуден өтiптi. Тiптен менiң еркiмнен тыс, сыртымнан келiспей бiрнеше жол қосып та жазып жiберген”,-дейдi. Дегенмен сол кезде саналы жандардың тiлшi хабарларын сарапқа салып оқығандары, басқаша ой түйгендерi кәмiл. Жаңаөзенде үш тәулiкке созылған анау айтты “бұзақылардың”, “жүгенсiздердiң”, “экстремистердiң” көтерiлiсi аптаның соңына дейiн бүкiл Маңғыстау түбегiнде болған халық толқуларына ұласқан. Сонда, шынымен-ақ бұлар “бұзақылар” ма? Жоқ! Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн рухы, санасы оянған жастар! “Бас жарылса бөрiк iшiнде”. Сол жылы бұл түбекте Жаңаөзен көтерiлiсiне дейiн де бiрнеше толқулар болған. Билiк сонда ұшқыннан жалын лаулайтынына мән бермедi. 28 март күнi Теңiз вахталық поселкесiнде, жергiлiктi тұрғындар мен келiмсектер арасында, жаппай қақтығыстар орын алды. Екi жақтан да жараланғандар саны аз болған жоқ. Қақтығыс милиция құрамының күшiмен әзер басылды. Iле-шала тап сондай қатерлi қақтығыс вахташылар тұратын Күлсарым поселкесiнде де қайталанды. Олардың жоғарыға қойған талаптары осы жаңаөзендiктердiң мүддесiмен ұштасып жатты. Билiк болған жайды “қоғамдық тәртiптi бұзушылар” деп жылы жауып қоймай, талаптарын саралап, оң нәтижелер шығарғанда, мүмкiн Жаңаөзендегi көтерiлiс болмас па едi. Қазақ: “Шаңыраққа қара”, дейдi. Ал келiмсек кавказдықтар бұл ұлағатты сөздiң мәнiн зерделемек түгiлi, пысқырып та қарамаған. Керiсiнше таулықтар бейне жарылқауға келгендей мiндетсiнiп, далалықтарға жал тұмсықтарын көтерiп, ойына келгендерiн iстеп бақса, амал нешiк. Қала бердi, жейтiн нанын қайдағы бiреулер иемденiп, оған өзiн телмiртiп қойса, оның үстiне жұмассыздықтан күйi қашып, жаны күйзелсе, қазақ қашанғы шыдасын. Қонағы қойдан жуас болса мақұл-ау, төрiм, барым сенiкi деп бар пейiлiмен күтер едi. Ал қасқыр болып талап жатса, ондайға көне алмас. Қой екеш қой да бауыздаларда соңғы рет тұяқ серпидi. Әне, Жаңаөзендегi бұрқ еткен көтерiлiстiң бiр себебi сонда. Iс насырға шауып, ел iшiндегi ахуал қиынға айналғанда Жаңаөзендегi Қазақ ССР Министрлер Советi Төрағасының орынбасары О.И.Желтиков басқарған комиссия Алматыдан жазушылар: Әбiш Кекiлбаевты, Зейнолла Қабдоловты, Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтi, Әнуар Әлiмжановты арнайы шақыртты. Олар Жаңаөзенге 19 июнь күнi жеттi. Аптаның соңына дейiн қаланың шағын аудандарында, өндiрiс орындарында болып, ашу басар сөз сөйлеп, жұртты сабырға шақырды. Әсiресе түбектiң түлегi Әбiш Кекiлбаевтың жүректен шыққан жанашыр сөздерi көтерiлiсшiлердiң жүректерiне жетiп, сабасына түсе бастады. Қалың әскерден қаймықпай тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған халық Кекiлбаевтың сөзiне тоқтап, бәтуаға келдi. (Жалғасы бар).