САЛЫҚТАН ЖАЛТАРЫП, САН СОҒЫП ҚАЛМАҢЫЗ
САЛЫҚТАН ЖАЛТАРЫП, САН СОҒЫП ҚАЛМАҢЫЗ
Мемлекетке салық төлеуден жалтаратындар әр кезде де болған. Бiрақ өтiрiктiң құйрығы бiр-ақ тұтам екенiн естен шығарғандар түптiң түбiнде опынып жатады. Өйткенi тиесiлi салық төлеуден жалтарғандар ақыры бәленбай есе айыппұл төлеп, тәубесiне түседi.
Экономикалық дағдарыс салық төлеуден жалтаратындарға жақсы сылтауға айналды-ақ. Корпоративтi салықты төлеуден қашқақтаған мекеме басшылары қызметкерлерiне айлық табысын қолма-қол берудi әдетке айналдырды. Жекелеген кiшiгiрiм кәсiпорындарды тексергенде, штат кестесi бойынша санаулы ғана қызметкер тiркелгенi анықталады. Олардың айлық табысы қағазда азайтылып көрсетiледi.
Мұндай жағдайда, жеке табыс салығы, әлеуметтiк салық т.б. мемлекет қазанына түспейдi. Дегенмен, бұл жерде қызметкердiң де құқығы шектеледi. Өйткенi, оның жинақтаушы зейнетақы қорына тиесiлi төлем жасалынбайды. Бұл дегенiңiз, қазiр айлық алып, жұмыс iстеп жүрген қызметкер қартайған шағындағы өз нәпақасынан қағылды деген сөз.
Шын мәнiнде, айлық табысының ресми түрде шынайы көрсетiлуiне әрбiр қызметкердiң өзi мүдделi. Ол жинақтаушы зейнтақы қорына жиналатын қомақты қаржыдан бiр қағылса, екiншiден, айлық табысын құжатпен растай алмаған азаматтың банктен несие алуы екiталай. Кез келген банк қазiргi таңда зейнетақы қорына түскен соңғы айлардың түсiмiн сұрайды. Ондай мәлiмет болмаған жағдайда, азамат тұтынушылық немесе ипотекалық несие алу мүмкiндiгiнен айрылады.
Тағы бiр ескеретiн жайт – қазеттi түсiмдер уақытылы өлнбеген жағдайда, азамат Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн төлемнен қағылады.
Қызметкерлерiнiң жалақысын қағаз жүзiнде дұрыс көрсетпеген кәсiпорын иесi Қазақстан Республикасының бiрқатар заңдарын бұзған болып саналады. Олар Салық кодексi, “Мiндеттi зейнтақымен қамтамасыз ету туралы”, “Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы” т.б. Заңдар.
Осындай келеңсiздiктердiң алдын алу үшiн әрбiр қызметкер жылына бiр рет зейнетақы қорынан және өзiнiң жұмыс орнынан мiндеттi төлемдердiң жасалғаны туралы анықтама қағазын алып отыруы керек. Ал жоғарыдағы заң нормалары бұзылған жағдайда жергiлiктi салық басқармаларына хабарласуға болады.
Айнұр АЙДАРАЛИЕВА