Жаңалықтар

МҰНАЙ ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ

ашық дереккөзі

МҰНАЙ ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ

Әлемдiк нарықтағы “қара алтынның” қайта қымбаттауы алыпсатарлардың арқасында. Айналымда жүрген артық ақша, яғни, нарықта қордаланып қалған қаражат бүгiнде шикiзат төңiрегiне шоғырландыра бастады. Қымбатшылықтың қанша уақытқа дейiн созылары белгiсiз. Ол туралы сарапшылар пiкiрi саналуан.

Әлемдiк нарықта 2009 жылдың 29-мамыры күнi 63,71 долларға бағаланған “қара алтын” маусымның алғашқы 66,35 долларға қымбаттады. Бұл соңғы жетi айда алғаш рет қайталанған құбылыс. Ал ең жоғарғы рекордты көрсеткiш 2008 жылдың 3 маусымында 140,73 долларға теңгерiлген. Былтырғы орташа көрсеткiш – 94,45 доллар (1 баррельге), ал 2009 жылы – 41,52 доллар.

Мамандардың айтуынша, нарықтағы баға өсiмi бюджеттерiн көмiрсутегiлермен толтыратын елдер үшiн тағы бiр тамаша мүмкiндiк болмақ. Өйткенi, 60 доллардан асқан мұнай дағдарыстың кесiрiнен тұралап қалған қаржылық құрылымдарды, яғни, банктердi қаражаттық тұрғыда қолдауға, кейiнге ысыруға болмайтын әлеуметтiк бағдарламаларды жүзеге асыруға, қордағы қаражат көлемiн молайтуға сеп. Сарапшылар пiкiрiнше, қазiргi баға алыпсатарлардың ықпалының арқасында жүзеге асырылып отыр. Ал 60-70 долларлық көрсеткiш үстiмiздегi жылдың соңына қарай тұрақтанады. Халықаралық нарықта Орталық банктердiң пайыздық көрсеткiштердi төмендетуiнiң кесiрiнен қордаланып қалған қаражат көлемi тым көп. Ақшаны қайда құярын бiлмей дал болған инвесторлар қауымы қаражаттарын шикiзатқа салуда. Оның үстiне, халықаралық валюта – доллар бiрнеше айдан берi үздiксiз әлсiреу үстiнде.

Халықаралық агенттiктердiң сауалнамаларына жауап берген нарық ойыншылары “қара алтын” құнының өсуiне қатысты сан түрлi болжам айтқан. Мысалы, кейбiреудiң пiкiрiнше, мұнай бағасы латынның V әрпi бойынша жоғарыламақ. Яғни, дағдарыстың кесiрiнен құнсызданған “қара алтын” ендi арзандамайды. Ал кейбiреулер мұнай нарығындағы баға саясаты W әрпiнiң iзiмен өрбидi деген. Яғни, өте қымбат тұрған көмiрсутегi бағасы дағдарыс бүйiрден қысқанда төмен қарай құлдырады, одан кейiн (қазiр) қымбаттады, алда қайта арзандау күтiп тұр, одан кейiн қайта қымбаттайды. Бiреулер U әрпi – қазiр қымбаттаған “қара алтын” ұзақ уақыт бойы құнсыздану процесiн бастан кешiредi де, сосын қайта қымбаттайды деген ұстанымда. Ал L әрпiн көлденең тартқан кейбiреу тiптi, апта басында күш жинаған мұнай қайта арзандайды да, сол күйi мүлде құнын жоғалтады.

Екiншi себебi, әлемдiк экономиканы рецессиядан шығаруға қатысты мерзiмнiң қайта қаралуы да психологиялық тұрғыда қалталыларға әсер етуде. Сарапшылардың көпшiлiгi нарықтағы ахуалдың түзелуi үстiмiздегi жылдың үшiншi-төртiншi тоқсанда байқала бастамақ. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Қытайдағы тұтынушылық сұраныстың өсуi мұнай бағасына айтарлықтай әсер етпейтiн көрiнедi. Өйткенi, қытайлар әлемдiк экономиканы тығырықтан шығаруға емес, қазiр құны арзандаған мұнайдың арқасында өз қорларын көбейтуге тырысуда. Ал америкалық доллар қайта күш жинаса, онда нарықтағы “қара алтын” қайта арзандамақ. Демек, көмiрсутегiлердiң келешегi дағдарыс тұралатқан әлемдiк экономиканың тағдырымен тығыз байланысты. Егер экономикалық көрсеткiштер жыл соңына қарай күрт төмендесе, мұнай да құнсызданады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ