Жаңалықтар

“ҚАЗАҚ” АЛЬМАНАҒЫ ТҰСАУЫН КЕСТI

ашық дереккөзі

“ҚАЗАҚ” АЛЬМАНАҒЫ ТҰСАУЫН КЕСТI

Мемлекеттiк тiлдi дамыту президенттiк қорының мұрындық болуымен “Қазақ” альманағының алғашқы саны жарық көрдi. Аты айтып тұрғандай, “Қазақ” деп аталатын бұл басылымның көздеген мақсаты да — қазақ идеясын, қазақ ойын, қазақ сөзiн, қазақ саясатын ортаға салу болса керек. Альманахты шығаруға итермелеген негiзгi мұрат та — ұлтты дамыту, сапалы қазақ қалыптастыру сынды өзектi мәселелердi тұщымды да, тұжырымды түрде ұсына бiлу екен.

Алайда, “Қазақ” деген атының өзi кез келген ұлтжанды азаматқа қамшы салып, ерекше рух бередi десек те, қос тiлде шыққан басылымды қолға алғанда көңiлiмiзге кiрбiң ұялағаны рас. Түрлi ойдың ордасы болып, басы бүтiн басылымға айналуды құп көретiн альманах ақпарат айдынында бос тұрған кеңiстiкте орнын нықтап алуды мақсат санайды. Альманах әзiрше, “Қазақ сөзi” айдары аясында жарық көрген сұхбаттан басқа басылым беттерiнде жарық көрген материалдарды топтап жариялаған. Келесi сандарында ойы ұшқыр, тiлi өткiр авторлардың айтары мол материалдарын оқырмандарына ұсынуды көздейтiн редакция ұжымы қазақтың болашағына бей-жай қарай алмайтын, ұлттың мүддесiн көздеп, саналы һәм сауатты түрде сойылын соғатын қаламы қарымды қаламгерлерге орын беретiндiгiн айтады. “Автор қай тiлде жазам десе, өз еркi. Тек қазақтың қамын жесе болғаны” деп аяқталған альманахтың алғысөзiнде.

Мемлекеттiк тiлдi дамыту президенттiк қоры игi дәстүрдi жалғай отырып, қазақ прозасының негiзiн қалаған, бес арысымыздың бiрi — Жүсiпбек Аймауытовтың баласы Бектұр Аймауытовтың басына белгiтас орнату рәсiмiн жасап, арнайы құран бағыштады. ХХ ғасырдың басында “Сарыарқа”, “Ақжол” газеттерiнiң, “Абай”, “Шаншар” журналдарының редакторы болған көрнектi көсемсөзшi Жүсiпбек Аймауытовтың туғанына 120 жыл толу қарсаңында қолға алынған шара өнегелi ұрпаққа мол рухани жiгер беретiнi белгiлi. Әкесi репрессияға ұшыраған соң Қазақстаннан кетуге мәжбүр болып, 1930 жылдан бастап Ресейде тұрған Бектұр Аймауытов та 1937 жылы халық жауының баласы ретiнде сотталып, Сталин лагерьлерiнде кесiмдi он жыл өмiрiн өткiзген. Бұдан соң Ресейдiң Сiбiр өлкесiндегi өндiрiстi қалаларда жұмыс iстеген ол туған жерiне тек 1994 жылы ғана келiп кетедi. 2006 жылы 90-ға қараған жасында Алматыға келiп, Ардагерлер үйiнен орын алған Бектұр ақсақал өз әкесi туралы, әкесi араласқан Алашорда қайраткерлерi туралы айтқан құнды мәлiметтерге толы естелiк-мұралары баспасөз беттерiнде жарық көрiп келдi. Асылдың сынығы, тектiнiң тұяғы — Бектұр Аймауытовтың рухына бағышталған игi бастама өскелең ұрпаққа үлкен өнеге болары сөзсiз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ