Жаңалықтар

“ABAI.KZ” АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛДI

ашық дереккөзі

“ABAI.KZ” АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛДI

Бұл жөнiнде осы аптада өткен баспасөз-мәслихатында мәлiм болды. “Abai.kz” ақпараттық порталын ұйымдастырушылар қазақтiлдi интернеттiң бүгiнгi хал-ахуалын тiлге тиек ете отырып, ақпараттандыру және жаһандану заманында қазақ тiлiндегi ақпараттар өзге тiлдi ақпараттар тасқынына төтеп бере алмай отырғанын сөз еттi.

— Күн сайын интернеттi пайдаланушы 15-40 жас аралығындағы қазақтiлi оқырмандардың саны өсiп келедi. Ачлайда, интернет-ресурстар тым аз. Осы бiр олқылықтың орнын толтыру мақсатында “Abai.kz” ақпараттық порталын ашып отырмыз, — дейдi жобаның үйлестiрушiсi Айдос Сарым. — Бұл үшiн бiздер басқа ұйымдармен бiрiгiп, республикалық және аймақтық мемлекеттiк органдардың қазақтiлдi сайттарының қоғамдық рейтингiсiн жасап, оны баспасөзге, мемлекеттiк органдар мен қоғамдық ұйымдарға таратамыз. Дәл осындай рейтингiлер Қазақстанның саяси партияларының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң, баспасөз құралдарының арасында да жүргiзiледi.

Бiз алдағы уақытта қазақтiлдi интернеттi дамыту мақсатында орысша-қазақша интернет терминдердiң сөздiгiн жасауға кiрiсiп, интернеттiң барынша мемлекеттiк тiлде сөйлеуiне ат салысамыз.

Қазақтiлдi интернеттiң әлемдiк дәрежеде дамып, бәсекелестiке қабылеттi болуы хақында әр-түрлi қоғамдық шаралар өткiзiп, мемлекеттiк огандар мен қоғамдық бiрлестiктерге өз ұсыныстарымызды дайындап, жеткiзiп тұрамыз.

Осы айтқандларымыздың басы ретiнде бiздер кең-байтақ Отанында басым ұлтқа айналған қазақ жұртшылығына арнап “Абай.кz” ақпараттық порталын ашып, елiнiң бүгiнi мен болашағын ойлаған азаматтардың барлығын осы ресурстың айналасына бiрiгiп, еркiн ой мен парасатты пiкiр айтуға шақырамыз.

— Жобаның тағы бiр мақсаты — аймақтағы журналистердiң басын қосу, сол арқылы бiртұтас ұлттық ақпараттық кеңiстiк құруға ықпал ету. Аймақта көтерiлiп жатқан мәселелердi орталық баспасөз өкiлдерiне жеткiзу. Осы арқылы ортақ мүдделестiк, ортақ ақпараттық орта қалыптастыру. Аймақтардағы журналистердi бiр-бiрiмен таныстыру, олардың араласуына, ой бөлiсуiне мүмкiндiк туғызу.

Порталдың “Талқы” тарауында апта сайын республика журналистерiнiң пiкiрталасы, сауалнамалар жарық көрiп отырады. Баршаға белгiлi, орыстiлдi “Зона.кз”, “Центр тяжести” сайттарындағы сияқты ай сайын белгiлi саясаткерлер, мәдениет қайраткерлерi ашық алаңға шығып, интернетшiлердiң сұрақтарына жауап берiп жатады. Сайтқа жиналатын материалдар негiзiнде сан-алуан дайджестер жасалып, “Абай-информ” деген айдармен қазақстандық және шетелдiк тұтынушыларға таратылады. Порталда журналистерге қажеттi ақпараттар, сiлтемелер, “Абай” және “Алашорда” кiтапханалары, мультимедиалық тараулар орналасады. Сонымен қатар алдағы уақытта журналистер үшiн қазақтiлдi блогтар жүргiзу мүмкiндiгi ашылады, — дейдi “Abai.kz” ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат.

Сондай-ақ, жобаны қолдаушы бiр топ жас саясаткерлер мен журналистер “Абайшыл болайық, абай болайық!” атты доктринаға да қол қойды. Онда: “әлем картасында айлапат көлемiмен таңбаланған жерiмiздiң бүтiндiгi мен ұлтымыздың тұтастығына абай болайық!

Көк найзасын көлденең ұстап жортқан бабалардың ерлiгi мен мұрасына, болашақтан алапаты асқан Алаш жұртын көргiсi келiп, ғұмырын күреспен өткерген ғазиз ағалар аманатына абай болайық!

Сан ғасырдың сабағынан түзiлiп, санамызды қалыптастырып ұлы дала төсiнде салтанат құрған салт-дәстүрiмiзге абай болайық!

Көрiктi ойымыз бен кеудемiздегi сәуленi сөйлеткен тiлiмiздi тiлiп тастауға бар әрекеттерден абай болайық!

Тартып мiнгеннiң тақымында кеткен тарланбоздай тағасы тауға қадалып, тұяғы құмға сiңген баба тарихымызды ендi бiреулер еншiлеп алмас үшiн абай болайық!

Қара жердiң қыртысын жамылған қазына-байлығымыз ұқсатып ұстамайтынның, тер төгiп тiстемейтiннiң ұры қалтасында кетпес үшiн абай болайық!

Сықпытын жасырып келiп, ортамызға сына қағып ойнайтын сыртқы мүдде, сынық пейiлден абай болайық!

Бар қазақ — бiр қазақ. Бiр қазақ — бар қазақ. Ығып сөйлемейтiн, ықтап өмiр сүрмейтiн бекзат болмысымызға абай болайық!

Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасындағы ақпарат кеңiстiгiнiң алатайдай бүлiнбеуiне абай болайық!” делiнген.