Жаңалықтар

“ШАҢЫРАҚ-5”: ЕШКIМ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ашық дереккөзі

“ШАҢЫРАҚ-5”: ЕШКIМ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Соңғы бiр ай көлемiнде толассыз жауған нөсер жаңбырдың салдарынан 1 және 2 “Шаңырақтағы” су тоспасы бұзылып, батпақты сайда орналасқан 200-дей үй су астында қалған. Солардың 42-сi қираған, тағы 150 үй су астында. Өткен аптада Алматы қалалық әкiмдiгi мен Алатау ауданы әкiмшiлiгi “Шаңырақ” шағын ауданында суда қалған тұрғындармен кездесiп, үйсiз-күйсiз қалғандарға қандай көмек көрсетiлетiндiгi жайында мәлiм еттi.

1200 ҮЙ ТОЛЫҒЫМЕН КӨШIРIЛЕДI

“Шаңырақтағы” топан су басталғалы айға жуық уақыт. Үйi су астында қалғандардың көбi бiраз уақыт туысын, туғандарын, көршiлерiн сағалап күн көрген. Бүгiн ол жерде “Нұр Отан” партиясы мен “Шаңырақ” қоғамдық қорының бiрлескен “Шаңыраққа” көмек” штабы жұмыс iстейдi. Үйсiз қалғандарды уақытша паналату үшiн мұнда 5-6 шатыр тiгiлген.

Сай тағанында дәл осындай 1200-ге жуық үй бар екен. Алатау ауданының әкiмi Бағдат Мәнiзоров су астында қалған үйлердiң келешегi туралы әкiмшiлiктiң жоспарымен көпшiлiктi таныстыра отырып, болашақта бұл үйлердiң барлығы дерлiк көшiрiлетiндiгiн айтты.

– Қазiр 1-1,5 айдың iшiнде аумағы 25 шаршы метр болатын 60 үй тұрғызылу жоспарланған. Бұл үйлерге тиесiлi жерлердiң аумағы – 6 сотық болады. Ал, тұрғындар кейiн екi терезелi, бiр есiктi бұл үйлердi өз ыңғайларына қарай үлкейтiп алуына да болады. Қазiр Төтенше жағдайлар министрлiгi арқылы, “Шаңырақтағы” зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 60 миллион теңге бөлiнген.

Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов бұл үйлердiң құны – 7000 АҚШ долларына тең келетiндiгiн айтты. Әкiмшiлiк жаңа тұрғызылатын үйлер ешкiмге тегiн үлестiрiлмейдi дейдi. Су астында қалған үй иелерi бұнда қоныстанатын болса, әкiмшiлiкпен келiсiм-шарт жасасатын болады. Аталған қаржыны – тұрғын қанша уақытта өтей аламын дейдi, сонша уақытқа келiсiм-шарт жасалады.

– Ал, мүлдем өтей алмаймын дегендерге, үй жалға берiледi. Ондай жағдайда бұл мүкаммал мемлекеттiң меншiгi болып қала бередi, – дейдi Серiк Сейдуманов.

– Сондай-ақ, болашақта бұл сай су қоймасы болып қала бередi. Бiз мұндағы 1200 үйдi толығымен көшiрмекпiз, – дейдi Бағдат Мәнiзоров мырза.

“БIЗ ЗАҢДЫ БЕЛIНЕН БАСЫП ОТЫРМЫЗ”

2007 жылы Үкiмет Қазақстан Республикасының әрбiр азаматы 10 сотық жерге тегiн иелене алатындығы туралы Қаулы қабылдаған болатын.

– Осы Қаулының негiзiнде “Шаңырақ” тұрғындары да тегiн жер телiмiне ие бола алады. Алайда, ол адамның бұған дейiн еш жерде иелiгiнде 10 сотық жерi болмауы тиiс. Қазақстан аумағының қай өңiрiнен болсын, бұған дейiн бiр рет тегiн жер телiмiне ие болғандарға бұл жеңiлдiк қарастырылмайды, – дейдi Серiк Сейдуманов.

Бұл үйлердiң арасында құжаттары реттелiп, заңдастыруға ерiк алған отбасылар да бар екен.

– Оларға “Шаңырақ-5” шағын ауданындағы 81 гектар жерден тегiн жер берiледi. Дегенмен, олардың әлi күнге дейiн қалада тiркеуi жоқ екендiгiн ескерсек, бiз заңды белiнен басып отырмыз. Өйткенi, тiркеуде жоқ азаматтарға тегiн жер берiлмейдi. Сол себептi де, бұл азаматтарға “әкiмшiлiк құқық бұзды деген негiзбен” 12500 теңге айыппұл салып, соның негiзiнде жерiн заңдастырып берудi көздеп отырмыз, – дейдi Бағдат Сайланбайұлы.

ЕШКIМДЕ ДЕ ЕШҚАНДАЙ ҚҰЖАТ ЖОҚ

Ал, “Шаңырақ” республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Асылбек Қожахметов билiктiң тұрғындарға жасап отырған ұсынысын толығымен қолдайтындығын айта келе, “жердi тегiн берудi комиссия шешедi” деген пiкiрмен келiспейтiндiгiн жеткiздi.

— Әрине, “Шаңырақ-5” шағын ауданының жерлерi мына батпақты сайдан анағұрлым артық. Билiктiң ондағы 1200 отбасын көшiру туралы идеясы дұрыс. Алайда, жедел түрде 60 үй тұрғызу туралы әңгiмесi тағы да күдiк тудырады. Негiзгi тiзiмде құлаған үйлердiң тiзiмi — 40 болатын. Тағы 20 үй кiмдерге берiледi? Ол жағы айқын емес. Сондай-ақ, 40 үйдiң тiзiмi ашық жасалған жоқ. Шынымен осы сайда нөсер жаңбыр салдарынан қираған үйлердiң иелерi ме, жоқ алаяқтар енiп кеттi ме, ол жағын анықтай алмай отырмыз?

Тұрғызылатын 25 шаршы метр үйлердiң құнын 7 мың долларға бағалағаны да дұрыс. Оны тұрғындардың қалтасы көтередi деп ойлаймын. Алайда, жердi тегiн беру мәселесiн комиссия қарап, оның қолындағы құжатына орай шешiм шығарады дегенге келiспеймiн. Өйткенi, мұндағы отбасылардың ешқайсысында құжат жоқ. Сол үшiн бәрiне жер тегiн берiлуi тиiс, — дейдi ол.

“ҮЙДI САТЫП АЛАТЫН ҚАРЖЫМЫЗ ЖОҚ, АЛАЙДА КӨНБЕСКЕ АМАЛЫМЫЗ ТАҒЫ ЖОҚ”

Дегенмен, мұнда үйi су астында қалған тұрғындардың көбiнiң бойында үрей басым. Он жылдан астам заңсыз салынған үйдi күреймiз деген қоқан-лоқымен өмiр сүрiп келген олардың бойында ендi, “мүлдем далада қаламыз ба?” деген қорқыныш пайда болыпты. Оның үстiне қолдарына әлi тиесiлi құжат та тие қоймаған. Күнi бүгiнге дейiн “Шаңырақта” 700-ге жуық үй заңдастырылған. Әлi, 5 мыңнан астам үйдiң иелерi осы бiр қуанышты сәттi тағатсыздана күтiп отыр.

7 балалы ана Жексембаева Балғайша мұнда бiрер жыл бұрын Семей өңiрiнен қоныс аударғанын айтады. Саманнан салынған жертөледе 11 жан күнелтедi екен.

Балғайша Жексембаева көп балалы ана ретiнде ешқандай жеңiлдiкке ие бола алмайтындығына налиды.

— Бұл үйдiң өзiн соңғы қаражатымызбен iлдалдалап салған едiк. Ендi ол су астында қалды. Ал, 7000 долларды төлейтiн жағдайымыз жоқ. Осы ретте көп балалы ана ретiнде қандай да бiр жеңiлдiкке ие бола алмайтындығым өкiнiштi, — дейдi, — өйткенi, менiң тұрақты тiркеуiм жоқ болғандықтан, қаладағылар маған бұл заң аясында емес деп отыр.

Ал, екi баланың анасы Дариға Шоманова 1,5 айдан берi далада жүргендiгiн айтады. Екi күннен берi шатыр әкелiп тiгiп, соны паналап жатырмыз деген ол, әкiмшiлiктiң ұсынысына мойынсұнбасқа амалы жоқ екендiгiн айтты.

Роза Мырзабаева 5 баланың анасы. Жертөленi 7 адам иелiк етедi екен.

— Су астында қалған үйдiң ендi баспана болып жарытпасы белгiлi. Үйлерiмiз заңдастырылмағандықтан бiзге ешқандай төлемақы төленбейдi екен. Үкiмет бiзге бұл үйлердi тегiн бергелi отырған жоқ. “Жердi тегiн басып алғансың, ендi қайда барсаң да өз еркiң” демегенiне шүкiрлiк, — дейдi ол.

Ал, Қарлығаштың 2 баласы бар. Күйеуi жұмыс iстемейдi.

— Айына алатын жалақым 25 мың теңге. Бүгiнгiдей қымбатшылықта оның не ары тартуға, не берi тартуға жарамайтындығы түсiнiктi. Егер, әкiмшiлiк менiң еңбекақымды ескерiп, күнкөрiсiмдi есептей отырып, бұл қаражатты ұзақ мерзiмге төлеуiме мүмкiндiк жасаса, көнбеске шарам жоқ, — дейдi ол.

Есенгүл Кәпқызы