Жаңалықтар

ЖОЛ МҰРАТЫ — ЖЕТУ

ашық дереккөзі

ЖОЛ МҰРАТЫ — ЖЕТУ

Осы аптада Парламенттегi Үкiмет сағатында республикадағы жол мәселесi егжей-тегжейлi сөз болды. Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсаинов Мәжiлiс депутаттарының сұрақтарына жауап берiп, 2015 жылға дейiнгi Көлiк стратегиясы жөнiнде әңгiмелеп бердi.

Аймақтардағы жолдардың сапасы сын көтермейдi. Батыс Қазақстандағы жолдардың 71 пайызы, Оңтүстiк Қазақстандағы жолдардың 55 пайызы, Қостанай облысындағы жолдардың 56 пайызы пайдалануға жарамсыз болып қалған.

Республикадағы 300-дей елдi мекеннен облыс және аудан орталықтарына қатынайтын тас жол атымен жоқ.

Биылғы жылы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге бюджеттен 101 млрд. теңге бөлiнген. Оған жалпы шамасы 2 мың шақырым автокөлiк жолдарын жөндеу қарастырылған.

Министр Үкiметтiң Жол картасында бұл мәселе де қарастырылған деп Парламент депутаттарын сендiруге тырысты. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен алдағы үш жылда жергiлiктi жолдарды жөндеуге 66 млрд. теңге бөлiнбек. Бұл ақшаға 6,6 мың шақырым жол жөнделмек. Бiрақ бұл жергiлiктi жолдардың тек 9 пайызын ғана қамтиды екен. Ендеше, Қазақстандағы жолдардың тақтайдай түзулiгiн көретiн күн әлi де алыс деген сөз ғой?

Республикада 14,3 мың шақырымдық темiр жол бар, оның 2,3 мың шақырымын, яғни 20 пайызын күрделi жөндеуден өткiзу керек.

Азаматтық авиациядағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Қазiр пайдаланып жүрген әуе кемелерiнiң 72 пайызы ескiрген. Олардың денi совет кезiнен қалған техника. Екi ай бұрын Еурокомиссия алты қазақстандық компанияға қазiргi заманғы техникалық талаптарға сай келмейтiндiгi үшiн Еуроодақ кеңiстiгiне ұшуға тыйым салды.

2010 жылдан бастап 47 қазақстандық әуе кемесiн ұшыруға тыйым салынады. Олар -АН-24, ЯК-40, ТУ-134.

Құсайновтың айтуынша, министрлiк әуе кемелерiн жаңартуды бiртiндеп жүзеге асырмақ. Қазiр 42 млрд. теңгеге “Қазақстандық көлiк лизингтiк компаниясы” арқылы 10-15 әуе кемесiн сатып алу көзделiп отыр.

Министр әуе жолындағы жағдайдың ушыққалы тұрғанына алаңдаулы екен. Соңғы кезде әуе жолдарын пайдалану деңгейi 11 пайызға дейiн түсiп кеткен.

“Қазiргi кезде билеттердiң бағасын арзандатудың ыңғайы келмейдi, оның нақты себебi бар — кеше ғана ұшақтар 70 пайызға дейiн толатын болса, бүгiн бұл көрсеткiш күрт түстi, оған қоса билеттердiң бағасын арзандатар болсақ, авиакомпаниялар банкротқа ұшайрайды да, ертеңгi күнi ұшатын нәрсе таппай қаламыз” дедi Құсаинов.

Есесiне, жыл бойы Соғыс ардагерлерi мен мүгедектерi жыл бойы ел аумағында тегiн ұшуға мүмкiндiк алды. Ардагердiң жанындағы адам ұшу билеттерiнiң жарты құнын төлейдi.

Құсайнов мырза депутаттарға Үкiмет жобалары мен жоспарлары туралы кеңiнен әңгiмелеп, көңiлiн бiр демдедi. Дегенмен, депутаттар да темiр жолдағы қызмет көрсету сапасы, жол ақысының қымбаттығы, жолсапарларда “өздерi куә болған” жағдайлар туралы сұраудың мүмкiндiгiн құр жiберген, әрине. Бiрақ осы жиналыста айтылған ең шыншыл сөз Өтегенов мырзаның бiр ауыз даты болды ғой деймiн. Бәрiне оқырман өзi төрешi.

Гүлбиғаш Омарова