Жаңалықтар

ГАУҺАРДЫҢ “АНАҒА САҒЫНЫШЫ”

ашық дереккөзі

ГАУҺАРДЫҢ “АНАҒА САҒЫНЫШЫ”

22-мамырда әншi, композитор Гауһар Әлiмбекованың “Анаға сағыныш” атты шығармашылық кешi өттi. Сезiмге толы сырлы әндерiмен тыңдарман көңiлiн баурап жүрген Гауһардың ән кешiн бiз де тамашаладық.

Ақбасты Алатаудың баурайында орналасқан Республика сарайында күнде думан, күнде той. Соңғы кездерi әнсүйер қауым көптеген шығармашылық кештердiң куәсi болып жүр. Әрбiр кештiң өз ерекшелiктерi мен артықшылықтары болады. Бiрi – патша көңiл көрерменнiң көңiлiнен шығып жатса, ендi бiрiнен – көрерменнiң көңiлi қалып жатады. Гауһар Әлiмбекованың “Анаға сағынышы” көрермен үшiн өзге кештерден ерекше болды. Әрi әншi, әрi композитор Гауһар 1994 жылы гитарасын серiк етiп, үлкен сахнаға алғаш шыққан екен. Содан берi мiне, он бес жыл бойы ел арасына кеңiнен танылған әндердiң авторы әрi орындаушысы атанып жүр. Тiптi, соңғы кездерi қай той-томалақ болмасын Гауһар Әлiмбекованың “Ақ келiнi” мен “Келiнге өсиетiнсiз” өтпейтiн де болды.

Кеште Гауһар “Қыз сыры”, “Көктемге хат”, “Оралшы махаббат”, “Перзент сыры” сияқты тыңдарманның жүреген тербеген әндерiн орындады. Кештiң “Анаға сағыныш” деп аталуының да өзiндiк себептерi бар екен. Гауһардың ақ сүт берiп, мәпелеп өсiрген анасының көз жұмғанына биыл төрт жылдай уақыт болыпты. Ана бейнесi, ананың жүрегi, ана махаббатынан асқан дүниеде ештеңе жоқ. Гауһардың анасына, әкесiне деген сағынышы әнмен өрнектелдi. Әсем әуен көрермен қауымның көзiне ерiксiз жас үйiрттi.

“Қара көзге қарашы қасыңдағы,

Ғашықтығымды көзiм жасырмады

Жұмбағын сол көздердiң тапсаң, жаным,

Бақытымның есiгi ашылғаны “

Бұл сыры көп қыз баланың жүрегiнiң түкпiрiнде жасырылып жатқан жасырын сезiм. Осы сезiмдi дөп тауып сырлы әуендерiмен суреттеген композитор әндерi қыз бiткеннiң көңiлiн тербегенi сөзсiз. Әуенiмен көңiл тербеткен, жүргiзушiлердiң келiстi әзiлiмен көрермендi баураған кешке Гауһардың шәкiрттерi, өнердегi “Шымкент шоу”, “Шымшыма” сияқты ойын-сауық театрларындағы достары қатысты.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ