АҚЫЛЫ АСҚАН АҒА ЕДI
АҚЫЛЫ АСҚАН АҒА ЕДI
Қазақтың Ұлттық ғылым академиясының академигi, экономика ғылымдарының докторы, профессор Яхия Әубәкiрұлы Әубәкiров менiң өмiрiмде үлкен iз қалдырған адам. Зымыраған уақыт көшiнiң бiр белесiнде, күнi кеше дейтiндей мезгiлде жүздесiп, ағалық әңгiмелерiн тыңдап едiм. Сондай жөнi бөлек ағаның арамыздан кеткенi маған да ауыр тидi. Ағалы-iнiдей сөйлесiп, сыйласып, сырласып жүретiн жаны жайсаң ағаларымның бiрi едi Жақа. Бiрақ… иә, ондай жаныңа жақын тұтқан аяулы жанмен ендi қайтып кездеспейтiнiңдi, жаныңа жалау болар жылы лебiздерiн ендi мүлде естiмейтiнiңдi сезiнгенде жүрегiң өзiнен өзi шым етiп, көңiлiңдi ауыр мұң басады…
Жақа ел-жұрттың, халқымның алдында өтейтiн қарызым мен парызым деп көп ғұмыр кешкен, жаратылысы бөлек жан едi. Телефон арқылы болса да тiлдесiп, жағдай сұрасып, жұмыстың жайын бiлiсiп берiк байланыста болғаннан шығар, бүгiн-ертең хабарласып қалатындай әсерден көпке дейiн арыла алмай жүрдiм.
Мен 1955 жылы ҚазМУ-ге оқуға түскенде, Яхия Әубәкiрұлы жап-жас мұғалiм болатын. “Саяси экономика” дейтiн пәннен бiзбен қатар оқитын топқа сабақ берiп жүрдi. Жүрiс-тұрысы, елге деген iлтипаты, қарым-қатынасынан iшкi мәдениетiнiң тереңдiгi бiрден көзге ұрып тұратын. Жүзi жылы кiсiмен кiре берiсте, дәлiзде кездесiп қалған сәттерде амандасқанымыз болмаса, етене араласа қоймадық. 1961 жылы оқуымды бiтiрiп заводта жұмыс жасап жүргеннен бастап тонның iшкi бауындай боп кеттiк. “Бiреудiң қазанына бiреу ас салып бермейдi” дегенiмiзбен, бiлiмдiлiгi, бiлiктiгi арқылы, өмiр көрiп, жинаған мол тәжiрибесiмен ойыңа ой қосатын, келешегiңе ықпал ететiн ағалық жөн-жосығы ерекше жан ретiнде бiз тiптi жақындаса түстiк.
Мәскеудiң Г.В.Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтының аспирантурасын бiтiрiп, кандидаттық жұмысымды қорғап келгеннен кейiн қызметтес болдым. Мен кафедра меңгерушiсi боп жүргенде Жәкең институттың оқу iсi жөнiнде проректоры едi. Келген бетте екi жыл қатарынан қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы етiп сайлады. Бұл маған үлкен жауапкершiлiк жүктедi. Сол мiндеттi ректор, проректормен күнделiктi араласа, бiте қайнаса жүрiп абыроймен атқардым.
Жүректе жүрген пәктiк бар,
Жүзiңде күлер шаттық бар.
Жоғалтпай соған күтiнсең,
Жаныңа қонар бақ-құт бар, –
деп ел айтпақшы, артық сөз, қыңыр қылық, қисық мiнезден аулақ және өзгелердiң де сондай болғанын қалайтын ағаның көңiлi мен секiлдi iзiнен iлескен талай iнiлерi мен қарындастарына нұсқа болды. Әйтпесе қызмет бабында, жұмыстың барында сүйiнiш те, күйiнiш те ұшыраса бередi емес пе? Мәселе соны қалай өткеруде. Қашан да сабырлы, салқынқанды болмысынан жылдар бойы бiр танбай, жарасып, сырбаз қалпымызбен өткiздiк. Данышпан Абайдың “Ғылымды, ақылды сақтайтын туған мiнез деген сауыт болады” дегенi, мiне осындайда ерiксiз есiңе түседi.
“Күштi сөйлей бастағанда, әлсiздiң үнi өшедi” дептi француз философы К.А.Гельвеций. Бәрiмiз бiлетiн Яхия Әубәкiрұлы сондай бiлiмдар болатын. Және бiр артықшылығы – бойдағы бiлiмiн қарапайым тiлмен, көкейге қондырып айта бiлетiн. Бүгiнде заман да, ғылымдағы талап та өзгерген. Мәселен техника ғылымдары саласынан кандидаттық қорғаған ғалым, арада бiраз уақыт өткенде экономика ғылымдарының докторы атанады. Бiздiң бәз-баяғы қалыптасқан түсiнiгiмiз бойынша экономиканың теориясын меңгермей экономист-ғалым боп шығу қиын-ақ. Ал оны меңгеру үшiн ең әуелi кәсiби экономист болу керек. Кәсiби экономист – теориялық жағын шұқшия зерттеп, жiлiктеп меңгерген маман. Жәкеңнiң зерттеген тақырыбы экономика теориясы болатын. Жай ғана зерттеп қоймаған, өте жетiк бiлетiн бiрден-бiр ғалым едi. Оның үстiне кiшiлiк қасиетi жеке басын көркейтiп, кiсiлiгi көсегесiн көгертетiн адамның айналасы құр бола ма, жолын қуған жастар көп болатын. Сондай-ақ, ол кiсi басқаратын семинарлар мен кеңестерге жиналғандар қатары қашан да ортаймайтын. “Рухы таза адамның тәжi басында”, осы ағамыз не дер екен, бүгiн бiз бiле бермейтiн нендей мәселелерге тереңдеп, ұйытар екен деп, соны қалайда өткiзiп алмауға құштарланушы едiк.
“Нарық еңбектенгендi қарық қылады, жалқауды кәрiп қылады” дейтiн нарық заманының экономикалық заңдылықтарын таратып, түсiндiру, әрiге үңiлiп зерттеу тұрғысында Жақаңның тындырған еңбектерi көп-ақ. Қай қоғамды алмайық, мейлi ол капиталистiк қоғам бола ма, жоқ әлде социалистiк жүйе бола ма, бәрiбiр, айналып келiп бар әңгiме өндiрiске келiп тiреледi. Ауылшаруашылығын аласыз ба, өнеркәсiптi сөз етесiз бе, немесе қаражат саласын тiлге тиек қыласыз ба, болмаса басқадай айналым жағы дейсiз бе, – соның бәрiнiң өз заңдылықтары бар. Ол заңдылықтар жүйе талғамайды. Екеуiне де ортақ iргелi заңдылықтары ұшырасады. Яхия Әубәкiрұлы сол жағына барынша тереңдеп, көбiрек зерттедi. Осы жағынан алғанда артында қалдырған еңбектерi нарық жағдайында айрықша бағаланып, өзiндiк құндылығымен ерекшеленетiнi күмәнсiз.
“Бiздiң бойымызға бiткен қасиеттердiң iшiндегi ең маңыздысы – парасат” дептi француз философы Г.Мабли. Алайда осы жағы барша жұрттың бойынан табыла бермейдi десек, Жақаң шын мәнiнде парасатты кiсi едi. Көсiлiп көп сөйлемейтiн, күлiп қана қоятын. Ал, айта қалса, екi ауыз сөзiнiң iшiнде бар ойы тұнып тұратын. Бұл шешендiгiнiң кемдiгiнен, я басқадай осалдығынан емес, менiң ойымша, есiл уақыттың қадыр-қасиетiн терең ұғынудан санасына ұялап, орныққан болмысы-ау. Әйтпесе талай келелi жиындарда, дүрмектi дастарқандарда сөзiне куә болдық, мән бердiк. Дөп сөйлеуге тырысатыны ойынан анық аңғарылып тұрар едi.
“Сөз қадiрi – өз қадiрiң” дейтiн ағалардың бiрi Жақаң болатын. “Көп айтпа, дөп айт” дейтiн және де сондай кiм-кiмдi болсын жоғары бағалайтын.
Мың құбылған мына тiршiлiк, кейбiр кiсiлердiң көңiлге кiрбiң ұялататын iсi, сөзi ол кiсiнi де айналып өтпейтiн. Әрине, адам болғаннан кейiн құлазитын. Соның өзiнде сезiмiн сырт көзден жасырып, iшiнде тұншықтыруға тырысып, өзiнiң үйреншiктi сөзi – “Әй, өзiмiз аман болайықшыны” айтушы едi…
Ақылы жоқты аға тұтпа,
Қасиетi жоқты қадiр тұтпа,
– дейдi Бөлтiрiк шешен. Ақыл-парасаты да, қадыр-қасиетi де бiр басынан табылған Жақаңмен қызмет бабында ғана емес, былайғы отбасылық өмiрде де бiр кiсiдей жақсы араластық. Талай қуаныштарында бiрге болдым, қиналған сәттерiнде қасынан табылдым.
Ендi өз басыма байланысты мына бiр әңгiменi де тiлге тиек ете кетейiн. Бұл 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiнгi қысталаң жағдайдың салдары. Қаншама доспын, туыспын деп жүргендер сырт айналды. Солардың iшiнде, тiптi қимастай боп кеткен бiр азамат “қалайсың” демедi. Ендi қалай дегенмен мен де пендемiн ғой, “бұнысы қалай?” деп бiр түрлi боп жүрдiм. Жақсы кезде жақсы боп жүрдiм, қажет жерiнде қолымнан келгенiмдi аямадым, ендi басыма қара бұлт үйiрiлгенде жағдай бiлiсу, сөзiмен болсын демеп, көңiлiмдi аулауы адами артықшылығы емес пе едi?! Сөйтiп, алабұртып, бiрдеңе деуге батпай өкпелi боп жүрген күндердiң бiрiнде Жақаң: “Нұрғали, ана азаматпен қарым-қатынасың тәуiр екенiн бiлушi едiм. Бiр ауыз лебiзiң керек боп тұр”, – дедi. “Жақа, кешiрiңiз, айта алмаймын, өйткенi мен өстiп жүргенде жарты ауыз жылы сөз айтуға, хал-жағдай сұрасуға жарамады”, – деп едiм, ол кiсi күлдi. Артынша әдеттегiдей ақылды кейпiне ауысып:”Айналайын, Нұрғали, сен кiсi баласына өкпелеме. Егер өкпелесең, онда өзiң ұтыласың. Ол мүмкiн ойланып та жүрген шығар, бәлкiм басқадай, саған айта бермейтiн бiр жағдайы” мен басы қатып жүр ме екен. Соны түсiну үшiн, оның орнына өзiңдi қоюың керек қой. Сол үшiн сыйласып жүрген кiм-кiммен де араңды ажыратпаған жөн-ақ. Бұл – менiң ағалық ақылым. Осыны құп көрсең, қабылдарсың. Ал ендi ол азаматқа менiң өтiнiшiмдi айтсаң – айтарсың, ал айтпасаң, бетiңдi ашып ал”, – дедi.
“Түсiнiктi сөз – сөздiң ең асылы” дептi көне қытайдың ғұламасы Конфуций. Өзiмше өкпелеп, тоң-терiс боп жүргенде айтылған ағаның сөзiнен кейiн әлгi азаматпен сөйлессем, тiптi ештеңе болмаған сияқты әңгiмемiз жарасып жүре берген. Көңiлдегi кiрбiңнен ештеңе де қалмады. Көкiрек сарайым ашылып, ана азамат та мен сияқты жадырап, сондай бiр ғажап жағдайды бастан кешкендей жеңiлдеп сала бердiк.
“Перiштенiң де бес мiнi болады” дейдi екен. Менiң де мiнезiм бiр ғаламат едi демеймiн. Ал ендi әлгi досымның болмашы кемшiлiгiн көкiрегiме тас қылып ұстап жүре берсем, Құдай бiледi, осы күнге дейiн дүрдиiп, өкпелеп жүре берер ме едiм… Соның бәрiн жуып-шайған, өмiрiме үлгi етерлiк ақыл айтқан Жақаңа разымын.
“Ағадан – ақыл” деген, ол кiсiнiң өстiп еске аларлық ақыл-кеңес берген, елеусiздеу етiп қана санама сәуле құйған сәттерi аз емес.
Ол кiсi жанамалап сауал бергеннiң өзiнде, арғы жағынан көптi көрген, көкейге көптi түйген ойлы кiсiнiң ыстық ықыласы, жанашыр пейiлi аңғарылып тұратын. Өз өмiрiмде, әсiресе ұзақ жылдар бойы Алматы Халықшаруашылығы институтын басқарған кезде сондай мысалдың талай-талайын көрдiм, куә болдым. Жиi-жиi кездесiп, пiкiрлесетiнбiз. Сондай сәттерде ғалымдардың жағдайын сөз ететiн. Әсiресе жас ғалымдардың тұрмыс-тiршiлiгi, жасап жүрген жұмыстары қатты ойландыратыны әрбiр сөзiнен анық аңғарылатын. Қалай болғанда да елге етенелеу жүретiн, көкжиегi кеңдеу, ой-пiкiрi кемел, ақылман аға ғой деп ол кiсiмен емiн-еркiн отыруға, ақыл-кеңестерiн тыңдауға ынтық едiм.
Әлбетте бәрiне уақыт таразы ғой. Яхия Әубәкiрұлы уақыт сынына төтеп беретiн өз мектебiнiң негiзiн қалап, қабырғасын қатайтып кеттi. Өзiнiң басшылығымен ғылым докторы, кандидаттығы атақтарын қорғаған кiсiлер көп.
Абзал ағамен ең ақырғы жүздесуiмiз жадымнан шықпайды. Ол тура көз жұмарынан тура бiр күн бүрын болған-ды. Екеумiз көп жыл Iшкi Iстер министрлiгiнде жемiстi қызмет етiп генерал дәрежесiне дейiн көтерiлiп, зейнет демалысында жүрiп қайтыс болған Әбдiқайым Исабаев досымның жылдығына арналған дәмiне барғанда кездестiк. Өз машинаммен барып едiм, шығып бара жатып:
– Жақа, мен сiздi өзiм жеткiзiп салайын, – деп едiм, күлдi. Содан машинада келе жатқанда:
– Әй, Нұрғали, баяғыда үлкен бiр академик ағаңның не дегенiн бiлушi ме едiң? – дедi.
– Кiм туралы айтып тұрғаныңызды бiлемiн.
– Жүргiзушiң академик болғаны қандай жақсы деп мен де мәз болып отырмын. – Содан жол үстiнде тағы да бiр әңгiмелердi қозғадық. Үйiнiң жанына келiп, түсер кезде, “Нұрғали, уақытың болса, кiшкене кiдiрсең қайтедi”, деп өтiндi.
– О не дегенiңiз, Жақа. “Былтырдан қалған жұмыс жоқ” дептi ғой бiреу. Сол айтқандай, – деп едiм, ризалығын бiлдiрдi.
– “Сырласуға лайықты адаммен сөйлеспесең – адамды жоғалтқаның” дептi Конфуций, – деп қытайлық қарттың сөзiн ауызға алып едiм, ары қарай:
– “Ақылды жан адамды да, сөздi де далаға жiбермейдi”, – деп iлiп әкеттi.
Сонымен, екеумiз бiр сағаттан астам уақыт аулада арлы-берлi жүрiп әңгiмелестiк. Елдiң жайын, экономиканы сөз еттiк. Бүгiнгi уақытқа байланысты да бiраз сырлар ақтарылды. Соңына таман: “Экономист-ғалымдарға қатысты жұмыс жетедi-ау, Нұрғали. Сол үшiн бiрге жұмыс жасасақ”, – дедi. “Қарсы емеспiн, елiмiз үшiн, халқымыздың келешегi үшiн Сiздей ағамен қандай жұмысқа да әзiрмiн” – дедiм. “Өзiм де осылай шығар деп күтiп едiм. Ендеше солай болсын” – деп қоштасты.
Бұл туған ағамдай ардақтаған абзал жанмен ең соңғы кездесуiм екенiн мен де, өзi де бiлмеппiз. Келесi күнi суық хабарды естiгенде, тура төбемнен әлдекiм бiр шелек сұп-суық суды төңкере салғандай күйге түстiм.
Көзiме iркiлiп жас келдi.
Қимастық жасы…
Нұрғали МАМЫРОВ, aкадемик