“ҚОЖАЙЫН”
“ҚОЖАЙЫН”
ТАРИХИ ТҰЛҒА
“Сталин өз дәуiрiнiң еш теңдесi жоқ билеушiсi болды. Орыстар оған өздерiнiң ең қиын сәтте елiн басқарғаны үшiн тағдырына алғыс айтуы қажет. Ол Ресейдi соқамен қабылдап, соңына атом бомбасын қалдырды”. Өткен ғасырдың танымал тұлғасы төңiрiегiнде күнi бүгiнге дейiн талас-тартыс басылмай тұрған шақта И.Сталин туралы осы пiкiрдi айтқан кiм? Кезiнде айналасында жылмыңдап жүрген, өлгеннен кейiн аяусыз қаралаған Н.Хрущев сияқты алаяқтар ма?! Жоқ, жоқ. Жоғарыдағы ойдың иесi – Ресей мен орыстардың бiтiспес жауы және тоңмойын дұшпаны болған, әлемге әйгiлi ағылшын Уинстон Черчилль.
Бұл мақаламызда осы тарихи тұлғаны бiрыңғай мақтаудан да, даттаудан да аулақпыз. Өйткенi оның дұрыс бағасын Ұлы Тарихтың өзi бередi. Бiздiң көздегенiмiз – соңғы кезде пайда болған деректерге сүйене отырып, ол жөнiндегi өз түйiнiмiздi ұсыну.
БЕКЕРДI БЕКЕРГЕ ШЫҒАРУ
Осыдан жиырма жыл бұрын басталған Сталиндi жан-жақты және үздiксiз қаралау науқаны бүгiнде толастай бастаған сыңайлы. Соған да шүкiр. Әйтпесе көршiлес Ресейдiң Э.Радзинский, Д.Волкогонов (тек соларға ғана емес!) секiлдi жазғыштарының қара бояуды баттастыра жаққан жаласы мен жалғандығынан әбден шаршадық…
Ендi бекерге шығаралық. Бiрiншiден, И.Сталин параноик емес, ондай ақыл-ой жүйесi дертiне шалдықпаған. Екiншiден, ешқандай патшаның “жансызы” болмапты.Үшiншiден, нәпсiқұмарлығымен көзге түспесе керек. Рас, өмiрiнiң көп бөлiгiн саяси қызметiне орай Сiбiрде айдауда өткiзгендiктен, бiрнеше әйелдермен уақытша (бiздiң заманымызша “азаматтық”!) некеде тұрған екен. Олардың ата-тектерi мынадай: Кузекова, Лидия Перелыгина және… басқалары. Бiреуiнен тiптi ұл көрiптi. Бiрақ билiк басына келгенде, олармен қарым-қатынас жасамаған да, кейiн қуғындамаған да. Ал заңды некеге тұрған әйелдерiне келсек, оның жөнi басқа. Оған кейiнiрек тоқталармыз. Бұдан басқа, оның еш жерде жасырын есепшоты болмағанын айтсақ та артық емес. Сталиннiң ақшақұмар, дүниеқоңыз болмағанын оны жер-жебiрiне жетiп жамандаған Д.Волкогоновтың да мойындағаны көп нәрсенi аңғартады. Атаққұмар да болмаған. Бiр ғана мысал. Онан кейiнгi ел басшылары кеуделерiн өңiрге тағар сансыз орден-медальдармен көмкергенде, Сталин “Жеңiс” орденiн алғысы келмей, бес жыл бойы қасарыпты. Ақыры айналасындағы жарамсақтар қояр да қоймай, алғызғанда да оны таққысы келмей, жұмыс бөлмесiндегi тартпаға салып қойса керек. Ақыры сол тартпада иесi өмiрден озғанға дейiн қалып қойыпты…
ЖАППАЙ ЖАЗАЛАУ ШЕ?!
И.В.Сталинге тағылатын бiреу де бiрегей айып – елiмiзге жүйелi түрде жүргiзiлген жаппай жазалау. Иә, ел басшысы ретiнде оның талайлардың тағдырының тәрiк болғандығына кiнәсi бар. Мүмкiн ол бұл тұлғаның жаратылысынан қатал да күдiкшiл мiнезiнiң әсерiнен де шығар. Осы тарихи тұлғаны көрiп-бiлгендер мен тығыз қарым-қатынаста болғандардың бәрi дерлiк сол табиғи ерекшелiгiн бiрауыздан атап өтедi. Бiрақ зұлымдық пен қиянаттың барлығы үшiн тек Сталин жауапты ма? Олай десек, ақиқаттан ауытқымаймыз ба? Ал “темiр” нарком Н.И.Ежов ше?!…
Бiздiңше, Сталиннiң күнәсi жеңiлдететiн жағдаяттың бiрi мынау-аса күрделi де қым-қуыт өткен ғасырдың 20-40 жылдарында шынымен де елде халық жаулары көп болды. Бiрiншi кезекте сатқындар мен сыртқы жаудың “жансыздары” аз болған жоқ. Бұған 20-30 жылдардағы партиялық тазалаулар мен тексерулерден кейiн (маскүнемдiгi, сауатсыздығы, рухани азғындығы т.б. үшiн) жұмыссыз қалған миллиондаған бұрынғы коммунистердi қосыңыз! Олар өздерiн қатардан шығарып, күнкөрiссiз қалдырған кеңес өкiметi мен партияны “сүйдi” деп кiм айта алады?! Онда басқа, бүгiнде “жазықсыз жазаланды” деп жүрген Бухарин, Тухачевский, Енукидзе, тағы басқаларының шетелде жүрген, кеңес өкiметiнiң қас жауы Троцкиймен тығыз байланыста болуы қалайша күдiк туғызбайды?! Тiптi Тухачевский мен Гамарник жетекшiлiк еткен әскери қолбасшылар 1937 жылдың 1 мамырына әскери төңкерiс даярлап, Сталиндi тақтан тайдырып, Кеңес өкiметiн құлатуды мақсат тұтқанын немiс тарихшысы Пауль Карелл дәлелдеп жазыпты. Тек. Тухачевскийдiң Англияға ресми сапарына байланысты төңкерiс үш аптаға шегiндiрiлсе керек…
Әскерилердiң қашанда билiкке ұмтылатыны да, тақ үшiн тайталастың үнемi төгiлген қанмен аяқталатыны әлiмсақтан белгiлi жәйт. Өзiн құртуды ойлағандардың iс-әрекетiн бiле отырып, қалайша Сталин қимылсыз қалады? Оның орнына басқа бiреу болса да, солай iстер едi. “Қан төкпейдi” деп айта алмаймын. Жұртың бәрi бiрдей Л.Брежнев емес қой…
Ежовқа қайта оралайық. Ягода сенiммен шыққасын, Cталин НКВД-ның басшылығына партиялық Ежовты қойды. Оның “Қасиетi” – бұйрық пен нұсқауды мүлтiксiз орындайды, “қылығы” – бiр бастасы, өзiн-өзi тоқтата алмайды. Жаппай жазалауды бастап жiберген де, тұтқындау жөнiнде жоспарды ойлап шығарған да, қапасқа қамалған бейбақтарды аяусыз ұрып-соғып, азаптауды мақұлдаған да, кеңiнен қолданған да – Н.Ежов. Қазақтың аяулы арыстарының да жойылуына басты себепшi – сол жендет, өйткенi ол бұрын бiздiң елiмiзде ұзақ болған және жан-тәнiмен шовинист адам. Арамыздан шыққан есебi жоқ сатқындар мен жер-жердегi шолақ белсендiлер де Ежовтың жұмысын “жеңiлдетiп”, жүздеген мың адамның обалына қалды. Демек, басты айыпкерлер – Ежов пен арамыздағы сан мыңдаған Қарасартовтар (Шәкәрiмнiң соңына түскен). Соның iшiнде қазiр мақталып жүрген “Мырзажанның” (Мирзоян) да талайлардың түбiне жеткенiн биыл “Жас қазақ” газетi жазған-ды. Сөз жоқ, Сталиннiң де қазақ ұлтының алдында 1928-1933 жылдардағы сұмдық аштық пен ең таңдаулымызды жойғаны үшiн кiнәлi екенiн ұмытуға болмайды. Бiрақ басты жендет – Н.Ежов қой. Неге екенi белгiсiз, жаппай жазалау туралы сөз болғанда, оның қожайыны ауызға алынады да, “Қарғылы төбетi” тасада қалып жүр. Мұның сыры наркомның өктем ұлтының өкiлi болғандығында ма, екен?!…
Жалпы түркi жұртына, соның iшiне қазаққа өштiк гүржiлердiң, соның iшiнде Джугашвилидiң (Сталиннiң шын тегi) қанына сiңсе керек. Сонау ХI ғасырда қыпшақтар гүржiлердiң қас жауы, былай қарағанда өздерiне қандас сәлжүктердi қирата жеңiп, Қап тауындағы осы елдiң жерiнен түрiп айдап шықса да, олардың тарапынан “кiнәлi”. Өйткенi гүржi елiнiң оңтүстiк-шығысына орналасып алған осман түрiктерi ғасырлар бойы көршiлерiне тыныштық берген жоқ. Тiптi абхаздардың белгiлi бiр бөлiгi мен аджарлардың мұсылман дiнiн қабылдауына да солар себепшi болған көрiнедi…
Тағы бiр дәйек, орыстанып кеткен немiс ғалым В.Г.Тизенгаузен 1884 жылы Алтын Орданың тарихы жәйлi екi томдық құнды кiтап шығарған. Орта ғасырлық араб тарихшылары: Ахмед ибн Фдлан, Зинеддин ибн әл-Аср, ибн Баттута және басқаларының еңбектерiн түпнұсқадан оқып, аударған еңбекқор немiс Алтын Орданың тап-таза қыпшақ мемлекетi екенiн, оның жоғары өркениетi мен орыс елiн Батыстың қарақшыларынан қорғап қалғандығы жайында дәлелдеп жазса керек. Мiне, сол еңбектi Сталин iздестiрiп жүрiп, жойғызыпты. Құдай оңдағанда, аталған кiтап мүлдем жойылып кетпей, бiздiң заманымызға де жеттi. Ол Ресейде баяғыда жарық көрсе де, ендi қазақша тәржiмеленiп, басылатын күнi де қашық емес.
СТАЛИН МЕН БЕРИЯ
Жаппай жазалау әбден асқынғасын, Сталин 1938 жылы Гүржiстанның бiрiншi хатшысы болған, бұрынғы чекист, өзiнiң қандасы Л.Берияны Ежовтың орынбасары етiп қойды. Бiраздан соң басшы еттi. Берия келгесiн, жаппай жазалаудың көлемi азайып, НКВД нақты жаулармен күреске жұмылдырылды. Оның басшылығымен 1940 жылы ақпанда Мәскеу қылмыскерлерден толық тазартылды. Соның өзiнде де соғыс жылдарында нағыз жаулар мен қылмыскерлер дұшпанмен жанталасқа түскен елдiң аяғынан шалып бақты. Дәлел ме? Мiнекейiңiз. Соғыс жылдарында бiр Ленинградтың өзiнен НКВД мен қызыл әскерлер мұқият жасырылған 3 оқшашар, 10 автомат, 1113 винтовка, 820 гранат ( басқасын есептеменгенде) тәркiлеген. Алыпсатарлар мен мемлекеттiк сауда-жабдықтау мекемелерiндегi алаяқтардан 10 млн. Рубль, 41215 алтын сағат, 69 келi алтын, 563 келi күмiс бұйымдар, 1537 жақұтты тартып алып, Отан қазынасына өткiзiптi. Жұрт аштан қырылып жатқанда әлгi арамзалардың әрекетiне не дер едiңiз?! Әлде олар “халық” достары ма”?! Кейiн сондай жексұрындардың көбiнiң “Ойбай, мен жазықсыз жазаландым!” деп, төсiн соғып шықпағанына кiм кепiл?! Әсiресе, Н.Хрущевтың тұсында. Керiсiнше “қосақ арасында кеткен” талайлар ақтала алмай, көпке дейiн жүрген сияқты…
СОҒЫС
Әрине, оның соғыстағы еңбегi ересен зор. Генералиссимус жоғары атағын алуы да әдiлеттiлiк. Чан Кай-ши мен Франко осы жоғары атақты иеленгенде, Сталиннiң сондайлық Жеңiске үлесi жоқ па?! Соғыс оны тұңғыш ұлы Яков баласын құтқаруға немесе бiреуге айырбастап алуға бармауының өзi-ерлiкпен парапар. Жұрттың бәрi жау анталаған Мәскеуден қашқанда, Сталиннiң астанада қалып, әскери шеру ұйымдастыруы да нағыз көсемге тән көрегендiгi болып табылады. Бiрiншi басшының қаталдығы мен қатаң талабының ұлы Жеңiске жол ашқанын тек көрсоқырлар ғана мойындамас, сiрә?!…
ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛI НОМЕНКЛАТУРА
1953 жылдың 5 наурызында мәңгiлiкке көз жұмған И. Сталиннiң өлiмiнiң төңiрегiнде алып-қашпа әңгiме жыртылып айрылады. Орыс жазушысы А.Бушков болса, көсемдi өлтiрушiнi анықтап берген. Оның аты-жөнi – коммунистiк номенклатура, яғни партиялық билiк өкiлдерi. Мiне, қызық! Сол партияның бiрiншi басшысы Сталин неге жазықты болыпты?!…
1952 жылы партияның ХIХ съезi болып өттi. Сталин онда сөз сөйлеп, …елдегi билiктi ендi партияның қолына алып, өндiрiс сардарларына (бүгiнгi түсiнiкпен алғанда, менеджерлерге) берудi ұсынған. Партияның қолында тек саяси-идеологиялық және тек …өз кадрларын өсiру жұмысы қалдырылуы тиiс. Бас хатшы лауазымды жойылып, жәй 10 хатшы қалдырылып, Президиумға 24 жаңа адам, негiзiнен өндiрiстi басқарушылар сайланыпты. Көсем өзiне тек Үкiмет төрағасының орнын “қанағат” тұтты. Алайда жұртқа жалаң ақыл айтып билiк жүргiзiп, бiрақ ешкiмнiң алдында ешқашан жауап беруге дағдыланбаған партиялық төрешiлер “майлы қасықтан” оңайлықпен айырыла ма? Дереу iске кiрiскен Хрущев пен Булганиннiң тобы ең әуелi Сталиннiң адал көмекшiсi Поскребышевтi, сонан соң жеке күзет қызметiнiң бастығы Власиктi қожайыннан аластады. Жеке күзет бастығына өздерiнiң адамы Игнатьевтi қойды. Сөйтiп, мақсатына жетiп тынды. Сталиннiң өлiмiне Берияның қатысы туралы лақап – Н.Хрущевтiң “Қырық өтiрiгiнiң” бiрi ғана. Берия – Сталиннiң адал серiгi, онымен өмiр бойы ниеттес болған адам. Сол 1953 жылдың маусым айында Берияның кенеттен өлтiрiлуi (тұтқындалуы емес!) болжамды айқын дәлеледейдi. Өйткенi бұрынғы чекист ретiнде Л.Берияның қастандықтың кiмнен болғанын бiле қалатыны да айдан анық. Көсемнiң қандасы мен әрiптесiн құрбандыққа шалып жiберуi де сондықтан…
ЕКI ӘЙЕЛI, ҮШ БАЛАСЫ
Сталиннiң екi некелi әйелi болды. Алғашқысы – ұлты грузин Екатерина ерте қайтыс болып, соңына ұлы Яковты қалдырды. Екiншiсi Надежда Аллилуевадан Василий сынды ұл, Светлана атты қыз сүйген. Яков немiстердiң қолында қаза тапса, әкесi өлгесiн қуғынға ұшыраған Василий 1962 жылы Қазан қаласында көз жұмды. Светлана үндi дипломатына күйеуге шығып, шетелге кеттi. Қазiр Ресей мен Гүржiстанда Сталиннiң үрiм-бұтақтары өмiр сүрiп жатыр. Олар өз бабасын құрмет тұтады.
Менiң түсiне алмайтыным мынау – Сталин неге екi әйелiнiң төркiн жұртын соншама қатал қуғынға салды? Келiсейiк, екi қатыны оңбаған (алайда алғашқы гүржi әйелi Екатерина бiлгендердiң айтуынша, жақсы адам болған) екен делiк, төркiндерiнiң жазығы қандай? Қожайын екi әйелiнiң де ағаларын тұтқынға алғызып аттырды. Бiр қайынбикесi тұтқындалып (екiншi қатыны Надежданың әпкесi) он жыл бойы Владимир қаласындағы жалғыз кiсiлiк камераға отырғызылған. Содан 1954 (!) босатылған әлгi бейбақ түрмеден шыққысы келмептi. “Сталиннiң өлгенiне жылдан асты. Сiз ендi боссыз” дегенде, ол: “Мүмкiн емес. Сталин – өлмейтiн адам” деп көнбептi…
Түйiн: Сталиндi өз қолбасшылары сыртынан “Қожайын” деп атапты. Расында да осынау сөзге сараң, iске бейiм, Қап тауының түлегi 1924-1953 жылдары әлемнiң алтыдан бiр бөлiгiн алып жатқан кең байтақ елдiң, оның 200 млн. тұрғынның өмiрi мен тағдырына қожайын болды. Бiрде ол өзiнiң ғұмырынан кейiнгi кезең туралы былай дептi: “Мен өлгеннен соң, жұрттың өсегiнiң моламды қоқысқа толтырып тастайтынын бiлемiн. Бiрақ Тарихтың желiнiң соның бәрiн ұшырып әкетерiне сенiмiм нық”. Ұлы тұлғаның пайымдауымен келiсесiз бе, не оны терiске шығарасыз ба, ерiк өзiңiзде, оқырман…
Серiк Ықсанғали,
Ескерту: мақалада А.Бушковтың “Сталин: мұзды тақ” кiтабынан алынған мәлiметтер пайдаланылды