Жаңалықтар

АҒАБЕК

ашық дереккөзі

АҒАБЕК

Қазақ ұлты ту сонау ежелден не көрiп, қандай қилы-қилы қиын заманды басынан өткермедi дейсiз. Тар жол, тайғақ кешу оның тарихында тым мол болды емес пе. Қазiргi сәулеттi, егемендi, тәуелсiздiктiң шұрайлы күндерiне жету үшiн, қаншама ақиық азаматтарымыз кемелдi жарқын болашақ үшiн өз бастарын бәйгеге тiгiп, өмiрiн қиып, жер жастанды. Егер олар қайсарлықпен, қажырлықпен тiресiп, халқының жарқын болашағына сенiммен қарап, олай етпегенде, бiз бұл “қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған күндерге” жетер ме едiк? Қайдам. Бiрақ барына шүкiрлiк жасап, тәубе дейiк, ағайын!

“Қазақ елiнiң, қазақ жұртының тағдыры сынға түскен тарихи кезеңдерде, алмағайып замандарда әсiресе қазақ оқығандары, ұлт зиялылыры жанқиярлық еңбек көрсеттi. Ұлт болашағын ойлап қам жеген, халқы үшiн от пен суға түскен, азап шеккен, керек болса осы мақсатта басын бәйгеге тiгiп, жан қиған да осы Алаш арыстары болатын. Әсiресе, ұлттық тәуелсiздiк үшiн күресте олардың бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, тiзе бiрiктiрiп, ел санасын оятудағы қыруар еңбегiн ешуақытта ұмытуға болмайды”, – деп жазады филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейiт Әбдезұлы (“Егемен Қазақстан”, 3.08.2007).

“Ойды ой жетелейдi”, өткен 2007 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында жалпы екiншi қазақ құрылтайы өтiп, Алашорда автономиясы құрылғанының жарияланғанына 90 жыл толғанын, қасиеттi қазақ топырағының ақыл-ой тамырын отап, тектiк ұйытқысын iрiтiп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған “Алаш iсi” бойынша қатiгез жазалау науқанының алғашқы тергеу iсiнiң басталғанына да желтоқсанның 17-iнде 80 жыл болғанын мерзiмдi басылымдар жариялады. Сол деректi мақалаларды оқып отырып бiз ертеректегi қара құлақ қариялардың аузынан естiген “Алашорда” партиясы туралы, оның қайраткерлерiнiң бiрi болған жерлесiмiз сарысулық Ағабек Байдуллаев жайлы аздап болса да хабардар болатынбыз. Тiптi, 1962 жылдың жазында “Ағабек ақталыпты” деп жұбайы Бибiгүл апа мен ұлы Шамғали (бұл күндерi екеуi де фәни дүниеден озған), жақын ағайын-туысқандары Сарысу ауданының Қаратау жотасындағы, Көкжон өңiрiндегi, Үшбас аулында өмiр тауқыметiн бiр кiсiдей көрiп, тағдыры соқыр саясаттың арқасында тәлкекке түсiп отқа оранған ердiң есiмiн еске алып, көпшiлiк бас қосып ас берiп, құран оқытып, қайсарлық iс-мiнезiмен ел-жұртына берiле еңбек етiп, ұлтының жарқын болашағы үшiн еңiреп жүрiп өмiрден озған азаматтың рухына бас игенiмiз де есте қалыпты.

Өткен жылдың жазында ойламаған жерде жазушы Дүкенбай Досжановтың “Абақты” деген кiтабы қолға түстi. Ол халқымыздың белгiлi қайраткерi, ұлт мақтанышы Жүсiпбек Аймауытов жайлы жазылған деректi дүние екен. Автор сол шығармасының 190-бетiндегi жолдарда былай деп жазады:

“…Абақтыдағы айыпкер адамдарды топ-топ етiп, iсiн тiркеп, тергеудi бiттiге санап, Москваға, Бутырка абақтысына жөнелтуге әзiрлей бастаған.

№6 iс бойынша арнайы қаулы шығарған. Ол қаулының қазақша көшiрмесi төмендегiнше.

Қ А У Л Ы

1929 жылғы 16 тамыз, Алматы қаласы.

“Мен, Бiрiккен саяси басқарма Шығыс бөлiмiнiң Қазақ ССР-i бойынша өкiлеттi өкiлi Саенко, №6 тергеу iсiмен таныса келiп, төмендегi адамдар туралы:

1.Байтұрсынов А. 10.Жұмабаев М.

2.Дулатов М. 11.Байтасов А.

3.Әдiлов Д. 12.Байтiлеуов Д.

4.Болғанбаев Х. 13.Кәрiбаев Н.

5.Жәленов К. 14.Байдуллаев А.

6.Аймауытов Ж. 15.Әдiлов Асқар.

7.Есболов М. 16.Құлмұратов Т.

8.Омаров Е. 17.Байдiлдин Ә.

9.Жүсiпов А. 18.Бiрiмжанов Ғ.

ТАПТЫ:

Алдын-ала тергеу iсi қажетiнше толық жүргiзiлдi, сондықтан Қылмыстық кодекстiң 207- статьясын басшылыққа ала отырып,

Қаулы етедi:

№6 iс бойынша алдын-ала тергеу аяқталды. Бұл туралы жоғарыда аталған айыпкерлерге хабарлансын.

Шығыс бөлiмi бастығының көмекшiсi Саенко (қолы)”.

Күтпеген жайда белгiлi Алаш азаматтарының тiзiмiнiң қатарында жүрген А.Байдуллаев есiмi бiздi ерiксiз елең еткiздi. Бұл – бiздiң жерлесiмiз – сарысулық Ағабек Байдуллаев болуы керек деген үмiт оты жылт ете қалды.

Содан, оның анық-қанығына жету мақсатында “Iзденген жетер мұратқа” деп iздестiру, анықтау iсiне тәуекел айтып кiрiстiк. Қолымызға қалам алып Республикамыздың Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Жамбыл, Алматы, Оңтүстiк Қазақстан облыстық департаменттерiне “Сiздерде азамат Ағабек Байдуллаев туралы қандай мәлiметтер бар?” деген сұрау жолдадық. Көп ұзамай Алматы қаласының ҰҚК департаментiнен мынадай жауап хат алдық (оны қаз-қалпында, яғни орыс тiлiнде жариялағанды жөн көрдiк):

“Сообщаем, что в ДКНБ РК хранится архивное уголовное дело производства 1929-1930 годов прошлого века, по каторму проходит Байдуллаев Агабек, 1902 г.р., уроженца ауыла № 3 Сары-Суского района Сыр-Даринского округа.

Как следует из материалаов дела, Байдуллаев А., работая в УРО (возможно уголовного розыска) Сыр-Даринского округа, 03.04.1928 года был арестован, однако летом этого года из под стражи бежал. Вторично был арестован органами ОГПУ Казахстана 17.12.1928 года и постанавлением Тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 04.04.1930 г., по статье 58-11 и 82 УК РСФСР (за связь с контрреволюционной организацией Алашординцев, участие в вооруженном сопротивлении экспедиции по проведению конфискации байских хозяйств и побег из мест заключения), осужден на пять лет концлагерей.

На основании ст.1 Указа Президиума Верховного Совета ССР от 16 января 1989 года “О допольнительных мерах по восстановлению справедливости в отношении жертв репрессий, имевших место в период 30-40-х и а начале 50-х годов”, заключением прокуратуры Казахской ССР от 30.08.1991 г. Байдуллаев А. реабилитирован.

Архивное уголовное дело в отношении Байдуллаева А., производства 1937 года, хранится в ДКНБ РК по Костанайской области, куда рекомендуем обратиться по интересиущим Вам вопросам.

Начальник подразделения Департамента С.Аносов. 06.11.2007 г. № П-695”.

Уақыт суытпай Қостанайға хат жолдадық. 2007 жылдың желтоқсанының соңына қарай ҚР ҰҚК-нiң Қостанай облысы бойынша департаментiнен мынадай анықтама келдi (оның түпнұсқасын сақтап орыс тiлiнде берiп отырмыз):

“По материалам архивного уголовного дела, хранящегося в Департаменте КНБ по Костанайской области, проходит Байдуллаев Агабек, 1902 года рождения, казах, уроженец аула №3 Сарысуского района Южно-Казахстанской области. До ареста жил в п.Денисовка Джетыгаринского района Кустанайской области, работал заведующим Райторгом.

Байдуллаев А. имеет высшее образование, ранее окончил Русско-Туземное училище, с 1928 года находился под следствием, 4 апрлеля 1930 года органами ОГПУ осужден по статье 58-10,11 и 82 УК РСФСР к 5 годам ИТЛ. Наказание отбывал в лагере на Беломорском канале. В п.Денисовку прибыл в 1936 году из Киргизии.

Арестован 4 ноября 1937 года Джетыгаринским РО НКВД по Кустанайской области по обвинению в том, что являясь членом антисоветской националистической организации, систематически вел вредительскую подрывную деятельность в области торговли, умышленно срывал снабжение трудящихся района остродефицитными товарами. Заседанием тройки УНКВД по Кустанайской области от 20 ноября 1937 года по ст. №58 п.п. 2, 7, 10, 11 УК РСФСР осужден к высшей мере наказания – расстрелу. Приговор приведено в исполнение 23 ноября 1937 года.

Постановлением Президиума Кустанайской областного суда (№ 4 у-17с) от 4 января 1962 года решение тройки УНКВД от 20.11.1937 года в отношении Байдуллаева Агабека и других проходящих по делу лиц отменено и дело производством прекращено за отсутствием в их действиях состава преступления.

На момент ареста Байдуллаев А. имел следущий состав семьи:

– жена Бибигуль,

– сын Шамгали,

– мать Анафия, проживала в г.Ташкенте.

Сведений в отношении отца в деле не имеется.

Начальник СГА ДКНБ РК по Кустанайской областиВ.Данин.

11.12.2007г. № и/6 – 5583.”

Сөйтiп, әлгi хаттармен танысып, жоғымызды тапқандай ерекше күйде болып, “кезiнде “Алаш” партиясының негiзiн қалап, оның белсендi мүшелерi болған, “Алашорда” үкiметiнiң тiзгiнiн ұстаған ұлтымыздың белгiлi ақиық тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов тәрiздi азаматтармен иық тiресе еңбек еткен асыл азамат Ағабек Байдуллаевтың бiздiң Сарысу өңiрiнде жақын кiмi қалды, кiмдер оны бiледi екен?” деген ой қаузадық.

Бұл сұрақтарға жауап табу бiздер үшiн жеңiл жұмыс болмады. Өйткенi, оның замандастары бұл күндерi қатарымызда жоқ.. Көп жылдар Саудакентте (бұрынғы Байқадам селосы) тұрған Ағабекпен бiрге тар жол, тайғақ кешкен өмiрсерiгi, жанжары Бибiгүл апа мен оның жалғыз баласы Шамғали (кезiнде жергiлiктi аудандық автобазада жүргiзушi болған) бiраз жылдар бұрын о дүниелiк болып кетiптi. Олардан қалған ұрпақ қазiргi қиыншылыққа, өмiр қыспағына түсiп, бiреулерi көршi жатқан оңтүстiктегi Шымкентке асып, екiншiлерi Тараз шаһарына ауысып, Жаңатас өңiрiнде тiршiлiк етiп жатыр екен. Олардың бiрнешуiмен жолығып, мандырымды дерек тауып, құнды мәлiмет ала алмағанымызға өкiндiк.

– Бибiгүл апайдың көзi тiрiсiнде көп жылдар бойы көршi болып, араласып тұрдық. Апай шешiлiп көп сөйлесе бермейтiн, бiреудiң iсiне жөн-жозықсыз араласпайтын, мiнезi салмақты да сабырлы, жүрегi мен ойы таза, өте ұстамды, парасатты, келбеттi кiсi едi. Жарықтықтың бүкiл болмысынан бұрынғылардың ақылды бәйбiшелерiне тән жақсы мiнездiң исi аңқып тұратын. Сөйтсек, кезiнде бiлмеппiз, ол апаның пейiлi дархан, сүйегi асыл жақсы жан екен-ау. Ұлтымыздың мақтан етер талай азаматтармен кезiнде дастарқандас болғанының өзi, бiле бiлсек, керемет ғажайып дүние емес пе?!

Кейде көңiлi келсе қолында ерте кезден сақталып келе жатқан уақытпен сарғыш тартқан фотосуреттердi ақтарып: “Мына үстел басында жақынырақ отырған Сәкен Сейфуллин, арырақта отырған Ахмет Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатов, ал мынау менiң күйеуiм марқұм Ағабек, оның оң жағындағылар Жүсiпбек Аймауытов пен Дiнмұхамед Әдiлов” деп сыр шертер едi. Бiрақ бiз, жастығымыздан болар, оларға мән бермей, одан әрi суыртпақтап, әңгiмеге қозғамайтынбыз. Әттең, қатар жүрiп, ол кiсiнiң iшкi сырын, кеудесiнде сайрап жатқан қымбат “көмбенi” кезiнде көңiлiмiзге тоқи алмағанымыз өкiнiштi. “Тоқта балам, өмiр деген өтпелi, бұл дүниеге кiмдер келiп, кетпедi” деген қазақтың сөзi рас қой. Алтынның сынығы, ескiнiң көзi Бибiгүл апай да өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары дүниеден өттi де кеттi. Оның iшкi сыры да өзiмен бiрге кеттi…, – деп еске алатын Бибiгүл апаның ондаған жылдар көршiсi болған, жаны жанатта шалқығыр марқұм шешемiз Бақтылы Үсенқызы Тұрлыбекова.

Сол фотосуреттердi табуға бiз де бiраз әурелендiк. Бiрақ, өкiнiшке қарай, олардың кiмнiң қолында қалғаны белгiсiз, бар болғаны, қолымызға iлiккенi сiздердiң назарларыңызға бүгiн ұсынылып отырған Ағабек ағаның жеке фотосуретi ғана болды (әлi де болса бiреулерден әлгi тарихи ескi суреттер табылып қалар деген үмiттемiз). Соған “жоқтан жақсы” деп iштей риза сезiмге бөлендiк.

Көп iзденiстiң арқасында сарысулық жазушы Дулат Шалқарбаевтың 1998 жылы Тараздағы баспадан шыққан “Ақиықтар” атты тарихи-деректер кiтабы қолға тидi. Сол кiтаптың бiрнеше жерiнен сарысулық жерлесiмiз Ағабек Байдуллаев жайлы бiраз мәлiметтер, аз-кем әңгiмелер кездестi. Ендi соның бiрнешеуiне көпшiлiктiң көңiлiн аударайық:

“…Дiнмұхамед (Дiнмұхамет /ел ортасындағы таралған аты – Дiнше-Мұқыш/ Әдiлұлы қазақтың белгiлi саяси қайраткерi – авторлар) Шымкетте жүргенде уездiк милиция бастығы Ағабек Байдуллаевпен танысады. М.Дулатовтың үйiнде бiраз уақыт жатады. Кейiн Мiржақып оған үй тауып бередi. Ағабек – Саудакенттiк. Жерлес есебiнде екеуi бiрiн-бiрi қатты сыйласады” (81 бет).

“Осыдан бiрер ай бұрын Шымкенттегi милиция бастығы Ағабек Байдуллаев қамақта жатқан. Дiнмұхамед Жүсiпбектен (Ж.Аймауытов – авторлар) шыққан соң абақты бастығына келiп, Ағабектi кепiлге берудi талап етедi. Оның КазЦИК-тiң мүшелiгiнен шығып қалғанын мұнда ешкiм бiлмейтiн. Оның үстiне абақты бастығы бұрыннан таныс, пiкiрлес адам болатын. Ол Дiнмұхамедке сенiп, Ағабектi бiр тәулiкке кепiлге бередi. Ағабек қолына тиiсiмен осы Шымкентте милиция болып iстейтiн Өгiз Оспан деген ағайынының үйiне келiп, оның күтiмде тұрған атын сұрап алады да:

– Ал, Осеке, бастығыңа сәлем айт, Ағабектi керек етсе ауылға барып алсын. Ал, бiз кеттiк, – дейдi” (84 бет).

“Бижанов менiң оң қолымды шап берiп ұстап, артыма қайырды да, бұрай бастады. Жаным көзiме көрiндi. Даусым шығып кетсе керек.

– Қайда ол?.. Қайда деймiн?.. – деп бұрайды қолымды.

Әлден уақытта:

– Мұрсат бер, айтайын, – дедiм мен.

Ол қолымды босатып, қарсы алдыма төне жүресiнен отырды.

– Ал, қане, құлағым сенде.

– Мұқыш (Дiнмұхамед Әдiлұлы – авторлар) осыдан үш күн бұрын Ағабек досының аулына кеткен.

– Бiзге сол Ағабек Байдуллаевтiң өзi де керек. Осы айтқаның рас па?

– Рас.” (95 бет).

“… Дiнмұхамед Әдiловтың бiздiң үйде тығылып жатқаны рас. Осыдан үш күн бұрын Ағабек Байдуллаевтiң аулына кеткен. Мен Байдуллаевтiң ауылын бүгiн түнде тауып беремiн…” (96 бет).

“… Мұқыш кереге басына iлулi тұрған винтовканы алып есiкке бiр, төрге бiр барып, ернiн жымқыра үнсiз жүрдi де, Ағабекке бұрылды.

– Не iстеймiз? – дедi ол абыржып.

– Атысамыз, – дедi Ағабек” (98-99 беттер).

“ – Естiдiң бе, Ағабек, – дедi Мұқыш бұйра шашын артына қарай бiр сiлкiп тастап. – Болмас ендi, берiлейiк. Ауылды абыржытпайық.

– Мейлi, – дедi Ағабек үйден шығып келе жатып.”(99 бет).

Мiне, бұл келтiрiлген кiтап үзiндiлерiнен Ағабек Байдуллаевтың өз замандастарының ортасында кiм болғанын, ұлтымыздың қандай тарихи тұлғаларымен қызметтес, үзеңгiлес болғанын, қандай ержүрек батыл азамат болғаны жайында мәлiмет алуға болады. Өкiнiшке қарай жерлесiмiз Ағабектiң өмiрi мен еңбек жолы соңғы кезге дейiн терең зерттелiп, оның халық алдындағы қызметi тиiстi бағасын ала-алмай келедi. Бiз өз күшiмiзбен бiрер жыл бойы там-тұмдап тiрнектеп жинаған, қолға iлiккен материалдар тым аз, олар жүздiң бiр бөлiгi деп айтсақ та болады. Бұл iске алдағы кезде елiмiздiң тарихшылары, жазушы-зерттеушiлерi өз үлесiн қосар деген үмiттемiз…

Бiзге жеткен жанама деректер бойынша Ағабек Байдуллаев 1902 жылы қазiргi Жамбыл облысының Сарысу ауданының Қаратау сiлемiндегi Үшбас аулында – сол өңiрге жақсы таныс Ұлы жүзден тарайтын Сүлгетай (Ақмолда) руының Бақмұрын (Боқмұрын) ұрпақтарының қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан ойы зерек Ағабек дүбiрлi Қазан революциясы жылдарында қыр асып, оңтүстiктегi қатарлас жатқан үлкен шаһар Шымкентке барып, бiлiм жолына түсiп, сол жердегi орыс-түзем училищесiн тәмамдағаны белгiлi. Одан кейiн Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттiк унивеситетiнде бiлiм алған (қай факультеттi бiтiргенi бiзге әзiрше беймәлiм. (авторлар). Сол жылдары қазақ халқының зиялы азаматтарымен танысып, олармен көп жылдар қоян-қолтық араласқан, саяси-ұйымдастыру қызметтер атқарып, ұлттық мүдде үшiн күрескен.

Кезiнде Түркiстан қаласындағы мақта заводының директоры, қалалық атқару комитетiнiң төрағасының орынбасары қызметiнде болып, кейiнiрек Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi iстер басқармасын (облыстық милиция бөлiмiн) басқарыпты деген дерек-мәлiметтер бар. Жиырмасыншы ғасырдың 20 жылдарының соңына қарай елiмiзде етек алған қуғын-сүргiн, ойдан құрасырылатын негiзсiз жала А.Байдуллаевты та айналып өтпейдi. Ол 1928 жылдың сәуiр айында “Алашорда” қозғалысының мүшесi” деген жаламен абақтыға жабылады. Одан жерлесi Дiнмұхамед Әдiловтың көмегiмен қашып шығып, туған өлкесi – Сарысу ауданының Талас бойындағы Мойынқұм мен Көкжондағы Үшбас арасында ауылдарға тығылып, бiрер ай бас сауғалайды. Бiрақ ОГПУ мен НКВД “белсендi” қызметкерлерi қалмай iзiне түсiп, қуғыншы қарулы жасақ ұйымдастырып, 1928 жылдың желтоқсанында оны қайта қолға түсiрдi. Екi “қашқынды” (Мұқыш Әдiлұлы мен Ағабек Байдуллаевты) содан Әулиеатаға алып келедi. Жеңiл-желпi жүргiзген тергеуден кейiн, уақыт оздырмай, оны басқа да қазақтың белдi тұлғаларымен – саяси тұтқындармен топтастырып Мәскеудегi атышулы “Буторка” түрмесiне жеткiзiп, НКВД-ның қызметкерлерiнiң көмегiмен тағылған айыптары сол жерде “мойындатылып”, 1930 жылы сот шешiмiмен 5 жыл арқалап кете барады.

Мәскеудегi “Буторка” абақтысына ол, жазушы Д.Досжановтың мәлiметi бойынша, “халық жаулары” деген жаламен тұтқындалған Байтұрсынов А., Жұмабаев М., Дулатов М., Аймауытов Ж., Байтасов А., Әдiлов Д., Байтiлеуов Д., Болғанбаев Х., Кәрiбаев Н., Жәленов К., Бiрiмжанов Ғ., Құлмұратов Т., Байдiлдин Ә., Есболов М., Әдiлов Асқар, Жүсiпов А., Омаров Е. сияқты азаматтармен бiр вагонда жеткiзiледi. Ағабек сол жерде қазақтың бетке ұстар талай майталман азаматтарымен абақтыда бiрге жатып, олармен пiкiрлес болғаны айдан анық.

Жоғарыда Қостанай облысының ҰҚК берген рәсми анықтамасында Ағабектiң ол жылдарды Беломор каналының құрылысында өткергенi баяндалған. Қиындыққа қайыспаған ер елге аман-есен оралып, бiрер жыл өзiнiң туған өлкесi Оңтүстiкте қызмет iстеп, одан кейiн Қырғызстанның мемлекеттiк сауда саласын басқарады. Ал 1936 жылы Қостанай облысының Жетiқара ауданының қалалық сауда бөлiмiне қызметке жiберiлiп, сол мекеменi басқарып жүргенiнде оны НКВД қызметкерлерi 1937 жылдың қарашасының 4-i күнi “халық жауы” деген жаламен ұстап, оның бұрынғы iстерiн еске ала отырып, 20 қараша күнгi “үштiктiң” шешiмiмен ату жазасына кесiледi. Бұл үкiм, уақыт суытпай, 23 қараша күнi iске асырылады. Ол сол кезде небәрi 35 жасқа жетер-жетпес кезi екен-ау! Шiркiн, нақақтан-нақақ жастай қиылған, қыршын кеткен өмiр-ай, десеңшi!

Сөйтiп, сол күнi қазақтың тағы бiр көңiлi ояу, ойы зерек зиялы азаматтарының бiрi ешбiр негiссiз ойдан құрастырылған “қылмыстан”, жағылған жаладан арам пиғылды “үштiктiң” жазалауымен тексерусiз, тергеусiз оққа ұшты. Қазақтың тағы бiр асыл азаматы көксеген арманына жете алмай, елiнiң аңсаған жарқын болашағын көре алмай, нақақтан-нақақ тiрсегi қиылып, қанаты кесiлiп, зар заманға нәлет айтып шерменде кете барды… Не дерсiң, не iстерсiң сол бiр талайдың тағдырын тәлкек еткен, өмiрiн қысқартып, ғұмырын қиған зұламат, қаһарлы заманға?!

Ағабектiң жұбайы Бибiгүл апай жастай қалған жалғыз ұлы Шамғалиды жетектеп, күйеуiнен бiр хабар болар деген үмiтпен бармаған жерi жоқ, ашпаған есiгi жоқ. Ташкент, Алматы, Шымкент қалаларындағы үш әрiптен тұратын мекемелердiң талайының есiгiн қақты, Мәскеуге жалынып-жалбарынып ондаған хат жолдады. Барлығы дұрыс жауап беруден жалтарып, “жауабын кейiн беремiз, күтiңiз” деп ауыздарын құрғақ шөппен сүртiп шығарып салумен болды. Тек кейiнiрек “Сiздiң жұбайыңыз “халық жауы” ретiнде атылды” деген хабар келдi.

Алматы қаласындағы техникумда оқып жүрген жас Шамғалиды “халық жауының баласы” деп оқудан шығарып, одан әрi оған бiлiм алуға мүмкiншiлiк бермейдi. Ешбiр жұмысқа орналаса алмай қиналғаннан соң тiлеулестерiнiң ақылымен жақын ағайындары Амантайдың есiмiн фамилия ретiнде алып, “Амантаев Шамғали” атанып кетедi. Уақыт оза, “Адам үш күннен соң көрге де үйренедi” – дегендей кейiн оның құлағы бұл фамилияға да үйренiп кеттi. Содан, оларды көп жылдар “халық жауының әйелi”, “халық жауының ұлы” деп еш қызметке жақындатпай, өмiрдiң талай суығы мен ыстығын көрiп, талай адам сенгiсiз қиямет қиындықтарды бастарынан өткердi.

Өткен ғасырдың 50-шi жылдарының соңына қарай күйеуiнiң атамекенi Сарысу ауданының орталығы Байқадам селосына көшiп келiп, жалғыз ұлы Шамғалиды ағайын-туыстарына, ел-жұртына жақындатып, үйлендiрiп, “Алла, көрсеткенiңе тәубе! Әйтеуiр Ағабектен қалған жалғызымды аман ете гөр! “Орнында бар оңалар” деп қазақ бекер айтпаған шығар. Үрiм-бұтағы жоғалып, Ағабектiң шаңырағының оты сөнбесiн!” деп Жаратушы Иемiзге жалбарынып, алдында бас иiп, шүкiршiлiк жасап жүрiп ұлынан бiраз немере сүйдi.

1962 жылы “Ағабек ақталыпты” деген жылы хабар көктемнiң нұрлы жауынындай елге көгiлдiр конвертпен жеткенде жақсының жарқын бейнесiн көз алдына елестеткен Бибiгүл апа дауыс шығарып, көз жасы көлдей ағыл-тегiл болып, егiле, сөгiле ұзақ жылағаны жақындары мен көршiлерiнiң әлi есiнде. Бибiгүл апаның өлгенiнiң тiрiлген күнi “Не дерсiң Бибiгүлге, уәйiмнен тас-шемен болып қалған шерлi жүрегi жойқын сел өткендей бiр босасыншы” деген қариялар көпке дейiн сонау алыста қалған сан қилы, опасыз заманды естерiне алып, мұңға толы жанарлары тұнжырап, жүректерi үнсiз жылай отырып, замандастарының қуанышына көңiл бiлдiрген…

– Ағабектi еске түсiргенде көңiлiм әлем-жәлем болып, жүрегiм шаншып, сай-сүйегiм сырқырайды. Қиын-қыстау жылдары ел билеп, халық үшiн жар құлағы жастыққа тимей қызмет еткен абзал азаматтың бұл күнi қай жерде жатқаны да белгiсiз. Ақ жауып, арулап қойылмады да. Оған кiмдi кiнәлаймыз. Уақыт солай болды. Ой, заман-ай десеңшi! – деп отырушы едi жарықтық Бибiгүл апа мұңға оранып.

Ия, қазақ ұлтының басына неше рет қалың қара бұлт төнiп, қаншама бетке ұстар қайраткерлерiмiздiң тағдыры қатерлi қара дауылға тап келiп, санасы жаншылып, рухы тапталып, үмiтi үзiлiп, өмiрi пұшайман болды?! Сол бiр заманның ащы запыраны мен сары уайымын мемлекет және ұлт қайраткерi, Алаштың ардақтысы Сұлтанбек Қожанұлының жүрекжарды, қапалы мына бiр жырларынан ұғуға болады:

Қу заман, ит тiршiлiк қорлады ғой,

Көрсем де қанша икемдеп, болмадың ғой.

Жете алмай дегенiмнiң жалғызына,

Талап көп, талайсыз боп сорладым ғой…

Келемiн әурелiкпен өткiзiп жас,

Iс бiтпей, құр талаппен қатырып бас.

Табиғат, тағдыр, заман тiзе қосып,

Болғандай маған қарсы ынтымақтас.

Филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбаев “Абақтыдағы Алаш” атты зерттеу мақаласында былай деп ой түйедi:

“…1927-1929 жылдардың арасында өзiндiк пiкiрi бар қазақ қызметкерлерiнiң барлығына “ұлтшыл” деген айып тағылып, сыпыра жұмыстан қуылды. Олардың әрбiр қадамы бақылауға алынып, соңдарынан ерген “салпаңқұлақтардың” есебi Iшкi iстер халық комиссариатының Мемлекеттiк саяси басқармасының ерекше бөлiмiнiң тартпасына жинақтала бердi. Мұның өзi, жандармерияның тыңшылық айла-амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккiлiкпен меңгерген Голощекиннiң қазымыр басшылығының нәтижесiнде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты. Патша жандармериясының қулық-сұмдығына жетiк, қашып-пысып жүрiп әбден ысқақтанып алған Голощекин ұлтжанды қайраткерлердiң соңына “жансыздарды” салып қойды. (“Егемен Қазақстан”, 5.12.2007).

Белгiлi саясаткер, мемлекет қайраткерi Зиновьев кезiнде Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды сараптай келiп: “Голощекиннiң Қазақстанға барысымен, жергiлiктi ұлт интеллигенттерi мен қайраткерлерiн өзара қырқыстырып, ақыр соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар еттi” деген пiкiр бiлдiрген екен.

Бұл пiкiрлер негiзсiз емес. Халық арасында “текесақал”, “қужақ” деген атақ алаған Шая Ицкович (бүркеншiк есiмi – Филипп Исаевич) Голощекиннiң өзiн “кiшi октябрьдiң көсемi” етiп көрсету мақсатында 1928 жылдың күзiнде байлардың мал-мүлкiн ортаға алып, ет пен астықтың бiр қадағын да қалдырмай сыпыра жинауға нұсқау бердi. Оларға қосып орташа ауқаттылар да малсыз, таяқсыз, ас-сусыз қалды. “Белдеудегi бұзауына дейiн” тәркiленген қазақтар ашаршылыққа ұрынып, күйзелiп, қатты зардап шектi. Бiраз ел тоз-тоз болып, жан сақтауға бас сауғалап көршi және шет елге дүрлiге қыр асты. Үлкен қара жолдардың бойы аштан қырылған адамдардың тау-тау болып үйiлген сүйектерiне көбейдi. Ел арасында наразылық көбейiп, әр аймақта әртүрлi толқу болып, халқымыздың зиялы азаматтары геноциттiк саясатқа қарсы өз пiкiрлерiн, ойларын бiлдiре бастады. Бiрақ оны “кiшi қазан көсемi” “бұл ұлттық буржуазиялық ағым”, “ұлттық қылмыскерлердiң арандатуы”, “халық жауларының тiмiскi iсi” деп түсiндiрiп, оларды аяусыз қуғынға ұшыратты.

Голощекиннiң геноциттiк терiс саясаты ұлтымыздың қаншама жақсылар мен жайсаңдарын сол қатерлi жылдары қуғын-сүргiнге ұшыратып, қазақ халқының сағын сындырып, ел арасына у-қасiрет таратып, көңiлдерiн мұңға орандырып, қанша зиялыларымыздың өмiрлерi дәлелсiз, негiзсiз, тектен-тек қиылды?!

Сталин және оның төңiрегiндегi Голощекин секiлiдi жандайшаптарының, асыра сiлтеушiлердiң ұйымдастыруымен, тiкелей жала жабуынан қанша азамат тұтқындалып, абақтыға жабылды, өмiрi қиылды.

Сол 1925-1930 және 1936-1938 жылдардың қырғынында қазақ ұлтының қаймағы болған талай арыстарымыз адам төзгiсiз қуғын-сүргiнге ұшырап, олардың басым көпшiлiгi атылып кеттi. Ажалдан аман қалғандардың өзi ұзақ жылдар бойында ескерусiз қалдырылды. Репрессия құрбандары туралы тiс жарып әңгiме қозғауға, мақала жазуға көп жылдар бойы тыйым салынды.

– Сол бiр сұрапыл қиын жылдарда ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарының басым көпшiлiгiне “халық жауы” “белсендi алашордалық” “терiс пиғылды ұлтшыл” деген аттар тағылып, олардың көпшiлiгi ату жазасына кесiлдi. Солардың ортасында Ағабек Байдуллаев та бiрге кеттi. Оның есiмi ескерусiз, iздеусiз қалып барады.., – деп еске алатын кейбiр кезде Ағабектiң жақын қайнысы, кезiнде (1928-1930 жж.) Жамбыл облысының жаңадан ұйымдастырылған Сарысу аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiн атқарған, көп жылдар республикамызда жауапты биiк қызметтер атқарған, одақтық дәрежедегi зейнеткер Әлiшер Бейсенов жездемiз бiз 1970 жылдары Алматыда студент болып жүрген кезiмiзде. Ол кiсi де әлденегеге жалтақтап, шешiлiп, тым терең, арыға бара бермейтiн. Қазiр ойласақ, ол кез әлi “тiл қысқа, құлақ ұзын” абайлап сөйлейтiн уақыт екен ғой. Ол заманда Мәскеуге қарап “намаз” оқып, коммунистiк партияның “айдауында” жүрдiк емес-пе…

Асылдың сүйiктi жары, баласы мен немерелерiнiң сүйiктi ана-әжесi бола бiлген Бибiгүл апаның да өмiрден озғанына бiраз жыл болыпты. “Ол кiсi қазақ халқының салт-дәстүрiн сақтай бiлген, өмiрлiк тәжирибесiнен түйгенi мол, iс-мiнезiмен адамдардың жүрегiнде ықылас отын жағатын жоғарғы қасиеттi, пайымды ақыл айтатын парасатты, сабырлы, мiнезi жiбектей, келбетiлiгiне көз тоймайтын сүйегi асыл жан едi” дейдi Бибiгүл апаны бiлетiн көзкөргендер.

“Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,

Жамандар жақсымын деп айқайлайды.

Бауырында жүргеннен соң күнде қарап,

Таулардың биiктiгi байқалмайды” –

дегендей кезiнде, заманның қиын-қыстау шағында, ел билеген кемелдермен үзеңгiлес болған, ел-жұртының жарқын болашағы үшiн күресiп, азабы мен абыройы қатар жүрген қатал да қатiгез дәуiрде жан аямай таусыла еңбек еткен жерлесiмiз, сталиндiк қуғын-сүргiн мен қиянаттың құрбаны Ағабек Байдуллаев сияқты ер азаматтың есiмiн кейiнгi ұрпақ бiле жүрсiн деген оймен осы жолдарды қағаз бетiне түсiрдiк.

Отаны мен елi үшiн от кешкен, қазақ ұлтының талай ақиық белгiлi азаматтарымен қызметтес, дәмдес-тұздас болған, халқына адал қызмет атқарған Ағабек Байдуллаев тәрiздi жарқын тұлғалардың есiмi ұмытылмай көпшiлiктiң жадында жүргенi абзал.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрiгер-хирург, медицина ғылымдарының докторы.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ, журналист