Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ҚАРЫЗ АЛМАЙДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ҚАРЫЗ АЛМАЙДЫ

Дүниежүзiлiк қаржылық ұйымдардың сарапшылары Қазақстан Халықаралық қаржы қорынан қарыз алуы тиiс деген ұстанымда. Ал Ұлттық банк басшысы Марченко мұндай болжамдарды терiске шығарып отыр.

Өткен аптада халықаралық ұйым — ING Groep NV сарапшылары Қазақстан Халықаралық қаржы қоры тарапынан несие алуға мәжбүр болуы мүмкiн деген болжам айтқан едi. Оған “Астана-Финанс” АҚ, ТұранӘлем банкi мен Альянс банкiнiң дефолтқа ұшырауы себеп. Жуырда, “Астана-Финанс” мiндеттi төлемдердi өтеуге қауқарсыздығын жеткiзген. Ал қалған екi банк төңiрегiнде өрбiген алып-қашпа әңгiмелер мен қиындығы тағы бар. Алайда, ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Григорий Марченко Қазақстанның Халықаралық қаржы қорынан қаржылай көмек сұрамайтынын мәлiмдедi.

ING Groep NV сарапшыларының айтуына қарағанда, посткеңестiк елдердiң көпшiлiгiнде комапаниялар мiндеттi өтемдерiн өтеуге қиналуда. Корпоративтiк мiндеттемелер нарығында қарызға белшеден батқан Ресейден кейiнгi орында Қазақстан тұр. Шетелдiк iрi инвесторлар Қазақстанға қаржы құюға мүдделiлiк танытып, қызыққандықтан, халықаралық сарапшылар ХҚҚ-нан қарыз алуы тиiс деп есептейдi. Есесiне, қазақ билiгi дүниежүзiлiк деңгейдегi қаржылық құрылымнан қарыз сұрауға бейiл емес. Өткен аптада Халықаралық қаржы қорының сарапшылары ҚР Үкiметiн қаржылық қиындықтарға душар болған қазақстандық банктердiң ахуалын реттеуге шақырған. Өйткенi, келешегi бұлыңғыр банктер ертеңге деген сенiмiн тез жоғалтып, елдегi қаржы жүйесiне керi әсер етпек.

Үстiмiздегi жылдың сәуiрiнде “БТА Банк” АҚ миноритарлық акционерлерi ҚР Үкiметiнiң үстiнен сотқа екi рет (материалдық шығын көлемi 3 млрд. долларға бағаланған) шағымданған болатын. Ал билiк банктi қайта құруға талпынады. ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев кредиторлардың көпшiлiгi қайта құрылуға қарсы еместiгiн, оларды тек қайта қалыптасқаннан кейiнгi мiндеттемелер толғандыратынын көлденең тартқан. Минстрдiң айтуынша, банктi қайта құру банк iшiндегi бағалау жұмыстары аяқталғаннан кейiн қысқа мерзiм iшiнде жүзiге асырылатын көрiнедi.

Ал Альянс банктегi ахуал ақпандағы ұлттық валютаның құнсыздануы, жылжымайтын мүлiк нарығындағы бағаның төмендеуi, сырттан ағылған қаражат ағынының сарқылуы, елiмiздегi бiрқатар компаниялар мен кәсiпорындардың қаржылық қиындықтардың кесiрiнен тығырыққа тiрелуi Альянс банктегi жағдайды ушықтырып жiберген. Мұны банк басшылығы да мойындап отыр. Альянсқа тиесiлi несиелiк қоржынның жұпыны тартуы да негiзiнен ақша ағыны мен қаржылық проблемаларға қатысты. ҚР Қаржылық нарықты қадағалау және реттеу агенттiгi тарапынан берiлген деректерде қазақстандық жекеменшiк банктердiң сыртқы қарызы 35 млрд. долларға тең болған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ