Жаңалықтар

ШЫҒЫС МӘДЕНИЕТI МЕН САЯСИ-ДИПЛОМАТИЯСЫН ОҚЫТАТЫН ФАКУЛЬТЕТ

ашық дереккөзі

ШЫҒЫС МӘДЕНИЕТI МЕН САЯСИ-ДИПЛОМАТИЯСЫН ОҚЫТАТЫН ФАКУЛЬТЕТ

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде шығыс тiлдерiн оқытатын Шығыстану атты факультет бар. 1989 жылы iргетасын қалаған осы факультетке биыл — 20 жыл. Сегiз бiрдей шығыс тiлдерiн оқытып жатқан аталмыш оқу орнына барып, факультет деканы Нұржамал Алдабекпен сұхбаттасып қайтқан едiк.

— Атынан көрiнiп тұрғанындай, шығыстану факультетi шығыс тiлдерiн үйрететiн оқу орны ғой. Шығыс тiлiн үйрету үшiн шығыстың тiлiн жетiк бiлетiн маманның қажет болатыны анық. Сiздердiң факультеттерiңiзге арнайы мамандарды қайдан аласыздар?

— Шығыстану факультетi Қазақстандағы бiрден-бiр дербес, жас факультеттердiң бiрi болып саналады. Бұл факультеттiң негiзi 1989 жылы Кеңес Одағы ыдырамай тұрған кезде қаланды. Биыл тұп-тура жиырма жыл толып отыр. Алғашында үлкен қиындықтар болды. Әуелi факультет болып ашылғанда, үш тiлдi ғана оқытты. Араб, парсы, қытай тiлдерi ғана болды. Араб тiлiнiң негiзi филология факультетiнде 70-шi жылдары басталған. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi араб тiлiнiң маманы болған соң, Ленинградтан жоғары оқу орындарын бiтiрген бiрқатар мұғалiмдердi шақырып, араб тiлiнiң бөлiмiн ашады. Соның негiзiнде 1989 жылы дербес факультет болып бөлiнiп шығады.

Қазақстан шығыс елдерiне жатады. Шығыс елдерiмен тығыз қарым-қатынаста болғаннан кейiн шығыс тiлiн бiлетiн мамандар дайындау қажеттiгi туды. Көршi жатқан Өзбекстанда шығыс тiлiн үйрету бұрыннан қалыптасқан екен. Бiздiң де қазақтың зиялыларының көбi шығыс тiлдерiн жақсы бiлген. Түрiк тiлiн, шағатай тiлi деген сияқты, бiрнеше тiлдi меңгерген. Әл-Фараби бабамыздың өзi бiрнеше шығыс тiлiн меңгерген адам болған. Сондықтан, шығыс тiлдерi қазақ үшiн жат тiлдер емес. Осы мақсатпен Қазақ Ұлттық университетiнде үш тiл, яғни парсы, араб және қытай тiлдерi оқытыла бастады. Әуелде бiршама қиындықтар болыпты. Ол тiлдердi оқыту үшiн арнайы мамандар қажет болды. Қытайдан арнайы мамандарды шақырдық. Ташкентте бiтiрген, Мәскеуде бiтiрген парсы мамандарын шақырып, парсы бөлiмi ашылды. Бiртiндеп факультет кеңейе бердi. Жапон тiлi, корей тiлi, түрiк тiлi керек болды. Сондай бөлiмдердi ашу үшiн, ең алдымен маман қажет емес пе? Содан Алматыға Мәскеуде, Санкт-Петербургте бiтiрген мамандарды тарту, сонымен қатар, шет елдермен байланыс жасап, сол елдердiң оқытушыларын шақыру деген сияқты жұмыстарды бастады. Қазiр шығыстың ең iрi деген мемлекеттерiнiң сегiз тiлiн оқытамыз. Бiзде қазiр алты кафедрада сегiз тiлдiң мамандары топтастырылған.

— Сегiз тiлдi оқыту да оңай шаруа емес. Ол үшiн сол тiлдiң арнайы мамандары қажет емес пе? Мамандар табу қиындық тудырған жоқ па?

— Ташкентте, Ленинградта бiтiрген, содан кейiн сол елдiң жоғары оқу орындарында дәрiс беретiн мұғалiмдердi арнайы шақырттық.

— Сонда кәрiстер, жапондар сабақ бере бастады ғой.

— Иә. Кореядан кәрiстiң маманын, Жапониядан жапонның маманын, Ираннан парсы тiлiнiң маманын шақырттық. Сол профессорлар қазiргi күнге дейiн сабақ берiп жүр. Мұның бәрi қиындық емес, жетiстiк деп санаймын. Жалпы, кез келген тiлдi үйрету үшiн сол тiлдiң иесi бергенi дұрыс ғой.

— Ол елден келген мамандардың қазақ балаларымен тiл табысуы қиын болмай ма?

— Алғашқы кезде тiлдi бiлетiн мамандарды табуға тырыстық. Шет елден келген мамандардың кейбiрi орыс тiлiн, ағылшын тiлiн бiлдi. Шығыс тiлiн меңгертудiң методикасы қандай дегенге келсек, бұл мәселелер әлi де кездеседi. Қазiр оқулықтар табу деген сияқты мәселелердi шешiп жатырмыз. Түрiк, иран, жапон тiлiнен шетелдiк ұстаздар қызмет атқарады. Кейбiр шет елден келген мамандар жарты жылға, үш айға дегендей келiсiмшартпен келiп, жұмыс iстеп кетедi. Тағы бiр айта кететiн жайт, бiзде шығыс тiлдерiн оқытып ғана қоймай, Шығыс мәдениетiн, тарихын оқытып жатырмыз. Одан қала бердi, аударма мәселелерiмен де айналысып жатырмыз. Олардың тарихы, саяси ерекшелiктерi дегендей, бәрiн қамтуға тырысамыз. Өйткенi, бiздiң 1994 жылы бiтiрiп шыққан ең алғашқы шығыстанушы түлектердiң бәрi шет елде елшiлiк қызметте жұмыс iстеп жатыр. Алды елшi қызметiне дейiн көтерiлдi. Мысалы, қазiр араб елiнде үш елшiмiз бар. Сауд Арабиясында — Қайрат Лама Шариф, Катар мемлекетiнде Азамат Бердiбаев қазiр елшi қызметiнде, сонымен қатар, Ливияда елшiлiкте дипломатия басшысы бiздiң түлегiмiз. Иранда, Қытайда елшiлiктерде бiрiншi хатшы, екiншi хатшы қызметiн атқарып жүрген де түлектерiмiз бар. Шанхайдағы консулдықта Нұрлан Аққошқаров отыр. Жақында Гонконгта бiздiң консулдық ашылды. Сол консулдыққа Жошы Қыраубаев деген түлегiмiз барды. Үрiмшiде де сондай. Жапония елшiлiгiнде екiншi хатшы қызметiн атқарып отырған бiздiң Батырхан Құрмансейiт деген түлегiмiз бар. Ол кезiнде Мәскеуде өткен жапон тiлдерiнiң шешендiк сайысында бiрiншi орын алып, мәскеулiктердi таңғалдырып келген. Жақында ғана Жапониядағы елшiлiк арасында жапон тiлiн қаншалықты меңгерген деген мақсатта байқау өткiзiптi. Дүниенiң әр түкпiрiндегi елдердiң дипломаттарының арасында өткен байқауда бiздiң Батырхан бiрiншi орын алыпты. Бұл деген бiздiң елiмiз үшiн үлкен абырой. Бұл дегенiңiз бiздiң факультеттiң сапалы бiлiмiн көрсетедi. Бiздiң осындай қызметкерлерiмiздiң бiлiктiлiгi, олардың тiлдi меңгеру шеберлiгi, саяси дипломатияны бiлудегi шеберлiгi, өздерiнiң сол елдiң мәдениетi мен дипломатиясын жетiк бiлуi, осының бәрi факультетте алған бiлiмiне байланысты емес пе? Бұл бiз үшiн мақтаныш.

— Бiлiктi ұстаздар сабақ берiп жатыр деп мақтанып жатырсыздар ғой. Бiлiктi маманы бар факультетке балаларды оқуға қалай қабылдайды?

— Жалпы, шығыстану факультетiне түсем дейтiн балалар әуелi ҰБТ-дан өтедi. Бiздiң факультетке түсу үшiн төртiншi пән шет тiлi деп қойылған. Ағылшын немесе француз, немiс тiлдерiнен тапсырады. Мектепте қай тiлдi оқиды, сол тiлдi таңдайды? Келiп түскеннен кейiн, бiрiншi күннен бастап, өзi қалаған тiлдi оқыта бастаймыз.

— Әлiппиiнен басталады ғой.

— Әлiппиден бастап, оқытылады. Оған дейiн, тiлдi бiлу мiндеттi емес. Бiлiп жатса, өздерi үшiн пайда, негiзiнен тiлдi бiлсiн деген шарттылық жоқ. Келген күннен бастап, өзiмiз үйретемiз. Шығыстану, аударма iсi, аймақтану және шет ел филологиясы деп аталады. Мiне, осы төрт мамандыққа бөлiнетiн гранттар бойынша балалар оқуға түсе алады.

— Балалардың шет елдерде тәжiрибе алмасу жағдайы қалай болады? Студенттер өздерiнiң бiлiмiн жетiлдiру үшiн шет елдерге барып оқып келе ала ма?

— Шет тiлiн меңгерудiң, яғни бiлiктi маман болып шығудың ең бiрiншi кiлтi — тiлдi меңгеру ғой. Қанша мықты мамандар дәрiс бергенiмен, бәрiбiр тiлдi тiлдiк ортада болмай, жетiк меңгеру мүмкiн емес. Сондықтан, өзiмiзге бiрiншi қоятын талабымыз — шетелдiк тәжiрибеден өткiзу. Студенттерiмiздi 3-курстан бастап, шет елге оқуға тәжiрибеден өтуге жiберуге мүдделiмiз. Факультеттiң тiкелей атсалысуымен бiрнеше шетелдiк университеттермен келiсiмшартқа отырғанбыз. Олардың қатарында, Қытайдың Шыңжаң университетi, Жапонияның, Кореяның бiрнеше университеттерi бар. Анкара университетi, Тегеран университетi дегендей жоғары оқу орындары да қамтылған.

— Студенттердi түгелiмен жiберу мүмкiн емес шығар. Үздiктер ғана бара ма шет елге?

— Ең жақсы оқитын балалар ғана. Бәрiн бiрдей топырлатып жiбере алмаймыз ғой. Бес орын бередi. Қанша орынға өтiнiш келiп түседi, сонша бала жiберемiз.

— Қанша уақытқа барады?

— Жарты жылға, кейде бiр жылға жiберуiмiзге болады. Ол жақта оқыған сабақтарын бiз осы жерде есепке аламыз да, оқымаған сабақтарын тапсыра бередi. Бiз келiсiмшарттар арқылы жiберемiз. Ақылы түрде жiберуге де болады. Әуелi ол университеттер өздерi хабарламаларын жiбередi. Соған бара алатын студент болса, ол жақта оқуына болады. Жағдайы келiп жатса, өз қаражатымен ақылы негiзде оқып қайтуына болады.

— Университет бiтiргеннен кейiн балалар арнайы бiр келiсiмдермен жұмыстарға бара ала ма?

— Әрине, бiзде жұмысқа орналасу жағынан мәселе жоқ. 3 курсты шет елде оқып келгеннен кейiн-ақ бiрден қосымша жұмысқа тұрып алады. Оның үстiне, Алматы үлкен қаржы орталығы ғой. Мұнда әртүрлi елдердiң компаниялары бар. Оларға тiлдi бiлетiн мамандар қажет. Шет елдiк мекемелер жетедi. Сондай жұмыс орындарына студент болып жүрiп-ақ орналасып алады. Сонымен қатар, өтiнiштер де келiп түсiп жатады. Өтiнiштер Сыртқы iстер министрлiгiнен, елшiлiктерден келедi. Әрi қазiр жоғары оқу орындары көп. Шығыстану факультеттерi де ашылып жатқан университеттер де бар. Сол факультеттерге маман ретiнде бiздiң түлектерiмiз барып жатыр.

— Келешекте сегiз тiлден басқа тiлдердi де енгiзу жоспарларыңызда бар ма?

— Жалпы, бiзге соны айтатын адамдар бар. Ашуға болатын едi. Пушту, дари тiлiнде аудармашы керек болып жатады. Малаизия Қиыр шығыстағы дамыған елдiң бiрi. Малай тiлiн ашуға болар едi. Жақын тұрған Моңғолия бар. Моңғол тiлiн ашуға болар едi. Оларды ашу үшiн грант бөлiну керек. Сол тiлдердi оқытатын мұғалiмдер табуымыз қажет. Ол мұғалiмдi тапқан соң, оған қаражат төлеп ұстап отыруымыз керек емес пе? Егер мемлекеттiк грант болмайтын болса, ол мұғалiмдi тапқанымызбен қандай айлыққа ұстаймыз. Соңғы хинди тiлiн ашқанымызда осындай қиындықтарға тап болдық. Хинди тiлiн бiлетiн маманды Ташкенттен таптық. Оны жұмысқа алған кезде урду тiлiнiң жанына қостық. Урду-хинди тiлдерiне жылына бес-ақ грант бөлiнедi. Бес грантқа үш мұғалiмдi ұстап тұру қиын. Ол мұғалiмдердi ұстамасақ, тiл тобы жабылып қалады.

— Бiр тiл бойынша қанша мамандар бар?

— Ол студенттердiң санына қарай, әрi оқытылатын пәнiне байланысты. Мәселен, жапон кафедрасында он алты мұғалiм бар, қытай кафедрасында 20-30 мұғалiм. Парсы тiлiнде бес, хинди тiлiнде үш мұғалiм.

— Шығыстану факультетiне жылына қанша грант бөлiнедi?

— Шет ел филологиясы деген мамандық бойынша әр тiлге он грант, бесеуi қазақ, бесеуi орыс бөлiмiне. Елу-алпыс грант бөлiнедi Қазақстан бойынша. Бiрақ, оның бәрi бiзге келе бермейдi ғой. Абылайхан университетi, Алматы мемлекеттiк университетi бар дегендей. Шығыстануға 20 грант, аудармаға 80 грант бөлiнедi. Ол да жаңағыдай болып бөлiнiп кетедi.

— Биыл факультеттiң 20-жылдығы екен. Айтулы мерекенi факультет қалай атап өтуде?

— Шығыстану факультетiнiң түлектерi мерейтойға үлкен көмек көрсеттi. Соларға үлкен алғысымды айтқым келедi. Солардың материалдық қолдауының арқасында мерекенi шама-шарқымызша өткiзуге тырыстық. Ғылыми конференция өткiздiк. Конференцияға шетелдiк елшiлiктерден қонақтар қатысты. Жапонияның, Түркияның консулдықтарынан адамдар келдi. Тағы да атап айтқым келiп отырғаны, мұның бәрi өзiмiздiң түлектерiмiздiң арқасы.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА