СОТ ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРМАДЫ
СОТ ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРМАДЫ
ТАЙШЫБЕКОВТIҢ ҰНЖЫРҒАСЫ НЕГЕ ТҮСТI
Күнделiктi өмiрде бұқаралық ақпарат құралдары ешқашан азаматтық, қылмыстық iстерде соңғы билiктi айтатын органның мiндетiн атқарған емес, атқара алмайтыны да бесенеден белгiлi. Журналистер қауымының қолынан келетiнi — әдiлдiктiң салтанат құруына қол ұшын беру, жазықсыз жапа шеккендерге рухани көмектесу ғана. Соған қарамастан әрдайым әдiл болуға тиiс соттан меселi қайтып, тауаны шағылған қамкөңiл жандар ақпарат құралдарының көмегiне үнемi зәру. Әдiлдiк iздейдi, араша тiлейдi, мұң-зарын ортаға салады. Осындай аянышты жағдайлар соңғы жылдары Қазақстанда, әсiресе, адамдар көп шоғырланған Алматыда жиi-жиi қайталанып жүр. Мұның өзi әрдайым тәуелсiз болуға тиiстi соттарымыздың көбiне әлi күнге қара қылды қақ жаруды машық ете алмай жүргендiгiнен, “Тура биде туған жоқ” деген мәңгiлiк қағиданы мансұқ етуiнен болса керек.
Жуырда, бiздiң “Түркiстан” газетi редакциясының табылдырығын аса қапалы, қатты әбiржiп, ұнжырғасы түскен атпал азамат имене аттады. Кезектi шағым айтушы — әдiлдiк iздеп сарсаңға түскен бейбақ жан. Дiрiлдеген қолында: “Мен, Тайшыбеков Ермек, 2008 жылдың 6-қазанында Н.Л.Кашкаревадан пәтер сатып алдым. Келiсiмдi нотариус бекiттi. Сондай-ақ, әдiлет органдарында тiркеуден өткiзiлдi. Алайда, сатушы адам үйдi босатпады. Ал сәуiрде Бостандық ауданының судьясы келiсiмдi заңсыз деп тапқан үкiм шығарды, сонымен бiрге үй сатушыға берген ақшамды қайтаруды қажет деп тапқан жоқ.
Журналистiк тергеу жүргiзулерiңiздi өтiнемiн!”, — деп қысқа жазылған тiлдей қағазы бар. Ең бастысы, өзгеге жала жабушы ма деуге әрбiр сөз, айтқан деректерiн растайтын ресми құжаттары түп-түгел. Сөйте тұра ниет еткен пәтерiне қолы жетпеген, оған қоса адал ақшасынан да айырылып қалған шарасыз жан.
Сонымен заңның сырт көзге бiлiнбейтiн, арнаулы бiлiмсiз жан түсiнбейтiн құйтырқыларына, шытырманға толы кезектi iс тағы да баспананың жыры. Қысқаша айтқанда, бiр қарағанға ап-айқын, ал Бостандық аудандық соты өз шешiмiмен одан әрi түсiнiксiз еткен iс былайша өрбiген.
Азамат Тайшыбеков Ермек аталмыш ауданның “Орбита-4” мөлтек ауданындағы № 27 үйдiң 47 пәтерiнде тұратын Наталья Кашкареваның пәтерiн сатып алуға келiсiм жасап, мәмiленi нотариус арқылы заңдастырады және бiр топ куәгерлер, нотариальдық кеңсенiң үш қызметкерiнiң, алдында Н.Л.Кашкареваның өз қолына 5 800 000 (бес миллион сегiз жүз мың) теңге бередi әрi оған тиесiлi қолхат алып, сол жерде заңдастырады. Мұны нотариус Абинаның өкiлi К.С.Березикова да растайды. Жылжымайтын мүлiк тiркелген 7-қазан күнiнен бастап аталмыш пәтер Е.Тайшыбековтiң иелiгiне өтуге тиiс болатын. Осыдан соң екi жақты ауызша келiсiм бойынша Н.Л.Кашкарева 30 күн iшiнде пәтердi босатуды мойнына алады. Алайда келiсiмдi орындауға онша құлықты болмай шықты. Қазан айында жасалған сату-сатып алу келiсiмшартына қарамастан Н.Кашкарева ханым iстi сөзбұйдаға салып жiберген соң “Коллекторлық қызмет көрсету арнаулы орталығы” ЖШС-i 2009 жылдың 19 қаңтарында оған үйдi босату жөнiнде арнайы ескертпе жолдаған.
Заңды түрде өз баспанасы болуға тиiс аталмыш пәтерге қол жеткiзе алмаған Е.Тайшыбеков амалсыздан 21 қаңтар күнi “Крыша” газетiнде аталмыш мекен-жайдағы пәтердiң сатылатыны жөнiнде хабарлама жариялайды. Мiне, осы сәтте Н.Л.Кашкарева даулы пәтердi өзiне қайта сату жөнiнде жәбiрленушiге ұсыныс жасап, үй құжаттарының түпнұсқаларын өзiне қайтарып беруiн өтiнедi. Кәмелетке толмаған екi баласы бар жесiр әйелдiң сөзiн жерге тастай алмаған Е.Тойшыбеков құжаттардың түпнұсқасын Н.Л.Кашкареваға қайтып бергенiмен, келiншек уағдаласқан ақшаны толық қайтармағандықтан үйдi қайта сатудан үзiлдi-кесiлдi бас тартады. Мұны сот тергеуi кезiнде нотариус Исатаева да растап берген.
Сот отырыстарының қай күнi, қалай өрбiгендiгiн қазбалап оқырмандарымызды мезi етiп алмайық, әңгiменi қысқаша қайырғанда Н.Кашкареваның он шақты жыл бұрын айырылысып кеткен Оскар Багисов деген күйеуi осы сәтте жарыққа шығады. Сот мәжiлiсi кезiнде Н.Кашкарева қарсы шағым берiп, аталмыш сату-сатып алу келiсiмi жалған болатын деген сылтауды алға тартады. Оның айтуынша, Е.Тайшыбеков пен О.Багисовтың арасында 3 млн. 600000 (үш миллион алты жүз мың) теңге қарыз беру жөнiнде ауызша келiсiм болған-мыс. Және даулы пәтер сол несие үшiн кепiлдiкке қойылған едi, аталмыш келiсiм бойынша О.Багисов жәбiрленушiге 4500000 (төрт миллион бес жүз мың) теңге төледi дейдi. Л.Багисовтың Тайшыбеков атына Қарағандыдан аталмыш сомадағы ақшаны аударғаны да рас және мұны тiркеуге алуын өтiнгенi де ақиқат. “Қуырдақтың көкесi” осы жерден басталады. Н.Л. Кашкареваның арызында пәтер қарызды қайтаруға кепiл ретiнде қойылған деп көрсетiлген, алайда ҚР “Азаматтық кодексiнiң” 308 бабына сәйкес кепiлдiк келiсiм жазбаша түрде жасалып, аталмыш мүлiктi тiркеуден өткiзуге тиiстi органдарда заңдастырылуы керек. Ал Н.Кашкарева, О.Багисов және Е.Тайшыбеков арасында ондай жазбаша келiсiм жасалмаған. Яки, азаматтық iстерде ауызша келiсiмдер елеп-ескерусiз қалдырылатынына қарамастан Бостандық аудандық сотының судьясы А.О.Сәрсенбаев мырза мұны қаперге алумен қатар, шешiм шығарғанда болуы да, болмауы да неғайбыл әлдебiр ауызша келiсiмге ерекше назар аударып, ерекше мән берген. Бiр сөзбен түйiндегенде, судья мырза О.Багисов Ермек Тайшыбековтен 2008 жылы 1-желтоқсанда 12 млн. 400 мың теңге және сол жылдың 18-желтоқсан күнi 3 млн. теңге қарыз алғандығын, жалпы 15 млн. 984667 теңге қарызының қайтарылған бiр бөлiгi болу мүмкiн екендiгi мүлдем есепке алмайды. Ал О.Багисов аталмыш қарыздың 4 млн. 500 мың теңгесiн қайтарғанын, 8 млн. 400 мыңын ертелi-кеш қайтаратынын айтып қашқақтап жүргендiгi биылғы жылдың сәуiрiнде Қарағандыда Қазыбек би атындағы соттың шешiмiнде анық көрсетiлген. Яғни, 2008 жылдың қазан айында жасалған сату-сатып алу келсiмi жалған жасалған деп отыр. Бiз мақаланы жазу барсында мүдделi тараптардың барлығымен де жүзбе-жүз кездесiп, пiкiрлестiк. Әрбiрiнiң айтар дәлелi тас-түйiн. Жәбiрленушi Е.Тайшыбеков те, жауап берушi Н.Кашкарева да өз сөздерiнiң ақиқат екенiне күмән келтiрмейдi. Бостандық аудандық сотының судьясы А.Сәрсенбаев мырза да 2009 жылдың 16-сәуiр күнi Қазақстан Республикасының заңдарына толық сай әдiл шешiм шығарғанына еш күмәнi жоқ. Бiрақ, сот шешiмiндегi “Тайшыбеков даулы пәтердi ешқандай себепсiз сатып алған” деген сылтауды түсiну мүлде мүмкiн емес. Апырай, адамға пәтер, баспана сатып алу, ие болу үшiн қандай себеп болуға тиiс? Әрине, жаны жұмсақ судья бұл iсте кәмелетке толмаған екi баласы бар Н.Кашкареваға жесiр ана ретiнде жаны ашуы да ықтимал, заң адам үшiн жасалады деуi де мүмкiн екенiн жоқа шығармаймыз. Ол да рас, заң адам үшiн жасалады, бiрақ пәтерден де Н.Кашкареваға куәлердiң көзiнше санап берген адал ақшасын — 5 млн 800 мың теңгесiнен де айырылып қалып отырған Ермек Тайшыбеков те әдiл заңның қорғауындағы адам емес пе?!
Елiмiзде заң қатал, бiрақ ол қандай болса да заң екендiгi, оның бұлжытпай орындалуға тиiстiлiгi қалыптаспайынша өздерiн жәбiр көрушi ретiнде санайтындар ешқашан азаймайды.
Қалай десек те, осынау бiр қарағанда оп-оңай, ал шын мәнiнде бiрнеше адамның болашақ тағдырына елеулi әсерiн тигiзетiн баспана дауының соңғы нүктесi қойылған жоқ…
Д.Дүрмән