Жаңалықтар

МҰХТАР ЖӘКIШЕВ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

ашық дереккөзі

МҰХТАР ЖӘКIШЕВ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Өткен бейсенбiде “Қазатомпром” ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Мұхтар Жәкiшев тұтқындалды. Көп өтпей оның үш орынбасары — Дмитрий Парфенов пен Асқар Қасабеков, Малхаз Цоцорияны тұтқындаған. Бiр қызығы — Ұлттық қауiпсiздiк комитетi де, Бас прокуратура да Мұхтар Жәкiшевтiң тұтқындалғанын ресми түрде растамаған. Тек осы дүйсенбiде — 25 мамырда аталған оқиға туралы ресми мәлiмдеме таратқан.

Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң ресми мәлiмдемесiнде Мұхтар Жәкiшев iрi көлемде қаржыны қымқырған деп айыпталуда. Мұхтар Жәкiшев “Қазатомпром” ұлттық компаниясын 10 жылдан астам уақыт басқарған. Осы уақыт аралығында Қазақстан уран өндiру жағынан әлемде I орынға шыққан.

2001-2002 жылдары ол Энергетика және минералды ресурстар министрiнiң орынбасары қызметiн қоса атқарған. Одан сәл ертерек iрi коммерциялық компаниялардың басшысы болған. Өткен бейсенбiде прокуратураның ұсынысымен “Қазатомпромдағы” қызметiнен босатылды. Оның орнына Индустрия және сауда министрi болған Владимир Школьник тағайындалды.

Осыдан бiраз уақыт бұрын экс-депутат, журналист Татьяна Квятковская Мұхтар Әблязов пен Мұхтар Жәкiшевтi Қазақстанның iрi уран кенiштерiн тым арзанға сатып жiбердi деп айыптаған болатын. “Соның салдарынан Қазақстан iрi уран кен орындарын бақылаудан шығарып алған” деген едi ол. Содан берi көп өте қойған жоқ, Мұхтар Жәкiшев пен оның 3 орынбасары iрi көлемде қаржы қымқырды деген айыппен тұтқындалды. Сондай-ақ, “Қазатомпром” жапон инвесторларымен бiрге иелiк ететiн уранөңдеушi 2 кәсiпорынның басшысы да қамалған.